Отчет о проделанной работе в 2020 году

Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының 2020 жылғы жұмысы туралы

Маңғыстау облысының мәдениет, өнер және архив жүйесінде 126 мемлекеттік мекеме бар (2 театр, 1 концерттік ұйым, 66 кітапхана, 6 музей, 1 «Отпан» тарихи-мәдени кешені, 1 тарихи-мәдени қорық, 1 облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы, 40 клуб мекемесі, 8 архив мекемесі).

Осы мәдениет салаларында қызмет атқаратын қызметкерлер саны 1997-ні құрайды, оның 907-і ауылдық елді-мекендерде қызмет етеді. 

Облыста мемлекеттік тізімінде тұрған 590 тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның 20-ы республикалық мағынадағы ескерткіштер.

Мәдениет және өнер саласында қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етудің аймақтық бағдарламасындағы нысаналы индикаторлары: 2020 жылы 1000 адамға шаққандағы мәдениет ұйымдарына келушілердің (келу) орташа саны 8,1 %-ға артығымен орындалды (халықтың орташа саны 01.12.2020 жылға 708,1 мың адам), оның ішінде: 

 - кітапханаға келушілердің 1000 адамға шаққандағы орташа саны  4,5%-ға артты (жоспар – 73,4 адам, нақты- 76,7 адам);

- театрларға келушілердің 1000 адамға шаққандағы орташа саны 9,9%-ға артты (жоспар – 23,2 адам, нақты-25,5 адам);

- музейлерге келушілердің 1000 адамға шаққандағы орташа саны  23,4%-ға артты (жоспар-  19,2 адам, нақты-23,7 адам);

- концерт мекемесіне келушілердің 1000 адамға шаққандағы орташа саны 4,2%-ға артты (жоспар– 18,8 адам, нақты-19,6 адам).

 

Қаржыландыру

Мәдениет саласын дамыту үшін облыс бойынша бюджеттен 3,7 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде республикалық бюджеттен 724,5 млн. теңге мәдениет ұйымдарының, архив мекемелерінің басқару және негізгі персонал қызметкерлеріне ерекше еңбек жағдайлары үшін еңбекақысына 35% үстемеақы төлеуге, «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» аясында 5 мәдениет нысанының жөндеу және 1 нысанның құрылыс жұмысына, материалдық-техникалық базаны нығайтуға 49,3 млн. теңге, қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы бойынша 141,6 млн.теңге бөлінді.  

                 

Клуб ісі

 

Облыс бойынша 41 клубтық мекеме жұмыс жасайды, оның ішінде 37-і ауылдық жерлерде орналасқан.

41 клубтық мекеменің 32-і типтік ғимараттарда орналасқан.

п/п

Қалалар мен аудандар

 

Клубтық мекемелер  

Типтік ғимарат

Бейімделген ғимарат

 

1

Маңғыстау ауданы

12

10

2

2

Бейнеу ауданы

11

4

7

3

Қарақия ауданы

6

6

-

4

Түпқараған ауданы

4

4

-

5

Жаңаөзен қаласы

3

3

-

6

Ақтау қаласы

2

2

 

7

Мұнайлы ауданы

3

3

-

 

Барлығы

41

32

9

 

Клуб мекемелерінің ішінде 3 ауылдық клубқа (Қосбұлақ, Сыңғырлау, Тұрыш ауылдық клубтары) күрделі жөндеу жұмыстары қажет етіледі.

4 клуб мекемесіне (Жыңғылды, Өтес, Сам, Тәжен) жаңадан құрылыс салу қажет етіледі, өйткені олар ауыл мектептері, әкімдіктері жанында орналасқан. Жыңғылды, Өтес ауылдарындағы клуб мекемелерінің құрылыс жұмыстары 2021-2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының даму бағдарламасына енгізілді. 

Маңғыстау ауданы бойынша 2020 жылы Шайыр ауылдық мәдениет үйіне «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 15976,0 мың теңге бөлініп ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Және де жергілікті бюджеттен 1200,0 мың теңге бөлініп «Жыңғылды» ауылдық мәдениет үйіне  ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Қарақия ауданы бойынша 2020 жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында Бостан, Сенек мәдениет үйлеріне 28214,3 мың теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.   

Жаңаөзен қаласы бойынша 2020 жылы «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның  демеушілігімен «Мұнайшы» мәдениет үйінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Демеушілік көлемі 398,4 млн. теңге.     

«Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаөзен қаласының Рахат ауылында кітапханасымен бірге 300 орындық мәдениет үйінің құрылысы салынуда.  Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі.

Маңғыстау ауданында «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 211600, мың теңге бөлініп Жармыш ауылына 200 орындық жаңа мәдениет үйінің құрылысы салынуда. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі. 

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылдық округінен кітапханасымен                               200 орындық ауыл клубының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 147661,0 мың теңге бөлінді. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі. 

2020 жылғы есеп бойынша клуб мекемелерінде 8533 қатысушысы  бар, 408 клубтық құрылымдар жұмыс істейді, оның ішінде балаларға арналған құрылымдар 264, қатысушы саны-5342.

Олардың ішінде 66-сы (2089 қатысушысы)  «Халықтық» (үлгілі) атаққа ие ұжымдар.

2020 жылдың есебі бойынша 65602 адамның қатысуымен 331 мәдени-көпшілік шара өткізілген. Елде орын алған пандемия жағдайына байланысты клуб мекемелеріндегі шаралар онлайн форматта ұйымдастырылып, өткізілді.

 

Кітапхана ісі.

Облыс бойынша 66 кітапхана жұмыс жасайды, оның ішінде 50-і ауылдық жерлерде орналасқан.

66 кітапхананың 21-і типтік ғимараттарда орналасқан.

п/п

Қалалар мен аудандар

 

Кітапханалар   

Типтік ғимарат

Бейімделген ғимарат

 

1

Маңғыстау ауданы

15

9

6

2

Бейнеу ауданы

13

1

12

3

Қарақия ауданы

9

3

6

4

Түпқараған ауданы

8

3

5

5

Жаңаөзен қаласы

7

2

5

6

Ақтау қаласы

10

1

9

7

Мұнайлы ауданы

4

2

2

 

Барлығы

66

21

45

 

Облыс кітапханаларының ішінде 5-не (Өтес, Қосбұлақ, Бекі ауылдық, Түпқараған аудандық орталық және балалар кітапханасы) күрделі жөндеу жұмыстары қажет етіледі.

Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. компаниясының демеушілік қаржысы есебінен Қ.Сыдиықов атындағы облыстық әмбебап кітапханасына жаңадан типтік ғимарат құрылысы салынуда. Нысан 2021 жылы пайдалануға беріледі.

«Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында қаражат бөлініп Маңғыстау ауданынан аудандық кітапхана құрылысы салынып, пайдалануға берілді.   

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Nur Otan» партиясы тарапынан қолға алынған отандық кітапханаларды жаңғырту, оларды қазіргі заманғы білім орталықтарына айналдыру жобасы бойынша 2018 жылдан бері облыс бойынша 4 коворкинг орталығы Бейнеу, Түпқараған, Ақтау, Жаңаөзен кітапханалары базасында ашылып, жұмыс жасауда. Облыс кітапханалары жұмысында кітапханаларға келушілерге дәстүрлі және жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы қызмет көрсету кеңінен қолданылуда.

Облыс кітапханаларында 1461,5 мың дана кітапханалық қор бар.                                                                                                 

2020 жылғы есеп бойынша кітапханаларда 384,7 мың пайдаланушыға кітапханалық қызмет көрсетілген. Қамтылған оқырман саны 54305 адам.  

Облыс кітапханаларының 8-інде РАБИС электронды бағдарламасы жұмыс жасайды. 2020 жыл ішінде электрондық каталогке 41792 мәлімет құйылды, яғни, қазіргі таңда  электрондық мәліметтер қоры 732238 немесе барлық кітап қорының 50% құрайды.

Облыс кітапханаларының 36-сы Интернет желісіне қосылған.

Есептегі уақытта кітапханаларға 27381,4 мың теңгеге 16315 дана кітап мемлекеттік тапсырыс арқылы келген.

Сандық пішімге (цифровой формат) көшірілген өлкетану әдебиеттерінің саны 383, оның ішінде 2020 жылы 34 әдебиет. Сандық форматқа ауыстырылған әдебиеттер мемлекеттік кітапханалық қордың бірегей ұлттық электрондық каталогын және бірегей электронды қоймасын құруға арналған ҚазҰЭК жүйесіне енгізілді.

2020 жылы кітапханаларда келесідей шаралар ұйымдастырылды: Қазақстанның халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына орай «Қазақ жырының Қадыры» әдеби кеш, «Маңғыстау – мұралар өлкесі» тақырыбында дөңгелек үстел, «Әл Фараби және қазіргі заман» тақырыбында тақырыптық кеш, «Сағынады Мұқаңды сыздап жүрек» тақырыбында әдеби-музыкалық кеш, Ұлы ақын А.Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абай дана, Абай дара қазақта» атты әдеби-музыкалық кеш, күйші Д.Шығайұлының 200 жылдығына арналған «Күй өнерінің лирикалық бағытының негізін салушы» тақырыбында музыкалық сағат, Бекет ата Мырзағұлұлының 270 жылдығына орай шаралар, онлайн кездесулер және т.б.

