Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының
ҚАУЛЫСЫ
Ақмол ауылы № 02-01/42 18 ақпан 2021 жыл
Целиноград ауданының ауылдық
елді мекендеріндегі сумен жабдықтау
нысандарының жай-күйі және оларға
қызмет көрсетуге бөлінген бюджет
қаражатын тиімді пайдалану жөніндегі
шаралар туралы
«Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы М.С. Жұмабаевтың жоғарыда аталған мәселе бойынша ақпаратын тыңдай және талқылай келе, Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған, «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес ауданның ауылдық елді мекендерінде сумен жабдықтау желісін одан әрі дамыту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсарту бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10658 болып тіркелген) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Орталықтандырылған сумен 26 ауылдық елді мекен немесе 52 пайызы қамтылған. Сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 800 шақырымнан асады. Орталықтандырылмаған сумен 24 елді мекен немесе 48 пайыз қамтылған, 19 елді мекенде суды тазарту бойынша 28 біріктірілген блок-модуль орнатылған.
Халыққа сумен жабдықтау қызметтерін ұйымдастыруды Целиноград ауданы әкімдігінің жанындағы «Целиноград Су Арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары (бұдан әрі – коммуналдық кәсіпорын) жүзеге асырады. Су құбыры желілері мен құрылыстарын өндірістік бақылау және дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу коммуналдық кәсіпорынның тарифінде көзделген. Су сапасын бақылау бекітілген кестеге сәйкес тоқсанына бір рет аккредиттелген тәуелсіз зертханамен жүргізіледі. Жоспарлы күзгі дезинфекция кейіннен суды бақылау арқылы барлық сумен жабдықтау нысандарында жүргізілді. Су сапасын зертханалық бақылау нәтижелері санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына сәйкес келеді. Сумен жабдықтау жүйелерін жуу және дезинфекциялау жұмыс бағдарламасына сәйкес жылына екі рет жүргізіледі.
Көрсетілген кәсіпорын сумен жабдықтау объектілеріне қызмет көрсетуді және жөндеуді бюджет және өз қаражаты есебінен жүзеге асырады. Коммуналдық кәсіпорынның балансында 27 бірлік автокөлік және арнайы техника бар. Коммуналдық кәсіпорынның материалдық-техникалық базасын нығайтуға (арнайы техника, жабдықтар сатып алуға) 2021 жылы облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Барлығы 3 бірлік арнайы техника сатып алынды (тиегіш - 2, трактор - 1).
Коммуналдық кәсіпорынның өз қаражаты есебінен Ақмол ауылының Бақыт шағын ауданындағы № 10 көппәтерлі тұрғын үйде суды есепке алудың модульдік есептегіштерін орнату бойынша пилоттық жоба іске асырылуда, коммуналдық кәсіпорынның ақпараты бойынша одан әрі экономикалық талдау жүргізіліп, 2022-2023 жылдарға арналған суды есепке алу жүйесін жаңғырту туралы инвестициялық жоба ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта коммуналдық кәсіпорынның бақылаушылар штаты 42 адамды құрайды.
Тұтынушылардың суды есепке алу қүралдарымен қамтамасыз етілуі 99 пайызды құрайды.
Нұр-Сұлтан қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020 жылға дейінгі Кешенді жоспары шеңберінде 2021 жылы Софиевка ауылында ұзындығы 28,3 шақырым болатын сумен жабдықтаудың таратушы желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді, бөлінген қаражат сомасы 578 461,0 миллион теңгені құрайды. 2021 жылы Софиевка ауылдық округінде су құбырының құрылысына Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 501 240,0 миллион теңге, облыстық бюджеттен 28 923,0 миллион теңге бөлінді. Байқау рәсімдерін өткізу жоспарлануда.
Нұресіл, Раздольное, Жаңа Жайнақ, Арайлы ауылдарында сумен жабдықтау нысандарының құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді, осы мақсатқа бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1 841 909,0 миллиард теңгені құрады.
Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімімен облыстық бюджеттен ұңғымаларды бұрғылауға және жайластыруға 51 миллион теңге сомасына, сорғы жабдықтарын сатып алуға 58 500,0 миллион теңге сомасына бюджеттік өтінім жолданды.
2021 жылы «Ауылдық елді мекендерде сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамыту» бағдарламасы шеңберінде Талапкер, Тайтөбе, Ынтымақ (реконструкциялау), Қабанбай батыр, Қараөткел (құрылыс) ауылдарында сумен жабдықтау желілерін реконструкциялау және салу бойынша жобалар іске асырылды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 11 560 718,6 миллиард теңге бөлініп, игерілді.
Сонымен қатар, сумен жабдықтау нысандарына мамандандырылған қызмет көрсету мен жөндеуді ұйымдастыруда, сондай-ақ халықты сапалы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуде бұзушылықтар мен едәуір кемшіліктер бар.
