Ағымдағы жылдың 18 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық әріптестік аясында Маңғыстау облысы мен француз тарапы арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, туризм, сондай-ақ инвестициялар мен технологиялар трансфері бағыттарына назар аударылды. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде қой, ешкі және түйе шаруашылығында француз тәжірибесін енгізу, сүт шаруашылығы мен ірімшік өндірісі саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірдің географиялық орналасуы, Ақтау және Құрық теңіз порттарының мүмкіндіктері, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберіндегі рөлін атап өтіп, бұл факторлар екіжақты серіктестікті дамытуға негіз болатынын айтты.
– Маңғыстау облысында көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салаларында жаңа даму бағыттары қалыптасып келеді. Біз француз компанияларымен өзара тиімді жобаларды іске асыруға дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге Маңғыстау облысымен серіктестікті нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Франция Республикасы арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 3,1 млн АҚШ долларын құрады. Сондай-ақ өңірде француз капиталының қатысуымен экономиканың әртүрлі салаларында 5 кәсіпорын тіркелген.
1 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Грузияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Леван Диасамидзе бастаған делегациямен кездесті.
Тараптар Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы экономикалық, көлік-логистикалық, туристік және мәдени бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстаудың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің географиялық орналасуы, көлік инфрақұрылымы және қолайлы инвестициялық ахуалы екі жақты серіктестік үшін маңызды фактор екенін айтты.
– Маңғыстау өңірі – еліміздің өнеркәсіптік орталықтарының бірі. Біз мұнай-газ, көлік-логистика, туризм, өңдеу өнеркәсібі және агроөнеркәсіп салалары бойынша өзара тиімді жобаларды дамытуға мүдделіміз. Әсіресе Каспий арқылы транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту бағытында бірлескен бастамаларға ашықпыз, – деді аймақ басшысы.
Кездесуде Каспий теңізі арқылы Құрық – Алят (Әзербайжан) бағытында тұрақты теңіз паром қатынасын ұйымдастыру жобасы талқыланды. «Georgian Industrial Group» бастамасымен іске асырылып жатқан жоба аясында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында екі паромды іске қосу жоспарлануда. 2027 жылға қарай паром флоты алты кемеге дейін ұлғаймақ. Бұл Каспий бағытындағы жүк тасымалы көлемін арттыруға, порт инфрақұрылымын дамытуға және «Транскаспий халықаралық көлік бағытының» тиімділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Өз кезегінде Елші Леван Диасамидзе Грузияның көлік, логистика және туризм салаларында Қазақстанмен, соның ішінде Маңғыстау облысымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы мен Грузия арасындағы 2025 жылдың қаңтар-қазан айларындағы сыртқы сауда айналымы 1,9 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде грузин капиталының қатысуымен 51 кәсіпорын жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың 5 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті. Жиында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттарын, оның ішінде сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі Маңғыстау өңірінің географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық әлеуеті, сондай-ақ туризм, өңдеу өнеркәсібі салаларындағы мүмкіндіктер туралы айтты.
«Маңғыстау облысы – инвестиция салуға қолайлы аймақ. Біз логистикалық және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Германия біздің өңір үшін маңызды экономикалық серіктес болып саналады», – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде Маттиас Кислер Германияның Қазақстанмен, соның ішінде Маңғыстау облысымен экономикалық, технологиялық және экологиялық бағыттарда бірлескен жобаларды дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.
Кездесу өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге және екі тарап арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған пікір алмасумен аяқталды.
Айта кетейік, бүгінде Маңғыстау облысында германиялық капиталдың қатысуымен экономиканың әртүрлі салаларында 20-дан астам кәсіпорын тіркелген. 2025 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы мен Германия арасындағы сыртқы сауда айналымы 12,4 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 370 мың АҚШ доллары, импорт – 12,1 млн АҚШ доллары.
Ағымдағы жылғы 17 қазанда Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы А. Естекбаев Tianjin Port Group компаниясының вице-президенті Ло Сюньцзенің басшылығындағы делегациямен кездесті.
Кездесудің мақсаты – «Теңіз портын салу және Маңғыстау облысының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту» жобасын іске асырудың басталуын талқылау.
Кездесу барысында порт логистикасының қазіргі ахуалы мен даму перспективалары, өңір арқылы жүк ағындарын ұлғайту, сондай-ақ контейнерлік, жалпы және сұйық жүктерді өңдеу тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаны іске асыру жоспарын әзірлеуге және Тяньцзинь порты сарапшыларының Ақтауға сапарын ұйымдастыруға уағдаласты. Одан әрі ынтымақтастық пен бірлескен бастамаларды пысықтауға дайындық расталды.
Маңғыстау облысы мен Констанца уезі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бүгін, 7 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мэдэлина Лупу және Констанца уезі кеңесінің төрағасы Флорин Митрой бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар аймақаралық ынтымақтастықты дамыту, инвестиция тарту, мәдени және туристік бағыттағы жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Флорин Митрой Румыния мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыстардың әлеуеті жоғары екенін айтып, Констанца уезінің Маңғыстаумен өзара тиімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін жеткізді.
Өз кезегінде аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай румыниялық серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті.
– Маңғыстау өңірінің инвестициялық мүмкіндігі зор. Біз жаңа жобаларды іске асыруға, өзара тиімді серіктестікке және шетелдік инвестиция тартуға әрқашан ашықпыз. Румыниямен байланыс екі өңірдің дамуына серпін береді деп сенеміз, – деді облыс әкімі.
Кездесу қорытындысында Маңғыстау облысы мен Констанца уезі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат экономикалық, мәдени және әлеуметтік бағыттар бойынша әріптестік байланыстарды нығайтуға, жаңа жобаларды іске асыруға жол ашады.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында Румыния капиталының қатысуымен экономиканың түрлі салаларында 5 кәсіпорын жұмыс істейді. 2025 жылдың қаңтар–шілде айлары аралығындағы екіжақты сауда айналымы 378,2 млн АҚШ долларын құрады.
Жаһандық инвестициялар жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел – 2025
KGIR-2025 — 2017 жылдан бері елдің Премьер-Министрінің жетекшілігімен жыл сайын өткізіліп келе жатқан Қазақстан Республикасының негізгі инвестициялық іс-шарасы. Осы уақыт ішінде форум мемлекет пен халықаралық инвестициялық қауымдастық арасындағы диалогқа арналған беделді алаң ретінде танылып, үкімет өкілдерін, бизнес көшбасшыларын, халықаралық ұйымдар мен даму институттарын біріктіріп келеді.
KGIR-2025-тің негізгі тақырыбы — «Трансформация дәуіріндегі жаңа шешімдер: Қазақстан – тұрақты экономикалық дамудың орталығы». Қатысушылар жаһандық сын-қатерлер мен инвестициялық мүмкіндіктерді, болашақ тұрақты экономикаларды қалыптастырудағы Қазақстанның рөлін, инфрақұрылым, өнеркәсіп, энергетика, технологиялар және жасыл экономиканың дамуын талқылайды.
Форум тәжірибе алмасуға, жобаларды таныстыруға және Қазақстанның дамуы және инновациялардың өңірлік хабы ретіндегі рөлін нығайтатын шешімдер қабылдауға арналған алаңға айналады.
Биыл KGIR 40 елден 700-ден астам қатысушыны жинайды. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды өкілдері, трансұлттық корпорациялардың басшылары, ірі инвесторлар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар, іскерлік қауымдастықтар және БАҚ өкілдері бар. Қатысушылардың қатарында дәстүрлі түрде компаниялардың бірінші басшылары, инвестициялық және стратегиялық бөлімшелердің жетекшілері, серіктестер мен бизнес дамытудың жетекші мамандары күтілуде.
Форум аясында панельдік сессиялар, үздік компанияларды марапаттау рәсімі, екіжақты құжаттарға қол қою, сондай-ақ B2B және B2G форматтарында кездесулер өткізу жоспарланған.
Қатысушыларды тіркеу сілтеме бойынша қолжетімді: www.kgir.kz
Маңғыстау облысының өнеркәсіп және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы бұйрығына сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау нәтижелерін жария талқылаудың басталғандығын хабарлайды.