Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдарымен оның қарауына жатқызылған мәселелер шешіледі.
Егер мәслихаттың сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, оның құқықтық күші бар болады. Сессияның жұмысында мәслихаттың шешімі бойынша мәслихат белгілеген, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге үзіліс жасалуы мүмкін. Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.
Мәслихат сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер бұған қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, мәслихат төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бірінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихат шешімі бойынша жабық сессияларды өткізуге жол беріледі.
Тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мәслихаттың бірінші сессиясын ашады және оны мәслихат төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді.
Мәслихат шешімдерді дауыс беру арқылы қабылдайды.
Мәслихаттың кезекті сессиясы мәслихат төрағасының шешімімен жылына төрт реттен сиретпей шақырылады және оны мәслихат төрағасы жүргізеді. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын мәслихат төрағасы осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ тиісті аумақ әкімінің өтініші бойынша шақырады және жүргізеді.
Кезектен тыс сессияны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей кезектен тыс сессия шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.