GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Құжаттар
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
22 октября 2026
Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудағы ірі энергетикалық жобаның іске асырылу барысымен танысты

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудағы ірі энергетикалық жобаның іске асырылу барысымен танысты

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Қытайдың China Huadian Overseas Investment Co. Ltd. компаниясының вице-президенті Чжоу Дэхуамен кездесіп, өңірдегі ірі энергетикалық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

Кездесуде Ақтау қаласында салынып жатқан қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы және қуаты 500 МВт болатын жаңа энергетикалық нысан салу жоспары қаралды.

Бу-газ қондырғысының құрылысы «МАЭК» мекемесін жаңғырту бағдарламасы аясында Қытайдың «Хуадян» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны - 210 млн АҚШ доллары.

Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қажетті энергетикалық жабдықтардың бір бөлігі жеткізіліп, оларды монтаждау басталды. Жабдықтардың қалған бөлігі кезең-кезеңімен жеткізілуде.

Жоба 2027 жылдың екінші тоқсанында аяқталып, станция толық пайдалануға берілгеннен кейін 100-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жаңа нысан өңірдің электр энергиясына деген қажеттілігінің шамамен үштен бірін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында «МАЭК» мекемесін жаңғырту аясында қуаты 500 МВт болатын тағы бір бу-газ қондырғысын салу мәселесі де талқыланды. Аталған жобаны іске асыру өңірдің энергетикалық әлеуетін одан әрі арттыруға бағытталған.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай энергетика саласындағы бастамаларды қолдайтынын айтып, екі тарап арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

-Бұл жоба Маңғыстаудың энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Осы ретте сіздердің компанияларыңызбен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін жан-жақты қарастыруға дайын екенімізді атап өткім келеді, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Сапар аясында өңір басшысы Ақтау қаласында салынып жатқан бу-газ қондырғысының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

20 октября 2026
Тәуелсіздікке - 35 жыл: Маңғыстауда Республика күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

Тәуелсіздікке - 35 жыл: Маңғыстауда Республика күніне орай 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады

Республика күні мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Маңғыстау облысында «Тәуелсіздік – Әділетті Қазақстанға бастайтын саналы жол» атты іс-шаралар жоспары бекітілген. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлмира Балғожаева мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, жоспар бойынша өңірде 100-ден астам іс-шара өткізу көзделген.

Мерекелік бағдарлама аясында 23 қазанда облыстық салтанатты жиын, азаматтарды марапаттау рәсімі мен концерт өтеді. Ал 25 қазанда өңірде Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мереке қарсаңында Батыр ауылындағы 200 орындық мәдениет үйі мен «Маңғыстау» теміржол вокзалын ашу жоспарланған.

-20-25 қазан аралығында әлеуметтік желілерде «Менің Қазақстаным» челленджі, 23–25 қазан күндері «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы өтеді. 25–26 қазанда қала-аудандардың орталық алаңдары мен саябақтарында жәрмеңкелер, концерттер және басқа да мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ 17–25 қазан аралығында #RepublicDay аясында мерекелік жеңілдіктер мен жәрмеңкелер өткізіледі, - деді Гүлмира Балғожаева.

Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Базаралиеваның айтуынша, 23 қазанда Ақтау қаласында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған облыстық салтанатты жиын өтіп, жасанды интеллект көмегімен әзірленген «Тәуелсіздік шежіресі: жаңғырған бейнелер» цифрлық көрмесі ұсынылады.

-Өңірдің қала-аудандарында концерттер, көрмелер, шығармашылық кездесулер және патриоттық бағыттағы іс-шаралар өтеді. Мерекелік шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, ел тәуелсіздігінің жетістіктерін насихаттауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған, - деді Гүлнар Базаралиева.

19 октября 2026
Ақтауда «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті

Ақтауда «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті

Ақтауда №31 жалпы білім беретін мектепте «Каспий – ортақ мұра» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру бастамасы аясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, су ресурстары басқармасы, білім басқармасы және Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты басқармасының ұйымдастыруымен өткізілді, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Дәріс барысында «Кендірлі» су тұщыту зауытының экологиялық жағдайы мен жұмысы таныстырылды. Зауыт теңіз суын кері осмос технологиясы арқылы тұщытуға негізделген. Бұл әдіс арнайы мембраналардың көмегімен судың құрамындағы тұздардың басым бөлігін бөліп алуға мүмкіндік береді.

Оқушыларға «Каспий теңізінің экологиялық жағдайы», теңіз суының ауызсуға айналу кезеңдері, судың сапасын бақылау және оны тұтынушыларға жеткізу үдерісі түсіндірілді. Сонымен қатар суды күнделікті өмірде үнемдеудің маңызына назар аударылды.

