Маңғыстауда "Парасат жолы" жобасы іске асырылуда

Бүгін республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы С.Түгел және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Ж.Жылқышиева Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келді. 

Жұмыс тобы іс сапар барысында Қ.Сыдиықов атындағы облыстық кітапханадағы «Парасат жолы» орталығына барды. Онда С.Түгел мен Ж.Жылқышиева «Парасат жолы» орталығының жұмысымен танысып, кітапхана ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуде С.Түгел еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы  жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, «Парасат жолы» жобасының қоғамға тигізер пайдасы туралы атап өтті. 

"Парасат жолы- әділдік жолы, тазалық жолы. Парасаттың жолы ашық болсын,"- деп тілегін білдірді С.Түгел.

Айта кетейік, «Парасат жолы» жобасы ағымдағы жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен құрылды. Бүгінде еліміздің барлық аумағынан осындай орталықтар ашылып, жұмыс істеуде. Жобаның мақсаты – қоғамда парасаттылық, адалдық, әділеттілік қағидаттарын қалыптастырып, мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілете отырып, ізгі қоғам құруға бағытталған.

Дата публикации
19 марта 2021