Білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы

Ақтөбе облыстық мәслихатының

Ш Е Ш І М І

 

Ақтөбе қаласы                         № 116                            2024 жылғы 14 наурыз

 

Білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы

 

          «Білім беру сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» облыстық білім басқармасының басшысы Ж.И.Сұлтанның және Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Г.А.Сәрсенғалиеваның баяндамаларын тыңдап және талқылай келе, облыстық мәслихат, жалпы, облыста жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, білім беру сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтеді.

Облыс бойынша 428 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 403 мемлекеттік (контингент - 167 628 оқушы), 19 – жекеменшік (11358 оқушы), 2 – кешкі (93 оқушы), 4 – арнайы (582 оқушы), сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектебі (850 оқушы) жұмыс істейді.

Облыстағы 428 мектептің 281-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл мектептердің жалпы санының 65,6 % құрайды, онда 45 767 бала оқиды. 201 мектеп - шағын жинақты мектептер болып табылады.

Ақтөбе облысындағы шағын жинақты мектептерді қолдау мақсатында 2023-2024 оқу жылында республика бойынша алғаш рет «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы іске асырылуда. Жоба облысымыздың 146 мектебінің (12 ресурстық орталық және 134 шағын жинақты мектеп) материалдық-техникалық базасын нығайтуды көздейді. Осы мақсаттар үшін «Қазақстан халқы қоры» ҚҚ және «Білім беруді тұрақты дамыту қоры» тарапынан 5 млрд. теңге бөлінді. Облыстың барлық аудандарында барлық пәндер бойынша оқу жабдықтары бар 12 тірек мектеп, қосымша білім беру және шығармашылықты дамыту студиялары толық жабдықталған. Робототехника, физика, химия, биология, математика пәндерінің онлайн сабақтары үшін 134 шағын жинақты мектеп (80 оқушыға дейін 113 мектеп - 1 кабинет, 80 оқушыдан жоғары 21 мектеп - 2 кабинет) цифрлық кабинеттермен жабдықталады. Осы жоба аясында 1 қыркүйектен бастап 12 тірек мектеп мұғалімдері 134 шағын жинақталған мектеп пен                    21 интернеті жақсартылған мектептер үшін онлайн сабақ бере бастады. Нәтижесінде оқытушылар саны 35-тен 168-ге дейін, оқушылар саны 4510-нан 5406-ға дейін өсті. 12 тірек мектепте уақыт талаптарына сәйкес жабдықталған оқу кабинеттерінде 8304 оқушыны оқыту үшін жағдайлар жасалған. 281 ауылдық мектепте интернет жылдамдығын жақсартуға 448 млн. теңге бөлінді. Жобаға қатысатын педагогтердің лауазымдық жалақыларын ынталандыру мақсатында 15% мөлшерінде ынталандырушы үстемеақы белгіленді.

Бүгінгі таңда 403 мемлекеттік мектептің 388-і (96,3%) интернет желісіне оқушылар санына байланысты 20-200 Мбит/с талшықты-оптикалық және радиорелелік байланыс түрінде қосылған, ал 15 мектеп провайдерлердің техникалық мүмкіндіктерінің болмауына байланысты 8 Мбит/с спутниктік интернет желісіне қосылған.

Білім беру сапасын арттыруда оң өзгерістермен қатар шешуді талап ететін бірқатар проблемалар да бар.

PISA-2022 нәтижелері бойынша Ақтөбе облысы математикадан жоғары балл жинаған 5 өңірдің қатарына кіреді. Математика және оқу бойынша                 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім байқалады. Алайда, жалпы алғанда, минималды функционалды сауаттылықтың болмауы байқалады.

Өткізілген мемлекеттік аттестаттау қорытындылары 135 білім беру ұйымының (57 мектеп, 78 балабақша) 84% (114 ББҰ) аттестаттаудан өтпегенін, яғни осы мекемелердің қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті.

Мемлекеттік аттестаттау барысында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында 1074 бұзушылық анықталды, оның ішінде анықталған бұзушылықтардың 7,4%–ы жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігі мәселелерімен байланысты, ал қалған 92,6%-ы білім беру ұйымдары әкімшілігі жұмысының жүйесіздігін, басқарудың төмен деңгейін, мектепішілік бақылаудың тиісінше жүргізілмеуін көрсетеді.

Бақылау іс-шаралары барысында тиісті бейіні бар (профильді) педагогтардың қамтамасыз етілмегендігі анықталды. Мемлекеттік аттестаттау және тексеру қорытындысы бойынша 75 оқытушының диплом бойынша мамандығы оқытылатын пәнге сәйкес келмейтіні анықталды. Облыс мектептерінде 331 педагогқа қажеттілік байқалады, ал мектепке дейінгі ұйымдарда 288 педагогқа қажеттілік бар.

