Қарқаралы аудандық мәслихатының төрағасы С.Қ.Оспановтың VIII шақырылған аудандық мәслихаттың 2023 жылғы қызметін ұйымдастыру туралы ЕСЕБІ

Қарқаралы аудандық мәслихатының төрағасы

С.Қ.Оспановтың

VIII шақырылған аудандық мәслихаттың

2023 жылғы қызметін ұйымдастыру туралы

ЕСЕБІ 

 

Аудандық мәслихаттың жетінші шақырылымы Қазақстан Республикасы Президентінің  2023 жылғы 19 қаңтардағы  «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлығына сәйкес өкілеттігін тоқтатып, депутаттардың сегізінші шақырылымы өз жұмысын 2023 жылдың 30 наурызында бастады. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау республикалық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістерге сәйкес аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша өткізілді.

Қарқаралы аудандық мәслихатына бір мандатты сайлау округтері бойынша барлығы 12 депутат сайланды.

Депутаттық корпустың құрамы 92% - ға жаңартылды. Көбісі депутаттық қызметке алғаш рет кірісті.

Аудандық мәслихаттағы әйелдердің үлесі 18 % (2 адам), жастар – 24 % (3 адам) құрады.

Гендерлік құрамы: ерлер – 82 % (10 адам), әйелдер – 18 % (2 адам). 

Этникалық құрамы: қазақтар – 12 адам.

Жас құрамы: 20-29 – 1, 30-35 – 2, 36-44 – 3, 45-59 – 5, 60-тан асқан – 1 адам.

 

Аудандық мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессиялар болып табылады.

Әр сессияны дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру іс-шаралары аудандық мәслихаттың Регламентіне, сессияларды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

Аудандық мәслихат депутаттары есепті мерзім ішінде 17 сессия өткізді, оның ішінде 3 кезекті және 14 кезектен тыс.

Аудандық мәслихаттың құзыретіне сәйкес есепті кезеңде 132 шешім қабылданды, оның ішінде 19 – нормативтік құқықтық сипаттағы.

Мәслихат сессияларының күн тәртібінде қаралған негізгі мәселелерге тоқталып өтейін:

  • Қарқаралы ауданының ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит түрінде әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну туралы.

Қарқаралы ауданының ауылдық елді мекендеріне келген жоғарыда аталған мамандарға 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада, 369 200 теңге көлемінде көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін 7 384 000 теңге көлемінде бюдеттік кредит көлемі бекітілді.

  • «Қарқаралы аудандық мәслихатының 2013 жылғы 24 желтоқсандағы XXV сессиясының № 25/203 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» шешімімен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерін белгілеу тәртібі бекітілді.
  • «Қарқаралы ауданында арнайы қолдану кезінде бөлшек салық режимінің салықтар тарифін төмендету туралы» мәселе қаралып, Қарқаралы ауданының бизнесі үшін қолайлы жағдайлар жасау және салық жүктемесін азайту мақсатында бөлшек салықтың арнайы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшері 4% - дан 2% - ға дейін төмендетіліп бекітілді.
  • 2023 жылға Қарқаралы ауданы бойынша кондоминимум объектісін басқаруға және кондоминимум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төмен мөлшері сессияда қаралып, 2023 жылға арналған ай сайынғы ең аз мөлшері бір шаршы метріне 35 теңге 19 тиын көлемінде бекітілді.
  • Қарқаралы ауданының жерлерін аймақтарға бөлу жобасын (схемасын) бекіту және жер салығының базалық мөлшерлемелерін арттыру туралы шешім қабылданып әр елді мекеннің жерге орналастыру аймақтары бойынша жер салығының пайызы өзгертілді.
  • Қарқаралы ауданының «Құрметті азаматы» атағын аудан әкімінің ұсынысына сәйкес, 3 адамға беру жөнінде шешім қабылдынды.
  • Қылмыстық жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар мен мекемелер қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы орган жанындағы консультациялық-кеңесші органның есебі тыңдалып, бекітілді.

Заңнама талаптарына сәйкес мәслихат сессияларында бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің аудандық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды, әкімнің ағымдағы кезеңдегі өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерінің орындалуы туралы есебі қабылданды.

Бұдан басқа жергілікті атқарушы органның ұсынысымен консультациялық-кеңесші органдардың дербес құрамындағы өзгерістер туралы мәселелер қаралды және бекітілді.

Сондай, аудандық бюджетті және аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтердің бюджеттерін нақтылау бойынша 8 кезектен тыс сессия өткізілді. Барлық жүргізілген нақтылаулар, бірінші кезекте, қалыптасқан үнемдеулерді қайта бөлумен және қаражатты өңірді дамытудың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге бағыттаумен байланысты болды.

Аудан бойынша сайлау комиссияларының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты аумақтық және учаскелік  комиссиялардың жаңа құрамдары бекітілді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының жаңа құрамына, 7 саяси партиядан 7 үміткер; 51 учаскелік сайлау комиссияларының жаңа құрамына 5 саяси партия, 2 кәсіподақ, арқылы 269 үміткер, барлығы 276 үміткер сайланды.

Заңнаманың серпінді дамуына байланысты тұрақты негізде әзірлеуші органдармен бірлесіп облыстық мәслихаттың қабылданған нормативтік құқықтық шешімдеріне мониторинг жүргізіледі, оларға тиісті өзгерістер мен толықтырулар уақытылы енгізіледі.

 

Қазіргі уақытта аудандық мәслихатта 2 тұрақты комиссия құрылған:

- Аудандық мәслихаттың бюджет, өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, экология, құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, ауылшаруашылық және цифрландыру мәселелері  жөніндегі көмиссиясы, төрағасы – Байтуллин Нұрлан Мәдіғалиұлы, Қарқаралы аудандық мәслихатының VII-VIII шақырылымының депутаты (партиялық тиістілігі –  «AMANAT» партиясы);

- Аудандық мәслихаттың жергілікті басқару және өзін-өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау, депутаттық өкілеттіктер, әдеп, заңдылық және құқықтық тәртіп жөніндегі комиссиясы, төрағасы – Сапаров Біржан Сағынбайұлы, VIII шакырылымының депутаты (партиялық тиістілігі –  «AMANAT» партиясы);

Есепті кезеңде 2023 жылға қабылданған жұмыс жоспарларына сәйкес бейіндік комиссиялардың 5 отырысы өткізілді.

«Қарқаралы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №VІІ-28/211  «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы»,

«2022 жылға арналған аудан бюджетінің, аудандық маңызы бар қала, кент, ауылдық округтерінің бюджеттерінің орындалысы туралы есепті бекіту туралы»,

«2024-2026 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы мәселелер тыңдалып, сессияға ұсынылды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп берулерін өткізу туралы» 2006 жылдың 18 қаңтардағы №19 Жарлығына сәйкес, аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындау туралы есебі тыңдалды.

 

Облыстық мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссия отырысына дайындық барысында облыстық мәслихат төрағасының өкімімен құрылған депутаттардың жұмыс топтары Қарқаралы ауданына 2 рет келіп, арнайы төмендегі мәселелерді қарастырды.

Атап айтсақ, облыстық мәслихаттың «Халықты, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі істердің жай-күйі туралы» мәселесі бойынша құрылған облыстық мәслихаттың жұмыс тобына депутат Райымбеков Ұлан Төлеуханұлы қатысты. Облыстық мәслихат депутаттары Ерден Халилин және Меруеш Башай  жергілікті басшылардың қатысуымен Қарқаралы қаласының жаңа салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысып, салынып жатқан тұрғын үй сапасына ерекше назар аударылып, мердігер және техникалық қадағалау мамандары тыңдалды. Қарқаралы ауданындағы тұрғын үй салуға байланысты өзекті мәселелер көтерілді.

Сонымен қатар, «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасын іске асыру мақсатында құрылған жұмыс тобына аудандық мәслихат депутаты Хумарзаг Нұрбек қатысты. Облыстық мәслихат депутаттары Ерден Халилин және Айтбай Жұмағұлмен бірлесе отырып, Қарқаралы ауданында медициналық нысандар салынатын елді мекендерге іссапарға барып қайтты. Осы орайда, М.Мамыраев ауылдық округінде салынған ФАП құрылысына қатысты Нұрбек Хумарзагтың депутаттық жұмысын ерекше атап өткім келіп тұр. Құрылыстың әр кезеңінде барып, көріп, қастарында жүріп, ғимараттың сапасына қатысты бақылауын жасап, барлық ескертуін жинақтап, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысымен тікелей жұмыс жасап, депутаттық сауал жолдап, мердігердің жұмысының сапалы болуына үлкен ықпалын тигізді.

Тұрақты комиссиялардың жұмысы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыруға және өңірлердегі сайлаушылармен тікелей байланысқа бағытталған.

Тұрақты комиссиялар жұмысының нәтижелері аудандық мәслихаттың келесі кезекті сессиясында қаралатын болады.

 

Сегізінші шақырылымда аудандық мәслихатта «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің депутаттық фракциясы түріндегі бір депутаттық бірлестік тіркелген, оның басшысы – Ақатаев Айтбек Құдайбергенұлы (Қарқаралы аудандық филиалдың төрағасы, VIII шақырылым депутаты).

 

ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес облыстық мәслихат депутаттары мәслихаттың құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың прокурорына және лауазымды адамдарына ресми жазбаша сұрау салуға немесе өтініш жасауға құқылы.

Есепті кезеңде мемлекеттік органдарға 25 депутаттық сауал енгізілді. Оның негізгі бөлігі жергілікті елді мекендердің мәселелерін шешу қажеттілігіне әртүрлі ақпаратты сұратуға, нақтырақ айтсақ жол мәселесі, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету, Қарқаралы қаласындағы қаңғыбас иттерді ұстау орнын ауыстыру, кәріз жүйесі, электр қуаты, білім және мәдениет нысандарының жылу қазандықтары, интернет байланысы, ФАП құрылысы, жер мәселесі туралы, сондай-ақ сайлаушылардың жекелеген мәселелерін шешуге бағытталған. Аудандық мәслихат депутаттары Н.Байтуллин, Б.Сапаров, Ғ.Мұсағалиевтар депутаттық сауал жолдауда белсенді жұмыс жасап отыр.  Заңнамада белгіленген мерзімге сай тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың жауаптары алынды. Депутаттық сауалдардың қаралуы аудандық мәслихат аппаратының бақылауында, жауап берілмей қалған депутаттық сауал жоқ.

Ағымдағы кезеңде аудандық мәслихат депутаттарына келіп түскен ауызша – жазбаша өтініштер көп. Елді мекендерде сайлаушылармен кездесу барысында, партиялық қабылдау бөлмесінде келіп түскен өтініш, сұраныс, ұсыныстар ескерусіз қалмайды.  Депутаттардың тарапынан жауаптары уақытылы жолданып, тиісті түсініктемелер беріледі. Жеке мәселелері бойынша көпшілікке жариялаусыз, сол мезетте шешімін тауып жатады.

Аудан көлемінде жоспарлы жұмыстардың орындалуы депутаттардың тұрақты бақылауында – тұрақты комиссиялар мен жұмыс топтарының отырыстары, объектілерге шығу, бақылаудың басқа да түрлері жүргізіледі.

Өткен жылы аудан бойынша атқарылған Қарағанды – Қарқаралы тас жолының күрделі жөндеуі, Қарағанды-Қарқаралы тас жолының 213 шақырымындағы және 214 шақырымындағы екі көпірдің суағар құбырларын ауыстыру жұмыстары, Жарлы – Қарқаралы топтық су жүйесінің құрылысы, Қ.Аманжолов ауылдық округіндегі мектеп құрылысы, Қарқаралы қаласындағы орталық стадион жөндеу жұмыстары мен әкімшілік ғимаратының құрылысы, плотина аумағын абаттандыру жұмыстары, мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары, № 2 жалпы білім беретін орта мектеп пен «Жастерек» балабақшасының жағдайы, Ә.Бөкейханов көшесінің басындағы төбеде Тутұғыр алаңы орнатылуы, Қарқаралы басындағы су құбырларының жоспарлы және апатты жағдайдағы ауыстыру жұмыстары, Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі №18 жалпы білім беретін орта мектептің модульдік жылыту қазандығы, Нүркен елді мекеніндегі мәдениет үйінің алдына брусчатка төселуі, Балқантау ауылдық округіндегі жолдың жөнделуі, Қарағайлы кенті аумағында жүргізіліп жатқан ауыз су және кәріз жүйелерінің, Томар ауылының су жүйесінің құрылыс жұмыстарын депутаттар үнемі қадағалап, бақылауда ұстап, құрылыс нысандарының сапалы және уақытылы, дер кезінде тапсырылуына атсалысып отырды. Осы жұмыстары одан әрі алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

Аудандық мәслихаттың жұртшылық өкілдерімен өзара іс-қимылындағы басты басымдықтар аудандық мәслихат сессияларында қабылданатын нормативтік құқықтық актілерді талқылау және қабылдау кезінде аудандық Қоғамдық кеңесінің пікірін есепке алынады, сондай-ақ өңірде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру кезінде қоғамдық кеңеспен бірлесе отырып қоғамдық бақылау жүргізіледі.

Аудандық мәслихат Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді де жүзеге асырады.

