Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жай-күйі және олардың қызметін жақсарту жөніндегі шаралар туралы

Целиноград ауданының ауылдық елді

мекендеріндегі мәдениет мекемелерінің

материалдық-техникалық базасының

жай-күйі және олардың қызметін

жақсарту жөніндегі шаралар туралы

 

«Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы А. Ү. Сүйінжанованың жоғарыда аталған мәселе бойынша есебін тыңдай және талқылай келе, Целиноград аудандық мәслихатының экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы ауданда мәдениет мекемелерінің қызметін, ауыл халқының мәдени-ағарту жұмысын жақсарту, мемлекеттік тілді үйрену және дамыту бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Целиноград ауданының мәдениет мекемелерінің желісі 41 мәдениет нысандарын қамтиды, оның ішінде: 26 клубтық (оның ішінде: 19 жұмыс істеп тұрған) және 15 кітапхана (аудандық және 14 ауылдық), оның ішінде 2 модельдік мәртебесіне ие.

Соңғы 2 жылда ауданда Жаңажол, Қарамеңді батыр, Қараөткел, Талапкер ауылдарында 5 клуб ашылып, Шалқар ауылындағы ауылдық клуб ғимараты аудандық мәдениет үйінің балансына алынды.

Қоянды ауылында 360 орындық, құны 1 миллиард 200 миллион теңге мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Ағымдағы жылы Ақмешіт, Рақымжан Қошқарбаев ауылдарында ауылдық клубтар ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда Софиевка ауылының мәдениет үйінде 502 миллион теңге сомасына жөндеу жүргізуге мемлекеттік сараптама және жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.

«Новоишимка АЭ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, меценат Марс Молдағалиұлы Итпаевпен Жаңаесіл ауылының ауылдық мәдениет үйін жөндеуге техникалық тексеру, жобалау-сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптама жасауға 5 миллион теңге сомасына үш жақты меморандум жасалды.

2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы аясында Қабанбай батыр және Тасты ауылдарындағы мәдениет нысандарының ғимараттарына ағымдағы жөндеу, жергілікті бюджет қаражаты есебінен Садовое ауылдық клубы төбесінің шатырына жөндеу жүргізілді.

Бүгінгі таңда 13 кітапхана телефондандырылған, оның ішінде 11 кітапхана интернетке, 9 кітапхана Отау-ТВ спутниктік теледидарына қосылған.

Жыл сайын мәдени-демалыс жұмыстарын қолдауға аудандық бюджеттен қаржыландыру көлемі артып келеді (2019 жылы 251 455,6 мың теңге, 2020 жылы – 399 554,0 мың теңге, 2021 жылға 389 983,0 мың теңгеге жоспар бекітілді); кітапханаларды дамытуға (2019 жылы 36 243,1 мың теңге, 2020 жылы – 46 810,9 мың теңге, 2021 жылға 47 657,0 мың теңгеге жоспар бекітілді); мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға (2019 жылы 14 825,6 мың теңге бөлінді және орындалды, 2020 жылы – 15 644,0 мың теңге, 2021 жылға 15 696,0 мың теңгеге жоспар бекітілді).

Аудан бойынша мәдениет қызметкерлерінің штаттық саны 287 адамды құрайды. «Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі және оған қарасты мекемелер өз іс-шараларын facebook, instagram әлеуметтік желілерінде және аудандық «Esil-Nura», «Вестник Акмола» газеттерінің беттеріне жайғастырады. Барлық іс-шаралар «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» республикалық бағдарламаларын іске асыру шеңберінде өткізіледі. 2020 жылы 6 мыңнан астам іс-шара, оның ішінде халықты қамту арқылы «онлайн» форматында және 538 659 қаралыммен өткізілді. Ауданның сегіз ұжымы «Халықтық» атағына ие, «Нәзік» би ұжымы «Үлгілі» атағына ие. Целиноград ауданы «Киелі география» жобасы бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді. Осы аттас ауылдық округте орналасқан Қабанбай батыр кесенесі Қазақстан Республикасының қасиетті орындарының республикалық тізіліміне, ал Тайтөбе ауылында орналасқан Нияз би кесенесі Ақмола облысының киелі жерлерінің өңірлік тізілімінің тізіміне енгізілген.

Сонымен қатар, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан бірқатар проблемалық мәселелер орын алған, жүргізілген талдау ауылдық мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының және көпшілігінің қазіргі заманғы талаптарға сай еместігін көрсетіп отыр. Мәдениет нысандарының болмауына байланысты халық саны 1000-нан астам адамды құрайтын елді мекендердегі жағдайды қарау қажет, өйткені Целиноград ауданы Елорда маңындағы елді мекен болып табылады. Қоянды, Оразақ, Қажымұқан, Қызылжар, Арайлы, Ынтымақ, Тайтөбе, Қызылсуат, Рақымжан Қошқарбаев, Ыбырай Алтынсарин, Жарлыкөл, Раздольное ауылдарында клуб мекемелері мүлдем жоқ. Бұл ретте мәдениет нысандарын дамытуға бюджет қаражаты іс жүзінде бөлінбейді.

Целиноград ауданының 50 елді мекені ішінен тек 26 елді мекенде ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері бар, олардың ішінде қолданыста - 19.

Ақмол ауылы аудандық мәдениет үйіне, Ақмешіт, Жалғызқұдық, Жаңаесіл ауылдары мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, Нұресіл, Опан, Жаңа Жайнақ ауылдары клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет етіледі. Барлық қолданыстағы мәдениет үйлері мен клубтар үшін залдарды материалдық-техникалық жарақтандыру (музыкалық және жарық аппаратурасы, музыкалық аспаптар, жиһаз, ЛЭД-экран, байланыс қызметтері, интернетке қолжетімділік, сахналық костюмдер) күрделі мәселе болып табылады, өрт дабылы тек жеті мәдениет нысандарында (Ақмол ауылының аудандық мәдениет үйінде, Қосшы, Қабанбай батыр, Нұресіл, Жалғызқұдық, Родина, Тасты ауылдарында) орнатылған, бейнебақылау жүйесі тек Ақмол, Қосшы, Тасты, Родина, Нұресіл ауылдарының мәдениет үйлерінде ғана жабдықталған. Бюджет қаражатының тапшылығына байланысты материалдық-техникалық базаны нығайту (жиһаз, музыкалық аспаптар, сахналық костюмдер, ұйымдастыру техникасын сатып алу және т.б.) мәселелері өте нашар шешілуде. Мәдениет саласына бюджеттен тыс қаражатты тарту (меморандумдар жасау) жөніндегі жұмыстар да жеткіліксіз жүргізілуде.

Бейімделген жалға алынған үй-жайларда ауылдық кітапханалар орналасқан. Бұрын Ақмол ауылында аудандық кітапхана салу туралы мәселе алға тартылған болатын (құрылыс жобасы Астана қаласына (Нұр-Сұлтан) іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген болатын, бірақ бұл мәселе ашық күйінде қалып қойды.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабына сәйкес, Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық пен құқық тәртіп, депутаттық өкілеттік және этика жөніндегі тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жай-күйі және олардың қызметін жақсарту жөніндегі шаралар туралы» мәселе бойынша «Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы А. Ү. Сүйінжанованың баяндамасы назарға алынсын.

2. Целиноград ауданының әкімінің орынбасары, «Целиноград ауданының экономика және қаржы бөлімі», «Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшыларына ұсынылсын, (А. Айткужинова, А. Ыбраева, А. Сүйінжанова):

мәдениет мекемелеріне күрделі (ағымдағы) жөндеуді жоспарлау және кезең-кезеңімен жүргізу мәселесін қарасын, орындалатын жұмыстардың (ауылдық мәдениет үйлерінің, клубтардың, кітапханалардың) сапасы бойынша жұмысты Целиноград ауданының 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалар тізбесіне енгізе отырып қатаң бақыласын;

2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджетті қалыптастыру және нақтылау кезінде мәдениет мекемелерінің (аудандық және ауылдық мәдениет үйлерінің, клубтардың, кітапханалардың) материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлуді қарастырсын;

техникалық қорытындыға сәйкес нысанды қалпына келтіру мүмкін еместігіне байланысты Приречное ауылындағы мәдениет үйінің аппатты ғимараты мәселесі қарастырылсын;

балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдық мерейтойын мерекелеу күніне орай Қажымұқан ауылында ауылдық клубтың ашылу мүмкіндігі қарастырылсын;

мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, мәдениет саласына бюджеттен тыс қосымша қаражат тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалсын, ақылы қызметтер дамытылсын.

3. Целиноград ауданы әкімінің орынбасарына, «Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысына (А. Айткужинова, А. Сүйінжанова) Целиноград аудандық мәслихаты хатшысымен (Б. Ибраев) бірігіп ұсынылсын:

Целиноград ауданында киелі жерлерді аралау арқылы мәдени туристтік маршрут бағдарламасын құру туралы мәселені қарастырсын.

4. «Целиноград ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесіне ұсынылсын (А. Сүйінжанова):

мәдениет мекемелерінің қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында олардың қызметіне үнемі мониторинг жүргізсін, проблемаларды дер кезінде анықтау және оларды шешу жөнінде шаралар қабылдасын, мәдениет саласы үшін кадрлар даярлау жөніндегі жұмысты жетілдірсін, олардың біліктілігі мен шығармашылық шеберлігін арттыруға тұрақты назар аударсын;

аудан халқына эстетикалық және адамгершілік тәрбие беру жөніндегі мәдениет мекемелерінің қызметін жетілдірсін, фестиваль іс-шаралары мен конкурстық жобалардың мазмұнын үнемі байытсын, оларға ауданның беделіне жұмыс істейтін жаңа формалар енгізсін, көркемөнерпаздар өнерін дамытуға ерекше назар аударсын;

мемлекеттік тілді оқыту бойынша тыңдаушыларды тарту бағытында жұмысты күшейтсін және аудан тұрғындарының тілдік мәдениеті мен сауаттылығы деңгейін арттыру бойынша жұмысты жүйелі түрде жүргізсін;

мәдениет мекемелерінің жұмысы туралы халықты бұқаралық ақпарат құралдарында, мекеменің ресми сайтында және әлеуметтік желілер беттерінде хабардар ету бойынша жұмысты жалғастырсын.

5. Осы қаулының орындалуын бақылау Целиноград аудандық мәслихатының әлеуметтік мәселелер, заңдылық және құқықтық тәртіп, депутаттық өкілеттік және этика мәселелері бойынша тұрақты комиссиясына жүктелсін (Н. Тоқабаев).

6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

 

Целиноград аудандық

мәслихаты тұрақты

комиссиясының төрағалары                      Н. Тоқабаев

                                                                              И. Сәденова   

Целиноград ауданының ауылдық елді мекендеріндегі мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жай-күйі және олардың қызметін жақсарту жөніндегі шаралар туралы
Дата публикации
24 февраля 2021