Аудан әкімінің өзіне жүктелген қызметтері мен міндеттерінің орындалуы туралы

2023 жылғы 8 тамыздағы               № 5/2-VIIІ 

 

                   

Аудан әкімінің өзіне

жүктелген қызметтері

мен міндеттерінің орындалуы

туралы

 

Ағымдағы жылдың I-жарты жылдығында ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда өсу қарқыны қамтамасыз етілді.

Атап айтқанда: Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2022 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 21,5 пайызға өсіп, 515,7 млн.теңгені құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1 есеге өсіп, 5 млрд 375,3 млн. теңге болды. Жоспар-тапсырма 114,4 пайызға артық орындалды. Тартылған инвестицияның 3,4% бюджеттік қаражат есебінен болса, 96,6% жекеменшік қаражат есебінен. Былтырғы жылмен салыстырғанда бюджет қаражатынан тартылған инвестицияның өсу қарқыны 100 пайыз болса, жеке меншіктен тартылған инвесиция 2,7 есе өскен.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 4 млрд. 112,5 млн. теңгеге орындалып, 3 есеге өсті.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 22,6 пайызға артып, 3329 шаршы метрді құрады.  Жоспар-тапсырма 110,0 пайызға орындалды.

Бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 3 млрд. 21,5 млн.теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 119,6 пайызды құрады.

Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 10 пайызға артып, 2255 бірлікті құрады.  Оның ішінде заңды тұлғалар-109, шаруа қожалықтары – 1297, жеке кәсіпкерлер саны - 849.  

Жергілікті бюджетке 993,4 млн теңге салық төленіп,  меншікті кірістер жоспары 2,2 есеге,   былтырғы жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7 есеге артық орындалды.

Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің  жалпы көлемі 11 млрд 751 млн. теңгеге жетіп, өсу қарқыны 106,2 пайыз болды.

Аудандағы ірі қараның 66 пайызы-жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында, 32 пайызы-үй шаруашылықтарында; қой-ешкінің 56 пайызы – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарында, 29 пайызы-үй шаруашылықтарында өсіріледі.

Есепті мерзім ішінде  3430 тонна ет;  19 402,9 тонна сүт; 902 мың дана жұмыртқа өндірілді. Өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда ет – 3,5 пайызға, сүт – 2,6 пайызға, жұмыртқа – 2 пайызға артты.

Аудандағы ірі қара 178 мың басқа, қой мен ешкі – 247 мың басқа, жылқы – 33 мың басқа жетіп, тиісінше ірі қара – 3,5 пайызға, қой-ешкі - 3 пайызға, жылқы – 11 пайызға көбейді. 

Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласында бірқатар үлкен жұмыстар жоспарлануда. Атап айтқанда:

  1. «Агробизнес», «Іскер», «Ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба» бағдарламалары бойынша 1 млрд 354,0 млн теңгеге 126 жобаны қаржыландыру және 171,0 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы техника паркін жаңалау мақсатында 9 бірлік трактор және 17 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы жабдықтарын сатып алу жоспарланған.
  2. Биылғы жылы ауданымызда суармалы егіс көлемі 8740 гектарға, яғни 4 пайызға ұлғайтылды.

Бүгінгі күні ауданымыздағы коммуналдық меншіктегі 5 ішкі шаруашылық су каналдарының құқық белгілейтін құжаттарына жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражат бөлініп, құжаттары толық дайындалды. Ағымдағы жылы 1 ішкі шаруашылық су каналы «ҚазСушар» РМК ШҚ филиалының Ақсуат өндірістік пайдалану учаскесінің теңгеріміне алынатын болады.

  1. Мал шаруашылығындағы мал тұқымын асылдандыру бағытында ауданда біршама жұмыстар атқарылатын болады.

Атап айтқанда: Ірі қара малымен тұқымдық түрлендіру жұмыстарына барлығы 32,0 мың бас аналық ірі қара және 1600 бас асыл тұқымды етті бағыттағы бұқа малдары қатысады. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттен 1 млрд. 540 млн. теңге көлемінде субсидия алу көзделуде.

  1. Аудан бойынша елді мекендердің жер телімі 107 мың 229 гектарды құрайды, оған қосымша ауыл тұрғындарының мал жайылымдығы үшін 53 мың 850 гектар жер телімі 20 жылға резервке қойылды. Пайдаланылмай отырған жер телімдерін мемлекет қорына қайтару жұмыстары жалғасатын болады.

2023 жылға жер қайтару бойынша берілген жоспар-тапсырма  49,0 мың гектар болса, бүгінгі күнге мемлекет қорына 64,6 мың гектар қайтарылып, жоспар тапсырма 126 пайызға орындалды.

2022 жылы Ақсуат, Аққала, Екпін, Сатпаев, Сұлутал, Көктүбек, Көкжыра елді мекендері жер телімінің қазығы қағылған, қалған елді мекен жер телімдерінің межелік шекараларын белгілеп, қазығын қағу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

  1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы бақылауда ұсталынуда, әр ауылдық округтерде құрылған мобильдік топтар арқылы 10-15 пайыздан асырмауы қадағаланып отырады.

 Су мен жабдықтау. Аудандағы 29 елді мекеннің 21-і немесе  72,4 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. (Қамтылмаған елді мекендер Тана мырза, Көктүбек, Серіктес, Қызыл жұлдыз, Қожакелді, Сулутал, Алғабас, Аққала)

Мемлекет басшысы еліміздің барлық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында биылғы жылы Серіктес (116 млн. теңге), Көктүбек (390 млн. теңге) және Танамырза (278 млн. теңге) ауылдарына су құбыры желілерін үйлердің қызыл сызығына жеткізу құрылысына – 784 млн. теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күні аталған ауылдарға таза ауыз су тарту бойынша барлық конкурстық рәсімдер аяқталды. Жұмыстар басталды.  Нәтижесінде таза ауыз сумен қамтылған елді мекендердің үлесі 86,2 пайызға жеткізіледі.

Сонымен қатар, биылғы жылы Қызыл жұлдыз, Қожагелді, Сұлутал, ескі Көкжыра және Алғабас ауылдарында су құбырының құрылысымен қайта жаңғырту жұмыстарына ЖСҚ әзірленетін болады.

          Ауданымыздың жолдарын жөңдеу мақсатында биылғы жылы келесі жобаларды жүзеге асырылуда:

Қарағанды-Аягөз-Боғас-Кіндікті (532,2 млн. теңге) жолын орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.   

Танамырза ауылына кіреберіс (373,4 млн. теңге), Көкжыра-Серіктес (28,3 млн. теңге) жолдарын орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Нәтижесінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 17 пайызға жеткізіледі.

Одан басқа Екпін ауылындағы (3,1 шқ) көше жолдарын орташа жөндеу (115,5 млн. теңге) және Ақсуат ауылындағы атауы жоқ көшенің (айналма жол) орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау (55,0 млн. теңге) жүргізіледі.

"Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасы бойынша Құмкөл ауылындағы көше жолдары (68,9 млн. теңге), Қызыл кесік ауылындағы көше жолдары (119,9 млн. теңге), орташа жөндеуден өткізіледі.

Жалпы аудан бойынша жолдарды жөндеуден өткізуге  1 млрд. 293 млн. теңге қаражат бөлінді.

Бұдан басқа Қызыл жұлдыз, Айнабастау, Ақжал, Есімге баратын жолдардың тағандары көтерілетін болады.

Аудандық маңыздағы автокөлік жолдарды күтіп-ұстау мен айналысатын «Ақсуат» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің техникалары ескіргенін жақсы білесіздер. Сол себепті осы мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 13 бірлік арнайы техникаларын сатып алу үшін веб-портал арқылы рәсімдер жүргізілуде.

«Тебіске» және «Боғас» өзендері бойында орналасқан көпірлердің техникалық жай-күйі тексеріліп,  сараптамашылардың берген қорытындысы негізінде «Тебіске» өзеніндегі көпірге қайта жаңғырту, «Боғас» өзеніндегі көпірге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Бұл жобалар 2023-2027 жылдарға арналған Абай облысының кешенді даму жоспарына енгізілген. Биылғы жылы «Боғас» өзеніндегі көпірді қайта жаңғыртуға ЖСҚ әзірленетін болады.

