2025 жылғы 26 наурыз 42-2
(кезекті ХLIІ – сессия)
Ауданда бұқаралық және
ұлттық спорт түрлерін дамыту
және оған жастарды баулу
жұмыстарының атқарылу
барысы туралы
Аудандық мәслихат "Ауданда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулу жұмыстарының атқарылу барысы туралы" аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Әділханұлының баяндамасын тыңдап, талқылай келе олардың аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарғандығын атап өтеді.
Ауданның атқарушы органдары бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқаруда.
Ауданда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулу жөнінде тиісті шаралар айқындалып, жастарды спортқа баулуды дамытуға арналған аудандық индикатор жасалған.
Спорт мекемелердің ғимараттарында бұқаралық спорт түрлерін дамытуды жарнамалау мәселесі жолға қойылған. Бөлмелер мен бұрыштар санитарлық бюллетеньдермен, буклеттермен, шағын кітапшалармен, жадынамалармен, рефераттармен, қабырғаға ілінетін құралдармен және басқа да спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған анықтамалық - ақпараттық материалдармен жабдықталған. Сонымен бірге, бұқаралық спортты дамыту мақсатында тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталып отырады. Аудан бойынша спорт нысандарының саны артып, спортпен шұғылданушыларға қолайлы жағдайлар жасалуда. Ауданда бұқаралық спортты дамыту және оған жастарды баулу мақсатында 2023 жылы 589 спорттық іс - шаралар өткізілген болса, 2024 жылы 514 спорттық іс - шаралар өткізілген. Соның ішінде 982 іс - шаралар ауылдық округтерде ауылдық округ әкімдерінің, жалпы білім беру мекемелерінің және жергілікті жекелеген азаматтардың бастамалары бойынша ұйымдастырылып өткізілген. Дене шынықтырумен және спортпен шұғылдану – халықты сауықтыру, олардың өзін-өзі танытуы мен дамуының неғұрлым қолжетімді және тиімді тетігі, бейәлеуметтік құбылыстарға қарсы күрес құралы болып табылады. Осы орайда аталған іс - шараларға 2024 жылы 46968 адамды қамтыған, 2023 жылмен (20400) салыстырғанда 45 пайызға артқан.
Аудан бойынша халыққа қызмет көрсететін 287 (2023 жылы - 282) спорттық нысан жұмыс істеп тұр.
Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің мәліметі бойынша ауданның 43730 тұрғыны немесе 41,1 пайызы тұрақты түрде спортпен шұғылдануда.
Ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында қазақ күресінен "Қазақстан барысы" республикалық турниріне іріктеу мақсатында аудандық турнир, асық атудан "Алтын сақа" немесе «Бес асық» әйел азаматтары арасында, тоғыз құмалақтан аудандық зияткерлік жарыстары жүйелі түрде өткізіліп отырған. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдық елді мекендерде Қазақстан Республикасының Президенті тестілерін тапсыру айлықтары іс - шарасы ұйымдастырылып, Отбасы арасындағы спорттық жарыстар, аула көше ойындары оған аудан халқының 45 пайызы яғни 46968 адам қатысқан. Бүгінгі таңда халықтың спортқа сұранысын қанағаттандыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданда заманауи 41 спорт алаңшалары жұмыс атқаруда. Кеңес ауылында спорттық залы соғылып ел игілігіне берілді. Сарыкемер ауылында денешынықтыру сауықтыру кешені құрылысы 2025 жылы аяқталады деп күтулуде. Сонымен қатар, Ботамойнақ ауылдық округінде 1 ипподром қолданысқа берілді.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселені зерделеу жұмыстары барысында жергілікті бюджеттен дене шынықтыру және спорт бөліміне 2023 жылға 209207 мың теңге және 2024 жылға 206111 мың теңге бөлінгендігі анықталды. Ақтөбе, Қостөбе, Ботамойнақ, Үшбұлақ, Құмжота, Сеңкібай ауылдарында кіші футбол алаңы жаңадан салынған, Қосақ, Төрегелді, Жеңіс, Аққия, Төрткөл, Қайнар, Жаңасаз кіші футбол алаңшалары жоқ. Спорт алаңшалары жоқ ауылдарда заманауи спорт алаңшаларын салу мүмкіндігін қарастыру қажет. Ауданда белгіленген шаралар мен атқарылған іс - шараларға спортшылардың қатысуын ауылдық округ әкімдіктеріндегі мамандар толық қамтамасыз ете алмауда. Барлық ауылдық округтерде спорт бағыты бойынша қаражат қарастырылмаған. Ауылдық округтерде өткізілетін іс-шаралардың шығындары демеушілік тарапынан өткізіліп отырады. Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөліміне бөлінген қаражат іс-шаралар өткізуге, спорттық командаларға спорт жабдықтар алуға, спорт формасын алуға қаражат жеткіліксіз. Қысқы мезгілде жастардың спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету үшін жалпы білім беру мекемелерінің спортзалдарын пайдаланылуда.
