
Ақтауда мифолог Серік Қондыбайдың 50 жылдығына орай конференция басталды
Ақтауда қазақ мифологиясын зерттеудің алғашқы іргетасын қалаған, дүниежүзілік мифологиялық мектептердің теориялық негіздерін жете білген, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы ой-тұжырымдары ерекше ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына орай, халықаралық ғылыми-теориялық конференция басталды. «Серікбол Қондыбай мұралары: әлемдік мифологияның дамуына жаңаша көзқарас» деп аталатын шараның басты мақсаты: Серікбол Қондыбайдың шығармашылығын танып білу және оның отандық ғылымдағы орынын айқындау. Конференцияға қатысушы шетелдік ғалымдармен арнайы кездесіп, дидарласқан облыс әкім Ералы Тоғжанов: «Серікболдың ғалымдар қауымы арасында «Күн текті қаһарман», «Аңыз құсы» атануы жай болмаса керек. Бала жасымыздан жадымызға сіңіп, құлақта жатталған ертегі-аңыздардан қазақтың ілкі дүниетанымын, одан әрі түркінің түп-төркінін түгендеу арқылы әлемдік ғылымға олжа салған ғалым. Серікбол әлемі – ғаламдық бәйтерек, ол әрі қарай тамыр жаюы үшін облыс әкімдігі тарапынан төмендегідей жобаларды қолға алып, іске асыруды көздеп отырмыз» деді.
Біріншіден, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жанынан «С.Қондыбай мұраларын зерттеу және насихаттау орталығын» ашу мәселесін қарастыруды;
Екіншіден, Шетпе ауылында С.Қондыбай тұрған үйді музей экспозициясы ретінде ашуды;
Үшіншіден, С.Қондыбай шығармашылығы бойынша 2 жыл сайын республикалық және халықаралық симпозиум, конференцияны кезектестіріп өткізуді;
Төртіншіден, С.Қондыбай шығармашылығына негізделген облыстық мемориалдық музейге С.Қондыбай есімін беруді ұсынуды;
Конференцияда қарастырылатын негізгі бағыттар:
С.Қондыбайдың лингвистикалық талдау әдіснамасы және әлемдік мифология мен тілдер қалыптасуының ортақ тамырлары Мифтің мәдени жад формасы ретіндегі өзектенуі (мифтік бейнелер, сюжеттер, реконструкциялар).
С.Қондыбай мұраларындағы байырғы халық мәдениеті және Рухани жаңғыру
Конференция бағдарламасында С.Қондыбай толық шығармалар жинағы бойынша «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» атты ғылыми энциклопедияның тұсаукесері.
Конференцияға республикамыздың 13 атақты ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, АҚШ, Түркия, Ресей, Түрікменстан, Әзірбайжан, Қытай мемлекеттерінен 14 мифология, философия, тарих, этнология, археология салаларының ғалымдары және музей зерттеуші орталығының арнайы шақырылған өкілдері қатысуда.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі