Сіздердің назарларыңызға аудандық мәслихат жанындағы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының үстіміздегі жылы атқарған жұмысы туралы есебі ұсынылады.
Тұрақты комиссияның жұмысы аудандық мәслихат сессиясының шешімімен бекітілген Амангелді аудандық мәслихатының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді. Есепті кезеңде комиссия 4 отырыс өткізді. Отырыс қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, 7 мекемеге, тиісті орындарға ұсыныстар жіберілді. 2023 жылғы комиссия отырыстарында халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, білім, денсаулық сақтау мәселелері бойынша, оны жүзеге асыру үшін көптеген маңызды ұсыныстар енгізілді.
Комиссия мүшелері отырыс өткізер алдында тиісті мекемелер мен ауылдық округтерді аралап, қаралатын мәселелер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып қайтты.
Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес І тоқсанда Амангелді ауданының білім бөліміне қарасты «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының 2022 жылы атқарған жұмыстары туралы» мәселе қаралды.
Комиссия отырысында «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КММ директоры Ербол Әбілғазыұлы Қойшыбаев атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында депутаттар «Шұғыла» шығармашылық орталығы ғимаратында бөлмелердің аздығы оқушылардың сабағына теріс әсерін тигізетіндігін ескеріп, «Шұғыла» шығармашылық орталығын басқа ғимаратқа көшіру мүмкіндігін қарастыру сияқты мәселелерді талқылап, оң шешімін табу жолдарын қарастырды. Депутаттар тарапынан «Шұғыла» шығармашылық орталығының үйірмелері толыққанды жұмыс жасауы үшін материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша білім бөліміне ұсыныс жасалды.
ІІ тоқсанда «Үштоғай ауылдық округін абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау, әлеуметтік салаларды дамыту барысы және алға қойған міндеттері туралы» Үштоғай ауылдық округінің әкімі Самат Мырзабекұлы Кадиршиновтың есебі тыңдалды.
Комиссия отырысында Үштоғай ауылдық округінің әкімі Самат Мырзабекұлы Кадиршинов атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Отырыста аудандық мәслихат депутаты Сахан Онжанұлы Степняк ауылында ауызсудың болмауы туралы мәселенін көтеріп, Степняк ауылының тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету мәселесінің оң шешімін табу жолдарын қарастыру ұсынылды. Депутаттар тарапынан тағы Степняк және Үштоғай ауылдары мектептерінің оқушылар саны аздығынан жабылып қалу қаупіне байланысты сырт өңірлерден көпбалалы отбасыларды көшіріп алып келу жұмыстарын жүргізу назарға алынып, ауылдық округтің жабылып қалмауы бойынша бірқатар жұмыстар ұсынылып қаралды. Ауылдық округте науқастарды қабылдау ғимаратын талаптарға сай келтіру, медицина қызметкерінің біліктілігін шыңдау, білімін жетілдіру туралы ұсыныс пікірлер айтылды.
ІІІ тоқсанда «Аудан жастарын Отан сүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы» мәселе қаралды.
Комиссия отырысында Жастар ресурстық орталығының директоры Бекболат Сақтапбергенұлы Көптілеуов баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында аудандық мәслихат депутаттары тарапынан аудан орталығының «Жастар» саябағында орналасқан «Ел үміті» тақтайшасының қазіргі жай-күйін сынға алып, тақтайшаны жаңарту мәслесі бойынша қаражат көздерін қарастыру ұсынылды.
Баяндаманы талқылау барысында депутат Марал Мұратбекұлы елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мақсатында ауыл, ауылдық округтерді «Жасыл ел» еңбек жасақтарымен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстарды талқылап, оң шешімін табу жолдарын қарастырды.
Жоспар бойынша IV тоқсанда депутаттар «Балдырған» бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында 2022-2023 жылдарындағы оқу тәрбие жұмыстарының жүргізілу барысы туралы» мәселе қаралды.
«Балдырған» бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының тәрбиешісі Дәмелі Айтуарқызы Ташпанова атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады.
Депутат А. Алимкулов тарапынан «Қызылша» ауруының Қазақстан Республикасы бойынша көптеп таралып кетуіне байланысты аурудың алдын алу жұмыстары басты назарға алу ұсынылды. Отырыс барысында бөбекжайдың жылу қазандығы, өрт қауіпсіздігі жағдайларының болуының алдын алу және балалардың дұрыс тамақтануына қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы жұмыстар жүргізу туралы ұсыныс пікірлер айтылды.
Комиссия отырыстары барысында түскен ұсыныстар електен өткізіліп, қаулы қабылданып тиісті орындарға жіберілді. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта атқарушы билік органдары тарапынан қолдауға ие болып, оң шешілетініне депутаттар сенім білдіреді.
Аудандық мәслихат жанындағы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы биылғы жылғы өз жұмысын аяқтады.
Өз есебімнің соңында мәслихат төрағасына, депутаттарға, тұрақты комиссия мүшелеріне жемісті жұмысы үшін, комиссияға енгізілген мәселелерді талқылауға қызығушылық танытып, белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіремін.
Ауданның өкілетті органы халық пен атқарушы биліктің арасын жалғап тұрар алтын көпір. Алдағы уақытта да депутаттар халықтың үмітін ақтап, мұң-мұқтажын жеткізіп, халықтың талап-тілектерінің орындалуына барынша күш жұмсайтын болады.