"Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:
1) діни бірлестік – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың өз мүдделерінің ортақтығы негізінде діни қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен біріккен ерікті бірлестігі;
2) діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет;
3) миссионерлік қызмет – Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың дінге үндеу мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында діни ілімді таратуға бағытталған қызметі;
4) уәкілетті орган – діни қызмет саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-тарау. Мемлекеттiк қызметті көрсету тәртiбi
Жеке басын куәландыратын және діни бірлестікті мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) құжаттары туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорацияның қызметкері "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттарды қабылдау кезінде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттарды қабылдап алу туралы қолхат беріледі.
Қалыптастырылған өтініш құжаттар топтамасымен бірге көрсетілетін қызметті берушіге курьерлік және (немесе) пошталық байланыс және (немесе) ақпараттық жүйе арқылы жіберіледі.
Мемлекеттік корпорацияға жүгінген жағдайда құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметті көрсету мерзіміне кірмейді, бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір күн бұрын ұсынады.
Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі құжаттар келіп түскен күні оларды қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады (көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде өтінішті қабылдау және Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).
Құжаттарды қабылдап алған адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) көрсетіле отырып, кіріс құжаттарын қабылдаған күні, уақыты және нөмірі бар көрсетілетін қызметті берушінің мөртаңбасы қойылған көрсетілетін қызметті алушы өтінішінің көшірмесі көрсетілетін қызметті алушыдан көрсетілетін қызметті берушінің қабылдап алғанын растау болып табылады.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың топтамасын толық ұсынбаған, сондай-ақ қолданылу мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші өтінішті қабылдаудан бас тартады.
Құжаттарды Портал арқылы ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұрауды қарау мәртебесі туралы ақпарат, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жіберіледі.
Порталға жүгінген жағдайда көрсетілетін қызметті беруші ұсынылған құжаттар тіркелген сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде олардың толықтығын тексереді және өтініш беруші құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту дайындайды.
Жауапты орындаушы 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушының құжаттарымен танысады және ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын зерделейді.
Дінтану сараптамасын жүргізу қажет болған жағдайда жауапты орындаушы көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде сараптама объектілерін уәкілетті органға пошта байланысы арқылы қолма-қол жібереді.
Уәкілетті орган дінтану сараптамасын жүргізгеннен кейін көрсетілетін қызметті берушіге сараптамалық қорытынды жібереді.
Миссионер ұсынған материалдар бойынша қорытынды алу үшін дінтану сараптамасын жүргізу кезінде тіркеудің мерзімі тоқтатыла тұрады.
Жауапты орындаушы уәкілетті органнан дінтану сараптамасының қорытындысы жөнінде хатты алғаннан кейін 6 (алты) жұмыс күн ішінде қағаз жеткізгіште осы Қағидағаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша миссионерді тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты әзірлеп, көрсетілетін қызметті алушыға немесе Мемлекеттік корпорацияға жолдайды.
Порталда мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы (бұдан әрі – ЭЦҚ) қойылған электрондық құжат нысанында көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жіберіледі.
3-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, іс-әрекеттеріне (әрекетсiздiгiне) шағымдану тәртiбi
Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 25-бабының 2) тармақшасына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік корпорация арқылы қызмет көрсету кезінде Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым Мемлекеттік корпорация басшысының атына не ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органға беріледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.