«Кендірлі су тұщыту» зауытының басшысы Мақсат Ибағаровтың айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылған дәрістің негізгі мақсаты – оқушыларға судың қалай алынатынын, тазартылып, тұтынушыларға қалай жеткізілетінін түсіндіру және су ресурстарын үнемдеудің маңызын ұғындыру.

-Дәріс оқушылар үшін қызықты өтті. Олар өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алып, су ресурстарын тиімді пайдалану жолдарымен танысты. Мұндай шаралар балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әсіресе, суды үнемдеуге бағытталған заманауи технологиялар мен шешімдер туралы өскелең ұрпаққа түсіндіру маңызды деп есептеймін. Себебі экологияны жақсарту мен су қорын сақтау әрқайсымыздың табиғатқа деген жауапкершілігімізден басталады, – деді Мақсат Ибағаров.

17 октября 2026
Жаңаөзенде 500 адамға арналған жаңа спорт кешені салынып жатыр

Жаңаөзенде 500 адамға арналған жаңа спорт кешені салынып жатыр

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бір мезгілде 500 адамды қабылдауға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасуда. Заманауи спорт нысанында түрлі спорт секциялары жұмыс істеп, тұрғындардың тұрақты түрде жаттығуына, балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесімен айналысуына және бұқаралық спортты дамытуға қосымша жағдай жасалады. Кешенді 2026 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.

Нысанның құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталған. Жоба «Халық» қайырымдылық қоры» жеке қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.

Жаңа кешенде спорттың түрлі бағыттары дамытылады

Дене шынықтыру-сауықтыру кешені қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына және жүйелі түрде жаттығуына арналған қосымша алаңға айналмақ.

Атап айтқанда, мұнда дзюдо, каратэ-до, бокс, кикбоксинг, муай-тай, еркін күрес және грек-рим күресі бойынша секциялар ашу жоспарланған.

Жекпе-жек түрлерімен қатар футбол, волейбол және баскетбол секциялары да қарастырылған. Бұдан бөлек, кешенде көркем гимнастика және фитнес бағыттарын дамыту көзделіп отыр.

Спорт түрлерінің алуан түрлілігі тұрғындарға өз қызығушылықтары мен дене дайындығына сәйкес жаттығу бағыттарын таңдауға мүмкіндік береді. Ал балалар мен жасөспірімдер үшін спорттық қабілеттерін дамытып, тұрақты жаттығуға қосымша жағдай жасалады.

Жаңа инфрақұрылым бұқаралық спорттың дамуына серпін береді

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы Жаңаөзен қаласының спорттық инфрақұрылымын дамытуға және дене шынықтырумен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Жаңа нысанның өскелең ұрпақ үшін маңызы ерекше. Қосымша жаттығу алаңдарының ашылуы балалар мен жасөспірімдерді спорт секцияларына көбірек тартуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар кешен тек жас спортшыларға ғана емес, дене шынықтырумен тұрақты айналысқысы келетін қала тұрғындарына да арналған.

Құрылыс жұмыстарын аяқтап, нысанды биылғы желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру Жаңаөзеннің спорттық инфрақұрылымын нығайтуға, тұрғындардың спорттың түрлі бағыттарымен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтуге және қалада бұқаралық дене шынықтыруды дамытуға қосымша жағдай жасауға мүмкіндік береді.

16 октября 2026
Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелерімен кездесті

Нұрдәулет Қилыбай Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелерімен кездесті

Бүгін, 16 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірден Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енген мүшелермен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі өзекті мәселелер, оларды шешу жолдары және алдағы міндеттер талқыланды.

Өңір басшысы Халық Кеңесі мүшелерінің қоғамдық маңызы бар бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне тоқталып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Сондай-ақ қоғамдағы рухани құндылықтарды дәріптеу және азаматтардың қоғаммен байланысын жандандырудың маңызын атап өтті.

Осы орайда Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізуге, қоғамның өзекті сұрақтарын талқылап, азаматтарды толғандырған мәселелерге назар аударатын іс-шараларды ұйымдастыруды ұсынды.

Айта кетейік, Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына 126 адам енді. Олардың қатарында Маңғыстау облысының атынан «Саламатты Ел» қоғамдық қорының мүшесі Еділ Жаңбыршин, «Eco-social» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, журналист Алмас Алтай, мәслихат депутаты Раушан Аймұрзаева, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов және «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес мекемесінің директоры Кирилл Осин бар.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

16 октября 2026
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

15 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Қабылдау барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, жол инфрақұрылымы және білім беру салаларына қатысты мәселелерді көтерді.

Өтініштерді тыңдаған облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен жергілікті атқарушы органдарға тұрғындар көтерген мәселелерді заң аясында шешуді тапсырды. Сондай-ақ тапсырмалардың орындалу барысын бақылауда ұстауды міндеттеді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

15 октября 2026
Маңғыстау облысының әкімі ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларымен кездесті

Маңғыстау облысының әкімі ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларымен кездесті

Бүгін, 15 қазан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларынан құралған техникалық миссия өкілдерімен кездесті. Жиында өңірдің тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде таныту, «Үстірт: мәдени ландшафттар және аңшылық тұзақтар - арандар» аралас мұра нысанын ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге дайындық жұмыстары және тарихи ескерткіштерді сақтау мәселелері талқыланды.

Жиында археолог, ҚР Ұлттық комиссиясының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі мәдени мұра сарапшысы Дмитрий Воякин аталған номинацияны әзірлеу барысына тоқталып, оның тарихи-мәдени және табиғи мұраны халықаралық деңгейде танытудағы маңызын атап өтті.

Сарапшының айтуынша, номинация мәдени және табиғи мұраны біртұтас нысан ретінде қамтитындықтан, оны әзірлеу күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қажет етеді. Мұндай номинацияны дайындау посткеңестік кеңістікте алғаш рет жүзеге асырылып отыр.

Осыған байланысты халықаралық сарапшылардың техникалық миссиясы Үстірт аумағында далалық зерттеулер жүргізді. Миссия барысында нысанның табиғи және мәдени құрамдас бөліктері, оларды қорғау мәселелері және номинацияны одан әрі әзірлеу қадамдары талқыланды.

Арандар - Маңғыстаудың тарихи-мәдени мұрасындағы бірегей нысандардың бірі. Олар ежелгі дәуірден бастап аңшылық мақсатта пайдаланылған. Маңғыстау облысының аумағында 800-ден астам аран бар. Олардың бір бөлігі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Сарапшылар арандардың тарихи қызметін тереңірек зерделеу қажеттігін де атап өтті. Атап айтқанда, археологиялық эксперименттер арқылы ежелгі аңшылық тұзақтарының қалай пайдаланылғанын ғылыми тұрғыда қалпына келтіру көзделіп отыр. Бұл зерттеулер арандардың ерекшеліктерін түсінуге және олардың мәдени-тарихи құндылығын халықаралық деңгейде негіздеуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта өңірдегі 601 тарихи-мәдени ескерткіш мемлекеттік қорғауға алынған.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тарихи мұраны сақтау және халықаралық деңгейде таныту жұмыстарының маңызын атап өтті.

-Аталған жұмыстар еліміз үшін де, өңіріміз үшін де аса маңызды. Сондықтан бұл бағыттағы шараларды жүйелі түрде жалғастырып, алдағы уақытта да тиісті жұмыстарды жоспарлы түрде ұйымдастыратын боламыз, - деді облыс әкімі.

Айта кетейік, биыл шілдеде Корея Республикасының Пусан қаласында өткен ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетінің 48-сессиясында Маңғыстаудағы бес жерасты мешіті - Бекет ата (Оғыланды), Шопан ата, Сұлтан Үпі, Қараман ата және Шақпақ ата «Маңғыстаудың жартасты мешіттері және олармен байланысты киелі орындары» атауымен Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 октября 2026
Маңғыстауда «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды

Маңғыстауда «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды

Маңғыстау облысында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешуге бағытталған «Реновация» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бүгін, 14 қазанда, Жаңаөзен қаласында, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында, Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында және Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында құрылыс жұмыстары бастау алды.

Қарақия ауданында өткен салтанатты іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ел ағалары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Рәсім барысында құрылыс алаңдарында арнайы капсула салу рәсімі өткізіліп, жаңа баспаналардың іргетасы қаланды.

Бүгінде Маңғыстау облысында жалпы саны 64 тұрғын үй апатты деп танылған. Аталған үйлерде 1061 пәтер бар. Осы мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы 54-ке жуық тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Жоба аясында 1012 пәтерді пайдалануға беру көзделген. Бұл бастама өңірдегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін кезең-кезеңімен шешуге, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Салтанатты рәсімде облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғын үй мәселесін шешудің маңыздылығына тоқталып, құрылыс жұмыстары сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажеттігін атап өтті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда тұрғындарға баспананың қолжетімді болуы тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш екенін атап өткен болатын. Шынында да, әр отбасы қауіпсіз әрі жайлы баспанада өмір сүруге лайық. Сондықтан жауапты басшылар мен мердігер ұйымдардан құрылыс сапасына ерекше мән беріп, жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауы тиіс. Әр нысанның құрылыс барысы бақылауда болады. Құрылыс уақытында аяқталып, тұрғындарымыз жаңа баспаналарына қуанышпен қоныстансын, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Іс-шара барысында Мұнайшы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерғали Жақсылықов та құттықтау сөз сөйлеп, игі бастаманың ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын атап өтті.

