Целиноград ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының жай-күйі, жөндеу және күтіп ұстау туралы

Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының

ҚАУЛЫСЫ

Ақмол ауылы         № 02-01/12    17 маусым 2021 жыл

 

Целиноград ауданы аумағындағы

автомобиль жолдарының жай-күйі,

жөндеу және күтіп ұстау туралы

«Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.С. Джумагуловтың жоғарыда аталған мәселе бойынша ақпаратын тыңдап және талқылай отырып, Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясы ауданда автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту, жөндеу және күтіп ұстау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтеді.

Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1554 километр, оның ішінде республикалық маңызы бар 202 километр, облыстық маңызы бар – 101,6 километр, аудандық маңызы бар – 203,7 километр, ауылдық елді мекендердің көше - жол желісі - 1 046,7 километр.

Автомобиль жолдарының жағдайы мен күтіп ұсталуын жақсарту бойынша шаралар қабылдануда. Ағымдағы жылы Целиноград ауданының көлік инфрақұрылымын дамытуға шамамен 10 999,5 миллион теңге бөлінді, оның ішінде: республикалық бюджеттен – 6 725,3 миллион теңге, облыстық бюджеттен – 4 274,2 миллион теңге.

Автомобиль жолдарының қыс мерзімінде күтіп ұсталуына 114 миллион теңге бөлініп, игерілді.

Сонымен қатар, автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге, күтіп ұстауға бағытталған бюджет қаражаты жетіспейді. Бекітілген жобалау-сметалық құжаттама шеңберінде жобаға түзету жүргізіледі, бұл құрылыс жұмыстарының қысқаруына әкеп соғады.

Мердігерлік ұйымдардың сапасыз жұмысының салдарынан орындалған жұмыстардың ақаулары анықталады, бұл өз кезегінде жол төсемінің едәуір бұзылуына әкеледі және кейіннен оларды толық қайта жаңартуды талап етеді.

Мысалы, Рахымжан Қошқарбаев ауылында кентішілік жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер «Ақжол құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады, жөндеу жұмыстарын қосалқы мердігер ұйым жүргізеді. Жобаның жалпы құны 1171 миллион теңге, 2021 жылға 1072,6 миллион теңге бөлінді. Ұзындығы 9,3 шақырым. Бүгінгі таңда жоба түзетуді қажет етеді, яғни бағалау кезінде топырақтың жоғарғы қабаты дұрыс ескерілмеген, ол негізгі топыраққа (сазға) дейін алынып тасталады. Сметада тек 60 сантиметр жоғарғы құнарлы топырақ қарастырылған, іс жүзінде 1,5 метр шығады, кей жерлерде 1,8 метрге жетеді.

Нұресіл ауылында мердігерлік ұйым – «АБК Автодор НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жұмысты қосалқы мердігерлік ұйым жүргізеді. Жоба 2018 жылы басталды, аяқталу мерзімі - 2019 жылдың желтоқсан айы. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталған жоқ. Нысанда жұмыс істейтін техника болған жоқ. Жалпы ұзындығы 7,8 км, жобаның құны 784,8 миллион теңге. Ауыл тұрғындары жүргізілген жұмысқа қанағаттанбайды. Абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілмеген. Атқарушы органдар тарапынан бақылау жоқ. Сметада су өткізу құбырлары қарастырылмаған, соның салдарынан көктемде тұрғын үйлердің аумағын су басқан. Жол бөлімінің ақпараты бойынша нысан аяқталып, тапсырылады. Іс жүзінде жұмыстың кемшіліктері өте көп.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», 2001 жылғы 17 шілдедегі «Автомобиль жолдары туралы» Заңдарына сәйкес Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы А.С. Джумагуловтың «Целиноград ауданының аумағындағы автомобиль жолдарының жай-күйі, жөндеу және күтіп ұстау туралы» мәселесі жөніндегі ақпараты назарға алынсын.

2. Аудан әкімдігіне (Б. А. Оспанбеков), «Целиноград ауданының экономика және қаржы бөлімі» (А. Ыбыраева), «Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі»  (А. Джумагулов) мемлекеттік мекемелеріне шаралар қабылдау ұсынылсын:

1)  автожолдарды күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуді және оларды күтіп ұстауды қоса алғанда, жол желісін пайдалану жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру көлемін жыл сайын ұлғайту бойынша;

2) орындалатын жол - құрылыс жұмыстарының сапасын бақылауды күшейту бойынша;

3)  мамандандырылған техниканы одан әрі сатып алу жолымен мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын күшейту бойынша;

3. «Целиноград ауданының экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (А. Б. Ыбыраева) ағымдағы жобаларды іске асыруға қосымша қаражат бөлу туралы мәселені қарау ұсынылсын.

4. «Целиноград ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (А. Джумагулов) ұсынылсын:

1) аудан әкімдігі мен жоғары тұрған облыстық құрылымдарға жоспарлы жөндеуді қамтамасыз ету және күтіп ұстауды жақсарту, қаржыландыру көздері мен мөлшерін анықтау бойынша нақты ұсыныстар енгізу мақсатында елді мекендердегі көшелер мен жалпы маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу;

мониторинг қорытындылары туралы аудандық «Esil-Nura», «Вестник Акмола» газеттерінде, интернет-ресурстарында, аудан әкімдігінің ресми әлеуметтік беттерінде аудан тұрғындарын хабардар ету.

2) жалпы маңызы бар автомобиль жолдарын және көше-жол желісін жөндеу жөніндегі жобалау-сметалық құжаттаманы уақтылы әзірлеуді қамтамасыз ету.

3) осы қаулының орындалу барысы туралы ақпарат аудандық мәслихаттың тұрақты комиссиясына 2021 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде жолдансын.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Целиноград ауданы әкімінің орынбасарына (Қ. Ағзамұлы) және Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (И. Саденова) жүктелсін.

 

Целиноград аудандық

мәслихаты тұрақты

комиссиясының төрайымы                         И. Сәденова

                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                        

2021 жылғы 17 маусымдағы № 02-01/12 қаулы
Дата публикации
17 июня 2021