6 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған маңызды жобалардың орындалу барысы қаралды. Күн тәртібінде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру және «Жасыл даму» бағдарламасы аясындағы инвестициялық бастамаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дастан Мұраталиевтің айтуынша, жоба аясында Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен аудандарда ауыл шаруашылығының түрлі бағыттары бойынша 49 кооператив құру жоспарланып отыр, оның ішінде 12 кооперативтің құжаттары дайын. Негізгі бағыттар — егіншілік, мал шаруашылығы, қайта өңдеу және балық шаруашылығы.
Жоба аясында ауыл шаруашылығы, тұтыну кооперативтері мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына басымдық берілуде. Бағдарлама қағидаларына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу бағытындағы жобаларға жалпы қаржының 40 пайызынан аспайтын мөлшерде микрокредит беруге мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ қайта өңдеу саласына бөлінетін қаржы көлемі жалпы соманың кемінде 20 пайызын құрауы тиіс.
Сондай-ақ, жиында «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан экологиялық жобалар таныстырылды. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, Ақтау қаласында крафт қағаз бен полиэтилен қалдықтарын қайта өңдейтін екі өндіріс орны іске қосылған. Бұл ай сайын 500 тонна өнім өңдеуге мүмкіндік беріп отыр. Қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында биыл «Zero Waste» жобасы енгізіліп, арнайы 25 техникамен 2100 контейнер орнатылады. Сондай-ақ, 2026 жылы «Қошқар-Ата» қалдық қоймасын рекультивациялау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.
Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаларды сапалы әрі мерзімінде орындаудың маңыздылығын атап өтті.
– Ауыл халқының тұрмысын жақсарту – біздің басты міндетіміз. «Ауыл аманаты» жобасы – осы бағыттағы нақты қадам. Әрбір жоба өз нәтижесін беруі үшін жүйелі жұмыс қажет. Барлық басқармалар мен жауапты тұлғалар бастамалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстап, халыққа нақты пайда әкелетін нәтижеге қол жеткізуі тиіс, – деді аймақ басшысы.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
