Облыстық мәслихаттың 2023 жылғы Ақтөбе облысының әкімі
13 желтоқсандағы сессиясында жарияланды А.Б.Шахаровқа Депутаттық сауал
Құрметті Асхат Берлешұлы!
Мемлекет Басшысының сайлауалды бағдарламасында білім саласын дамыту мен балалардың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінген. Бұл бағытта мектепке дейінгі ұйымдарды ашу, барлық бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамту және жыл сайын шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы кемінде 1000-нан аса мектеп заманауи талаптарға сай жаңартылады деп айтылады. Бұл жұмыс мектептерде мынадай негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі: күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, пәндік кабинеттерді жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, мектеп кітапханалары мен асханаларын жаңғырту, қауіпсіздікті жақсарту.
Мәртөк ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін ауылдық мектептер бар. Құрмансай және Қаратаусай орта мектептеріне он жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу жүргізілген жоқ.
Құрмансай орта мектебі Мәртөк ауданының Құрмансай ауылында аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. 1977 жылы салынған типтік мектеп ғимараты (кірпіш), қатты отынмен автономды жылыту жүйесінде жұмыс жасайды. Ағымдағы оқу жылының контингенті 49 оқушы, мектепалды сыныпта 4 оқушы, шағын орталықта 13 бала бар. Сондай-ақ, мектеп жанында 36 орындық интернат орналасқан, онда жақын маңдағы елді мекендерден (Егіз ата, Шаңды) 12 оқушы тұрады. Соңғы күрделі жөндеу 2011 жылы жүргізілген.
Қаратаусай орта мектебі Мәртөк ауданының Қаратаусай ауылында аудан орталығынан 19 шақырым жерде орналасқан. 1987 жылы салынған типтік мектеп ғимараты (кірпіш), қатты отынмен автономды жылыту жүйесінде жұмыс жасайды. Ағымдағы оқу жылының контингенті 57 оқушы, мектепалды сыныпта 4 оқушы бар. Соңғы күрделі жөндеу 2013 жылы жүргізілген.
2023 жылы Қаратаусай ауылына газ құбыры өткізілді, осыған байланысты халықтың өсуі, сондай-ақ осы ауылдық мектепте оқушылар санының өсуі күтілуде.
Жоғарыда айтылғандарды және ауыл үшін білім беру ұйымдары ретінде мектептің маңыздылығын ескере отырып, алдағы 2024 жылға арналған облыстық бюджетті қарау кезінде аталған ауыл мектептерін күрделі жөндеуге қаражат бөлуге жәрдем көрсетуіңізді сұраймын.
Депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша нысанда хабарлауды сұраймын.
Құрметпен,
Ақтөбе облыстық
мәслихатының депутаты Б. ТІЛЕГЕНОВА