2015 жылғы қаңтар-желтоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

Маңғыстау облысының 2015 жылғы қаңтар-желтоқсандағы

әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары

 

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жұмыс 2015 жылы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған тапсырмаларға, сондай-ақ стратегиялық және басым мемлекеттік, салалық бағдарламаларға сәйкес құралды. Маңғыстау облысын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жалғасуда.       

Бұл ретте, «ерекше кезең» экономикалық саясатының шараларын немесе дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға, экономиканың нақты секторын қолдауға, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі шараларды іске асыруға басты назар аударылуда.

ЖӨӨ-нің нақты өсуі 2015 жылдың 3 тоқсанында 99,8% құрады (1569,9 млрд. теңге). Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі бойынша облыс республикада төртінші орынды алады (ҚР бойынша орташа 2555,4 мың теңге болғанда – 1588,5 мың теңге).

Облыс әкімдігі ахуалды тұрақтандыру, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының, бірінші кезекте мұнай-газ компанияларының проблемалық мәселелерін шешу бойынша әртүрлі шаралар қабылдауда.

Өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау жөніндегі 2015 жылға арналған іс-шаралар жоспарының шеңберінде, отандық тауар өндірушілер – «Ақтау құйма зауыты» ЖШС-не, «ҚазАзот» ЖШС-не, «Каспий Битум» БК» ЖШС-не проблемалық мәселелерді шешу бойынша қолдау көрсетілуде.

Дәлірек айтқанда, Ақтау құйма зауытын жүктеу мақсатында металл сынығын жеткізуге облыстың бес ірі мұнай компаниясымен және экономиканың басқа салаларының 7 кәсіпорнымен ұзақ мерзімді меморандумдарға қол қойылды.

«ҚазАзот» ЖШС «Қазақмыс», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» және «ERG» сауда үйі» сияқты үш ірі компаниямен, сондай-ақ республиканың 11 облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен аммиак селитрасын жеткізуге меморандумдар жасасты.

Кәсіпорындар үшін 2015 жылдың соңына дейін магистралды темір жол желісі қызметтеріне арналған тарифтерге уақытша төмендету коэффициенті бекітілді.

Өңірде іске асырылып жатқан жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салу жобаларына «Ақтау Полимер» ЖШС мен «Арлан Group-Aktau» ЖШС-нің құбыр өнімін пайдалану қамтамасыз етілді.

«Caspi Bitum» БК» ЖШС «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен және «Қазақавтожол» РМК-мен жол құрылысы жобаларын іске асыру кезінде жол битумын жеткізу жөніндегі меморнадумдар жасасты.

Сонымен бірге, 2015 жылы облыс ЖӨӨ-нің 50%-дан астамын алатын өнеркәсіпте, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда көлемнің төмендегені байқалады.

Есепті кезеңде мұнайға арналған әлемдік бағалардың күрт құлдырауы өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өндірістік қызметіне теріс әсер етіп, нәтижесінде облыстың мұнай-га3 өндіруші кәсіпорындары сервистік немесе техникалық қызметтер (бұрғылау, ұңғымаларды күрделі жөндеу) бойынша көлемді төмендетуге мәжбүр болды. Нәтижесінде өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 96% құрады (1552,5 млрд. теңге).

Мұнай өндіру 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға азайып, өндіру көлемі 18,4 млн. тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру 23,6%-ға өсті (2535,6 млн. текше метр).

Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде (саланың үлесі – 5,4%) 84,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НКИ) 84,5% құрады.

Машина жасауда («Каскор-Машзавод» АҚ, «Каспий маңы машина жасау кешені» ЖШС) НКИ-нің 24%-ға төмендеу байқалады, бұл да өңірдің машина жасау саласы кәсіпорындарының өндіру және мұнай кәсіпшілігінің жабдығын жөндеу және орнату бойынша қызметтер көлемін төмендетуіне байланысты болды.  

Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 11,5%-ға, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде – 9,3%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде – 7,5%-ға өсу байқалады.

«Сумен жабдықтау, канализациялық жүйе, қалдықтарды жинақтауды және бөлуді бақылау» саласында 18,4 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді немесе 2014 жылдың тиісті деңгейіне 93,1%.

Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда НКИ – 107,1%, өндіру көлемі – 73,69 млрд. теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың басынан бері жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірқатар кездесулер өткізіліп, оларда саладағы ахуалды жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленді. Өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын және оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында, бүгінге түрлі деңгейдегі әкімдіктер 104 мыңнан астам адамды қамтумен 620 меморандум жасасты. Жұмысты күшейту үшін әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жолға қойылды, сондай-ақ осы жұмысқа барлық деңгейдегі әкімдіктер, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тартылды.

Қазақстандық қамтымды арттыру мақсатында, ұлттық компаниялар мен өңір кәсіпорындары ағымдағы жылғы ақпанда 309,8 млрд. теңгеге 105 меморандумға қол қойды. Осы меморандумдардың негізінде 291,9 млрд. теңге сомасына 327 шарт жасасылды (меморандумдар 96%-дан аса орындалды).

Бұдан басқа, ЖӨӨ-нің өсуі экономиканың қолда бар өсу резервтерін пайдалану, құрылыста, ауыл шаруашылығында, көлік пен байланыста, көрсетілетін қызметтер саласында өсуді қамтамасыз ету есебінен қамтамасыз етілмек.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығының аясында 162,9 млрд. теңге сомасына 6,2 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын 21-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделді.

2015 жылы 50,4 млрд. теңге жалпы сомасына және шамамен 655 жұмыс орны құрылған 11 жоба пайдалануға берілді:

  1. «КУДУ Индастриз Қазақстан» ЖШС – толық жиынтықты бұрандалы сорғы жүйелерін шығаратын зауыт.
  2. «Қарақұдықмұнай» ЖШС – газ жетегі бар блокты шоғырлы сорғы станциясы.
  3. «Sofie Medgroup» көп бейінді клиникасы» ЖШС – «Sofie Medgroup» көп бейінді клиникасының құрылысы.
  4. «Маерск Ойл Қазақстан Гмбх» КФ – теңіз суын жинау станциясы және теңіз суының құбыржолы.
  5. «Берекет-Ф» ЖШС – нан, кондитер, макарон, шұжық өнімдерін, ет жартылай фабрикаттарын, ауыз су өндіретін «Ақ нан-Маңғыстау» зауыты.
  6. «ТасболатОйлКорпорейшн» ЖШС – электрлік қуаттылығы 2х1819 кВт газ поршеньді электр станциясы.
  7. «Атамекен» ЖШС – қуаттылығы жылына 7,2 мың тонна болатын әк ұнының өндірісі.
  8. «Бозашы Оперейтинг ЛТД» КФ – №31 топтық өлшеу қондырғысын салу.
  9. «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС – Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасын іске асыру.
  10. «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС – азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру.
  11. «Шыны-пластикалық құбырлар зауыты» ЖШС – шыны-пластикалық құбырлар мен фитингтер өндіретін 3-цехтың құрылысы.

Ауыл шаруашылығы.

Есепті кезеңде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 11,7 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2014 жылдың тиісті кезеңіне 105,1%. Ірі қара мал басының – 6,1%-ға (16,0 мың бас), түйе басының – 1,9%-ға (48,1 мың бас) өскені байқалады.

«Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын, тамшылатып суаруды және жылыжайлық егіншілікті дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 2015 жылы 121,7 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін көтеруге 161 млн. теңге сомасында субсидиялар бөлінді.

Бүгінгі күнге ылғал қорларын сақтау технологиясын (тамшылатып суаруды) қолданумен 900 га жер қамтылған, бұл – өткен жылдан 64%-ға көп. Облыс бойынша жалпы ауданы 9,4 га 9 жылыжай жұмыс істейді.

Сыртқы сауда айналымы.

Сыртқы сауда айналымы 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 4,5 млрд. АҚШ долларын, немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 46,8%, оның ішінде  тауарларды экспорттау – 4,0 млрд. АҚШ долларын (55,7%-ға төмендеді), импорт – 450 млн. АҚШ долларын (5,1%-ға төмендеді) құрады. Сыртқы сауда айналымының сальдосы 3,6 млрд.. АҚШ долларын құрады.

Бөлшек тауар айналымының көлемі 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 131,8 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 94,7%.

Кәсіпкерлік.

Шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 01.01.2016 жылға 47111 мың бірлікті құрады (01.01.2015 жылға – 47505 бірлік).

Барлық меншік нысанындағы микрокредит ұйымдары 2015 жылда 528,4 млн. теңге сомасына 184 микрокредит беріп, 318 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, «Каспий» МҚҰ» ЖШС 116,56 млн. теңге жалпы сомасына 37 микрокредит берді ж»не «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 411,8 млн. теңге сомасына 147 микрокредит берді.

Екінші деңгейдегі банктер ағымдағы жылдың қаңтар-қарашасында шағын бизнес субъектілеріне 11622,8 млн. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берді, бұл – 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 27,3%-ға аз.

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру аясында (01.01.2016 жылғы жағдай бойынша), ӨҮК-нің 24 отырысында 5 237,9 млн. теңге жалпы сомасына 122 жоба, оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 5 125,9 млн. теңге жалпы сомасына 70 жоба; кредиттерді кепілдеріндіру бойынша 1 729,5 млн. теңге жалпы сомасына 43 жоба (оның ішінде, кепілдік және мемлекеттік қолдау сомасы тиісінше 365,7 млн. теңгені және 73,1 млн. теңгені құрайды); жетіспейтін ифнрақұрылымды жеткізу бойынша 994,6 млн. теңге жалпы сомасына 2 жоба (инфрақұрылым құны – 17,887 млн. теңге), гранттық қаржыландыру бойынша 21,0 млн. теңге жалпы сомасына 7 жоба мақұлданды.

Құрылыс.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2015 жылдың 12 айында 175,5 млрд. теңгені немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне 97,2% құрады.

Негізгі себеп – жұмыстардың ірі көлемі өткен жылы «Жезқазған-Бейнеу» темір жолын салу есебінен қамтамасыз етілгеніне, сондай-ақ «Бейнеу-Шалқар» автомобиль жолындағы құрылысқа байланысты құрылыстағы көлемнің төмендеуі.

Жалпы ауданы 644,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2014 жылдың осындай деңгейінен 10%-ға көп (2014 жылдың қаңтар-желтоқсанында – 586,4 мың шаршы метр). Негізгі көлем халықтың меншікті қаражатына келеді.

«Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасының аясында жас отбасылар үшін тұрғын үй салуға 2015 жылға 364,4 млн. теңге бөлінді. Ақтау қаласының 32а шағын ауданында 60 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Халықтың барлық санаттары үшін кредиттік тұрғын үй салуға Ұлттық қордан («Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында) 5352,6 млн. теңге бөлінді. Ақтау қаласының 32 «А» және 33 шағын аудандарында жалпы ауданы 97 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, олар – 867 пәтерлік үш тұрғын үй кешені.

Көлік (жүк тасымалдау көлемі).

Облыстың бәсекелестік артықшылықтарын есепке ала отырып, мынадай өсу резервтері анықталды және облыс экономикасын дамытудың перспективалы бағыттары айқындалды: мұнай-газ өндіру секторын одан әрі дамыту (мұнай-газ өндіру, мұнай-газ сервисі), транзиттік әлеуетті дамыту (көлік пен логистика), құрылыс индустриясын, туризмді дамыту («Кендірлі» курортты демалыс аймағы).

«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2015 жылы 3 жоба пайдалануға берілді: «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС (Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту), «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС (Азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру), «ҮСК-Қараойқұрылыс» ЖШС (Темір-бетон бұйымдар зауытын салу және пайдалану).

АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында, аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінге №3 және №1 кіші аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. № 1 (қосымша учаске), № 2 және №4 кіші аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын салуға ЖСҚ әзірлеу аяқталды. Жобалар 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.

Көліктік-инфрақұрылымдық даму саласында, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құрылысы аяқталуда. Жоба құны – 9,6 млрд. теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 6,7 млрд. теңге бөлінді. Жұмыстар 100%-ға орындалды. Объект мемлекеттік комиссияның қабылдауына дайындалуда.

Құрылысын салу кезеңінде 150 жұмыс орны құрылды, пайдалану кезеңінде 42 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Аяқтау мерзімі – 2015 жылғы желтоқсан. Осы желі бойынша жылына 8,0 млн. тоннаға дейін жүк тасымалданады деп күтілуде.

