2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі
Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының
баспа-релизі
30 қыркүйек 2022 жыл Ақтау қ.
2022 жылдың 21 қыркүйегінде ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы шыққаны белгілі.
Осыған сәйкес, ҚР Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
Облыс бойынша 251 сайлау комиссиялары (8 аумақтық, 243 учаскелік), оларда 1765 комиссия мүшелері жұмыс атқаратын болады.
Ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде өңірдегі сайлаушылардың саны 410 219 адамды құрады.
Сайлау комиссияларының құрамдары мен орналасқан орындары, сайлау учаскелерінің шекаралары www.mangystau.gov.kz сайтында және облыстық «Маңғыстау», «Огни Мангистау» газеттерінің 2022 жылғы 29 қыркүйектегі №97 санында жарияланды.
Сайлау комиссияларының мүшелері үшін 2022 жылғы 10-28 қазан аралығында «ҚР Президентінің сайлауын ұйымдастыру кезеңіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» атты оқыту семинарларын ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар, каскадтық әдіс бойынша оқытулар кезінде барлық комиссия мүшелері оқытылатын болады.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен сайлаушылардың тізімдерін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Сайлау туралы азаматтарды ақпараттандыру бағытында Call-орталықтар, сервистік орталықтар өз жұмыстарын бастады.
Уақытша тіркелген азаматтар; тіркеуі жоқ азаматтар, сондай-ақ сайлаудан кемiнде отыз күн бұрын сайлау күнi өзiнiң тiркелген орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкiндiгiнің болмайтыны белгiлi болса, сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Жатақханаларда тұратын, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша күндiзгi оқу нысанында оқитындар сайлаушылардың тiзiмiне жатақхананың орналасқан жерi бойынша енгiзiледi.
Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін.
Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне сол жерлерде тұратын барлық әскери қызметшілер, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскери бөлімдер орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгізіледі. Әскери бөлімдерден тыс жерде тұратын әскери қызметшілер сайлаушылар тізіміне тұрғылықты жері бойынша жалпы негіздерде енгізіледі.
Азаматтардың келген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге а.ж. 20 қазанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күнінен бір ай бұрын ұсынылуы тиіс.
Жергілікті атқарушы органдар азамат дауыс беретін учаскеде сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз етеді және тіркелген жері бойынша азаматты сайлаушылар тізімінен алып тастауды ұйымдастырады.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес жергілікті атқарушы органдар 2022 жылдың 30 қазанына дейін сайлаушылардың тізімдерін акт арқылы сайлау комиссияларына тапсыратын болады.
Дауыс беретiн күнге 15 күн қалғанда, яғни 4 қарашадан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жерi бойынша құрылған сайлау учаскелерiндегi сайлаушылар тізімдерін сайлаушыларға танысуға береді.
Азаматтарға тиiстi сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тiзiмiмен танысу, сондай-ақ оларға енгiзiлген сайлаушылар жөнiндегi деректердiң дұрыстығын тексеру мүмкiндiгi берiледi.
Әрбiр азамат сайлаушылар тiзiмдерiндегi өзi туралы деректердi тексеруге және тiзiмге енгiзiлмегенi, дұрыс енгiзiлмегенi немесе тiзiмнен шығарып тасталғаны, сондай-ақ тiзiмдердегi сайлаушы туралы деректерде жаңсақтық жiберiлгенi үшiн шағымдануға құқылы. Тіркелу орны бойынша сайлаушылар тізіміне қосылуын сайт немесе тиісті әкімдіктің Call-орталығы арқылы тексеруге болады.
Сайлау комиссиялары материалдық-техникалық құрал жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген. Дауыс беру кезінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдайлар жасалатын болады.
Дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді.
Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күндік мерзімде (а.ж. 22 қарашасынан кешіктірмей) жеткізіледі.
Сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген.
Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясы
тел. 8/7292/330092 8/7292/330098