2021 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп

2021 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп

Халықты жұмыспен қамту бағытына қатысты.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облыста жұмыс күшінің саны 352 527 адам, оның ішінде 335 270 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі таңда жұмыссыздар саны 17 257 адамды құрайды, бұл экономикалық белсенді халықтың жалпы санының 4,9% және жұмыссыздық деңгейі болып табылады.

Бүгінгі таңда облыстың Жұмыспен қамту орталықтарында 10 018 адам жұмыссыз ретінде тіркелген (оның ішінде 6292-сі әйелдер, 4115-і 16-29 жас аралығындағы жастар).

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті қамтамасыз ету бойынша келесі іс-шаралар жүзеге асырылуда:

Техникалық және кәсіптік білім алуға 1 131 адам жіберілді. 333 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуге жіберілді. Бұл шаралар жұмыссыз азаматтардың техникалық кәсіптік білім алуын, сондай-ақ еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауды, одан әрі жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылуда.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мақсатында келесі іс-шаралар жүзеге асырылуда:

- өз кәсібін ашқысы келетін және бұрын кәсіпкерлікпен айналыспағандар үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылған. Ағымдағы жылы оқытудың осы түрінен1 028 адам өтті, олар бизнес негіздері бойынша білім алып, кейіннен өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттерді ала алады.

- жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 692 адам қайтарымсыз гранттар алып, өз істерін бастады. Негізінен, алынған қаражат технологиялық құрал-жабдықтар, қажетті инвентарлар, үй жануарлары мен құстар алу үшін жұмсалды. Грант алған кәсіпкерлер қосымша 68 жұмыс орнын ашты. Грант сомасы 583 400 теңгені құрайды.

- ірі жобалар үшін төмендетілген пайызбен шағын несиелер берілу қарастырылуда. Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге 211 шағын несие берілді. Шағын несие алған кәсіпкерлер өз бизнестерінде қосымша 287 жұмыс орнын ашты.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдарының бірі жалақысы субсидияланатын жаңа жұмыс орындарын құру болып табылады. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына 669 адам, жастар тәжірибесі аясында 1 005 адам, қоғамдық жұмыстарға 5 118 адам жұмысқа орналастырылды. Жоғарыда аталған жұмыстардың барлығы уақытша жұмыс орындары. Қызметкер уақытша жұмыс кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткені жағдайда, одан әрі осы жұмыс берушіге тұрақты жұмысқа орналасу ықтималдығы бар.

«Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс беруші бос орындардың бар екендігі туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, олар пайда болған күннен бастап 5 жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жазбаша түрде немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы арқылы жiберуге міндетті. Осылайша, Жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарының тізімі қалыптасады. Сонымен қатар, кез келген адам, сондай-ақ жұмыс іздеушілер және тіркелген жұмыссыздар «Электрондық еңбек биржасы» порталынан бос жұмыс орындары туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие. Халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек делдалдығы қызметін көрсете отырып, осы санаттағы адамдарды аталған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасу үшін жолдайды. Мәселен, биыл еңбек делдалдығы аясында 14 053 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қамтамасыз етудің тағы бір құралы – облыс тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге өз еркімен көшіру. Бұл Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола және Қостанай облыстары. Яғни, ниет білдірген әрбір адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында осы құралды пайдаланып, жоғарыда аталған облыстарға өз еркімен қоныс аудара алады. Ол жерде баспанамен және тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Қосымша ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі Жұмыспен қамту орталығына немесе тікелей біздің Басқармаға хабарласуыңызға болады. Жыл басынан бері аталған өңірлерге 37 отбасы мен 124 адам өз еркімен қоныстандырылды.

Жалпы, жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша 24 545 азаматқа жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары көрсетілді.

Басқарма қызметінің келесі бағыты атаулы әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Аталған көмек түрін көрсетуге 2021 жылға 1,7 млрд. теңге бөлінді.

Ағымдағы жылдың басынан бері 3 671 отбасы немесе 19 578 адам 1,2 млрд. теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Жалпы сомасы 184,8 млн. теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік топтама 5 437 балаға берілді.

Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесі, яғни жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын адам саны, облыс халқының жалпы санының 2,6%-ын құрайды.

Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласында келесідей жұмыстар атқарылуда.

Бүгінгі таңда облыста 29 234 мүгедектігі бар адам есепте тұр. Оның 2 433-і І топтағы, 12 048-і ІІ топтағы, 8 307-і ІІІ топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалар саны – 6 446.

Мүгедектік тобына, диагнозына және жеке оңалту бағдарламасына қарай мемлекетпен арнаулы әлеуметтік қызметтердің барлық түрлері көрсетіледі және оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етіледі.

Ағымдағы жылдың басынан техникалық оңалту құралдарын және қызметтерін алу үшін 18 086 өтініш түсті. Бүгінгі күні 14 049 өтініш орындалды, бұл 77,7%. Ағымдағы жылға техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 1,2 млрд. теңгені құрады. Бұл бағытқа бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келетінін айта кеткен жөн. Яғни, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етілген мүгедектер саны да жыл сайын артып келеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың басынан техникалық оңалту құралдарын арнайы әзірленген Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алу мүмкіндігі берілген. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар адамдар жеткізушіні және сатып алынатын өнімді таңдай отырып, өз бетінше тапсырыс бере алады.

Басқарма жариялаған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында облыста 6 жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде биылғы жылы аға-буын азаматтары үшін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды және «Тең Қоғам» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау орталығын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Бейнеу ауданында психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы ашылды. Келесі жылдан бастап арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж азаматтарды көбірек қамту үшін облыстың барлық аудандары мен қалаларында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру жоспарлануда.

Қорытындылай келе, Басқармамен халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шараларын көрсетудің тиімділігін арттыру, сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету сапасын арттыру жөнінде жаңа бастамаларды енгізу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқандығын атап өткім келеді.

2021 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар туралы есеп
Дата публикации
25 ноября 2021