2015 жылғы сәуірде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құны 16,4 млрд. теңге болатын (оның ішінде, Ұлттық қордан – 4,8 млрд. теңге, 2,7 млрд. теңге игерілді) Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы басталды. Жүк ағындарының жылдық көлемі – 4,1 млн. тонна, құрылыс салу ауданы – 21 га.

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде, «Мемлекеттік сараптама» РМК-на 1-іске қосу кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы берілді. Жолдардың сыртқы құрылысына материалдар дайындау, топырақ төсемін үю жүргізілуде.

Құрылысын салу кезеңінде – 500 жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде – 249 жұмыс орнын құру көздестірілген. Объектіні аяқтау мерзімі – 2016 жылғы желтоқсан.

Азия даму банкінің қарыз қаражатын тарту арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен «Ақтау-Бейнеу-Атырау» автожолын реконструкциялау жобасы іске асырылуда. «Шетпе-Бейнеу» автомобиль жолының (құны – 46,4 млрд. теңге) 6 учаскесінің 4 учаскесінде (200 км.) реконструкциялау бойынша жұмыстар аяқталып, тағы 2 учаскені (100 км.) осы жылдың аяғында аяқтау жоспарлануда.

Құны 36,5 млрд. теңге болатын «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталып, оның ішінде 2014 жылы 752,4 млн. теңге игерілді, 2015 жылға 9,0 млрд. теңге бөлінді, оның 6,0 млрд. теңгесі игерілді. Жабынның төменгі қабатының 46 километрі асфальтталды. Іске асыру мерзімі: 2015-2017 жылдар.

Екі жоба бойынша құрылатын жұмыс орындарының саны: құрылысын салу кезеңінде – 425 адам, пайдалану кезеңінде – 17 адам.

Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жобаның аясында (құны – 39,7 млрд. теңге) қазіргі кезде 1-кезектегі және 2 кезектегі ішінара теңіз түбін тереңдету жұмыстары орындалды, 2 кезектегі теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда.  Терминалды салу бойынша құрылыстың негізгі объектілерінің жұмыстары орындалды: астық терминалының сүрлемдері орнатылды, контейнер алаңы мен айлақтың қабырғасы салынды. Қызметтік және өндірістік ғимараттарды салу жалғасуда. Объектіде іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жобаның қуаттылығы жылына 2,5 мың тонна құрғақ жүкке дейін өседі. Құрылатын жұмыс орындары: құрылысын салу кезеңінде – 1120 адам, пайдалану кезеңінде – 173 адам.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ ЖСҚ-ын әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттердің қаражатынан 2015 жылы 7,0 млрд. теңге бөлінді.

«Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автожолының және Ақтау-Қаламқас автомобиль жолының «Ақтау-Ақшұқыр» және «Ақтау-С. Шапағатов» облысішілік бағыты бойынша автопавильондардың (13 бірлік аялдама, 14-26 километр учаскесінде) құрылысы, «Шетпе-Қызан» автожолын реконструкциялау (21-49 км учаскесі) жүргізілуде.

«Ақтау-Қаламқас» автожолының 101 және 104 километрін күрделі жөндеу (жолдарды су шайып кетуіне байланысты) және «Ақтау-Қаламқас» автожолын орташа жөндеу (10-43 км және 43-89 км) аяқталды.

«Ақтау-Құйылыс» (7-19 км), «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (43-75 км) автожолдарын күрделі жөндеу, «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (75-122 км) автожолын орташа жөндеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы Батыс Қазақстанды жағажай туризімінің орталығы ретінде, оның ішінде Кендірлі курортты демалыс аймағын дамытуды көздейді. Кендірлі туристік аймағын дамытудың жүйелі жоспары әзірленіп, бекітілді. Курортты аймақты дамытуға инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Кендірлі» курортты демалыс аймағының сыртқы инфрақұрылымын салу аясындағы автомобиль жолының құрылысына жергілікті бюджеттен 50,0 млн. теңге бөлінді. Жұмыстар басталды. Объект 2016 жылға өтеді.

Жүк айналым көлемі 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 2014 жылдың қаңтар-желтоқсанымен салыстырғанда 0,5%-ға азайып, 8,8 ткм құрады.

Негізгі капиталға инвестициялар.

Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 454,4 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне 81,5%.

Төмендеу, бірінші кезекте кен өндіру өнеркәсібіне салынатын инвестициялардың (дәлірек айтқанда, машиналар мен жабдыққа, барлауға және өндіруге арналған шығындардың) төмендеуімен байланысты болды.

Инфляция.

Тұтыну бағалары мен тарифтердің индексі ағымдағы жылдың желтоқсанында 2014 жылдың желтоқсанына 117,2% (ҚР бойынша – 113,6%), оның ішінде азық-түлік тауарларына – 108,8% (ҚР бойынша – 110,9%), азық-түлік емес тауарларға – 125,1% (ҚР бойынша – 122,6%), ақылы қызметтерге  – 119,2% (ҚР бойынша – 108,1%) құрады. Инфляция өсуінің негізгі себебі – ақылы қызметтердің (тұрғын үйді жалға алуға арналған жалдау ақысының, көрсетілетін қызметтер саласындағы бағалардың) өсуі. Азық-түлік тауарлары бойынша бағалар тұрақты.

Салықтар.

Мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) 313,3 млрд. теңге (2014 жылдың осындай кезеңіне – 88,8%), оның ішінде республикалық бюджетке – 200,1 млрд. теңге (80,7%), жергілікті бюджетке – 113,2 млрд. теңге (107,9%) сомасында салықтар мен өзге де міндетті төлемдер түсті.

Облыстың 2015 жылға арналған нақтыланған бюджеті 161,3 млрд. теңгені құрайды. Бюджеттің кірістер бойынша атқарылуы жоспарға – 98,8%, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша – 99,1% құрады.

Сумен қамтамасыз ету және су бұру.

Облыстың елді мекендерін сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында, 2014 жылдан өтетін 11 объектіні 2015 жылы одан әрі іске асыруға – 6,9 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,97 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 1,93 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 8 объект бойынша жұмыстар ағымдағы жылдың соңында аяқталып, пайдалануға берілетін болады. 3 объект 2016 жылға өтеді.

Облыстың ауылдарында мына жобалар іске асырылды: Бейнеу ауданында поселкеішілік су құбырын (1-3 учаскелер), Түпқараған ауданының С. Шапағатов ауылында поселкешілік су құбыры мен резервуар, Мұнайлы ауданының Дәулет ауылдық округінде сумен жабдықтау желілерін, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында су тазарту құрылыстарын салу, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында, Жетібай станциясында және Жетібай ауылында су құбырларының жетіспейтін желілерін салу.

Ақтау қаласының сумен жабдықтау және су бұру желілерін (№ 1, 3А, 4, 5, 6, 7, 8, 14, 15, 22, 23 шағын аудандардағы су құбырлары желілерін) жаңғырту, №3, 3А, 3Б, 4, 5, 7, 8, 9, 11, 12 шағын аудандағы өздігінен ағатын канализациялық желілерді, №12 жолдың бойындағы өздігінен ағатын коллекторды және №1А, 2, 5, 10 КСС-ның арынды коллекторларын жаңғырту аяқталды.  

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бөлігінде облыстың көп пәтерлік тұрғын үйлерін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 2015 жылы Ақтау қаласының көп пәтерлік 6 тұрғын үйіне күрделі жөндеуге 204,5 млн. теңге бөлінді (153 млн. теңге игерілді). Осы сомаға жүргізу жоспарлануда.

Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау бөлігінде облыстың ауылық елді мекендерін жайластыру бойынша 55 жобаны іске асыруға 2015 жылға жергілікті бюджет қаражаты 249,7 млн. теңге сомасында бөлінді.

Электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау.

Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту тұрғысында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында ҚР Ұлттық қорынан Ақтау қаласының инженерлік желілерін (жоғары аймақтың жылу желілерін, 2-кезек) салуға және реконструкциялауға, Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарының (16, 17, 19, 19а, 30, 31, 32, 32 а, 33, 34а, 35) канализациялық тарату желілерін салуға 1661,6 млн. теңге бөлінді. Ұзақтығы 10,5 км жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау және ұзақтығы 23,2 км канализация желілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде 0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы мен Ақтау қаласы 33 "Аққу" шағын ауданының жол бойындағы аумақтарын абаттандыру (шағын ауданішілік автомобиль жолдары, жаяу жүргіншілер аймағы және тротуарлар) жүргізілуде. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 872,3 млн. теңге бөлінді. Объектілер 2016 жылға өтеді.