Бұқаралық спортты дамыту, жоғарғы спорт жетістігіне жету және спорт резервін дайындау ең маңызды мемлекеттік міндет. Осы бағытта бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауылдық округтерде 17 нұсқаушы, 5 әдіскер нұсқаушы орталықта жұмыс атқаруда. Ауданда бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізетін бірден-бір мекеме болғанымен мекемеге қарасты спорт нысандары жоқ, ұлттық спорт киімдері ескірген, тозығы жеткен. Аудандық бұқаралық спорттық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес өткізілмейді, себебі спорттық іс-шараларды өз деңгейінде өткізу үшін заманауи спорт кешендері қажет, аудандағы бұндай деңгейдегі спорт кешендерінің барлығы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының теңгерімінде болғандықтан іс-шараны өткізу үшін кестелері басқармаға қарасты болғандықтан спорттық іс -шаралардың кейбірі өткізілмей қалған .
Зерделеу уақытында Жетібай ауылында спорттық іс - шараларда жарыс ережесі бойынша қаражат көлемі көрсетілмегені анықталған. Бұл қалған ауылдарда да орын алып отыр. Ауданда спортпен айналысатын тұрғындар мен жасөспірімдерді көтермелеу, спорттық жетістіктерге қол жеткізген спортшыларды мадақтау, спорттық жетістіктерін насихаттау арқылы жастарды баулу жұмыстары төмен деңгейде, спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға қаражат жеткілікті түрде қарастырылмаған. Осы себепті ауылдарда дене шынықтыру ұстаздары өз қаражатына доптарды сатып алуға мәжбүр болып отырғаны анықталған. Жарыстарда грамота, кубок, медальдармен, спорт үйірмелері спорттық жабдықтармен толық қамтамасыз етілмеген.
Спортпен айналысатын мектеп оқушыларынада толық жағдай жасалынбаған. Ауданның білім беретін 44 мектептің ішінде Қосақ, Сарыбарақ, Қостөбе, Маметова, Аққия, Ақтөбе, Багара орта мектептерінде спорт залдары жоқ болса, спорт залдары бар мектептерде спорттық құрал жабдықтар жетіспеуі жаттығу процесін сапалы өткізу үшін жеткіліксіз және нормативтерге сәйкес келмейді.
Бурыл ауылдық округіндегі №11 балалар – жасөспірімдер спорт мектебінде 7 спорт түрі бар. Қол күресі бөлімшесінде 22 спортшы, 77 спортшы волейбол, дзюдо 97 спортшы, еркін күрес 60 спортшы, тоғызқұмалақ, 36 спортшы, футбол 107 спортшы шұғылданады. Алайда спорт мектебінің тазалығы стандартқа сай емес, едендері жуылмаған, киім ауыстыратын бөлмелері иістеніп, желдетілмейді.
Жетібай орта мектебінің спорт залы жөндеуден өтпеген. Шешінетін бөлмесінің қабырғалары дымданып, құлап жатыр.
Үлгілі ауылында спорт залдардың жетіспеушілігіне байланысты спорт жаттығулар ауылдық мәдениет үйінде өткізіліп жатқандығы анықталды.
