Құрметті депутаттар және сессияға қатысушылар!
Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы 19-шы наурызда елімізде барлық деңгейде мәслихат депутаттарының кезекті сайлауы өткізілді. Алға аудандық мәслихатының 8-ші шақырылымына 12 сайлау округінен 12 депутат сайланды. Олардың 8-і «Аманат» партиясынан, «Ауыл», «Ақ жол» саяси партияларынан ұсынған бір-бір адамнан және өзін-өзі ұсынған 2 адам сайланды.
Аудандық мәслихат депутаттарының құрамы өткен VII шақырылыммен салыстырғанда толықтай жаңарды. Депутаттардың орташа жасы 44-ті құрайды, үшеуі әйел адамдар. Үстіміздегі жылдың 30-шы наурызында 8-ші шақырылған аудандық мәслихаттың 1-ші ұйымдастыру сессиясы өткізілді. Екі тұрақты комиссия құрылып, барлық депутаттар осы тұрақты комиссиялардың құрамына енгізіліп, төрағалары сайланды.
Алға аудандық мәслихаты өз жұмысын Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының талаптарына сәйкес жүргізеді. Мәслихаттың жұмысы бекітілген жоспарға сай атқарылады. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады. Есепті кезеңде аудандық мәслихат барлығы 11 сессия өткізді, оның ішінде 4-уі кезекті және 7-уі кезектен тыс сессиялар, жыл соңына дейін тағы 2 сессия өткізу жоспарлануда.
Сессиялардың жұмысына аудан әкімі және оның орынбасарлары, Алға қаласы мен ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары, аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия өткізілетіні туралы ақпараттар аудандық мәслихаттың сайтында жарияланды. Аудандық мәслихаттың барлық сессиялары ашық түрде өткізіледі және онлайн трансляциясы жүргізіледі.
Депутаттар қыркүйек айында өткен кезекті 7-ші сессияда аудан әкімі Н.Ержановтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебін тыңдады.
Мәслихаттың сессияларында аудан үшін маңызды мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды. Оның ішінде: 2022 жылғы аудандық бюджеттің орындалуы жөніндегі есепті бекіту туралы, Алға ауданының ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер əкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне 2023 жылға әлеуметтік қолдау көрсету туралы, Алға ауданының Құрметті азаматы атағын беру туралы, Алға ауданының 2022 жылғы бюджетінің орындалуы жөніндегі Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының есебін бекіту туралы, Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары туралы, Үшқұдық, Бесқоспа ауылдық округтері әкімдерінің «Ауыл аманаты» жобасы бойынша атқарылған жұмыстары жөніндегі есебі, Алға ауданы бойынша, Алға қаласы және ауылдық округтердің елді мекендері аумақтарындағы жер-шаруашылық жобаларын (жоспарларын) және қосымша жерлердің экспликацияларын бекіту туралы, Алға қаласының «Подхоз» тұрғын үй алабының атаусыз көшелеріне атаулар беру туралы, Алға қаласының кейбір көшелерін қайта атау туралы, Алға ауданында тұрғын үй көмегін көрсету мөлшерін және тәртібін айқындау туралы шешімге өзгеріс енгізу туралы, Алға ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы, Алға ауданы бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарын бекіту туралы, Алға аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы, Алға ауданы бойынша коммуналдық қалдықтардың түзілу мен жинақталу нормаларын, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы негізгі мәселелер қаралды. Барлық қаралған және талқыланған мәселелер бойынша 103 (жүз үш) шешім қабылданды. Сессияларда мәселелерді қарау мен шешім қабылдау еркін және іскерлік талқылау негізінде өткізіледі. Депутаттар үшін маңызды міндеттердің бірі сессиялардың жұмысына қатысу. Орта есеппен депутаттардың мәслихат сессиясына қатысуы 78 пайызды құрады. Депутаттар Ә.Каналин мен А.Аимбаев 4 рет, А.Жетенов пен Б.Жайықов 3 реттен сессиялар жұмысына әртүрлі себептермен қатыса алған жоқ. Алдағы уақытта мұндай жағдайларға жол бермеу керектігін, қатыспауға дәлелді себептер болған жағдайда мәслихат төрағасына алдын-ала хабарлау қажет екендігін ескертемін.
Аудандық мәслихат есепті кезеңде 2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджетке 5 рет және Алға қаласы мен 12 ауылдық округтердің бюджеттеріне 3 реттен тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, бекітті. Бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауданда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге, тұрғындардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға бағытталды.
Осы жерде назар аударып, айтып өтетін жағдай - ол аудандық мәслихаттың сессияларында мәселелерін қарауға ұсынатын әзірлеуші мемлекеттік органдардың құжаттарын дайындаудағы бірқатар кемшіліктердің қайталануы. Әсіресе бюджеттерді бекіту, оған өзгерістер енгізу мәселесі қаралатын сессия материалдарында сандарға байланысты қателер көп. Ұзақ уақыт дайындалады, нәтижесінде Бюджет кодексінде белгіленген мерзім (2 апта) сақталмайды. Мұндай кемшіліктер 4-ші деңгейлі бюджеттері бекітілетін барлық ауылдық округ әкімшіліктері тарапынан орын алуда. Қала, ауылдық округ бюджеттеріне өзгерістер қаралған үш сессияның екеуіне әртүрлі себептермен Бестамақ, Тамды, Ақай, Маржанбұлақ ауылдық округ әкімдері қатысқан жоқ. Қатыса алмаған ауылдық округ әкімдерінің орнына келген мамандары депутаттардың сұрақтарына толық жауап бере алмайды. Сондықтан алдағы уақытта ауылдық округ әкімдері, басқа да мемлекеттік органдар басшылары сессияға қарауға ұсынатын материалдарының сапалы дайындалуын қадағалап, бақылауға алып, сессия отырысына басшылардың қатысқандары жөн.
Үстіміздегі жылы депутаттар мемлекеттік органдарға 9 депутаттық сауал жолдап, тиісті жауаптар алды. Атап айтсақ, сауалдар Алға қаласының «Подхоз» елді мекеніне жаңа бастауыш мектеп пен бала-бақша құрылысын жүргізу мақсатында және Ақай ауылдық округіне қарасты Көлтабан ауылындағы мектептің жағдайына байланысты білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативіне өзгерістер енгізуге, ауылдық жерлерде тұратын және жұмыс жасайтын педагог қызметкерлеріне бюджет қаражаты есебінен коммуналдық шығыстарын жабуға және отын сатып алуға біржолғы ақшалай өтемақы мөлшерін 3 АЕК-тен 5 АЕК-ке ұлғайтуға, Бестамақ ауылындағы балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Бесқоспа ауылдық округі Есет батыр ауылының кіре берісіндегі жел диірменді қалпына келтіруге, Үшқұдық ауылдық округінің Жерұйық ауылына ауылішілік газ құбырын тартуға, Алға қаласындағы темір жол вокзалының жаңа ғимаратын салуға жобалық-сметалық құжаттарды дайындауға қаржы бөлу және жаңа вокзал ғимаратының құрылысын жүргізуге, бұрынғы химия зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтарды жойып, экологиялық мәселені шешуге байланысты облыстық кешенді жоспарда көрсетілген жұмыстардың орындалуы жөнінде, Алға-Есет батыр-Тоқмансай бағытындағы, Талдысай ауылына кіре беріс жолдарын жөндеуге және аудандағы ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлерді тиімді пайдалануға байланысты болды. Әрине, сауалдардың барлығы қанағаттандырылды деп айтуға болмас, дегенмен өзекті мәселелер тиісті мемлекеттік органдарға жетті, олар заңда көрсетілген мерзімде мәселелерге байланысты қазіргі уақыттағы шешімдерін көрсетіп жауаптарын берді.
Мұнан басқа тұрғындар көтерген басқа да мәселелер бойынша тиісті мекемелерге 7 хат жолданды. Алдағы уақытта аудандағы басқа да әртүрлі мәселелерді шешуде атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар атқарылатын болады. Өз құзыретіне сай аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімдігі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына қатысып, жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста қызмет етті.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 21-3 бабына сәйкес, депутаттар ағымдағы жылдың 9 қазаны мен 13 қазаны аралығында Қазақстан Републикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалында біліктілікті арттыру семинарына қатысты.
Мен мәслихат төрағасы ретінде мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жергілікті өзін-өзі басқару және қоғамдық бірлестіктермен қарым-қатынаста болып, жедел кеңестердің жұмыстарына, аудан әкімінің халықпен кездесуіне, ауданның қоғамдық кеңесінің отырыстарына, облыс және аудан аумағында өткізілетін түрлі іс-шараларға қатысамын және бұл жөнінде ақпараттарды әлеуметтік (instagram, facebook) желілерде тұрақты жариялап тұрамын. Басқа депутаттарға да әлеуметтік желілерге атқарған жұмыстары, қатысқан іс-шаралары туралы материалдарды тұрақты жариялауды ұсынамын.
