«Маңғыстау облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

Маңғыстау облысы әкімдігінің

                                                                                                            2025 жылғы "19" ақпандағы

                                                                                                            № 57 қаулысына 4 қосымша

 

«Маңғыстау облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

 

1-тарау. Жалпы ережелер

  1.   «Маңғыстау облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) Маңғыстау облысының аумағында туризм саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
  2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
  3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
  5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
  6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
  7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
  8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
  9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 14 шағын аудан, №1 ғимарат, пошталық индексі 130000.
  10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
  11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
  12. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

 

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

 

  1. Мақсаттары:

          1) туристік қызметке жәрдемдесу және оның дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, туристік өнімді ішкі және дүниежүзілік нарықта ілгерілету;

           2) Маңғыстау облысының жағымды туристік имиджін қалыптастыру;

           3) туристік қызметтің басым бағыттарын айқындау және қолдау;

           4) Маңғыстау облысының аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады.

  1.    Өкілеттіктері:

            1)құқықтары:

             өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті актілерді қабылдау;

             заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, өзге ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

өз құзыреті шегінде комиссияларды құру;

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;

өз өкілеттіктері мен функцияларының бір бөлігін беру;

заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

2)міндеттері:

 Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтау;

Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерін қабылдау және қарау;

Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыс әкімінің тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз ету;

Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде алынған коммерциялық, қызметтік, заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария етпеу;

 Басқарманы цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдау;

Басқарманың құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы іс-шараларын ұйымдастыру, жоспарлау және орындалуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүзеге асыру;

ҚР «Азаматтық қорғау туралы» Заңында көзделген талаптардың орындалуын қамтамасыз ету;

Басқарманың ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметін үйлестіруді және бақылауды жүзеге асыру.

  1. Функциялары:

1) Маңғыстау облысының аумағында туристік қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады және үйлестіруді жүзеге асырады;

 2) туристік қызметтер көрсету нарығына талдау жасайды және Маңғыстау облысының аумағында туризмнің дамуы туралы қажетті мәліметтерді уәкілетті органға табыс етеді;

3) облыстық туристік ресурстарды қорғау жөніндегі шараларды әзірлейді және енгізеді;

4) Маңғыстау облысының аумағында туристік индустрия объектілерін жоспарлау және салу жөніндегі қызметті үйлестіреді;

5) балалар мен жастар лагерьлерінің, туристер бірлестіктерінің қызметіне жәрдем көрсетеді;

 6) туристік қызмет субъектілеріне туристік қызметті ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді;

7) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту шарасы ретінде туристік қызмет саласындағы кәсіпкерлікті дамытады және қолдайды;

8) туристік ақпаратты, оның ішінде туристік әлеует, туризм объектілері мен туристік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты береді;

9) туристік ақпарат орталығын құрады;

10) «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес туроператорлық қызметті лицензиялауды жүзеге асырады;

11) гидтерді (гид аудармашы) кәсіптік даярлауды ұйымдастырады;

12) уәкілетті органмен келісу бойынша туристік саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

13) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді;

14) Маңғыстау облысының аумағында туризм инфрақұрылымын құрады, туристің қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын объектілерді салу мен дамыту бойынша шаралар қабылдайды;

15) туризмді дамытуда туристік қызмет субъектілері үшін жағдайлар жасайды;

16) туризм саласындағы бірлескен қызметті іске асыру шеңберінде тікелей шарт жасасу арқылы туристік ақпараттық орталықтарды қаржыландырады;

17) туристік қызмет объектілерін салу, реконструкциялау кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтейді;

18) уәкілетті органмен келісу бойынша күтіп-ұсталуы кезіндегі шығындардың бір бөлігі өтелетін санитариялық-гигиеналық тораптардың тізбелерін бекітуге облыс әкімдігіне ұсыныс енгізеді;

19) елді мекендерден тыс жердегі туристерді орналастыру орындарына дейін облыстық және аудандық маңызы бар кірме автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

20) кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы сервис объектілерін салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтейді;

21) кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялайды;

22) туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне сыйымдылығы жүргiзушiнiң орнын қоспағанда, сегiзден астам отыратын орны бар автомобиль көлік құралдарын сатып алу бойынша шығындардың бір бөлігін өтейді;

23)жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

 

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

  1. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
  2. Басқарманың бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

 

  1. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.
  2. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

          1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

 4) ерлер мен әйелдерді басшылық қызметке ұсыну кезінде гендерлік теңгерімнің сақталуын қамтамасыз ету;

5) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

6) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

7) келісімшарттар жасасады;

8) сенімхаттар береді;

9) банктік шоттар ашады;

10) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

11) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

12) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

13) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

 14) Басқарманың қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

15) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

 

          Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады;

  1. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған заңнамаға сәйкес айқындайды.

 

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

  1. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

  1. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
  2. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

 

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

  1. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Дата публикации
12 февраля 2026