Сонымен қатар, аттестаттау және тексеру барысында 72 педагог кемінде үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтпегені анықталды, ал 146 мұғалімнің санаты жоқ, кемінде бес жылда бір рет біліктілік санатын растамайды.

Облыс орталығында үш ауысымды оқу режимі бар 3 мектеп (№64 жалпы білім беретін мектеп, №78 мектеп-гимназиясы және Д. Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектеп) қалып отыр. Мониторинг барысында облыс бойынша 165 мектеп (40,3%) күрделі жөндеуді немесе жаңа құрылысты қажет ететіні анықталды.

Ауылдық жерлерде орналасқан мектептер оқу-жұмыс жоспарына сәйкес интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, биология, химия, физика, мультимедия кабинеттерімен толық жабдықталмаған. Зертханалық және практикалық жұмыстар көрнекі демонстрациясыз виртуалды түрде жүргізіледі.

Облыстың 77 мектебінде спорт залдарының болмауына байланысты дене шынықтыру сабақтары мектеп аулаларында, дәліздерде немесе бос кабинеттерде өткізіледі.

Бейнебақылаумен мектептердің 100% қамтылды, алайда талаптарға сәйкессіздіктер анықталды, бұған бейнекамералардың жетіспеушілігі,                 30 тәулік ішінде жазбаның сақталмауы, білім беру ұйымының іргелес аумағын қамтымау жатады.

Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту,                           98 мектепте келісімшартта көзделген интернет жылдамдығы нақты жылдамдыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сонымен қатар, 11 мектепте интернеттің төмен жылдамдығы 1-4 Мб/сек, ал 56 мектепте 4-10 Мб/сек құрайды.  

Мектептерді лицензияланған күзетпен, дабыл түймесімен және турникеттермен жарақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілмеген.        

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта барлық мектептерде 1-4 сынып оқушылары мен аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін ыстық тамақ ұйымдастырылды. Алайда, 27 мектепте бүгінгі күні асхана мен буфеттің тиісті санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеуі мәселесі шешілген жоқ.

Білім сапасына әсер ететін маңызды фактор-дұрыс ұйымдастырылған менеджмент. Қазіргі уақытта кәсіпқойлықтың төмен деңгейі байқалады, себебі білім беру ұйымдарының тек 128 басшысы немесе 29,4%-ы тиісті санатқа ие.

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы                       23 қаңтардағы №148 Заңының 6-бабына сәйкес, Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

  1. Облыстық білім басқармасының басшысы Ж.И.Сұлтанның, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Г.А.Сәрсенғалиеваның баяндамалары назарға алынсын.
  2. «Ақтөбе облысының білім басқармасы» ММ-не (Ж.И.Сұлтан) ұсынылсын:

1) білім беру ұйымдарын жоғары білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде, сондай-ақ кепілді тұрғын үй және әлеуметтік кепілдіктер бере отырып, ауылдық жерге тарту жөнінде тиімді шаралар қабылдау;

2) 2024 жылғы 1 маусымға дейінгі мерзімде Ақтөбе облысының білім беруді дамыту жоспарының жобасын әзірлеу және оны облыстық мәслихаттың бекітуіне енгізу;

3) тірек мектептердің (ресурстық орталықтардың) жұмыс істеуін, оның ішінде олардың шағын жинақты мектептермен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;

4) ауылдық және қалалық мектептердің білім сапасы арасындағы айырмашылықты төмендету жөнінде шаралар қабылдау;

5) облыс мектептерінде Назарбаев Зияткерлік мектебінің оң тәжірибесін таратуды жалғастыру;

6) оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі шараларды жетілдіру;

7) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын толық орындау үшін білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасына мониторинг жүргізу;

8) «Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ-мен (Н.С.Мақсатов) бірлесіп:

- қазіргі заманғы талаптарды ескере отырып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңарту жөніндегі жұмысты жандандыру;

- білім беру ұйымының іргелес аумағын қамту үшін бейнекамералармен және 30 тәулік ішінде жазбаны сақтау үшін тиісті жабдықтармен жарақтандыру;

9) «Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ-мен (Е.М.Мұздыбаев) бірлесіп:

- үш ауысымды мектептер санын азайту жөніндегі шараларға бақылауды күшейту;

- отыз жылдан астам пайдаланудағы мемлекеттік орта білім беру ұйымдарының авариялық жағдайына әрбір бес жыл сайын зерттеп-қарауды қамтамасыз ету;

10) «Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасы» ММ-мен (Ә.Б.Отарбаев) бірлесіп, мектептерді қызмет көрсетуге арналған келісімшартта көзделген жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау;  

11) Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен (Р.М.Қойшанова) бірлесіп, бастауыш сынып оқушылары мен аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін үздіксіз ыстық тамақтануды ұйымдастыру үшін мектеп асханалары мен буфеттеріне санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыларды уақтылы алу бойынша жұмыс жүргізу;

12) Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментімен (Г.А.Сәрсенғалиева) бірлесіп, білім беру сапасын қамтамасыз ету және жақсарту бойынша жұмысты жандандыру.

