Целиноград ауданында қоғамдық тәртіпті
және жол қозғалысы қауіпсіздігін
қамтамасыз ету бойынша жергілікті
полиция қызметінің жұмысы туралы
Целиноград аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Н. Қ. Шәріповтың жоғарыда аталған мәселе бойынша ақпаратын тыңдай және талқылай келе, Целиноград аудандық мәслихатының тұрақты комиссиялары жалпы алғанда жергілікті полиция қызметі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша шаралар кешенін жүзеге асырып жатқандығын атап өтті.
Қазіргі уақытта полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі қызметкерлерінің штаттық саны 80 бірлікті құрайды. Оның ішінде: 2 бірлік басшылық, 46 учаскелік полиция инспекторы, 11 учаскелік полиция инспекторларының көмекшісі, 6 ювеналды полиция инспекторы, 12 жол-патрульдік қызмет тобының инспекторы, 3 табиғат қорғау полициясы тобының инспекторы.
Аудан аумағында криминогендік жағдай тұрақты, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қылмыстарды тіркеу 2020 жылмен салыстырғанда 38,2 пайызға, 1567-ден 961-ге дейін төмендеді. Жергілікті полиция қызметі жұмысының негізгі бағыттарына сәйкес және ауданның ауылдық елді мекендерінің аумағында қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында «Құқықтық тәртіп» жоспарлы жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.
2020 жылғы есепті кезеңде ауыр қылмыстардың жалпы ашылуы 45,8 пайызды (2019 жылы – 43,9 пайыз), аса ауыр түрлердің ашылуы 2020 жылы 100 пайызды (2019 жылы – 100 пайыз), ұрлықтың ашылуы 2020 жылы 38,3 пайызды (2019 жылы – 25,6 пайыз) құрады.
Кәмелетке толмағандар арасындағы панасыздықтың алдын алу мақсатында 2020 жылы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 12 адам (2019 жылы – 6) жеткізілді, 93 адам есепке қойылды, бала тәрбиесімен айналыспайтын ата – аналар - 34, кәмелетке толмағандарға қатысты 10 қорғау ұйғарым шығарылды, кәмелетке толмағандар мен ата-аналардың мінез-құлқына 5 ерекше талап белгіленді.
Оқушылардың құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мақсатында жалпы білім беру мекемелерінде 235 дәріс, әңгіме өткізілді. Аудан әкімдігі жанында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі 25 комиссия өткізілді.
2020 жылы мас күйінде жасалған қылмыстар саны 25,5 пайызға (98-ден 73-ке дейін) азайды, бұған учаскелік полиция инспекторларының профилактикалық есепке қою бөлігіндегі жұмысы ықпал етті.
Жастар көп жиналатын орындар, сауда орындары мен ойын-сауық орындары бойынша рейдтер жүргізілуде. Жағдайы нашар отбасыларды және қылмыс жасауға бейім кәмелетке толмағандарды анықтау және оларды одан әрі есепке қою мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп ауданның барлық елді мекендері бойынша жұмыстар пысықталды.
Кісі өлтірудің, аса ауыр, ауыр қылмыстардың алдын алу мақсатында профилактикалық есептерде тұрған адамдарға жұмыс күшейтілді, оның барысында: 2020 жылы 177 қорғау ұйғарымы (2019 жылы – 108) шығарылды, сот қаулыларымен құқық бұзушының мінез-құлқына 25 ерекше талап белгіленді (2019 жылы – 21), профилактикалық есепте тұрған кезеңде алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салу туралы тармақты міндетті түрде енгізе отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 461-бабы бойынша қорғау ұйғарымының қағидаларын бұзғаны үшін 8 тұлға (2019 жылы – 7), ҚР ӘҚБК 669-бабы бойынша ерекше талаптарды бұзғаны үшін 2020 жылы 4 есепке алынған тұлға тартылды (2019 жылы – 3).
2020 жылдың есептік кезеңінде ауданның автожолдарында 96 жол-көлік оқиғасы тіркелді, оның барысында 8 адам қаза тапты және 201 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны бойынша 10 фактіге (106-дан 96-ға дейін) төмендеді.
Ауданда жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері құқық түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өткізілетін профилактикалық іс-шаралар туралы халықты хабардар ету мақсатында жыл басынан бері аудандық «Есіл-Нұра», «Вестник Акмола» газеттерінің беттерінде жол-көлік оқиғаларының, балалар жарақатының алдын алу бойынша 8 мақала жарияланды. Аудан мектептерінде, балабақшаларда және көлік ұйымдарында онлайн конференция режимінде жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша 8 әңгіме және дәріс өткізілді.
Сонымен қатар, қабылданып жатқан алдын алу шараларына қарамастан, қылмыстың жекелеген түрлері бойынша өсуге жол берілген. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 23.00-ден кейін тұрғын үйден тыс болу фактілері 219-дан 275 адамға дейін артты. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 2020 жылы 14 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды немесе 43,0 % (2019 жылы – 9804), оның ішінде 2 038 қоғамдық тәртіпті бұзу фактісі, оның ішінде: 2020 жылы спирттік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін 884 факт (2019 жылы – 707), 2020 жылы 305 (2019 жылы – 113) ұсақ бұзақылық фактісі, оның ішінде: 2020 жылы қоғамдық орындарда тиісу фактісі 195 (2019 жылы – 82), тыныштықты бұзу фактісі 471 (2019 жылы – 175) болды.
Алкоголь ішімдіктерін ішу немесе қоғамдық орында мас күйінде келгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдар саны 25 пайызға (707-ден 884-ке дейін), алкоголь өнімін сатқаны үшін 36 пайызға (25-тен 34-ке дейін) және 21 жасқа толмаған адамдарға спирт ішімдіктерін лицензиясыз сатқаны үшін 23 пайызға (10-нан 33-ке дейін) ұлғайған.
Аудан тұрғындарының үйлерінен мүлік ұрлау, мал ұрлығы саны артты. Аталмыш санаттар бойынша тіркелген қылмыстардың жалпы санының едәуір бөлігі ашылмаған күйінде қалып отыр.
Қалыптасқан жағдайдың себептерінің бірі құқық бұзушылыққа бейім адамдарды анықтау және аудандық полиция бөлімінің профилактикалық есебінде тұрған адамдарды бақылау бойынша учаскелік полиция инспекторларының жеткіліксіз жұмысы, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде халықтың әлеуметтік белсенділігінің төмендігі болып табылады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Қазіргі заманғы жол-көлік жарақатының ерекшелігін зерттеу нәтижесі жол-көлік оқиғаларының саны біртіндеп артып келе жатқанын көрсетіп отыр, соның салдарынан зардап шеккендер ерекше ауырлық дәрежесімен сипатталатын жарақат алуда. Мұның бәрі жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігінің төмендігін, оларды жоспарлаудың ойластырылған жүйесінің жоқтығын, түпкі нәтижеге нашар бағдарланғанын айғақтайды.
Учаскелік полиция инспекторларының халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу, сеніп тапсырылған аумақтарда абаттандыру мен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелерінде ауылдар, ауылдық округтер әкімдерімен жүйелі бірлескен қызметі талап етіледі.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде және аудандағы қоғамдық тәртіп пен жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау жөніндегі жұмысты жақсарту мақсатында Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық пен құқық тәртібі, депутаттық өкілеттік пен этика жөніндегі тұрақты комиссиялары ҚАУЛЫ ЕТТІ:
1. Целиноград аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Н. Қ. Шәріповтың «Целиноград ауданында қоғамдық тәртіпті және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жергілікті полиция қызметінің жұмысы туралы» ақпараты назарға алынсын.
2. Целиноград ауданының полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне ұсынылсын:
1) учаскелік полиция инспекторларына олардың құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, оларды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру бойынша талаптарды арттырсын;
2) тиісті қоғамдық тәртіпті орнату және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың әдістері мен нысандарын тұрақты жетілдіру, осы мақсатта учаскелік полиция пункттері базасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға ниет білдірген азаматтарды құқықтық даярлауды ұйымдастырсын;
3) ауылдар, ауылдық округтер әкімдеріне көшелерде және қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық және табиғатты қорғау нормаларын, елді мекендерді абаттандыру ережелерін сақтау бойынша халықпен жұмыс істеуде ұдайы көмек көрсетсін;
4) ауылдар, ауылдық округтер әкімдерімен, жергілікті қоғамдастық мүшелерімен бірлесіп алкоголь өнімін лицензиясыз заңсыз сату фактілерін жою мақсатында кешенді шаралар жүргізсін;
5) қолайсыз отбасыларда профилактикалық жұмыстарды табанды және мақсатты жүргізу, жанжалды жағдайлардың алдын алуды бастапқы кезеңде қамтамасыз ету. Тұрмыстық, «мас» және рецидивті қылмыстардың алдын алу бойынша есеп беретін адамдармен жеке-профилактикалық жұмысты тұрақты жүргізсін;
6) кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғынжайдан тыс жерлерде болу, сондай-ақ алкоголь және темекі өнімдерін заңсыз сату фактілерін анықтау мақсатында апта сайын рейдтік іс-шаралар өткізсін, солардың барысында жастар көп жиналатын орындарды пысықтап, зерделесін;
7) құқық бұзушылықтар мен қылмыстар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау, зерделеу, жоюға бағытталған шаралар кешенін мақсатты түрде жүзеге асырсын. Жол-көлік оқиғаларына жол бермеудің алдын алу және ауданда жол қозғалысының сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін жол учаскелеріне талдау жүргізсін, одан әрі ауданның жергілікті атқарушы органдарына тиісті жол белгілерін (қиылыстардағы жаяу жүргіншілер өткелдерін, 40 км. дейінгі жылдамдықты шектеу және т. б.) орнату қажеттілігі туралы ұсыныс енгізсін;
8) жол қозғалысы ережелерін бұзу санын азайту мақсатында жол қозғалысына және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтсін, құқық бұзушыларға әкімшілік ықпал ету шараларын қолданудың тиімділігін арттырсын;
9) ауылдар, ауылдық округтер әкімдерімен бірлесіп тұрғындарға мүлікті нығайту туралы түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жалғастыру, оларды ашу бойынша жұмыс жүргізсін.
3. Ауылдар, ауылдық округ әкімдеріне, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелердің басшыларына ұсынылсын (келісім бойынша):
1) Целиноград ауданы ауылдық елді мекендерінің аумақтарында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруда Целиноград ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметіне жан-жақты жәрдем көрсетсін;
2) қорғау іс-шараларын өткізуге, маскүнемдіктің алдын алуға қоғамның қатысу нысандарын дамытсын;
3) аудан бойынша қылмыстың өсуі негізінен бөтеннің мүлкін ұрлау, сондай-ақ мал ұрлығы есебінен болғанын ескере отырып, учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп әрбір елді мекеннің аумағында қоғамдық құрамалар құру, сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта кәсіпорындар мен мекемелер мамандарының кезекшілігін жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жандандырсын;
4) мал ұрлығы фактілеріне жол бермеу және жолын кесу мақсатында жеке малды ұжымдық жаюды ұйымдастыру, сондай-ақ азаматтардың үш жақты шарттар жасасуы жөніндегі жұмысты жалғастырсын, нысандарда күзетшілерді тексеру бойынша кезекшілікке мамандарды тарту жөніндегі жұмысты ұйымдастырсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық пен құқық тәртібі, депутаттық өкілеттік пен этика жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.
5. Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және қолданысқа енгізіледі.
Тұрақты комиссиялардың
төрағалары Н. Тоқабаев
И. Сәденова