Әлеуметтік қорғау.

Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуын есепке алғанда 2015 жылда облыс бойынша 27012 жұмыс орны құрылды (2014 жылда – 26406 жұмыс орны). Оның ішінде, қалалар мен аудандардың әкімдіктері халықтың нысаналы топтары үшін 1361 әлеуметтік жұмыс орнын құрып, жоғары оқу орындарының 1332 түлегін жастар практикасына тартты.

Есепті кезеңде жұмыспен қамту органдарының еңбек делдалдығына 15348 адам өтініш білдірді. Әлеуметтік қорғау шараларымен 10202 адам қамтылып, оның ішінде 7002 адам жұмысқа орналастырылды, 2832 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды.

Жалпы жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың 3 тоқсанында (ашық еңбек нарығында) 5,1%-ды құрап (2014 жылдың 3 тоқсанында – 5,3%), оның ішінде жастар жұмыссыздығының деңгейі 7,4%-дан 4,7%-ға дейін төмендеді.

Білім беру.

Білім беруге арналған шығыстар 2015 жылға 45,5 млрд. теңгені құрайды (2014 жылға қарағанда өсімі – 8,3%). 1.01.2016 жылға 45,3 млрд. теңге игерілді.

Білім беру объектілерін дамытуға 2015 жылы – 7,6 млрд. теңге (100% игерілді), оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд. теңге көздестірілді.

2015 жылы 4080 орындық 18 балабақшаның, оның ішінде Мұнайлы ауданында – Дәулет, Маңғыстау-5 және Атамекен ауылдарындағы әрқайсысы 280 орындық 3 балабақшаның; Бейнеу ауданында – Бейнеу ауылындағы әрқайсысысы 175 орындық 2 балабақшаның; Түпқараған ауданында – Форт-Шевченко қаласындағы 140 орындық және Қызылөзен ауылындағы 50 орындық 2 балабақшаның; Ақтау қаласында – 29 шағын аудандағы 280 орындық 1 балабақшаның және 33 шағын аудандағы 840 орындық 3 балабақшаның (NCPOC); Жаңаөзен қаласында 1280 орындық 4 балабақшаның, Қарақия ауданында – Мұнайлы ауылындағы 140 орындық 1 балабақшаның құрылысы аяқталды.

Бұдан басқа, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2015 жылы Қарақия ауданының Жетібай ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2016 жылғы сәуір.

2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 233 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 31,5 мың бала немесе 77,4% қамтылған. Бұл – 2014 жылдың тиісті кезеңінің деңгейінен 9,3%-ға жоғары.

Авариялық мектептерді жою мақсатында, Қарақия ауданының Құланды ауылы мен Жетібай станциясында әрқайсысы 624 орындық 2 орта мектептің құрылысы республикалық бюджет қаражаты есебінен аяқталып, пайдалануға берілді. Проблема шешілді.

Үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою мақсатында, Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Бейнеу ауданында 900 орындық орта мектептің («Нұрлы жол» бағдарламасының аясында), Форт-Шевченко қаласында 550 орындық мектеп-интернаттың (инвесторлар қаражатының есебінен) құрылысы жүргізілуде.

Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету орташа алғанда 1 компьютерге – 14 оқушыны, ауылда – 16 оқушыны құрайды. Кең жолақты интернетке 130 мектеп қосылған немесе 98%. 7 білім беру объектісін күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.

Денсаулық сақтау.

Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2015 жылға 17,9 млрд. теңгені құрайды (2014 жылмен салыстырғанда өсімі – 9,1%). 1.01.2016 жылға 17,9 млрд. теңге игерілді.

Денсаулық сақтау объектілерін дамытуға 2015 жылы – 1,7 млрд. теңге (100% игерілді), оның ішінде республикалық бюджеттен – 0,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 1,1 млрд. теңге көздестірілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 377 млн. теңге бөлінді.