  1. «Ақтөбе облысының білім басқармасы» ММ-не (Ж.И.Сұлтан) білім беру ұйымдарының басшыларымен бірлесіп мынадай бағыттар бойынша шаралар қабылдау ұсынылсын:

1) білім беру ұйымдары әкімшілігінің жүйелі жұмыс деңгейін арттыру, басқару және мектепішілік бақылауды тиісінше жүргізу және білім беру ұйымдары басшыларының біліктілігін арттыру;

2) Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан профилактикалық бақылау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жоюды бақылауға алу;

3) оқу жетістіктерін сырттай бағалау нәтижелеріне нақты талдау жүргізу, әрбір пәннің динамикасына байланысты білім беру сапасын арттыру жөніндегі жоспардың орындалуын әзірлеу және бақылауға алу;

4) білім беру ұйымдарында сапалы басқарудың, жоспарлаудың, нәтижелерге қол жеткізудің кемшіліктеріне талдау жүргізу және нақты шаралар қабылдау;

5) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының белгіленген талаптарына сәйкестігін растау үшін білім беру ұйымдарын уақтылы мемлекеттік аттестаттаудан өткізіп отыру;

6) білім беру ұйымдарын тиісті бейінді жоғары білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету;

7) мұғалімдер мен педагогтерді уақтылы даярлау және белгіленген мерзімде біліктілігін арттыру және біліктілік санатын растауға жіберу; 

8) облыс мектептерінде оқыту режимі тұрғысынан қолданыстағы тығыз және үш ауысымдық пәндер бойынша тұрақты мониторинг жүргізу;

9) қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, оқушыларды оқуға тарту және ынталандыру деңгейін арттыру, мұғалімдермен және оқушылармен сапалы кері байланысты жандандыру;

10) білім беру ұйымдарында мынадай ақпараттардың таралуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау:

- зорлық-зомбылықты насихаттау;

- рухани (діни) білім беру ұйымдарында мұндай ақпаратты таратуды қоспағанда, діни сипаттағы;

- балаларды өз өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін іс-әрекеттер жасауға, оның ішінде суицидке итермелейтін іс-әрекеттер жасауға итермелейтін;

- балаларды қоғамға жат және құқыққа қарсы әрекеттерге итермелейтін;

- қазақстандық қоғамның мәдени, адамгершілік және рухани құндылықтарына сәйкес келмейтін;

- оқу процесіне қатысы жоқ басқа да ақпараттар.

  1. «Ақтөбе облысының білім басқармасы» ММ-не (Ж.И.Сұлтан) білім беру ұйымдарының басшыларымен және «Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» ММ-мен (Н.С.Мақсатов) бірлесіп, 2024-2026 жылдарға арналған жергілікті бюджетті нақтылау кезінде мыналарға қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру ұсынылсын:

- ауылдық жерлерде орналасқан мектептерді интернет желісіне қосылған компьютерлік сыныптармен, оқу-зертханалық жабдықтармен, биология, химия, физика және мультимедия кабинеттерімен жабдықтауға;

- балаларға дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін мұқтаж мектептерді модульдік спорт залдармен жарақтандыруға;

- мектептерді лицензияланған күзетпен, дабыл түймесімен және турникеттермен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізуге;

- мұқтаж мектептерге уақтылы күрделі жөндеу жүргізуге.

  1. Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамысз ету департаментіне (Г.А.Сәрсенғалиева)ұсынылсын:

1) білім беру, білім беру қызметін лицензиялау, білім беру мониторингін жүргізу және білім беру сапасын сырттай бағалауды жүргізуге қатысу саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастыру;

2) депутаттық корпус пен қоғамдастықтың қатысуымен білім беру ұйымдарының бақылау іс-шараларын өткізу мүмкіндігін қарастыру.

  1. Барлық мүдделі мемлекеттік мекемелерге осы шешімнің орындалу қорытындылары туралы облыстық мәслихатты 2024 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімде хабардар ету ұсынылсын.

 

 

 

Облыстық

мәслихаттың төрағасы                                                     Г. СҮЙІНТАЕВА

Дата публикации
27 марта 2024