Білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 2021 жылы атқарған жұмысы туралы есебі

Сіздердің назарларыңызға  аудандық мәслихат жанындағы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының үстіміздегі жылы атқарған жұмысы туралы есебі ұсынылады.

Тұрақты комиссияның жұмысы аудандық мәслихат сессиясының шешімімен бекітілген Амангелді аудандық мәслихатының 2021 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес жүргізілді. Есепті кезеңде комиссия 4 отырыс өткізді. Отырыс қорытындысы бойынша қаулы қабылданып, 9 мекемеге, тиісті орындарға ұсыныстар жіберілді.  2021 жылғы комиссия отырыстарында халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, білім, денсаулық сақтау мәселелері бойынша, оны жүзеге асыру үшін көптеген маңызды ұсыныстар енгізілді.

 Комиссия мүшелері отырыс өткізер алдында тиісті мекемелер мен ауылдық округтерді аралап, қаралатын мәселелер бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып қайтты.

Бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес І тоқсанда «Амангелді ауданында дене шынықтыру және спорт нысандарының жағдайы және 2020 жылы атқарылған жұмыстары туралы» мәселе қаралды.

2020 жылы Амангелді ауданында орналасқан орталық стадиондағы футбол алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге Республикалық бюджеттен 44 млн. 240 мың теңге қаражат бөлініп,  көлемі 90х60 метр жасанды көгалдандырылған футбол алаңы  толығымен аяқталды.  Сондай-ақ шілде айында  Ә. Боранбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің базасында тартылған қаржы есбінен 25 млн. теңгеге көлемі 45х25 метр жасанды көгалдандырылған  шағын футбол алаңы іске қосылса, қазан айында  Байғабыл ауылдық округінде тартылған қаржы есебінен 10 млн. теңгеге көлемі 32х16 метр шағын футбол алаңы қолданысқа берілді. 2019  жылы «Тілеп» жеке қайырымдылық қорының президенті Сапар Ысқақовтың демеушілігімен 70 млн. теңге қаржы бөлініп, 2021 жылы жабық бассейн ғимараты қолданысқа берілді.

Спорттық іс-шаралардың шектеуіне байланысты спортшылардың разряд алу көрсеткіштері 2020 жылы төмендегі нәтижені беріп отыр. 2 спортшы ІІ  жасөспірімдер дәрежесін, 5 спортшы ІІІ жасөспірімдер дәрежесін,  2 спортшы «Спорт Шеберіне Үміткер» (СШҮ)  дәрежесін орындап отыр.

Ауданда ұлттық спорт түрлерінің баяу дамып жатқаны, әсіресе ат спорты, көкпар, асық ату, т.б. жандандыру баса назарға алу керектігі ұсынылды.

ІІ тоқсанда  «Тасты ауылдық округінде әлеуметтік салаларды дамыту барысы  және алға қойған міндеттері туралы» ауыл әкімі Еркін Мейрамханұлы Капышевтың есебі тыңдалды. Депутаттар корпусы аталған мәселе бойынша округті аралып, халықтың тыныс-тіршілігімен кеңінен танысып қайтты.

Алдымен депутаттар жұмыс сапарында Тасты жалпы білім беретін мектебін және Тасты ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын көріп, танысты. Тасты жалпы білім беретін мектебінде болып, мектеп ұжымымен кездесті. Ауылдық округ әкімі Е. Қапышев ғимараттың ағымдағы жөндеуден өткенін, бірақ ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек екендігін айтып, қаржы бөлінуіне қозғау салынса деген түйіткілді мәселені алға тартты. Мектепте информатика пәні мұғалімінің жетіспеуі іс-шаралар ұйымдастыруда қиындық тудыратынын жеткізді. Ауылдың ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саласында атқарылып жатқан барлық жұмыстар туралы айтылды. Қиындық тудырып отырған бірқатар әлеуметтік сипаттағы  сұрақтарына депутат М. Досымов жауап берді.

