Маңғыстау облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы

Облыс 1973 жылы құрылды және ол Қазақстанның оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, солтүстік-шығысында – Атырау және Ақтөбе облыстарымен, батысында – теңіз бойымен Ресей Федерациясымен, Әзербайжанмен және Иранмен, оңтүстігінде – Түрікменстанмен және шығысында –  Өзбекстанмен шектеседі.

Облыс аумағы 165,6 мың шаршы километрді құрайды (Қазақстан аумағының жалпы ауданының 6,1 %-ін, 14 өңірдің  арасында – 7-орын).

Облыс халқының саны  2020 жылдың басына – 698,8 мың адам немесе елдің бүкіл халқының 3,8%-і.  Халықтың тығыздығы 1 шаршы километрге   4,2 адамды құрайды, бұл – орташа республикалық көрсеткіштен 1,6 есеге төмен (1 шаршы километрге – 6,8 адам).

Облыс аумағының жер бедері алуан түрлі. Солтүстік бөлігін өз шегінде Желтау (221 м), Мыңсуалмас  (148 м) таулары, құм  сілемдері (Қарақұм, Сам және басқалары), ауқымды сорлар (Өліқолтық, Қайдақ, Қаратүлей, Қаракешу және басқалары) және Бозашы түбегі орналасқан Каспий маңы ойпаты алып жатыр.  Орталық бөлігін Маңғыстау таулары (Ақтау – 556 м,  Қаратау – 562 м), Маңғыстау үстірті мен ТМД-дағы ең терең Қарақия ойпаты (132 м) орналасқан Маңғыстау түбегі алып жатыр.  Оңтүстік-батысында Кендірлі-Қаясан үстірті, оңтүстігінде – Қарынжарық ойысы орналасқан. Облыстың шығысын Үстірт шоқысы алып жатыр.

Жер қойнауы мұнай, газ, фосфорит, көмір, марганец, әр түрлі тұздар, ұлутас қорларына бай.

Климаты – континенталы, өте құрғақ.  Қаңтардың  орташа температурасы – 14, –19 °С,  шілде айында + 26, +40 °С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері – 100-150 мм.

Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі 3 қаладан ( облыстық маңызы бар  Ақтау  және  Жаңаөзен қалаларынан,  аудандық маңызы бар Форт-Шевченко  қаласынан), 5 ауданнан, 37 ауылдық округтен, 58 ауылдық елді мекеннен тұрады.

Ақтау қаласы –  облыстың орталығы, қала – Каспий теңізіндегі порт болып табылады  және 1963 жылы негізі қаланған. 2020  жылдың 1 қаңтарына қалада 188,8 мың адам немесе облыстың бүкіл халқының 27%-і тұрып жатыр. Ақтау қаласынан Нұр-Сұлтан  қаласына дейінгі арақашықтық – 2 413 км.

Жаңаөзен қаласы – бірден-бір моноқала, облыс орталығынан арақашықтығы 152 км. 2020 жылдың 1 қаңтарына қала халқының саны  іргелес  елді мекендерін қоса алғанда 154 мың адамды құрайды. Қала құраушы кәсіпорны – мұнай мен газ өндірумен  айналысатын «Өзенмұнайгаз»  акционерлік қоғамы болып табылады.

Түпқараған ауданының орталығы, халқының саны 6,7 мың адам болатын Форт-Шевченко  қаласы Қазақстан Республикасының орташа даму  әлеуеті бар шағын қалалар  санатына қосылған. Облыс орталығынан  арақашықтығы – 132 км.

Маңғыстау облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы
Дата публикации
23 ноября 2020