
Өткен аптада Маңғыстау облысының үш ауданында құрылыс жүріп жатқан ауылішілік автожолдар сапасына сын айтып, ауыл тұрғындары жаңадан төселген жолдарды видеоға түсіріп әлеуметтік желі арқылы таратты.
"Атышулы" жолдарға қатысты мәселенің мән-жайын анықтау үшін Маңғыстау облысының Баспасөз қызметі журналистерге арнайы шара ұйымдастырып, жан-жақты зерттеуіне атсалысты. Сонымен қатар, кәсіби мамандарды тарта отырып, зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілді. Бірнеше күн ішінде нәтиже дайын болды. Тілшілер қауымы зертханалық жұмыстардың нәтижесі мен жолдардың сапасын арнайы барып көрді. Сондай-ақ, онда мердігер мекемелер мен жергілікті әкімшілік өкілдері қатысты. Сарапшылар Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы резонансты жолдарға қатысты зертханалық зерттеулердің нәтижелерін айтты. Мамандардың айтуынша, барлық құрылыс нормалары мен ережелері, сондай-ақ сапа стандарттары толық сақталған. Енді жол сақшылары сотта абыройын қорғап, жалған ақпарат таратушыларды жауапкершілікке тартпақ.
Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы. Ауыл ішіндегі жолдарды орташа жөндеуден өткізу үшін Конкурс 2019 жылы жарияланды, нәтижесінде "Ақжол құрылыс" ЖШС жеңімпаз атанды. Жұмыс көлемі жалпы ұзындығы 9,3 км болатын төменгі және жоғарғы екі жобаны қамтыды. Мамандардың айтуынша, жүк көліктерінің жол жиегімен қозғалып, әлі қатпаған асфальтпен жүрген. Нәтижесінде 20 см.жол жарылған. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша жолды төсеу кезінде жұмыстың сапасы мен технологиясының барлық нормалары сақталғаны анықталды. Жолдың нығыздалған негізі, сондай-ақ асфальт жабынының қалыңдығы құрылыс нормалары мен ережелеріне толық сәйкес келеді.
"Жөндеу жұмыс барысында қалыңдығы 15 см қиыршық тас және 15 см.ПГС-тен құйылған негіз қалынды. Ал, асфальт жамылғысының өзі 7 см құрайды", - деп атап өтті Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев. Жұмыстарды аяқтау және пайдалануға беру мерзімі ағымдағы жылдың тамыз айына белгіленген.
Мұнайлы ауданының Баянды ауылында тағы бір резонансты бейне түсірілді. Тұрғындар жолдың шетінен асфальт қабатын қолмен көтерді. Алайда, бұл қолмен көтерген асфальт негізгі жолдың бөлігі емес. Құрылысшылар жол жиегін салу үшін қосымша асфальт төсеген. Яғни, жолдың өзі зертханалық зерттеулер нәтижесінде дәлелденген барлық стандарттарға толық сәйкес келеді.
Айта кету керек, бұл 30 жыл бойы жөнделмеген ескі автожол болатын. Жөндеу кезінде құрылысшылар ескі жабынды толығымен бөлшектеп, жаңасының бірнеше қабатын төсеген. Бұл жұмыс көлемі 65 млн.теңгеге бағаланып, оны "Амиран" ЖШС 42 млн. теңгеге тендер ұтып алды. Жөнделетін жолдың ұзындығы 2 км құрайды. Бүгінде оның 90 пайыз жұмысы аяқталған. Алайда, тапсырыс беруші құрылыстың сапа стандарттары мен технологияларының сақталуына қосымша тәуелсіз сараптама жүргізуге ниетті. Сәйкессіздіктер немесе заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, қалған сома мердігер ұйымға төленбейді.
Ал, мердігер мекеме сарапшылар тарапынан оң баға алған жағдайда, автожолды жөндеу кезінде жол берілген бұзушылықтар туралы жалған ақпаратты тарату фактісі бойынша сот инстанцияларына жүгінуге ниетті.
Маңғыстау ауданының Шетпе селосындағы жол бойынша; "Аббат" ЖШС Ашыбұлақ шағын ауданындағы ұзындығы 1,8 км жолды жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл жерде де 30 жылдан астам уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мердігерлер ескі жабынды кесіп, жаңасын салды. Мердігер ұйым мамандарының айтуынша, барлық құрылыс нормалары мен ережелері сақталған: ПГС қабаты 15 см, қиыршық тас негізінің қабаты 15 см, асфальт төсемінің қалыңдығы 6 см.Пайдалану мерзімі ағымдағы жылдың тамыз айының соңына дейін жоспарланған. Осылайша, жол саласына қатысты сарапшылар мен жауапты мамандардың басын қосып, тақырыпты жан-жақты талдап өздеріңізге ұсындық. Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқандар үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.