Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен 2003 жылдың 21 наурызында Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектаклімен /режиссері Р.Машурова/ ашылды.
Өлкеміздегі тұңғыш театрға режиссерларды, актерларды, басқа да жетік мамандарды іріктеу мақсатымен Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының 3 курс студенттерімен келісім жасасып, К.Ақүрпеков, Қ.Мырзалинова, М.Адайдилденов, А.Жансейтова, А.Тастаев, Т.Шайых Д.Дөненбаева , М.Умиралиев, Б.Манкеева және т.б. 30 жас маман және де сол академияның қысқы мерзімді 6-айлық курсын, актерлар мамандығы бойынша-10, гример, сахна дыбыс беруші, сахнаға жарық беруші т.б техникалық составқа 10-Маңғыстаулық мамандар іріктелініп, барлығы 20 өнерлі жастар облысымызға келді. Өлкемізде өнер жолын - өмір жолын бастауға келген жас мамандарға облыс әкімінің қолдауымен баспана берілді. Еңбек жолдарын жаңа театрда бастаған актерлер бүгінде өз кәсіптерінің қыр-сырын еркін меңгерген мамандар.
2006 жылы өнер ошағына халық әртісі Нұрмұхан Жантөриннің есімі берілді Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драмалық театры өлкеміздегі жалғыз кәсіби театр болғандықтан, бес бағытта жұмыс жасайды. Олар: балалар театры, жасөспірімдер театры, орыс театры, музыкалық театр, драмалық театр. Көрермендердің сұранысы бойынша театрдан орыс труппасы ашылды.
Бүгінде театр ұжымы 11 театр маусымына аяқ басты. Қазіргі таңда театр ұжымында 51 әртіс қызмет етеді,оның 39-ы жоғары білімді.
Театр қоржынында 44 ке жуық қойылым бар.Атап айтар болсақ,әлем классикасынан У.Шекспир «Ромеo мен Джульетта», Ж.Мольер «Тартюф», орыс классикасынан А.Чехов «Скандальные историй», туыс халықтар әдебиетінен Г.Хугай «Көршілер», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» ,қазақ классикасынан Ғ.Мүсірепов «Қозы Көрпеш Баян сұлу», Т.Әліпбаев «Томирис», Ә.Кекілбаев «Адам болып өтейін» және т.б. қойылымдар сахналанып келеді.
Облыстық қуыршақ театры. 1981 жылдың 6 қаңтарында театр тұсауы В.Катаевтың пьесасы бойынша қойылған «Цветик -семицветик» спектаклімен кесілді. Келесі жылы «Жігер» жастар шығармашылық фестивалінің дипломанты атанды.
Облыстағы жалғыз кәсіби театр болғандықтан, тек балалар емес, жасы үлкен көрермендерге арналған қойылымдар қойған кездері болды. 1981 жылы И.Штоктың пьесасы бойынша «Божественная комедия», 1984 жылы В.Сатаевтың пьесасы бойынша Т.Шевченконың Маңғыстаудағы өмірін бейнелеген «В степи безлюдной и глухой» атты спектаклі көрермендердің ризашылығына ие болды.
Ал, бүгінгі таңда театр тізгіні – қазақ труппасының ашылуына еңбек сіңірген театрдың ардагер әртісі, «Мәдениет саласының үздігі» Фарида Атакееваның қолында.
Сонымен қатар, кәсіби жас труппаның бас режиссері театрымыздың алғашқы қалаушыларының бірі « Құрмет » орденының иегері Надежда Насырова.
Маңғыстау облысының мәдениет басқармасының Маңғыстау облыстық филармониясы
1975 жылы сәуір айында құрылған Маңғыстау облыстық филармониясы 2008 жылы 2 қазандағы № 1 320-шы Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысы негізінде күйші Мұрат Өскінбаевтың аты берілді.
Бүгінде өлкен өнерінің өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатқан өнер ордасында 5 кәсіби ұжым яғни: Абыл Тарақұлы атындағыи ұлт-аспаптар оркестрі; «Ақжарма» ансамблі; Кіші симфониялық оркестр; Камералық ансамль, Би тобы қызмет етеді.