 

Аудандық мәслихат төрағасы ретінде, облыс әкімінің селекторлық мәжілістеріне, аудан әкімі жанындағы алқа мәжілістеріне, аппараттық жиындарға, аудандық деңгейдегі қоғамдық саяси, мәдени көпшілік шараларға жүйелі түрде қатысып отырамын. Қаралған маңызды мәселелер барысы жөнінде депутаттар корпусын, тұрақты комиссиялар мүшелерін, аппарат қызметкерлерін хабардар етіп, пікірлесіп отырамын. Алда тұрған міндеттерді шешу жолдарын айқындап алуға назар аударамын.

Аудандық мәслихат депутаттары ауданда болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістердің және жергілікті жердегі елді мекендерде ұйымдастырылып, өткізіліп жатқан саяси-мәдени көпшілік іс шаралардың тікелей қатысушылары болып табылады.

Аудандық мәслихаттың барлық депутаты жергілікті атқарушы органдар жанындағы түрлі мәселелер бойынша Үйлестіру кеңестері мен жұмыс комиссияларының мүшелері болып табылады.

Аудандық мәслихат депутаттары тұрақты негізде қайырымдылық акцияларына қатысады және қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсетеді.

Депутаттар «Мектепке жол» акциясы,  «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде қарттар мен ардагерлер үшін және Ботақара кентіндегі тұрғын үй апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетті.

Аудандық мәслихат депутаттарының қызметі туралы халықтың хабардарлығын жақсарту бойынша аудандық мәслихат мақсатты жұмыс жүргізуде.

Сессиялық мәселелер, тұрақты комиссиялардың, жұмыс топтарының өткізілген отырыстары бойынша материалдарды депутаттар әлеуметтік желілерде, Facebook, Instagram жеке парақшаларында жариялайды. Бұдан басқа, сайлаушылармен кездесулер; азаматтарды жеке қабылдаулары, сессия мәселелерін қарау шеңберінде жұмыс комиссияларының шығулары туралы ақпараттар да жарық көреді.

«Facebook» әлеуметтік желісінде аудандық мәслихаттың «Қарқаралы аудандық мәслихаты» ресми парақшасы бар, онда тұрақты комиссиялардың өткізілген отырыстары, жұмыс сапарлары, әлеуметтік маңызы бар объектілерге бару туралы ақпараттар жарияланады.

Аудандық  мәслихат депутаттары Н.Байтуллин, Б.Сапаров, Н.Хумарзаг, Г.Байназарова, Ұ.Тыныбекова әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады.  

Қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге байланысты, аудандық мәслихат сессиялары мен тұрақты комиссия отырыстары баршаға бірдей ашық түрде «е-караганда» ютуб каналы мен аудандық мәслихаттың ресми сайты арқылы тікелей эфирде трансляция жасалады.

Аудандық мәслихат аппараты – 5 мемлекеттік қызметшіден тұрады. Аппарат қызметшілері депутаттық корпустың қызметіне ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық қызметті, депутаттық өкілеттіліктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

Жыл бойы мәслихат аппараты тұрақты комиссиялардың отырыстарын, сессияларды, жұмыс сапарларын өткізудің 132 мәселесі бойынша ақпараттық материалдар мен талдамалық анықтамалар дайындады.

Келіп түскен 235 хат қаралды, түрлі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға 173 сауал мен жауап дайындалып, жіберілді.

Сондай-ақ аудандық мәслихат сессияларында қабылдауға нормативтік құқықтық актілердің 19 жобасы ұсынылды.

Ағымдағы кезеңде аудандық мәслихат аппаратымен жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 13 өтініш қаралды.

Аудандық мәслихат төрағасының қызметі мен өкілеттігі қолданыстағы заңдармен реттелген, жұмысымда соларды басшылыққа аламын. Аудандық мәслихаттың атқарушы органдар мен шаруашылық, кәсіпорын, мекеме, ұйымдармен, сайлаушылармен қарым-қатынасы құқықтық негізде, іскерлік жағдайында қалыптасуына назар аударамын. Аудандық мәслихаттың депутаттары өздерінің міндеттері мен парыздарын білетініне, сайлаушылар алдындағы жауапкершіліктерін толық сезінетініне сенемін.

Сөзімді қорыта келе, аудандағы өкілетті орган – аудандық мәслихат пен атқарушы орган – аудандық әкімшілік арасындағы толық түсінушілік бізді алдағы уақытта да нәтижелі істерге жетелей береді деп сіздерді сендіремін.

   Тыңдағандарыңызға рахмет!

 

Дата публикации
16 февраля 2024