1999 жылғы 10 қазанда екінші сайланған Алматы қалалық мәслихаты депутаттарының сайлауы өтті.
Алматы қаласында 37 сайлау округі құрылып, тиісті депутаттар саны сайланды.
Қалалық мәслихаттың І ұйымдастыру сессиясында қалалық өкілді орган сайлауының қорытындылары жарияланды, сайланған депутаттар ресми түрде ұсынылды, депутаттық куәліктер мен төсбелгілер табыс етілді. Қалалық мәслихаттың хатшысы болып депутат Жұмабек Сүлейменұлы Тұрегелдинов сайланды, ол сол қиын-қыстау кезеңдерде қалалық депутаттық корпусқа айтарлықтай қызмет көрсетті. Тәжірибелі басшы ретінде ол жаңа құрамдағы депутаттық корпустың жұмысын тамаша ұйымдастыра алды.
Сессияда 6 тұрақты депутаттық комиссия мен тексеру комиссиясы құрылып, олардың төрағалары сайланды.
Мәслихат хатшысы Жұмабек Сүлейменұлы Тұрегелдинов 2002 жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануына байланысты Алматы қалалық мәслихатының хатшысы болып Төлеубек Төлеуұлы Мұқашев бірауыздан сайланды.
Сессияларда, тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралған мәселелерді талдау қаралып отырған проблемалардың кең ауқымы депутаттардың қала өмірінің барлық жақтарына үлкен көңіл бөлетіндігін көрсетеді. Депутаттар өз жұмысында басты мақсат – адамдардың, сайлаушылардың мүдделерін білдіру, осы мүдделердің тепе-теңдігіне қол жеткізуді басшылыққа алды.
Сессияларда және тұрақты комиссиялардың отырыстарында жекелеген проблемаларды қарау, жергілікті жерлерде қоғамдық маңызы бар мәселелерді зерделеу үшін депутаттарды, салалық мамандарды, ғылыми қызметкерлерді, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін және т.б. тарта отырып, уақытша жұмыс топтары құрылды. Баяндама жасау, оларды талқылау алдында сессия қатысушыларына қарастырылып отырған тақырып бойынша бейнероликтер көрсетілді, бұл мәселені барлық жағынан қарастыруға мүмкіндік берді.
Нарықтық қатынастарға жаңа, өтпелі кезеңде депутаттық корпус «Табиғи монополиялар туралы» және «Жосықсыз бәсекелестік туралы» және т.б. ҚР Заңдары аясында өңір экономикасының дамуына назар аударды. Депутаттар Парламентке монопоияға қарсы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар жіберді. 2000 жылдан бастап бейіндік комиссия шаруашылық жүргізуші субъектілер басшыларының меншік нысандарына қарамастан монополияға қарсы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе бастады. Қала әкімшілігінің басшысына, меншік нысанына қарамастан шаруашылық жүргізуші субъектілердің басшыларына қолданыстағы заңнаманы қатаң сақтау шеңберінде олардың жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша қалалық өкілді органның ұсынымдары жолданды. Қала тұрғындарын қолдауға және әлеуметтік қорғауға, жекешелендіруден кейінгі бақылауды қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінді.
Әлеуметтік саланы, коммуналдық қызметтердің өркениетті нарығын, зейнетақы мен жәрдемақы төлеу жүйесін қалыптастыру, соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне көмек көрсету, білім беруді, мәдениетті, денсаулық сақтауды дамытуға қолдау көрсету, нақты жағдайды ескере отырып, кадр саясатын одан әрі жетілдіру үшін бірқатар шаралар ұсынылды.
Қалалық басқармалар басшыларының ақпараттарын тыңдау белсенді түрде жүргізілді.
Екінші шақырылымдағы депутаттық корпус жұмысының ерекшелігі депутаттардың қалалық басқармалардың, департаменттердің, комитеттердің, агенттіктердің комиссияларына қатысуы болды. Сараптамалық, тендерлік және басқа да комиссиялардың мүшелері бола отырып, депутаттар қандай да бір проблемалар бойынша қоғамдық пікірді ескере отырып, қабылданатын шешімдер мен қорытындыларға оң ықпал етті. Депутаттар монополияға қарсы департаменттің бейінді комиссияларында белсенді жұмыс істеді, коммуналдық қызметтерге тарифтік саясатты қалыптастыру мәселелерінде сайлаушылардың мүдделерін қорғады.
Мәслихат депутаттары сайлаушылардың шағымдары мен өтініштерімен жұмыс істеуге тиісті назар аударды. Мәслихатқа тұтынушылардың құқықтарын қорғауға көрсеткен көмегі үшін депутаттардың атына көптеген алғыс сөздер келіп түсті.