
Мәслихат қызметiнiң негiзгi нысаны сессия болып табылады, онда мәслихаттың қарауына заңдармен жатқызылған мәселелер шешiледi. «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 8-бабына сәйкес мәслихат өз өкiлеттiгiн сессияларда мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттары мен төрағасы арқылы жүзеге асырады. Егер мәслихат депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсi сессияға қатысса, мәслихат сессиясы заңды болады. Мәслихаттың сессиясы жариялы түрде жүргізіледі және ашық сипатта болады. Бірінші сессия осы мәслихат үшiн белгiленген депутаттар санының кемiнде төрттен үшi болған ретте, депутаттар тiркелген күннен бастап отыз күн мерзiмнен кешiктiрмей, тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.
Сессияларда мәслихат депутаттары мәслихат төрағасын сайлайды және лауазымынан босатады және оның есептерін тыңдайды; мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де органдарын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметінен босатады, олардың жұмысы туралы есепті тыңдайды; мәслихаттың қызметін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды; мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi және оны ұстауға әрi материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.
Сессияларда мәслихаттың регламенті бекітіледі; депутаттардың сауалдары қаралады және олар бойынша шешімдер қабылданады; оның жұмысын ұйымдастыру жөнінде өзге де шешімдер қабылданады.
Мәслихаттың кезектi сессиялары жылына төрт реттен сиретпей шақырылады. Мәслихат төрағасы мәслихат сессиясын шақыру уақыты мен өткiзiлетiн орны туралы, сондай-ақ сессияның қарауына енгiзiлетiн мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және әкiмге - сессияға кемiнде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда кемiнде үш күн бұрын хабарлайды. Мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбi, сондай-ақ дауыс беру тәртiбi, аппарат жұмысын ұйымдастыру және басқа да рәсiмдiк пен ұйымдастырушылық мәселелер мәслихаттың сессиясында бекiтiлетiн оның регламентiнде айқындалады. Депутаттардың жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде заңды болып табылатын, заңда белгіленген тәртіппен шақырылатын және өткізілетін, мәслихаттың қарауына жатқызылған негізгі мәселелер алқалы түрде шешілетін мәслихаттың жалпы отырысы мәслихат сессиясы болып табылады.