Мәслихаттағы «Aманат» партиясының депутаттық фракциясы 8 депутаттан құралған. Фракцияға депутат Карасаева Илона Александровна жетекшілік етеді. «Aманат» партиясының депутаттық фракциясының мүшелері әртүрлі бағыттар бойынша жұмыс жасап, партия өткізген шараларға қатысып, сайлаушылармен 18 қоғамдық қабылдау өткізді. Сонымен қатар депутаттар сайланған ауылдық округтерінде тұрғындарды жеке сұрақтармен 16 қабылдау жүргізді, барлығы - 34. Қоғамдық қабылдауға тұрғындардың көпшілігі жұмыспен қамту және тұрғын үй мәселесі бойынша келген. Дегенмен кейбір депутаттар тарапынан қоғамдық қабылдауға мән бермеушілік бар. Ал қоғамдық қабылдаулар сайлаушылармен байланыстың бір жолы екенін ұмытпаған жөн. Олардың қандай шешілмеген мәселелері бар екенін анықтап, өз құзыреттері деңгейінде шешуге көмектесу – депутаттардың жұмысы болып табылады.
Ағымдағы жылғы қыркүйек айында қолданыстағы заңнамаға сәйкес аудандық мәслихат депутаттары Ақтөбе қаласында өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысып, облыс әкімін тағайындауға келісім берді.
Мәслихатта 2 тұрақты комиссия құрылған, комиссияларды депутаттар (Н.Давлетов, Г.Жанабекова) басқарады. Тұрақты комиссиялардың отырыстарында сессия қарауына ұсынылған және қалыптасқан жағдайдағы өзекті мәселелер қаралып, талқыланып, тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар берілді.
Есепті кезеңде депутаттар әртүрлі қайырымдылық көмектер көрсетті. Сондай-ақ мәслихат аппаратының қызметкерлері мен депутаттар жыл сайынғы «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясына қатысты. Жалпы аудандық мәслихат депутаттарының көпшілігі ұжым басшылары ретінде де облыстық, аудандық деңгейде өткізілетін әртүрлі шараларға белсене қатысуда.
Аудандық мәслихаттың аппараты ұйымдастырушылық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілері сессиялардың күн тәртібіне енгізілген мәселелерге байланысты материалдардың орындалу сапасына мән беріп, оны дайындауға тікелей қатысады.
Аудандық мәслихат қызметінің жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз ету бағытында қазіргі заманғы коммуникациялық технологиялар кеңінен қолданылады. Мәслихаттың сессияларының, тұрақты комиссияларының отырыстары туралы материалдар аудандық мәслихаттың ресми сайтында, сондай-ақ инстаграмм, фэйсбук парақшаларында тұрақты жарияланады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 9 шешім Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізілді, барлығы 62 шешім электронды эталондық бақылау банкінде ресми жарияланды. Аудандық мәслихаттың мемлекеттік тіркеуге жіберілген нормативтік құқықтық шешімдеріне Әділет министрлігі тарапынан бас тартулар, прокуратурадан наразылықтар болмағандығын айтып өту қажет. Бұл аудандық мәслихат аппаратының мемлекеттік қызметшілерінің жұмысты жауапты атқарғандығын көрсетеді.
Құрметті депутаттар!
Мәслихаттың негізгі мақсаты – аудан халқының қалауын білдіру, оларды жүзеге асыру шараларын анықтау және орындалуын қадағалау, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету.
Өкілеттік мерзімнің алғашқы жылы аяқталып келеді, біршама тәжірибе де жинақталды. Алдағы уақытта аудандық мәслихат депутаттары халық қалаулылары ретінде тұрғындардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектеріне баса көңіл бөліп, әртүрлі мәселелерді өз құзыреттері деңгейінде шешуге күш салып, белсенділік пен жауапкершілік танытулары қажет деп есептеймін. Аудандық мәслихат атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, биылғы жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауындағы тапсырмаларын орындауға өз үлестерін қоса береді деп сенім білдіремін.
Тыңдағандарыңызға рахмет!