Үштөбе ауылына кіре беріс жолдағы көпір мен Көкжыра ауылындағы Базар өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі ағымдағы жөндеуден жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған аудан бюджетінен 16,4 млн теңге қаражат бөлінді.

Білім беру. Ауданда жалпы білім беретін 19 мектеп жұмыс жасайды (14 орта, 5 бастауыш мектеп). Онда 4551 оқушы білім алуда.

Екі мектеп жанындағы интернатта 112 бала, 9 бала бақшада (5 мемлекеттік, 4 жекеменшік) 715 бала, мектеп жанындағы 14 шағын орталықтарда 374 бала тәрбиеленуде.

Білім саласында да биылғы жылы бірқатар жұмыстар жоспарланған.
Жайлы мектеп бағдарламасы бойынша Ақсуат ауылына салынатын 300 орындық мектеп құрылысы басталатын болады. Оған Республикалық бюджеттен 1 млрд. 58,3 млн. теңге бөлінді. «Самұрық Қазына» ұлттық қор арқылы сатып алу үрдісдері жүргізілуде.

Ақсуат және Екпін ауылдарынан салынатын мектептердің инженерлік желелеріне ЖСҚ әзірленетін болады. Оған аудан бюджетінен 17,2 млн теңге қаржы бөлінді.

Одан басқа облыстық бюджеттен білім беру нысандарын ағымдағы жөндеуге 125,0 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Оған Қожагелді батыр атындағы орта мектебінің жанындағы интернат ғимаратына (жылу жүйелері, есік, терезелеріне, санитарлық тораптарға, өрт қауіпсіздігі, щиттеріне) ағымдағы жөндеуге 42,9 млн. теңге бөлініп, мердігер «Tavani» ЖШС-мен 41,5 млн. теңгеге келісім шарт жасалып, жұмыстары басталуда. Одан басқа интернат ғимаратына (1800 ш.м. еденге гидроизоляциямен линолиум, 1777 ш.м. құйма еден, 1400 метр плинтус, 240 ш.м. керамогранит) ағымдағы жөндеуге 22,8 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу бір ғана мердігер түскендіктен анықталмай, қайтадан конкурс берілді. Гагарин атындағы орта мектебінің жылу қазандығымен жылу жүйесіне 17 млн. теңге бөлініп, «Түймешова» ЖК-мен 13,5 млн. теңгеге келісім шарт жасалып, жұмыстар басталуда және Тоғас батыр атындағы орта мектеп ғимаратын қоршау және абаттандыру (35 млн. теңге) жұмыстары жүргізілуде.

Көкжыра ауылындағы жаздық балалар лагерінің құрылысына, Көктүбек ауылынан 80 балалық мектеп құрылысына, Сасан Би атындағы орта мектеп пен С.Сейфуллин атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірлеуге тиісті қаражаттар бөлініп, мемлекеттік сатып алу процедуралары жүргізілуде.

Сонымен қатар, аудан мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Тоғас батыр және Би Боранбай атындағы орта мектептеріне - химия кабинеті, Сасан би атындағы орта мектепке - физика кабинетін сатып алу қарастырылып отыр.

Денсаулық сақтау саласы. Ауданда 1 аудандық аурухана, 9 дәрігерлік амбулатория, 12 медициналық  пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет көрсетеді. Оларда барлығы 55 дәрігер, 175 орта буынды медицина қызметкерлері жұмыс істейді. 

Аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайтуға 340,0 млн теңге қаражат бөлінді. Оған наркоздық-тыныс алу аппараты, видеогастроскоп, видеоколоноскоп, лапароскопиялық аппарат және т.б аппараттар сатып алынады.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында "Үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет" - деп нақты тапсырма берген болатын. Осы орайда, ауданымыздың Екпін және Үштөбе ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар, Кіндікті ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, Айнабастау, Ақжал, Қызыл жұлдыз, Мүрсәлім, Көктүбек және Ескі Сұлутал  ауылдарына медициналық пунктерін салу жоспарланған. Берілген типтік жобаға «КазНисса» ЖШС байланыстыру жұмыстары жүргізілуде. ЖСҚ дайын болған жағдайда, құрылысына қаржы мәселесі қарастырылатын болады.

Мәдениет және спорт саласы.        Мәдениет саласында 1 мәдениет үйі, 9 клуб, 11 кітапхана жергілікті тұрғындарға мәдени-ақпараттық қызмет көрсетіп отыр.

Көкжыра ауылындағы клуб үйінің құрылысына ЖСҚ әзірленуде. Одан басқа  Екпін ауылынан off-take шарт негізінде 150 орындық клуб үйін салу жұмыстары жүргізілуде.

Спорт саласы бойынша 2 спорт модуль, 1 стадион, 1 ипподром, 19 спорт залы, 60 ойын алаңдары жұмыс жасайды. Онда 7400-ден астам адам тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысады (халықтың 37,3%). М.Имашев атындағы балалар жасөспірімдер спорт мектебіндегі 13 түрлі спорттық секцияларға 636 оқушы қамтылып отыр.                      

Ақсуат ауылындағы орталық стадионды қайта жаңғырту (191,0 млн. теңге), Ақсуат, Кіндікті және Қожакелді ауылдарына шағын футбол алаңдарын орнату жұмыстарына Мемлекеттік сатып алу үрдістері жүргізіліп, бүгінгі күнде әлеуіттік өнім берушілердің өтінімдері қаралуда.

Әлеуметтік сала. Әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оларды жұмыспен қамту мәселелері ерекше назарда.          

Атаулы әлеуметтік көмек алушы 563 отбасына (2962 адам) 120 млн теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі төленді.

Мүгедек балаларды үйден оқытуға жұмсалған шығындарын өтеу бойынша 25 балаға 1 млн 234 мың теңге тағайындалып, төленді.

Жергілікті атқарушы органның шешімімен жекелеген санаттағы азаматтарға («Алтын алқа»,  «Күміс алқа», «Ана даңқы орденімен»  бұрынғы «Батыр ана» атағын алған сондай-ақ кәмелетке жасы томаған 4 және одан да көп  баласы бар- 1320 анаға,  ҰОС ардагерлері мен мүгедектері және оған теңестірілген - 28 адамға, 47 тыл ардагерлеріне, Тәжік-ауған, таулы Карабах соғысына қатысқан - 20 адамға, өмірдің қиын жағдайына душар болған 19 адамға) – 31 млн 96 мың теңгенің біржолғы материалдық көмегі көрсетілді.

Есепті мерзім ішінде 345 жаңа жұмыс орындары құрылып, жылдық жоспар (1314 адам) 26,2 пайызға орындалды.

Мүмкіндігі шектеулі адамдардың  жеке оңалту бағдарламасы бойынша 1 топтағы 2 адам жеке көмекші қызметімен, 31 адам протез-ортопедиялық құралдармен,  10 адам сурдо-тифлотехникалық құралдармен, 12 адам кресло арбалармен қамтылды.

Курорттық-сауықтыру шипажайларына 10 адам жолданса, міндетті гигиеналық құралдармен 54 мүмкіндігі шектеулі адамдар қамтамасыз етілді.

«Кәсіпкерлікті дамытудың  2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы»  шеңберінде 319 адам  халықты жұмыспен қамту орталығының «Еңбек нарығы» жүйесіне тіркеліп, жұмыспен қамтудың төмендегі белсенді шараларына жолданды.

Атап айтқанда:

Әлеуметтік жұмыс орындарын құруға  16 адам жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына жолданып, бөлінген қаржының (13 млн 248,0 мың теңге) 2 млн теңгесі игерілді.

Жастар іс-тәжірибесін ұйымдастыруға 24 адам жолданып, жылдық жоспардың (32 адам) 75 пайызы орындалды.

Қоғамдық жұмыстарға 155 адам жолданып, бөлінген қаржының (27 млн 508 мың тг) 20 пайызы игерілді.  

Алғашқы жұмыс орындарына жоспардағы 10 адамның 8-і жолданды. (6 адам шаруа қожалығына 2 адам бюджеттік мекемеге).     Күміс жас бойынша 32 адам шаруа қожалықтарымен жеке кәсіпкерлерге жолданып, берілген жоспар тапсырма толық орындалды.

«Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері»  Ұлттық жобасы шеңберінде  9 отбасы 31 адам қоныс аударушы квотасына енгізіліп, берілген квота 10 пайызға артық орындалды.

Қандастар квотасы бойынша 14 адам көшіріп әкелуге квота белгіленген. Бүгінгі күні 8 адам қандастар квотасына енгізілді. Қосымша 4 адамның құжаттары дайындалуда.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 6  адамға қайтарымсыз грант беріліп (8 млн 280,0 мың теңге), берілген жоспар 100 пайызға орындалды.

21 ден 35 жасқа дейінгі аралықтағы жастарға 2,5 пайызбен несие беру бойынша ауданға 80,0 млн теңге (16 адамға) қаржы бөлінген. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 22 адамның өтініш құжаттары тапсырылды.

Ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, әлеуметтік қамсыздандыру саласы, агроөнеркәсіптік кешен саласының 20 маманына  тұрғын үй сатып алу үшін  104 млн.теңге бюджеттік несие  және 60 жас маманға 21 млн теңге көтерме жәрдемақы берілетін болады.

Басқада салалар бойынша Ақсуат, Екпін, Құмкөл, Қызылкесік ауылдарындағы мал қорымының құрылысы жүргізілетін болады. (120,0 млн. теңге). Сонымен қатар 6 ауылға (Ақсуат, Ойшілік, Көкжыра, Сәтпаев, Жәнтікей, Кіндікті) мал қорымын салуға ЖСҚ әзірленеді.

8 ауылдық округтің орталығын дамыту және салу схемасы (жеңілдетілген бас жоспардың нұсқасы) әзірленетін болады. Оған облыстық бюджеттен – 44,8 млн. теңге қаражат бөлінді.

Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға арналған арендалық 36 пәтер салынатын болады. Тиісті қаражат бөлінді.

Ауыл тұрғындарын интернет байланысымен қамтамасыз ету мақсатында Қызылкесік, Үштөбе және Кіндікті ауылдарына антенна діңгек құрылысын салу үшін ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізіледі болады.

Ауылды абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық және жарықтандыру бойынша жұмыстар өз жалғасын табатын болады. Бұл мақсатта аудан бюджетінен  169,9 млн теңге қаражат бөлінген. Оған Ақсуат ауылындағы мөлтек аудандар мен Көктүбек ауылына балалар ойын алаңы, Қызыл-кесік, Қарғыба, Аққала ауылдарына көше жарық шамдарын орнату, 9 ауылдық округ орталықтарында қатты қалдықтар төгетін орындарды қоршау жұмыстары атқарылатын болады.

«Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы № 19 Жарлығына және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына сәйкес, жоғарыдағы айталғандардың негізінде, Ақсуат ауданы мәслихаты ШЕШТІ:

  1. Аудан әкімі А.Смаилов өзіне жүктелген қызметтері мен міндеттерді орындауда атқарған жұмыстары туралы есебі бекітіліп, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда нәтижелі жұмыстары атап көрсетсін.
  2. Аудан әкіміне жұмыстарды жалғастыру ұсынылсын:

1) Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының жоспарындағы негізгі міндеттерді орындауға байланысты қажетті шараларды жүзеге асыру;

2) Бюджеттің кіріс-шығыс болжамды жоспарын орындай отырып, бөлінген қаржыларды толықтай игеру;

3) Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өндірілетін өнімнің көлемін ұлғайту;

4) Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдаудың бағдарламаларының орындалуын қамтамасыз ету;

5) Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатында пайдаланылмай тұрған ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет қорына қайтаруды және игеруді қамтамасыз ету;

6) Жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі белгіленген шараларды жүзеге асыру арқылы, жұмыссыздар мен кедейшілік шегінен төмен тұратын адамдар санын азайтып, оларға әлеуметтік қолдауды жақсарту;

7) Әлеуметтік-негізді тауарлардың бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу;

  1. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларына тапсырылсын.

Ақсуат ауданы

мәслихатының төрағасы                                                                   Ж.Оразғалиев

2023 жылғы 8 тамыздағы № 5/2-VIII
Дата публикации
30 января 2024