Жаңа тұрғын үйлер құрылысының басталуын көптен күткен тұрғындар өз ризашылықтарын білдірді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 октября 2026
Маңғыстау мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Маңғыстау мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Биралмен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту, көлік-логистика, туризм және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуетіне тоқталып, Түркиямен өзара тиімді серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді.

-Маңғыстау облысы халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда және көлік-логистикалық бағыттарды кеңейтуде айрықша орын алады. Инфрақұрылымды дамыту арқылы Ақтау қаласының Орта дәліз бойындағы жетекші көлік-логистикалық орталық ретіндегі әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Түркиямен сауда-экономикалық байланыстарымыз тұрақты түрде жалғасып келеді. Біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Өз кезегінде Түркия Республикасының Ақтау қаласындағы Бас консулы Эмре Бирал екі ел арасындағы бауырластық байланыстардың маңызын атап өтіп, Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

-Маңғыстау өңірі - Орта дәліздің маңызды буындарының бірі. Мұнда тұратын түркиялық азаматтар шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Білім беру саласында да өзара байланыс бар. Алдағы уақытта гуманитарлық және білім беру салаларындағы, сондай-ақ басқа да бағыттардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайынбыз, - деді Эмре Бирал.

Айта кетейік, Түркия Республикасы Маңғыстау облысының маңызды сауда серіктестерінің бірі саналады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңір мен Түркия арасындағы сыртқы сауда айналымы 16 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі 11 млн, импорт көлемі 5 млн АҚШ долларына жетті.

Сонымен қатар, Маңғыстау облысында түрік капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін 118 кәсіпорын тіркелген.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

14 октября 2026
Нұрдәулет Қилыбай жылу жүйелерінің дайындығы мен газ қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Нұрдәулет Қилыбай жылу жүйелерінің дайындығы мен газ қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

13 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында өңірдің 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындығы және тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану мәселелері қаралды. Жиын тікелей эфирде өтіп, тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарын қоюға мүмкіндік алды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше,
биыл жоспар бойынша жылыту маусымы 15 қазанда басталады. 2026 жылы облыс аумағында 12,5 шақырым жылу желісі жөнделді. Оның ішінде Ақтау қаласында - 1,6 шақырым, Жаңаөзен қаласында - 9,8 шақырым, Мұнайлы ауданында 0,8 шақырым желі жаңартылды. Сонымен қатар 15-17 қыркүйек аралығында «МАЭК» және «КЖСА» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары жылу құбырларына гидравликалық сынақ жүргізді.

-«МАЭК» кәсіпорнының №1 және №2 жылу электр орталықтарындағы жөндеу жұмыстары аясында үш қазандық толық жөнделді. Бір турбинадағы жұмыстар аяқталу сатысында, тағы бір қазандық пен екі турбинада жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар жылыту маусымының өтуіне әсер етпейді. Электр инфрақұрылымын жаңарту бағытында да бірқатар жұмыс атқарылды. «Маңғыстау өңірлік электр желілік компаниясы» АҚ жалпы ұзындығы 536,5 шақырым электр желісіне, екі қосалқы станцияға және 77 тарату пунктіне күрделі жөндеу жүргізді. Ал «Ақтау Электр Желілері Басқармасы» МКК 22,5 шақырымды құрайтын алты электр желісін жаңартты, - деді Бердібек Қартбаев.

Ақтау қаласының 19А, 20, 20А, 33, 34А және 35-шағынаудандарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін есептік жылу қуаты 422,4 МВт болатын қазандықтың құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды.

Аппараттық жиында тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары да талқыланды.

Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қуанар Базарбаевтың айтуынша, газ қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелердің бірі - көппәтерлі тұрғын үйлердегі жеке пәтерлерге орнатылған газбен жұмыс істейтін жылыту қазандықтарының жай-күйі.

Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жылыту маусымында тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етудің және тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын қадағалаудың маңыздылығын атап өтті.

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ақтау қаласында жаңа қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба қаланың жаңа шағынаудандарын жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз - тұрғындардың қыс мезгілінде жылусыз қалмауын қамтамасыз ету. Ол үшін жылу және электр желілерінің дайындығын, жабдықтардың жұмысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған мәселелерді уақытылы шешу қажет. Сонымен қатар, газ қауіпсіздігі де өзекті мәселе. Сондықтан газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану және төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет, - деді Нұрдәулет Қилыбай.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы