
Баршаңызды халқымыздың ізгі мейрамы, адам баласы мен табиғат-ана қайта жаңғырып, түлейтін – әз Наурызбен шын жүректен құттықтаймын!
Мерейлі мереке қарсаңында Елбасымыздың күні кеше қабылдаған тарихи шешімі дамудың жаңа кезеңін айқындап берді. Нұрсұлтан Әбішұлының стратегиялық мақсаттарын әрі қарай жалғастыру міндеті тұр. Күллі Шығыс жұртына ортақ мереке – Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Бейбітшілік пен ынтымақтың жаршысындай ырысы мол мереке біздің жан – дүниемізді шуаққа бөлейді, ой – ниетімізді таза арнаға бұрады. Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, кісілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы тындырған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз.
Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым – қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт – дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрамның септігі мол.
Наурыз мейрамы қасиетті Маңғыстау топырағына мол ырыс-несібе әкелсін! Отанымызға – береке, халқымызға – игілік, мемлекетімізге -абырой, ал әр шаңыраққа амандық, саулық, бақыт пен шаттық, дастархандарыңызға молшылық тілеймін!
Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов.