Ауданда ауылшаруашылық кешенін дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың атқарылу барысы туралы

Ауданда ауылшаруашылық кешенін

дамытудағы өзекті мәселелер және

аудан тұрғындарының тұрмыс

деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру

мақсатында атқарылып жатқан

жұмыстардың атқарылу барысы туралы

 

Аудандық мәслихат, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы Е. Рсалиевтің«Ауданда ауылшаруашылық кешенін дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың атқарылу барысы туралы» баяндамасынтыңдай келе, аудан бойынша тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізумен айналысатын агроқұрылымдардың жалпы саны 2995 - ті құраса, соның ішінде шаруа, фермер қожалықтарының саны – 2772, олардың иелігіндегі жер көлемі 150759 гектар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің саны 19, жалпы жер көлемі 11971 гектар, өндірістік кооперативтердің саны – 3, жалпы жер көлемі 72,74 гектар.

          2024 жылы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жер көлемі  56 500 гектар болса, 2025 жылы аудандағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы егістік жер көлемі 55 980 гектарға жеткен.

          Аудандағы жалпы ауылшаруашылығы мақсатындағы егістік жердің көлемі 2024 жылы 56 500 гектар болса, оның  гектары суармалы, 28743 гектары тәлімі жер, 2025 жылы  57 209 гектар болса, оның 27 080 гектары суармалы, 30 129 гектары тәлімі жер.

          2024 жылы 9027 гектарына күздік бидай, 12 163 гектарына жаздық арпа, 1100 гектарына дәндік жүгері, 1050 гектарына майлы дақылдар, 3010 гектарына қант қызылшасы,74 гектарна картоп, 3114 гектарына көкөністер мен 1356 гектар  бақша және 23507 гектарына мал азық дақылдары орналастарылды. Сонымен қатар жердің өнімділігін арттыру мақсатында 2024 жылы 2059 гектар алқапқа сүрі (пар) жыртылса, 2025 жылы 1229 гектар парға айдалды.

          2024 жылғы қант қызылшасын өткізу мәселелері туындауына байланысты, облыс тарапынан қант қызылшасын өткізуге лимит бекітті. Өткен жылы қант қызылшасы 3010 гектар жерге егілген болса, ағымдағы жылы оның көлемі 1100 егілді.

          Егілген егістерді зиянкестерден қорғау мақсатында ауданда өсімдіктер карантині саласында тиісті жұмыстар атқарылған. Зерттеу қортындысына сәйкес әртүрлі зиянкестермен зақымданған егіс, жайылым алқаптары мен бақтар анықталып, оларды өңдеу жұмыстары талапқа сай жүргізілген.

          2024 жылы ауданда сарып (бруцеллез) ауруына шалдыққан мүйізді ірі қара саны 16 басқа жеткен. Ал, қой мен ешкі арасында бұл ауру 30 бас тіркелді. 2025 жылы ірі қара саны 17 басқа артқан, яғни аурудың жыл сайын өсіп келе жатқаны байқалады.

          Ауданның ауыл шаруашылығы кешенін дамыту және тұрғындардың тұрмыс деңгейін арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанымен, әлі де шешімін қажет ететін өзекті мәселелер бар.

Су тапшылығы – басты мәселе. Бүгінгі таңда еліміз бойынша су тапшылығы – ауыл шаруашылығына бейім өңірлер үшін аса өзекті экологиялық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселе. Бұл түйткіл біздің ауданымызда да өзекті күйде қалып отыр. Ауылдық округтердегі көптеген елді мекендерде шаруалар егістік алқаптарын суаруға қажетті суды уақытылы ала алмай, егіндері күйіп кетіп, айтарлықтай материалдық шығынға ұшырауда. Несие алып, егін еккен шаруалардың өнімсіздік салдарынан қарыздарын өтеу мүмкіндігі болмай отыр. Су кезекпен берілгенімен, берілген уақытында жетпей, нәтижесінде бидай, арпа, жүгері дақылдары толықтай күйіп кеткен жағдайлар орын алып отыр. Аталған мәселені шешуге байланысты нақты шаралар қабылданбай отыр. Сақтандыру механизмі ұсынылғанымен, оның шарттары шаруаларға тиімсіз болғандықтан, бұл тетік те тиімді жұмыс істемей отыр. Шаруалар өз күштерімен ұңғыма қазуға талпынуда, алайда оның қымбаттығына байланысты бұл да кең көлемде іске аспай отыр.

Ауданда жеке қосалқы шаруашылықтар мен кейбір суармалы жерлерге су жеткізу мәселесіде әрине өзекті болып отыр. Бұл, ең алдымен, су жеткізетін су арналарының (каналдардың) (Темірбек, Тегістік, Суханбай, Сәмбет магистральды каналы, ішкі каналдар  Балпан каналы мен Анар, Ынтымақ ауылдық окруінде Сағындық, Р-2, Р-4, Райымбек, Көшеней-2 ж. Тб.) ескіргендіктен, күрделі жөндеуді қажет етуде. Аталған инфрақұрылымның тиісті деңгейде жұмыс істемеуі салдарынан шаруалар егінге қажетті суды уақытылы жеткізе алмауда. Ол дегеніміз өнім көлемі мен сапасы төмендеуге әкеліп соғатыны анық. Сонымен қатар, Суханбай, Жаңатұрмыс, Темірбек ауылдық округтерінде су арналарындағы (каналдардың) су тапшылығы мал шаруашылығына қажетті суды жеткізуде де үлкен қиындықтар туындауда. Бұл ауылдық округтерде мал суаруға арналған су көздерінің болмауы салдарынан бақташылар мал бағудан бас тартып, жауапкершіліктен қашуға мәжбүр болуда.

Ауданда кейбір шаруалар су тапшылығын шешудің тиімді жолы ретінде ұңғыма қазуды қарастыруда. Дегенмен, ұңғыма қазудың құны жоғары болғандықтан, көптеген шаруа қожалықтарының қаржылық мүмкіндігі бұл жұмысты өз бетімен жүзеге асыруға жеткіліксіз. Шаруалардың айтуынша, ұңғыма – егінге суды тұрақты әрі үнемді жеткізудің бірден-бір шешімі. Осыған байланысты ұңғыма қазуға қажетті қаражатты мемлекеттік бағдарламалар, жергілікті бюджет немесе инвестициялық қолдау арқылы бірлесіп шешу жолдарын қарастыру қажет деп ойлаймын.

Аудан бойынша тамшылатып суарумен қамтылған барлық  жер көлемі 9200 гектар (2024 ж. -7300) болып отыр. Тамшылатып суару технологиясын енгізу және пайдалану бойынша ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл әдіс су үнемдеумен қатар, егістік алқаптарындағы өнімділікті арттыруға да оң әсерін тигізіп отыр. Қазіргі таңда бірқатар шаруашылықтар тамшылатып суару жүйесін тиімді қолданып, агротехникалық талаптарға сай жұмыстарын жүргізуде.

          Ауданда қазіргі таңда 12 жылыжай оның 2-еуі – өнеркәсіптік, 10-ы – фермерлік үлгідегі жалпы көлемі – 6,1 гектар.  (2024 жылы 7 жылыжай оның 2-еуі – өнеркәсіптік, 5-еуі – фермерлік үлгідегі жалпы көлемі – 5,2 гектар).

          «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несиелік қолдаумен жылыжай ашқан ауылдардың (Үлгілі, Жаңатұрмыс, Қостөбе ж.т.б.) кейбір шаруалары бүгінгі күні бірқатар күрделі мәселелерге тап болып отыр. Атап айтқанда, су тапшылығы, жылу жүйесінің болмауы және өнімді өткізу арналарының жеткіліксіздігі – шаруалардың тұрақты жұмыс жүргізуіне кедергі келтіруде. Соның салдарынан кейбір жылыжайлар жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр.

Сонымен қатар, үй іргесінен шағын жылыжай салып, оны дамытуға ниетті тұрғындар да инфрақұрылымдық шектеулер мен қаржылық қиындықтарға байланысты қиындық көріп отыр.

Мысалы, Ботамойнақ ауылындағы «Алихан» шаруа қожалығы үй іргесіндегі бақшасында жылыжай соғып ауыл дүкендеріне көкөніс өткізіп, тиімді жұмыс істеп отыр. Осы жұмысын жетілдіру мақсатында қосымша жылыжай салу үшін несие алып, жабдық сатып алғанымен, жылыжай соғатын жер алалмай отыр. Осы шаруа қожалығының өндірісін кеңейту үшін жер мәселесін шешу — ауыл шаруашылығын дамытудағы нақты қолдаудың бірі болмақ.

Сонымен қатар, ауданның агроқұрылымдары өндірген өнімдерді өңдеу және тиімді өткізу бағытындағы жұмыстар әлі де жандандыруды қажет етеді. Байзақ ауданының Тараз қаласына жақын орналасуы – ауыл шаруашылығы өнімдерін тұтынушыға жеткізу тұрғысынан қолайлы жағдай туғызғанымен, бұл бағыттағы жүйелі инфрақұрылымның жеткіліксіздігі бірқатар қиындықтарға себеп болуда.

Қазіргі таңда аудан диқандары мен шаруалары өсірген ауыл шаруашылығы дақылдарын Тараз қаласының базарларына апарып, тікелей саудалауға мәжбүр. Қала тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз етуде бұл игі іс болғанымен, өнімді базарларға тасымалдау және көтерме бағамен өткізу — шаруалардың өндірген өнімінің өзіндік құнына кері әсерін тигізетіні анық.

          Зерделеу барысында ауданның шаруалары мемлекеттік қаржыландыру бағдарламаларының, әсіресе «Кең дала» және «Кең дала – 2» бағдарламаларының шаруаларға қойылатын талаптары мен шарттары ауылдағы орта және шағын шаруаларға сәйкес келмейтінін айтып  отыр.  Атап айтқанда, несие алу барысында кепілге қойылатын мүліктің құжаттарының дұрыс болмауы, кепіл мүлкінің болмауы, сондай-ақ рәсімдеу процесінің ұзаққа созылуы шаруалар үшін үлкен қиындықтар туындатуда. Бұл жағдай олардың уақытылы қаржы алып, көктемгі егіс немесе басқа да маусымдық жұмыстарды дер кезінде жүргізуіне кері әсерін тигізіп отыр. Сондықтан көптеген шаруалар қысқа мерзімді несиелерге жүгінуге мәжбүр. Себебі мұндай несиелерді алу рәсімі жеңіл, құжаттар топтамасы аз және жылдам беріледі. Алайда, мұндай несиелердің пайыздық мөлшерлемесі жоғары болғандықтан, бұл шаруаларға қосымша қаржылық ауыртпалық түсіруде. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тұрақты дамуына кері әсер етіп отыр. Аудан шаруа қожалықтары өз өнімдерін өткізу, сақтау, өңдеу және техникамен қамтамасыз ету мәселесінде жеке - дара қиындықтарға тап болуда.

 Ауыл шаруашылығы кооперацияларын құру және дамыту – осы өзекті проблемаларды бірігіп шешудің тиімді жолы. Алайда, кооперацияларға қатысуға ынталылық төмен, ұйымдастыру мен құқықтық сүйемелдеу жеткіліксіз. Аудан бойынша ауылшаруашылығы кооператив Сазтерек ауылдық округінде «Бапыш – Сейсенбай», Темірбек ауылында «Тегістік – 2009», «Сарыбарақ», Жалғызтөбе ауылдық округінде «Жетібай», Түймекент ауылдық округінде «Ақжар»   құрылып  жұмыс жасап отыр. 2025 жылы кооперативтер құруға шаруалар ниет білдірмеген.

          Қалған ауылдық округтерде ірілендіру жұмыстары жүргізілмеген.

          Бүгінгі таңда аудан шаруаларының ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігі тозған, ескі үлгідегі. Лизинг арқылы алынған жаңа техникалар мен жабдықтардың жоғары құны да күрделі мәселелердің бірі болып отыр.  Ауыл шаруашылығы мақсатында лизинг арқылы жаңа техника алып жатқанмен, олардың саны жеткіліксіз. Көптеген шаруа қожалықтары әлі де тозығы жеткен техникалармен жұмыс істеуге мәжбүр, бұл өз кезегінде агротехникалық мерзімдердің сақталмауына және өнім сапасының төмендеуіне алып келуде.

Сонымен қатар, ауданда қоғамдық падаларға асыл тұқымды бұқалар қосу жұмыстарының қарқыны бәсең. Бұл – малдың тұқымдық сапасын арттыру және өнімділікті көтеру мақсатындағы маңызды бағыттардың бірі. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілмей келеді.

Жайылымдық алқаптарда кенелерге қарсы дезинфекциялық жұмыстардың жүргізілмеуі де қауіпті факторлардың қатарында. Кенелер арқылы таралатын қауіпті жұқпалы аурулар малдың ғана емес, адам денсаулығына да қатер төндіреді.

