Ақтөбе қаласы әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен қалалық мәслихат депутаттарымен бірлескен жұмыстың қорытындысына арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында VIII шақырылым депутаттарының атқарған жұмыстары қорытындыланып, қала әкімдігі мен мәслихат арасындағы бірлескен қызметтің нәтижелері сараланды. Депутаттардың тұрғындармен кездесулері, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын қарау, өзекті мәселелерді шешуге бағытталған бастамалары және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді көтеру бағытындағы жұмыстары атап өтілді.
Жиын аясында депутаттарға атқарған қызметтері үшін марапаттар табысталды.
28 қыркүйекте Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс 41-сессиясы өтті . Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – Алматы ауданының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатураны келісу. Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет Алматы ауданының әкімі қызметіне Есенғалиев Мұқанбетқали Есжанұлының кандидатурасын ұсынды. Мәслихат депутаттары ұсынылған кандидатураны қарап, Есенғалиев Мұқанбетқали Есжанұлының Алматы ауданының әкімі қызметіне тағайындалуын қолдады. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – қала бюджетін нақтылау. Облыстық бюджеттен қалаға 2,6 млрд теңге нысаналы трансферт бөлінді. Оның ішінде: 518 млн теңге – көлік инфрақұрылымын дамытуға; 1,7 млрд теңге – автомобиль жолдары мен көшелерді орташа жөндеуге; 350 млн теңге – кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге. Сондай-ақ, Юго-Запад-2, Саяжай және Жаңақоныс-2 тұрғын алаптарындағы мектептерге апаратын автомобиль жолдарын салуға 518 млн теңге бағытталды. Қаладағы 15 көшені орташа жөндеуге 1,1 млрд теңге қарастырылды. Сонымен қатар, қала бюджетінің кіріс және шығыс бөліктері 2 млрд теңгеге ұлғайтылды. Қосымша қаражат: 400 млн теңге – көшелерді жарықтандыруға; 500 млн теңге – мүгедектігі бар азаматтарды қажетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге; 50 млн теңге – жол төсемдерін ағымдағы жөндеуге; 1,1 млрд теңге – жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталды. Сессия қорытындысы бойынша депутаттар қала бюджетіне енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды қолдады. <Сообщение изменено>
22 қыркүйекте Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс 40-сессиясы өтті. Сессия барысында Ақтөбе қаласының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Облыстық бюджеттен 11,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат қаланың сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға бағытталған үш ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға жұмсалады. Атап айтқанда: Мясоедов көшесі – Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы су құбырын қайта жаңарту; Мөңке би көшесіндегі кәріз коллекторын қайта жаңарту; Желтоқсан батырлары көшесі бойымен Шанхай ауданы арқылы Жеңіс даңғылына дейінгі кәріз коллекторын қайта жаңарту жоспарланған. Аталған жобалар Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Саяжай және Юго-Запад-2 тұрғын алаптарындағы мектептерге апаратын автомобиль жолдарын салуға қаржы бөлінді. Қала бюджетінің кіріс бөлігі 2,8 млрд теңгеге ұлғайтылды. Қосымша қаражат жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, жолаушылар тасымалын субсидиялауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге бағытталды. Қабылданған өзгерістер қаладағы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жол және қоғамдық көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталды.
Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс қырық бірінші сессиясы 2026 жылдың 28 қыркүйегінде жергілікті уақытпен сағат 11:00-де қалалық әкімдік ғимаратында (Т.Ахтанов көшесі 50 (17 каб) өтеді.
Күн тәртібі:
1. Ақтөбе қаласы «Алматы» ауданының әкімін тағайындауына келісім беру туралы.
2. Басқа да мәселелер.
Қажетті ақпаратқа барлығының қол жеткізуі үшін, Ақтөбе қалалық мәслихат сессиясының отырысы Facebook парақшасында (https://www.facebook.com/aqtobemaslihat?mibextid=LQQJ4d) тікелей трансляцияда көрсетіледі.
Ақтөбе қалалық мәслихатының төрағасы А.Даржанова
21 қыркүйекте қалалық мәслихаттың экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында қала бюджетін нақтылау мәселесі қаралды.
Атап айтқанда, «2026–2028 жылдарға арналған Ақтөбе қаласының бюджетін бекіту туралы» қалалық мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Жиын барысында кейбір жобалардың шығыстары қысқартылып, босаған қаражат өзге маңызды салаларға қайта бөлінетіні атап өтілді. Атап айтқанда, бұл қаржының негізгі бөлігі инженерлік инфрақұрылымды дамытуға — су құбыры желілері мен кәріз коллекторларын реконструкциялауға, сондай-ақ жолаушылар тасымалын субсидиялауға бағытталады.
Отырыс барысында модернизациялау бойынша («100 аула») жобасы да сөз болды. Бұл бағыттағы жұмыстардың көп бөлігі қазірдің өзінде аяқталып қалғаны, ал түпкілікті аяқталуы келесі мерзімге жоспарланғаны атап өтілді. Жалпы алғанда, комиссия отырысында қолдау тапқан бұл ұсыныстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуге және қаланың инженерлік жүйелерін одан әрі жетілдіруге бағытталған.
12 қыркүйекте қаламыздағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион алдында «Гүлдер FEST» мерекелік фестивалі өтті.
Фестиваль барысында қаланы көгалдандыру мен абаттандыруға белсенді үлес қосып, туған қаламыздың көркеюіне еңбек сіңірген үздіктер марапатталды.
«Ең үздік көпқабатты үй ауласы» және «Ең үздік аула сыпырушы» номинацияларының жеңімпаздарына марапаттарды қала әкімі Бекет Азамат Бауыржанұлы табыстады.
Сонымен қатар, «Ең үздік ұжымдық жұмыс», «Ең үздік колледждің ұжымдық жұмысы», «Ең үздік мектепке дейінгі мекеменің ұжымдық жұмысы» және «Ең үздік бөлме гүлдері» номинациялары бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен бағалы сый-сияпаттар табысталды.
«Гүлдер FEST» - қаламыздың ажары мен тазалығына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін бағалап, тұрғындарды ортақ игі іске біріктірген ерекше мерекелік шара болды. Фестиваль туған қаламызды бірге көркейтуге деген жауапкершілік пен сүйіспеншілікті арттыра түсті.
Ақтөбе қаласының даму мәселелері талқыланды.
Ақтөбе қалалық мәслихатының экономика, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында қаланың аумақтық дамуына қатысты бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.
Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының Бас жоспарына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында мультимодальды орталық ретінде «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатында орта қабатты тұрғын үй құрылысына арналған резервтік аумақтарды арнайы экономикалық аймақ аумағына ауыстыру ұсынылды. Сонымен қатар қоғамдық-іскерлік аймақта музыкалық-драма театры, әмбебап спорт аренасы және 35 мың орындық футбол стадионы нысандарының құрылысы қолға алынғаны атап өтілді.
Бұдан бөлек, Ақтөбе қаласының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Алтын Орда шағын ауданында 58,9 гектар аумақта саябақ салу жобасын даму жоспарына енгізу ұсынылды. Саябақ тұрғындарға демалыс, серуендеу және спортпен айналысуға арналған ірі қоғамдық кеңістік қалыптастырады. Жобаның болжамды құны – 18 млрд теңге, оны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы іске асыру жоспарлануда.
Сондай-ақ 2026 жылға арналған кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстардың ең төменгі мөлшерін айына 1 шаршы метрге 55 теңге көлемінде белгілеу мәселесі қаралды.
Ведомствоаралық комиссиялардың құрамына кадрлық өзгерістерге байланысты өзгерістер енгізу мәселесі де қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, депутаттар өз ұсыныстары мен ескертулерін білдірді. Қаралған мәселелер мәслихат сессиясының қарауына ұсынылды.
Қалалық мәслихатының кезектен тыс 39-сессиясында қаланың аумақтық дамуы мен қалалық ортаны жетілдіруге қатысты бірқатар мәселе бойынша шешімдер қабылданды.
Бас жоспарға өзгерістер енгізілді. Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай аумағында мультимодальды орталық ретінде «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағын құру мақсатында резервтік аумақтарды арнайы экономикалық аймақ аумағына ауыстыру көзделді. Сонымен қатар қоғамдық-іскерлік аймақта музыкалық-драма театры, әмбебап спорт аренасы және 35 мың орындық футбол стадионының құрылысы жүргізілуде.
Алтын Орда шағын ауданында 58,9 гектар аумақта саябақ салу жобасы қаланың 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілді. Жоба тұрғындардың демалысына, серуендеуіне және спортпен айналысуына арналған үлкен қоғамдық кеңістік қалыптастыруды көздейді. Жобаның болжамды құны – 18 млрд теңге. Іске асырудың негізгі тетігі ретінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік қарастырылуда.
Кондоминиум объектілерін басқару және ортақ мүлікті күтіп-ұстау шығыстарының 2026 жылға арналған ең төменгі мөлшері айына 1 шаршы метрге 55 теңге көлемінде бекітілді.
Сондай-ақ ведомствоаралық комиссиялардың құрамына кадрлық өзгерістерге байланысты тиісті өзгерістер енгізілді.
Қабылданған шешімдер қаламыздың аумақтық дамуын жүйелеуге және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Ақтөбе қалалық мәслихатының кезектен тыс отыз тоғызыншы сессиясы 2026 жылдың 25 тамызында жергілікті уақытпен сағат 10:00-де қалалық әкімдік ғимаратында (Т.Ахтанов көшесі 50 (17 каб) өтеді.
Күн тәртібі:
Қажетті ақпаратқа барлығының қол жеткізуі үшін, Ақтөбе қалалық мәслихат сессиясының отырысы Facebook парақшасында (https://www.facebook.com/aqtobemaslihat?mibextid=LQQJ4d) тікелей трансляцияда көрсетіледі.
Ақтөбе қалалық мәслихаты
төрағасының міндетін атқарушы Ж.Жаңабай