Жергілікті бюджет қаражатының есебінен 7 дәрігерлік амбулатория, оның ішінде Маңғыстау ауданының Үштаған, Қызан және Жыңғылды ауылдарында, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында және Мұнайлы ауданының Батыр ауылында  ауысымына 40 келушіге арналған 5 дәрігерлік амбулатория, Қарақия ауданының Құланды ауылында және Өмірзақ ауылында (Ақтау қаласы) ауысымына 25 келушіге арналған 2 дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Бейнеу ауданының Есет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.

Республикалық бюджет қаражатының есебінен Ақтау қаласында 150 орындық Өңірлік ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жалғасуда.

Балалар өлімінің деңгейі 2014 жылғы қаңтар-желтоқсандағы 1000 тірі туылғандарға шаққандағы 10,5-тен 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 9,5-ге дейін төмендеді. Ана өлімінің 1 жағдайы тіркелді (2014 жылдың 12 айында – 4 жағдай). Туберкулезбен ауыру 2014 жылғы қаңтар-желтоқсандағы 100 мың халыққа шаққандағы 71,2-ден 2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында 64,3-ке дейін төмендеді.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында ағымдағы жылы 1,1 млрд. теңге, оның ішінде экономиканы әртараптандыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға – 357,3 млн. теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 791,6 млн. теңге бөлінді.

Бүгінге жаңа өндірістер құруға 21 млн. теңге сомасында 7 грант бөлініп, 659,3 млн. теңге жалпы сомасына 17 жоба субсидияланды және 11,2 млн. теңге жалпы сомасына 7 жоба кепілдендірілді. Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлеріне 40,5 млн. теңге жалпы сомасына 13 микрокредит берілді.

Жаңаөзен қаласындағы өндірістік алаңға дейінгі кіреберіс автожолдың, қалашілік автомобиль жолдарының құрылысы және «Шаңырақ» шағын ауданының аулаішілік көшелерін абаттандыру аяқталды.

Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға ағымдағы жылы – 6,0 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 2,3 млрд. теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражатының есебінен – 500,0 млн. теңге бөлінді.

Бүгінге «Астана», «Мерей», «Арай» шағын аудандарында және Қызылсай ауылында әрқайсысы 320 орындық төрт балабақшаның; қорғаныс істері жөніндегі ғимараттың; «Мамыр» және «Мерей» шағын аудандары автомобиль жолдарының құрылысы; Маңғыстау көшесі бойынша жарықтандыру желілерін реконструкциялау; 5 спорт құрылысын; 5 аулалық алаңқай; Жаңаөзен қаласындағы сауда және ойын-сауық орталығын салу аяқталып; «Жұлдыз» және «Мерей» шағын аудандарындағы сумен жабдықтаудың тарату желілерінің құрылысы; шағын ЖЭО-ға ауыстыру арқылы орталық қазандықты реконструкциялау және кеңейту (4-кезең); еділ суын тәулігіне 30 мың текше метрге дейін ауыз су сапасына дейін жеткізіп дайындау үшін су тазарту құрылыстарын салу; 50 төсек-орындық стационары бар медициналық емдеу орталығының (емхананың); қалалық аурухананың терапевтік корпусының; «Кендірлі» курортты демалыс аймағының ұзақтығы 2,2 км автожолының құрылысы жүргізілуде.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағытының аясында 2015 жылы облыстың ауылдық елді мекендерінде коммуналдық-инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін абаттандыру, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 45 жоба іске асырылып, 274 жұмыс орны құрылды. Осы мақсатқа 401,1 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 354,4 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 46,7 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді.

Тірек ауылдық елді мекендердің (Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Бейнеу ауданының Ақжігіт және Боранқұл, Маңғыстау ауданының Сайөтес және Жыңғылды, Қарақия ауданының Жетібай ауылдарының) және аудан орталықтарының (Бейнеу, Құрық, Маңғыстау, Шетпе ауылдарының) 2014-2018 жылдарға арналған кешенді даму жоспарларын, Маңғыстау облысының шекара маңындағы аудандарын (Бейнеу ауданының Сам және Ақжігіт, Қарақия ауданының Болашақ ауылдарын) дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғасуда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 431 шешімімен «Түпқараған ауданының Форт-Шевченко шағын қаласының 2020 жылға дейінгі кешенді даму жоспары» бекітілді.

 

Дата публикации
17 марта 2020