Байзақ ауданы бойынша халық саны 106427 адам 4 спорт кешені ауданға аздық етуде. Бүгінгі таңда 40 мыңнан астам тұрақты спортпен шұғылданушылары бар. Қосымша 2 спорт кешені қажет. Өйткені өткізілетін облыстық, республикалық жарыстарды басым көпшілігін спорт кешендерінің жетпеуіне байланысты өткізе алмай отыр.
Аудандар халқының, оның ішінде оқушы спортшылардың ата-аналарының көкейінде жүрген күрделі мәселелердің бірі, жас спортшыларды жарыстар мен спорттық іс-шараларға тасымалдау көлігінің жетіспеушілігі. №8, №9 спорт мектептерінде спорттық іс–шараға баратын «Газель» автокөліктердің ескі тозығы жеткен. Аудандағы бұқаралық спорт орталығында тіпті спортшыларды жарыстарға тасымалдайтын көлік жоқ, жеке көліктерді жалдауға мәжбүр болып отыр. Ол жүргізушілер өз кезегінде спортшылардың қауіпсіздігіне жауап бермейді.
Ауданда көкпар ойыны (жаппай көкпар) ауыл тұрғындарының өздерінің ұйымдастыруымен ауылдар арасында өткізілуде. Ал, оларды ұйымдастырып, бір жүйеге келтіру жұмыстарын жүргізу қажет.
Сонымен қатар, қосымша қаржы шығынын қажет етпейтін ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда ат жегу (тез арада атты дайындау), ат омырауластыру (атты итерістіріп шеңберден шығару), аударыспақ (ат үстінде күш пен ептілік талап ететін жекпе- жек), теңге ілу (шабандоздардың жердегі теңгені ат үстінен іліп алу), жамбы ату (садақ ату арқылы көздеу дәлдігін көрсететін спорт түрі) сияқты спорт түрлерінен жарыс ұйымдастыру арқылы оларды насихаттау, дамыту, жастарды оған баулу жұмыстары назардан тыс қалған.
Аудандық мәслихат, ауданда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту және оған жастарды баулу жұмыстарының атқарылуын дамытуға ықпал ету мақсатында ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
- аудан жастарын спортпен шұғылдануға және салауатты өмір салтын ынталандыру, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауды жақсартудың басым бағыттарын жүзеге асыру;
- әрбір ауылда қол жетімді спорттық сауықтыру нысандарын құру, спорт және ойын алаңдарын көбейту, балалар мен жасөспірімдердің спортпен айланысуына жағдай жасау, бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамытуды басты назарда ұстау;
- мектеп оқушыларының тән және психикалық денсаулығын қалыптастыру;
- аудан спортшыларының спорттық жетістіктерін ақпарат құралдары арқылы насихаттау жастарды спортқа қатысуға ынталандыру;
- қосымша қаржы шығындарын талап етпейтін ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамыту, насихаттау арқылы ауданның спортпен тұрақты түрде айналысатын тұрғындарының санын арттыру;
- ауданда салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін насихаттауға бағытталған іс - шараларды көптеп өткізу арқылы жастар арасында темекі және спирттік ішімдіктерді пайдалануды шектеу, нашақорлық пен есірткіні таратуға қарсы тосқауылды күшейту, онымен күресудің әдістері мен тәсілдерін жетілдіру;
- білім беру мекемелерінде, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінде, ауылдық округ әкімдіктеріндегі жастар ісімен айланысатын мамандарына әскери-патриоттық, адамгершілік және құқықтық даярлықты мақсатты түрде жүргізу;
- ауылдық округ әкімдеріне ауыл жастарына арналған ашық спорт залдары мен дене шынықтыру кешендерін дамыту, ауыл ішінде «Әр отбасы-бір спортшы» бағдарламасын енгізу арқылы ауыл тұрғындарын спортқа тарту ұсынылсын;
- ауылдық округі әкімдеріне спортшылардың спорттық жетістігін арттыруға септігін тигізетін материалдық - техникалық жабдықтарға қаражат қарастыру ұсынылсын.
Аудандық мәслихат
төрағасы Б. Ақбаев