Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының отырысы
2022 жылғы 30 қараша күні Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының отырысын Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Ж.Әбілов жүргізді, 5 сайлау комиссия мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде:
1.Аумақта ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу туралы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е. Әбілов ақпарат берді.
- Өздеріңізге белгілі, ҚР Президенті «Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 69-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары өкілеттіктерінің конституциялық мерзімі 2023 жылы аяқталатынына байланысты, Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы» №4 Жарлығына қол қойды.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 28 қарашадағы № 111/605 Қаулысымен «2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары» бекітілді.
Орталық сайлау комиссиясы:
- Аумақтық сайлау комиссиясы қызметінің осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін бақылауды жүзеге асырады;
- ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау құжаттарының нысандарын белгілейді;
- ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау іс-шараларын қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы:
Аумақтық сайлау комиссиясы өз жұмысын «2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына» сәйкес жүргізу қажет екендігін айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Аумақта ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу бойынша науқанды қаржыландыру мәселелері туралы» Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Ж.Айтуаровтың баяндамасы тыңдалды.
- Аумақта сайлауды өткізу бойынша науқанды қаржыландыру «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 26 қарашадағы «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы» №4 Жарлығына сәйкес қаражат көзделген.
- ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізуді ұйымдастыру мен өткізуге арналған шығыстардың болжамды есебі - өзге де қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу (жалақы, полиграфиялық және өзге де өнімдерді дайындау, іссапар шығыстары), автокөлікті жалға алу, нотариалдық қызметтер, мерзімді баспасөз басылымдарында жариялау, үгіт материалдарын басып шығару болып табылады.
Комиссия отырысының күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Аумақ деңгейінде ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау барысында сайлау комиссиясының қызметін ақпараттық қамтамасыз ету туралы» Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Г.А.Арзыгулова ақпарат берді.
- ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды ақпараттық қамтамасыз ету - сайлау науқанындағы негізгі әрі өзекті сұрақтардың бірі болып саналады.
Осыған орай, алдағы сайлау барысын барынша ашық және жариялы түрде өткізу бойынша қысқаша тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер.
Сонымен қатар, баяндамада үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу туралы аталып өтіледі.
- Аумақтық сайлау комиссияларының сайлауды ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі қызметтерінің негізгі бағыттарының бірі - Интернет-беттері – негізгі ақпараттық арналар және аумақтағы БАҚ құралдары болып табылады.
«2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына» сәйкес:
- Сайлау тағайындалғаннан кейін он күннен кешіктірмей – 8 желтоқсаннан кешіктірмей - Облыстық сайлау комиссиясының құрамын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
- Сайлау тағайындалғаннан кейін- Таңдаушылардың тізімін жасау және оны облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында орналастыру;
- Кандидаттар тіркелгеннен кейін жетінші күннен кешіктірмей - Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
- Сайлауға дейін кемінде жеті күн қалғанда – 6 қаңтардан кешіктірмей - Парламент Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау арқылы танысу үшін ұсыну, сондай-ақ облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында орналастыру;
- Сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін он күннен кешіктірмей - Кандидаттардың сайлау қорларына келiп түскен ақшаның жалпы сомасы және оның көздері туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау болып табылады.
Жоғарыдағылардың негізінде, Маңғыстау облыстық сайлау комиссиясы шешімімен Қаулы етті:
- 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын негізге ала отырып, сайлау науқанын жүргізу міндеттері атқарылсын.
- Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланымдарды кешіктірмей орындау тапсырылсын.
