Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық және құқықтық тәртіп, депутаттық өкілеттік және этика бойынша жөніндегі тұрақты комиссиясының
ҚАУЛЫСЫ
Ақмол ауылы № 02-01/8 13 мамыр 2021 жыл
Целиноград ауданының ауылдық
елді мекендеріндегі халыққа
медициналық қызмет көрсетудің
жай-күйі және сапасын жақсарту
жөніндегі шаралар туралы
«Целиноград аудандық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынның бас дәрігері М. Қ. Досхожиннің жоғарыдағы айтылған мәселесі бойынша ақпаратын тыңдай және талқылай келе, Целиноград аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясы аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсету сапасын жақсарту бойынша және ауданның ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қол жетімділігін арттыру бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап көрсетті.
Ауданда денсаулық сақтау жүйесінің қызметі қазіргі кезеңде денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңадан қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Осы бағдарламаның стратегиялық бағыттарын іске асыру мақсатында ауданның медициналық мекемелерін ұйымдастыру мен қаржыландырудың нысандары мен әдістерін жетілдіру жөніндегі қызмет жандандырылуда.
Ауданның ауыл тұрғындарына бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана, 11 дәрігерлік амбулатория, 26 медициналық пункт және 8 фельдшерлік-акушерлік пункт алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Ұйымның дәрігерлермен жасақталуы 77,2 пайыз (75 адам), орта медициналық қызметкерлермен – 72,4 пайыз (211 адам).
Целиноград аудандық емханасы медициналық қызметкерлермен, оның ішінде ауылдық медициналық мекемелердің кәсіби деңгейін арттыру бойынша жоспарлы жұмыс ұйымдастырды.
Ауыл халқының денсаулығын сақтау және нығайту үшін қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылықтың күнделікті мониторингі жүзеге асырылуда, осы мақсатта халықты жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары туралы, оның ішінде аудандық газеттерде мақалалар жариялау арқылы хабардар ету бойынша насихаттау жұмыстары жүргізіледі.
Онкологияны ерте кезеңде анықтау мақсатында аудандық емханада әйелдер мен ерлердің қарау кабинеттері ашылды, жыл басынан бастап қатерлі ісіктердің 15 жаңа жағдайы, 2020 жылдың ұқсас кезеңінде - 9 жағдай анықталды.
2021 жылдың 3 айында туберкулезден қайтыс болу жағдайлары тіркелген жоқ. Ағымдағы кезеңде балалар арасында туберкулезбен ауыру 1 жағдайы тіркелген, жасөспірімдер арасында тіркелмеген. Қазіргі таңда ауданда 33 белсенді науқас тіркелген, стационарлық емдеуде 8 адам бар, 25 науқас амбулаториялық жағдайда тікелей бақыланатын емделуде, емдеуден қол үзілген жоқ. Аудандық бюджет қаражатынан 14 туберкулезбен ауыратын науқасқа 1 науқасқа 72 925 теңгеден 1 020 950 теңге бөлінді. «Жұлдыз» балаларды сауықтыру орталығына барлығы 17 бала, Ақмол ауылының мектепке дейінгі балалар мекемесіне 15 бала жіберілді.
Денсаулық сақтау саласындағы басым бағыттардың бірі ана мен баланы қорғау болып қалып отыр. Жүкті және бір жасқа дейінгі балаларға тұрақты бақылау жүргізіліп, білікті консультативтік және медициналық көмек көрсетіледі. Ағымдағы жылдың үш айында ауданда 363 бала туылды, бала туу көрсеткіші 1000 тұрғынға шаққанда 6,3 пайызды құрады (2020 жылдың ұқсас кезеңінде 358 бала (6,2 пайыз) туылды, бала туу көрсеткіші 1,6 пайызға ұлғайды. Аудан бойынша пренаталдық скринингпен қамту 90,0 пайызды құрайды, сондай-ақ Ақмола облысының нысаналы көрсеткіші кезінде 84,9 пайызға қол жеткізілді.
Ауруларды ерте сатыда анықтауға және аурулардың дамуын, аурулардың пайда болуына ықпал ететін қауіп факторларын алдын алуға бағытталған халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық тексерулер жүйелі негізде жүргізіледі. Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында аудан халқының 50 пайыздан астамы аурудың 6 түрі бойынша міндетті медициналық тексеруден өтті.
Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың тұрғылықты жеріне алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қызметтерін барынша жақындатуды ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдануда. Жазғы уақытта ауылдық елді мекендерде дәрігерлермен және қазіргі заманғы медициналық жабдықтармен жасақталған жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді, онда профилактикалық скринингтік тексерулер бойынша іс-шаралар жүргізіліп, халыққа консультациялық-диагностикалық көмек көрсетіледі.
Ауданның денсаулық сақтау саласының ақпараттық құрылымын құру және халықтың медициналық қызмет көрсету туралы толық хабардар болуын қамтамасыз ету мақсатында Целиноград аудандық емханасында www.emhana-akmol.kz интернет-сайты ашылды. Цифрландыру аясында «ДамуМед» мобильді қосымшасы немесе пациенттің жеке кабинеті әзірленді. Ол қабылдауға жазылуға, дәрігерді үйге шақыруға, зертханалық зерттеулердің нәтижелерін, рецептілерді алуға, еңбекке жарамсыздық парақтарын қарауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні аудан бойынша мобильді қосымшаларды пайдаланушылар саны тіркелген 22 339 интернет-белсенді халықтың (18 жастан 50 жасқа дейін) 10 514 пайдаланушысын (47,07 пайыз) құрайды.
Сонымен қатар, ауданның ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда кейбір проблемалар бар. Ауданның 51 медициналық мекемесінің көпшілігі жалға алынған үй-жайларда орналасқан. Нұресіл, Оразақ, Жалғызқұдық, Жарлыкөл, Опан, Қоянды, Приречное ауылдарының дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу қажет етіледі. Бірлік ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің жеке ғимараты жоқ, Раздольное ауылында медициналық пункт жоқ.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, білікті медицина кадрларының тапшылығы өткір мәселелердің бірі болып қалуда, бұл көптеген наразылықтарды тудыруда әрі халыққа медициналық қызмет көрсету сапасына әсер етеді. Бірқатар фельдшерлік-акушерлік пункттер мен амбулаториялар фельдшерлер мен дәрігерлермен жабдықталмаған.
Ауданда халық денсаулығының жалпы көрсеткіштерінің оң серпініне қарамастан, өлім-жітімнің жалпы құрылымында бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары (өткен жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға артты), одан әрі - қатерлі ісіктерден болатын аурулар (1,3 пайызға ұлғайғаны байқалады) болып табылады. Жыл басынан бері нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 49,2 пайызға ұлғайды, аудан бойынша көрсеткіш 11,02 (4 жағдай) құрайды, 2020 жылдың ұқсас кезеңінде нәрестелер өлім-жітімінің 2 жағдайы тіркелді (көрсеткіш 5,6). Нәрестелер өлімінің құрылымы: туа біткен даму кемістіктерінен – 2, туу жарақаттары (ауыр дәрежедегі асфиксия) – 1, жазатайым оқиға – 1.
Ауданда халықты флюорографиялық тексеруді орындау көрсеткіші төмен болып қалуда: 2021 жылдың үш айында жылдық жоспар бойынша 25 246 адам флюорографиялық тексеруден 3 552 адам өтті, бұл 14,1 пайызды құрайды. 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларды профилактикалық тексеруге 19 428 бала жатқызылды, 1 198 (6,17 пайыз) тексерілді.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес Целиноград аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі халыққа медициналық қызмет көрсетудің жай-күйі мен сапасын жақсарту жөніндегі шаралар туралы» мәселе бойынша «Целиноград аудандық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері М.Қ. Досхожиннің ақпараты назарға алынсын.
2. «Целиноград аудандық емханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына (М. Досхожин) ұсынылсын:
1) ауданның медициналық мекемелерінің қызметін және ауыл халқына медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруға бағытталған қажетті шараларды қабылдасын және ауданның денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік және қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде одан әрі дамыту қамтамасыз етілсін;
2) аудан әкімдігімен бірлесіп Ақмол ауылында еуропалық стандарттағы көп бейінді аудандық аурухана салу мәселесі шешілсін;
3) түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізсін, соның ішінде жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу және қорғау шаралары туралы, халық арасында шектеу шараларын сақтаудың маңыздылығы туралы жұмыс күшейтілсін;
4) халықты, оның ішінде тәуекел тобын флюорографиялық тексеру жоспарының орындалуын, жоғары тәуекел тобын флюорографиялық әдіспен адамдарды уақытылы анықтау қамтамасыз етілсін;
5) туберкулез инфекциясы ошақтарын кешенді сауықтыруды, байланыста болған адамдарды бақылауды, химиопрофилактика жүргізуді, науқастарды ауруханаға жатқызуды және байланыста болған адамдарды оқшаулау қамтамасыз етілсін;
6) аудандық емхана мен ауылдық медициналық мекемелердің медицина кадрларын жоспарлы даярлауды және қайта даярлауды қамтамасыз етсін, оларға әдістемелік және практикалық көмек көрсетілсін;
7) халықтың қан айналымы жүйесінің ауруларын анықтауға скринингі сапалы жүргізілсін, қан айналымы жүйесі ауруларымен ауыратын науқастар уақытылы анықталсын, «Д» есебіне алынып, сауықтырылсын, қан айналымы жүйесі ауруларынан базистік терапия бақылансын;
8) аудандық емхана мен ауылдық медициналық мекемелердің қазіргі заманғы медициналық технологияларды, аурулардың алдын алудың, диагностикасының, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістерін зерделеу және енгізу жөніндегі қызметін ұдайы жетілдірсін;
9) ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың дәрігерлерімен, білім беру мекемелерінің басшыларымен бірлесе отырып, денсаулықты нығайту, аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру үшін қажетті өткізілетін іс-шаралардың сапасын жақсартсын;
10) әлеуметтік мәні бар ауруларды және айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларды ерте сатысында анықтау үшін халықтың барлық топтарына профилактикалық тексерулер, сондай-ақ міндетті медициналық тексерулер (скринингтер) жүргізуді жақсартсын;
11) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастарды міндетті медициналық бақылау мен емдеуді, оларды қажетті дәрілік заттармен қамтамасыз етуді бақылаудың тиімділігін арттырсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық пен құқық тәртіп, депутаттық өкілеттік пен этика жөніндегі тұрақты комиссиясына (Н. Тоқабаев) жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Целиноград аудандық
мәслихаты тұрақты
комиссиясының
төрағасы Н. Тоқабаев