Сонымен қатар, «Табыс»  ЖШС құрылтайшысы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісінің иегері, зейнеткер Әділ Қабдрашұлы Саматов ауыл халқының жылдар бойы айтып келе жатқан мәселесінің бірі, Арқалық-Торғай тас жолынан Тасты ауылына дейінгі 7 шақырым жолына жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Бұл жол күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ күні бүгінге дейін шешімін таппай отыр.

Фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысқа қолайсыз, апатты жағдайда тұрған бөлмеде орналасқандығы және автокөліктерінің жоқ екендігі  туралы айтылды.

Халықтың қатты алаңдаушылығын туғызатын тағы бір мәселе - интернет болып отыр.

ІІІ  тоқсанда  Қабырға ауылдық округінде әлеуметтік салалардың даму барысы және алға қойған міндеттері қаралды.

Ауылда бірқатар шаруалар атқарылған. Атап айтқанда, округтегі негізгі мектепке мектеп түлектері 500 мың теңге және облыстық бюджеттен 10 млн. теңге қаржы бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылдық округ аумағында күзгі санитарлық тазарту жұмыстары жүргізіліп, 600 тоннадан астам күл-қоқыстар мен қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылған. «Демалыс бағын» салу мақсатында демеушілер тарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қиындық тудырып отырған мәселелер де бар. Соның бірі – Үрпек-Қабырға көтерме жолы. Көтерме жол 1983 жылдары пайдалануға берілгенімен, аталған жол күні бүгінге дейін жөндеу жұмыстарын көрмегендігін атап айтты. Қыс мезгілінде қар ұстап, жауын-шашын күндері балшық езіліп көлік қозғалысына қиындықтар туғызуына байланысты жолға қиыршық тас төсеу керектігін айтты.

Қабырға және Жанатай елді мекендерінде орналасқан медициналық пункттеріне және ауыл кітапханаларына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет ететіндігі туралы айтылды. Аталған екі ауылдың медициналық пункттерінде жедел-жәрдем көрсету автокөліктерінің жоқтығы туралы да аталып өтті.

Халықтың қатты алаңдаушылығын туғызатын тағы бір мәселе - ауыз су мәселесі болып отыр. Ауыз су бағасының қымбаттығына байланысты тұтынушы тұрғындар үшін ауыз су қолжетімді бағаға тұрақтандырып беру сұралды.

Жоспар бойынша IV тоқсанда депутаттар ««Жұпар» балабақшасында 2021 жылы оқу тәрбие жұмыстарының жүргізілу барысы туралы» мәселе қаралды.

Комиссия мүшелері комиссия отырысын өткізер алдында «Жұпар» балабақшасының жөндеуден өткен жылу жүйесін көріп, балабақшаның жай-күйімен танысты.

Комиссия отырысында «Жұпар бөбекжайы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі А.Е.Орымбаева атқарылған жұмыстары, алдағы жоспарлар жөнінде баяндама жасады. Баяндаманы талқылау барысында депутаттар Н. Әлмағанбетов, М. Досымов соңғы жылдары ауа райының өзгеріп, салқынның ерте түсуіне байланысты жылу жүйесін ертерек іске қосу жағдайын қарастыруды ұсынды. Депутаттар тарапынан тағы да басқа мәселелер туралы ұсыныс пікірлер айтылды.

Комиссия отырыстары барысында түскен ұсыныстар електен өткізіліп,  қаулы қабылданып тиісті орындарға жіберілді. Бұл ұсыныстар алдағы уақытта атқарушы билік органдары тарапынан қолдауға ие болып, оң шешілетініне депутаттар сенім білдіреді.

Аудандық мәслихат жанындағы білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы биылғы жылғы өз жұмысын аяқтады.

Ауданның өкілетті органы халық пен атқарушы биліктің арасын жалғап тұрар алтын көпір. Алдағы уақытта да  депутаттар халықтың үмітін ақтап, мұң-мұқтажын жеткізіп, халықтың талап-тілектерінің орындалуына барынша күш жұмсайтын болады.

Дата публикации
30 января 2024