Тағы бір өзекті мәселе – малдың жүнін өңдеу мен кәдеге жарату мәселесінің шешілмей отырғаны. Қазіргі таңда мал шаруашылығы өнімдерінің ішіндегі жүн – сұраныссыз, кез келген жерде шашылып жататын керексіз қалдыққа айналған. Бұл өз кезегінде зооантропоноздық (адам мен жануарға ортақ) аурулардың таралу қаупін тудыруда, өйткені жүн – ауру қоздырғыштардың тасымалдаушысы болуы мүмкін.

Сондай-ақ, көптеген елді мекендердегі мал қоралары уақтылы тазартылмайды, санитарлық талаптарға сай әктелмейді. Малдың жыл бойы бір орында болуы, ал қора-жайлардың дезинфекцияланбауы – ауру қоздырғыштарының табиғи түрде жойылмауына және аурулардың белсенді сақталуына ықпал етуде.        

Ауыл тұрғындарының жекеменшік малдарын жайылыммен қамтамасыз ету мәселесінде де қиындықтар кездесуде. Көктал, Үлгілі, Түймекент, Сарыкемер, Бәйтерек, Бурыл, Қостөбе, Жаңатұрмыс және Ботамойнақ ауылдық округтеріндегі малдардың жайылымы санитарлық нормаға сәйкес емес. Жайылымның тарлығы тұрғындардың мал басын көбейту мүмкіндігін шектеуімен қатар, малдар арасындағы жұқпалы аурулардың таралуына да қолайлы жағдай туғызуда.

          Сонымен қатар, ауылдық округтердің басым бөлігі арнайы мал өлекселерін тастайтын санитарлық шұңқырлармен (Беккарри шұңқыры) толық қамтылмаған. Қазіргі таңда тек Дихан, Бурыл ауылдық округтерінде ғана мұндай шұңқырлар бар. Ал Көптерек пен Суханбай ауылдық округтерінде Беккарри шұңқырларының құрылысы белгісіз себептерге байланысты тоқтап тұр.

          Аудан аумағында ауыл шаруашылығы егістіктеріне зиян келтіріп отырған зиянкестермен күрес мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Әсіресе шегірткелер мен шыбындардың жаппай таралуы – шаруалардың үлкен алаңдаушылығын тудыруда.

Шаруалардың айтуынша, көктемгі егіс науқанында жаңа шығып жатқан бидай, арпа, жүгері алқаптары зиянкестердің шабуылына ұшырап, едәуір зақым көрген. Соның салдарынан кейбір жерлерге шаруалар егінін қайта себуге мәжбүр болуда. Зиянкестерге қарсы жүйелі түрде дәрілеу жұмыстары уақытылы және жеткілікті деңгейде жүргізілмей отыр.

Аудан аумағында шегірткелердің таралуынан бөлек, шыбын түрлерінің де белсенділігі артқаны байқалады. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасына айтарлықтай кері әсерін тигізуде.

Осыған байланысты, тиісті уәкілетті органдар тарапынан зиянкестерге қарсы шараларды уақытылы ұйымдастыру, мониторинг жүргізу және дәрілеу жұмыстарын күшейту қажет.

Аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы саласында еңбек ресурстарының тапшылығы – өзекті әрі шешімін қажет ететін мәселелердің бірі. Көптеген ірі агроқұрылымдарда егіс алқаптарында жұмыс істейтін тракторшы, комбайншы, дәнекерлеуші, техниканы жөндейтін слесарь, сондай-ақ сауыншы мен мал күтуші сияқты өндірістік және техникалық мамандардың жетіспеушілігі байқалады. 

Бұған қоса, бірқатар шаруа қожалықтарында маман тапшылығы салдарынан негізгі жұмыстардың тоқтап тұрғаны байқалады. Мысалы, «Ағали» шаруа қожалығында алма бағын күтіп-баптайтын арнайы мамандардың болмауы өндірістің уақытша тоқтауына әкеп соққан. Жұмыс орындары бірнеше мәрте ұсынылғанымен, бұл бағытта еңбек етуге ниет білдірушілер жоқ.

Мемлекет басшысы 2025 жылды – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны бекер емес. Өйткені агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуы, өндіріс көлемі мен өнім сапасының артуы тікелей білікті кадрмен қамтамасыз етілуге байланысты. Бүгінгі таңда аудан шаруашылықтарында агроном, мал дәрігері, тракторшы, слесарь, бау-бақша күтуші сияқты кадрлар тапшылығы ерекше сезілуде. Бұл мәселені шешу үшін аграрлық мамандықтарды насихаттау, олардың беделін арттыру, жастарды ауылда жұмыс істеуге ынталандыру, кадрларды қайта даярлау және ауылдық жерлерге тұрақты еңбек етуге тарту бағытында нақты жүйелі шаралар қолға алынуы тиіс деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, Байзақ ауданы — ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылығына бейімделген өңір. Халықтың негізгі күнкөріс көзі осы сала болғандықтан, ауыл шаруашылығын дамыту – ауданның әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттырудың басты тетігі. Сондықтан аудан тұрғындарының тұрмысын жақсартып, өңірді одан әрі көркейту үшін ауылшаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді бірлесе шешіп, қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз деп ойлаймын.

Аудандық мәслихат, «Ауданда ауылшаруашылық кешенін дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың атқарылу барысы туралы» сәйкес аудан тұрғындарына агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жаңа технологиялардың енгізілуін, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстарын, аудан тұрғындарының несиелерге қолжетімділігін, малдар тұқымын асылдандыру мақсатында ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1 «Ауданда ауылшаруашылық кешенін дамытудағы өзекті мәселелер және аудан тұрғындарының тұрмыс деңгейін көтерудің негізін қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың атқарылу барысы туралы» сәйкес, аудан тұрғындарына агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында жаңа технологиялардың енгізілуін, шағын шаруа қожалықтарын ірілендіру жұмыстарын, аудан тұрғындарының несиелерге қолжетімділігін, малдар тұқымын асылдандыру жағдайы және оны жетілдіру шаралары туралы  аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы Е. Рсалиевтің баяндамасы назарға алынсын.

  1. 2. Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімдеріне:

          - ауданның барлық ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне судың экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін жаңа технологияларды (тамшылатып суару) енгізудің экономикалық тиімділігін кеңінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын жандандыру;

          - тамшылатып суару технологиясын енгізуге үміткерлерге әдістемелік қолдау көрсету;

          - бір су жүргізу жүйесінің бойындаға суармалы жерлерге егіс орналастырудың тепетеңдігін сақтауды жүзеге асыру;

          - аудандағы егістік жерлерге ағын су жеткізетін су жүйелеріне инвентаризация жасап, ауыларалық арықтардың меншік иесін анықтап, теңгерімге алуды жеделдету арқылы Сазтерек, Көптерек, Темірбек ауылдық округтерінің, Түймекент, Жалғызтөбе және Суханбаев ауылдық округтерінің жекелеген елді мекендері маңындағы шаруашылықтарға ағын су жеткізетін каналдарды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу;

          - ауылшаруашылық тауар өндірудің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында жылыжайлар ауқымын ұлғайтуға ықпал ету;

  1. Аудан әкімдігінің ветеринария бөліміне:

          - аудан аумағында фитосанитариялық қауіпсіздік жүйесін дамытып, малдар арасында адам өміріне қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына тосқауыл қою жұмыстарын жүргізу;

  1. Ауылдық округтер әкімдеріне:

          - ауылшаруашылық тауар өндірудің экономикалық тиімділігін арттыру мақсатында шағын шаруашылықтарды ірілендіруге атсалысу;

          - ауылшаруашылық тауар өндірушілердің кооперативтерін құрып, олардың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал ету;

          - Көктал, Үлгілі, Түймекент, Сарыкемер, Бәйтерек, Бурыл, Қостөбе, Жаңатұрмыс және Ботамойнақ ауылдық округтерінің әкімдеріне Қазақстан Республикасының "Жайылым туралы" Заңының талаптарына сәйкес, малдарды шалғайдағы жайылымдарға шығару арқылы олардың тиімділігін арттыру, тұрғындардың мал жайылымын санитарлық нормаларға сәйкестендіру;

  1. Аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне:

          - ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсету, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан бюджетін толықтыру үшін салық базасының ұлғаюына ықпал ету мақсатында олардың өндірген өнімдерін қабылдау, өңдеу және өткеру жұмыстарын үйлестіру ұсынылады.

         

Аудандық мәслихат

төрағасы                                                                                  Б. Ақбаев

Дата публикации
03 июля 2025