Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында

Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында

Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында

Бүгін Ақтауда Тәуелсіздік мерекесіне орай, «Маңғыстау жастары – жаңғыру жолында» атты өңірлік жастар форумы өтті. Шараның мақсаты - жаңа жаһандық жағдайда елімізді дамыта түсу үшін жастардың жігер, қуатын біріктіру, жастар көшбасшылары арасындағы диалогтық байланысты қалыптастыру.
Форумға облыс әкімі Ералы Тоғжанов және облысымыздағы қала және ауыл жастар ресурстық орталығының өкілдері, оқу орындарының, мекемелер мен кәсіпорындарының ең белсенді деген жастары, қоғамдық пікір көшбасшылары, блогерлер қатысты.
Шарада сөз алған өңір басшысы Ералы Тоғжанов: «Өздеріңізге мәлім, елбасының жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Жастар жылы – ол жастарға деген сенімнің және оларға артқан жауапкершіліктің жүгі салмақты екенін көрсетеді. Сондықтан, Елбасымыз атап көрсеткендей жастар жылында негізгі мәселе – жастарға барлық қажеттілікті қап-қаппен төгіп салу емес, керісінше, оларды ел ішіндегі жұмыстарға, бастамаларға және бағдарламаларға араластыру. 2019 жылға арналған жол картасы аясындағы 100 нақты шараны нәтижелі іске асыруды, атап айтқанда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Өз тарихыңды танып біл» атты республикалық жастар экспедициясын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Әлем таныған Маңғыстау» республикалық жас блогерлердің медиа керуенін, Ақтау Саммитінің 1 жылдығы қарсаңында Маңғыстау өңірімен шекаралас мемлекеттері аймақтары жастарының «Жастар достығы 2019» халықаралық форумын ұйымдастыруды тапсырамын», - деді.
Бірнеше бөлікті қамтыған форум жұмысының тағы бірі бағыты «Жастарға қажет 7 қасиет» ашық лекция. Елбасының «Рухани Жаңғыру» бағдарламасында ерекше аталып өткендей, қазіргі таңда табысты болудың ең басты факторы ол – білім, яғни ол әрбір азаматтың алға басуына жағдай тудырып, жетістікке жеткізетіні туралы - АҚШ-тың Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі Мұқан Шыңғыс Жұмабекұлы жастармен лекция жүргізді. «Timur academy» оқыту орталығының директоры IT маман - Тимұр Бектұр, жас кәсіпкер, «Қарағантүбек» ЖШС директоры - Сәндібек Қосуақов, «Бекен жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұқаш Оралбаев - «2019 - жастар жылында» басымдық беретін межелер мен заманауи трендтерді насихаттау, ғылыми-инновациялық ілімдерді игеру мен патриоттыққа баулу мәселелері ой талқыға салды.
Сонымен қатар білім және ғылым, кәсіпкерлік, спорт, жұмыспен қамту, мәдениет саласындағы жастардың 12 көрмесі жастарға ұсынылды.
Форум барысында үздік жастарды «Жас тұлпар - 2018» облыстық жастар премиясымен облыс әкімі Ералы Тоғжанов марапаттады.
«Үздік жас спортшы» –Элдина Байдельдинова, «Үздік жас меценат» –Күнсулу Қоныршаева, «Жас өнертапқыш» - Мұрат Ғалымұлы, «Бейбіт кезең батыры» - Муқағали Ражабов, «Үздік жас ерікті» - Асылқайыр Айтибекұлы, «Үздік жас журналист» - Айман Нұрмағанбет, «Жас көсбасшы» - Мукаш Уралбаев.
Маңғыстау облысы бойынша бүгінгі таңда 14 пен 29 жас аралығында 145 657 жастар бар, бұл жалпы облыс тұрғындарының 22,1% пайызын құрайды. Қалаларда – 70 174, ауылдық жерлерде 75 483 жас тұрады.
Облыста 8 жастар ресурстық орталықтары қызмет атқарады, оның ішінде 1- облыстық және аудан, қала деңгейінде 7 «Жастардың ресурстық орталықтары» коммуналдық мемлекеттік мекемелері.
2018 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын түсіндуріге арналған ақпараттық-насихаттық кездесулер, «Болашаққа сеніммен» жобасы, консультация алған жастардың үлес санын арттыру мақсатында «Кеңес алаңы» жобасы, осал топтағы жастардың үлесін арттыру мақсатында «Еріктілер корпусы» жобасы, жастар орталықтарының қызметі туралы 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың ақпараттандыру деңгейін арттыру мақсатында имидждік «Лекториум», «Jastar Books», «Кәсіби бағдар» жобалары,«Ауылым –ел бесі» атты жастар круені, «Жайдарман ойындары - 2018», «Лекториум – 2018» еркін форматтағы жастармен кездесулер өткізілді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен «Асар», «Жомарт жүрек» қайрымдылық шарасы аясында 168 отбасыға әлеуметтік көмек, 64 жалғызбасты азаматтарға адрестік көмек көрсетілді және Шығыс Қазақстанда болған табиғи апаттан зардап шеккен жандарға 400 кг азық-түлік пен киім кешек жолданған «Шығысқа көмек» науқаны ұйымдастырылды.
2019 жылға арналған жол картасы аясындағы 100 нақты шараны іске асыру жоспарланып отыр. Келер жылы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Өз тарихыңды танып біл» атты республикалық жастар экспедициясы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Әлем таныған Маңғыстау» республикалық жас блогерлердің медиа керуені, Ақтау Саммитінің 1 жылдығы қарсаңында Маңғыстау өңірімен шекаралас мемлекеттері аймақтары жастарының «Жастар достығы 2019» халықаралық форумы сияқты ірі шаралар ұйымдастырылады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі