Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар!
Алға аудандық мәслихаты өз жұмысын Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес жүргізеді. Аудандық мәслихаттың депутаттық корпусы 3 саяси партиялардың («АМАНАТ», «Ақжол» және «Ауыл») мүшелерінен құралған 12 депутаттан тұрады. Депутаттардың орташа жасы 45 жасты құрайды, 3-еуі әйел адамдар.
Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. 2025 жылы 10 сессия өткізілді, оның ішінде 4-уі кезекті және 6-уы кезектен тыс сессиялар. Депутаттар үшін маңызды міндеттердің бірі сессиялардың жұмысына қатысу. Орта есеппен депутаттардың мәслихат сессиясына қатысуы 72 пайызды құрады. Сессиялардың жұмысына аудан әкімі және оның орынбасарлары, Алға қаласы мен ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысады. Сессия өткізілетіні туралы ақпараттар аудандық мәслихаттың сайтында жарияланады. Аудандық мәслихаттың барлық сессиялары ашық түрде өткізілді.
Депутаттар қыркүйек айында өткен кезекті 35-ші сессияда аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдады. Мәслихаттың сессияларында аудан үшін маңызды мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды. Оның ішінде: 2025-2027 жылдарға арналған Алға аудандық бюджетін бекіту, 2024 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы жөніндегі есепті бекіту, ауданның ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар, аудан бойынша шетелдіктер үшін 2025 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі бойынша мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, Алға қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы жоспарлары жөнінде қала әкімінің есебі, Ақтөбе агломерациясының 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді даму жоспарымен келісу, Алға ауданының коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламасын бекіту, «Алға аудандық жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджеттен ынталандыру үстемақысын 30 (отыз) пайыз, аудандық дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына жергілікті бюджеттен ынталандыру үстемақысын 50 (елу) пайыз көлемінде белгілеу, Алға ауданында оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету, аудан әкімдігінің дербес құрамы мен аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы негізгі мәселелер қаралды. Барлық қаралған және талқыланған мәселелер бойынша 96 (тоқсан алты) шешім қабылданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 1 шешім (тұрғын үй көмегін көрсетуге байланысты) Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілді, барлығы 77 шешім электронды эталондық бақылау банкінде ресми жарияланды. Аудандық мәслихаттың мемлекеттік тіркеуге жіберілген нормативтік құқықтық шешімдеріне Әділет министрлігі тарапынан бас тартулар, прокуратурадан наразылықтар болмағандығын айтып өту қажет.
Депутаттар есепті кезеңде 2025 – 2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке 4 рет және Алға қаласы мен 12 ауылдық округтердің бюджеттеріне 4 реттен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, бекітті. Бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталды.
Ағымдағы жылы депутаттар мемлекеттік органдарға 9 депутаттық сауал жолдап, тиісті жауаптар алды. Депутаттық сауалдар Алға қаласы В.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің жанынан қазіргі заман талабына сай ашық спорт алаңын салуға, Сарықобда ауылдық округіне мәдениет нысанын салуға мүмкіндік беруге, созылмалы ауруы бар науқастар тар бейінді мамандардан тікелей тегін дәрілерге рецепт алуға, Алға қаласындағы индустриялық-техникалық колледжінің балансындағы шағын футбол алаңына жасанды төсенішін алмастырып, жөндеу жүргізуге ықпал ету, Қарабұлақ ауылдық округі Амангелді ауылындағы медициналық пунктке күрделі жөндеу жүргізуге, Самбай ауылдық амбулаториясын жаңа жедел жәрдем автокөлігімен қамтамасыз етуге, аудандық ауруханаға маммография аппаратын сатып алуға, кәсіпкерлерге және Есет батыр ауылына кіреберістегі жел диірменді қайта қалпына келтіру жұмыстарына байланысты болды. Әрине, сауалдардың барлығы қанағаттандырылды деп айтуға болмас, дегенмен өзекті мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жетті, олар заңда көрсетілген мерзімде аталған мәселелерге байланысты қазіргі уақыттағы шешімдерін көрсетіп жауаптарын берді.
Сондай-ақ тұрғындардың басқа да мәселелері бойынша тиісті мекемелерге 21 хат жолданды. Алдағы уақытта аудандағы басқа да әртүрлі мәселелерді шешуде атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар атқарылатын болады. Өз құзыретіне сай аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысып, жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста қызмет етті. Мен мәслихат төрағасы ретінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынаста болып, жедел кеңестердің жұмыстарына, аудан әкімінің қала және ауылдық округтерде халықпен кездесуіне, облыс және аудан аумағында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатыстым және бұл жөнінде ақпараттарды әлеуметтік (instagram, facebook) желілерде тұрақты жариялап тұрамын. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Ақтөбе облысы телеарнасының «Ақпараттық сағат» бағдарламасына қатысып, Алға ауданында атқарылған жұмыстар, аудандық бюджеттің қандай бағыттарға жұмсалуы және аудандық мәслихаттың қызметі туралы ақпаратпен бөлістім.
Мәслихаттағы «Aманат» партиясының депутаттық фракциясы 8 депутаттан құралған. Фракцияға депутат Кубесова Динара Калимжановна жетекшілік етеді. 2025 жылы депутаттық фракциясының 4 отырысы өткізілген. «Aманат» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс жасап, партия өткізген шараларға қатысты.Фракция отырыстарында депутаттар жоспарға сәйкес мәселелермен бірге «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасын іске асыратын Жол картасының орындалуын қарап, осы бойынша бақылау және мониторинг жұмыстарын жыл бойы үнемі жүргізді.
Депутаттар сайлаушылармен 35 қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауда 105 мәселе көтеріліп, азаматтарға заңға сәйкес түсініктеме берілді. Қоғамдық қабылдауға тұрғындардың көпшілігі жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселесі бойынша келді. Сайлаушылардың мәселелерін тыңдап, зерделеп, өз құзыреттері деңгейінде шешуге көмектесу – депутаттардың жұмысы болып табылады.
Мәслихатта 2 тұрақты комиссия құрылған, комиссияларды депутаттар «АМАНАТ» партиясының мүшесі Н.Давлетов, «Ақжол» партиясының мүшесі Б.Жайықов басқарады. Аталған тұрақты комиссиялар есепті кезеңде барлығы 8 отырыс өткізіп, 12 мәселе қаралды. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында сессия қарауына ұсынылатын және қалыптасқан жағдайдағы өзекті мәселелер қаралып, талқыланып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.
Есепті кезеңде депутаттар әртүрлі қайырымдылық көмектер көрсетті. Сондай-ақ депутаттар «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясына қатысып, 1 - қазан Қарттар күні мерекесіне орай қарттарға құрмет көрсетті. Жалпы аудандық мәслихат депутаттарының көпшілігі ұжым басшылары ретінде де облыстық, аудандық деңгейде өткізілетін әртүрлі шараларға белсене қатысуда. Айта кетсек, 2025 жылғы 23 шілдеде Орал қаласында өткен шахматтан II «Senat Open» ашық кубогының жартылай финалдық кезеңіне ауданнан 4 шахматшы қатысып, үздік ойын көрсеткен VII шақырылымның депутаты Мирлан Джалғаспаев пен аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Давлетов финалдық кезеңге жолдама жеңіп алды. Олар биылғы жылғы тамызда Астана қаласында өткен турнирдің финалына облыс атынан қатысты.
Аудандық мәслихат қызметінің жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қазіргі заманғы коммуникациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Мәслихаттың сессияларының, тұрақты комиссияларының отырыстары туралы материалдар фотосуреттерімен бірге аудандық «Жұлдыз-Звезда» газетінде, аудандық мәслихаттың ресми сайтында, сондай-ақ инстаграмм, фэйсбук парақшаларында тұрақты жарияланады.
Енді Бюджет Кодексінің 91 бабына сәйкес алдағы кезектен тыс сессияда Алға қаласы мен ауылдық округтердің үш жылдық бюджеттерін бекітуіміз керек. Сонымен биылғы жылға жоспарланған жұмыстарды аяқтаймыз.