Атап айтқанда, пайдалану мерзімінің ұзақ болуы салдарынан коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміндегі су құбыры және кәріз желілерінің орташа тозу дәрежесі 41 пайызды құрайды.
Cорғы құрылыстарының жетіспеушілігі проблемалық мәселе болып табылады. Коммуналдық кәсіпорын пайдаланымында 80-нен астам тереңдік ұңғымалар бар, олардың тозуына байланысты және үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін жыл сайын сорғы жабдығын ауыстыру талап етілуде.
Бұдан басқа, Қоянды, Қабанбай батыр, Ыбырай Алтынсарин, Қараөткел, Қаражар, Ақмол ауылдарында су тарту құрылыстары қуатының жетіспеушілігі байқалады.
Қаражаттың болмауына байланысты барлық елді мекендерде сумен жабдықтау жүйелерінде профилактикалық жұмыстар жүргізілген жоқ. Орталықтандырылған сумен жабдықтау қосылған барлық жерде ауыз су сапасына өндірістік бақылау ұйымдастырылмаған, осыған байланысты аккредиттелген зертханалармен шарттар жасасу қажет.
2021 жылы тұтынушылардың сумен жабдықтау және су бұру қызметтері үшін дебиторлық берешегі 16,6 мың теңгені, кәсіпорынның кредиторлық берешегі 93 миллион теңгені (соның ішінде салық бойынша 43 миллион теңге, тұтынылған электр энергиясы үшін 25 миллион теңге, жеткізушілер мен мердігерлерге 25 миллион теңге) құрайды.
Ауылдық елді мекендерде жоғарыда көрсетілген сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану қағидаларын түсіндіру жөніндегі жұмыс өте нашар ұйымдастырылған.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде, Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТТІ:
1. «Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы М.С. Жұмабаевтың «Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі сумен жабдықтау нысандарының жай-күйі және оларға қызмет көрсетуге бөлінген бюдже қаражатын тиімді пайдалану жөніндегі шаралар туралы» есебі назарға алынсын.
2. «Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушыға ұсынылсын (М. Жұмабаев):
1) Целиноград ауданы әкімдігінің және «Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесі жанындағы коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына тұрақты бақылау жүзеге асырылсын, олардың қызметіне мониторинг жүргізілсін және белгіленген мерзімдерге сәйкес аудан әкімдігі оның нәтижелері туралы хабардар етілсін;
2) ауданның коммуналдық кәсіпорындары мен ауылдық округтерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 163 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10658 болып тіркелген) елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларын түсіндіру бойынша қосымша жұмыстар жүргізілсін;
3) үйге ортақ және жеке есептеу құралдарын орнату бойынша жұмыс жалғастырылсын;
4) «Целиноград ауданының құрылыс бөлімі», «Целиноград ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемелерімен бірлесіп (С. Сүлейменов, Б. Куликенов):
жөндеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мердігерлік ұйымдармен келісім-шарт жасау және қаржыландыру мәселелерін шешсін;
аудан әкіміне су құбыры желілерін, арнайы техника мен құрал-жабдықтарды жөндеуге бюджет қаражаттарын бөлу (жоспарлау) бойынша нақты ұсыныстар енгізсін;
сумен жабдықтау жобаларын іске асыруға (құрылыс, реконструкциялау) көзделген бюджет қаражаттарының белгіленген мерзімде және толық көлемде игерілуін қамтамасыз етсін; жобалардың іске асырылу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу;
мердігерлік ұйымдардың шарттық міндеттемелерді орындауларына қол жеткізу, шарттық міндеттемелер сақталмаған жағдайларда түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған қажетті шараларды қабылдау;
2022 жылғы 1 қазанға дейінгі мерзімде ауданның ауылдық елді мекендерінде іске қосылған және жұмыс істеп тұрған сумен жабдықтау нысандарының жіберілген кемшіліктерін жойсын.
3. Аудан әкімдігіне, «Целиноград ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (Б. Оспанбеков, Б. Куликенов):
мемлекеттік, салалық және аудандық бағдарламалар шеңберінде сумен жабдықтау жобаларын іске асыруға көзделген бюджет қаражатының, оның ішінде ағымдағы трансферттер мен даму трансферттерінің нысаналы және сапалы орындалуына бақылауды күшейтсін;
аудан әкімдігінің отырыстарында және аудан әкімінің аппараттық кеңестерінде мемлекеттік мекемелердің жауапты басшыларының сумен жабдықтау жобаларын іске асыруға көзделген бюджет қаражатының орындалуы туралы есептерін кезең-кезеңімен тыңдасын.
4. «Целиноград ауданының тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі», «Целиноград ауданының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемелеріне (М. Жұмабаев, С. Сүлейменов):
осы қаулының орындалуы туралы ақпарат аудандық мәслихатқа 2022 жылдың 1 қазанына дейін жолдансын.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (И. Сәденова) жүктелсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Целиноград аудандық
мәслихаты тұрақты
комиссияларының төрағалары И. Сәденова
С. Ибряев