Музей ісі.

 Облыста 6 музей мекемесі жұмыс жасайды.

Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В. компаниясының демеушілік қаржысы есебінен салынып, 2019 жылдың қазан айында Ә.Кекілбаевтың 80 жылдық мерейтойын атап өту аясында ҚР Президентінің қатысуымен салтанатты түрде пайдалануға берілді.

         2020 жылы музей жаңа ғимаратқа көшті. Ғимараттың жалпы ауданы 8669,3 м2, ғимаратта 10 экспозициалық зал болады.

Қазіргі уақытта музейде Ә.Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған зал мен Қазіргі Қазақстан залы келушілерге қызмет көрсетуде.

Музейде 4 экспозициялық залды жасақтауға 83,4 млн. теңге қаражат бөлініп, 33,9 млн. теңгесі игерілді. «Ақтау қаласының тарихы және Қазақстан халқы Ассамблеясы» экспозициялық залын жасақтау жұмыстары аяқталды. Қалған 3 зал бойынша елімізде орын алған пандемияға орай мердігерлер тарапынан шарттық міндеттемелердің орындалмауына байланысты безендіру жұмыстарын аяқтау мерзімі 2021 жылдың І тоқсанына жоспарлануда.  

2020 жылы Ә.Кекілбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің Түпқараған аудандық филиалы құрамына кіретін Мұрын жырау музейі ғимаратының құрылысы жаңадан салынды. Ғимаратының ашылу салтанаты Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілді.

2020 жылдың есебі бойынша музейлер қорында 81764 экспонат бар, оның ішінде 47400 экспонат негізгі қорда сақталған.

Жыл ішінде облыс музейлерімен 23 лекция, 1056 экскурсия өткізіліп 16766  келушіге қызмет көрсетілген.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің Жаңаөзен қалалық филиалына жаңадан ғимарат салу және Қарақия ауданынан музей құрылысын салуға ЖСҚ жасақталған. Құрылыс жұмыстары 2021-2025 жылдарға арналған Маңғыстау облысының даму бағдарламасына енгізілді.  

Жыл ішінде республикалық маңызы бар Қамысбай қорымы және Шопан ата жерасты мешітінің техникалық жағдайларына байланысты ғылыми-реставрация жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, реставрациялау жұмыстары жүргізілді.

Бекет-атаның 270-жылдығына орай Оғыланды жеріндегі Бекет-атаның мешітіне реставрация жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілді.

Жергілікті маңызы бар Үшкөз-Мейрам, Құнан, Құлбарақ, Мыңкісі, Есмамбет, Бердібек, Бекбаулы ата қорымдары, Тобықты жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті ескерткіштерінің қорғау аймақтарының жобалары жасақталды.

«Алтын Орда кезеңіндегі Маңғыстау» атты жылжымалы көрмесі жасақталды. Тарихи-мәдени қорық мамандарымен жүргізілген дала экспедицияларының нәтижесінде 4 тарихи-мәдени мұра объектілері анықталып, алдын-ала есепке алу тізіліміне енгізілді.

Театр өнері.

Шет елдік және қазақ классикасы, ұлттық драматургияның жарқын туындыларын жұртшылыққа насихаттауда театрлардың ролі зор. Облыста 2 театр: Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры мен облыстық қуыршақ театры жоғарыдағы маңызды істі жүзеге асыруда абыройлы қызмет атқарып келеді. Екі театрда да екі, яғни, қазақ және орыс группалары жұмыс істейді.

Жыл ішінде театрлармен 177 қойылым көрсетіліп 18056 көрерменді қамтыған. Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық-драма театрының репертуары жаңадан 5 қойылыммен (А.Чехов «Чудесные люди», Лопе де Вега «Шөп қорыған ит», М. Мағауин «Әйел махаббаты», Дон Нигро «Дикие истории», Е. Раушанов «Құнанбай мен Абай») толықты. Қуыршақ театры репертуары 2 қойылыммен («Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Менің досым жел») толықты, «Насрединнің алтын есегі» атты спектаклі қайта жаңғыртылды.

Жыл басынан қуыршақ театры ұжымы мектеп, балабақша көрермендеріне өз қойылымдарын ұсынып, облыс көлемінде гастрольдік сапар ұйымдастырды. Гастрольдік сапар барысында өскелең ұрпаққа ұлттық рухты сіңіру, ұлттық сананы оятуды көздейтін режиссер Н.Насырованың «Айжан әжейдің ертегісі» атты моно-спектаклі ұсынылды.

Жалпы соңғы жылдары театр осындай ұлттық тәрбие бағытындағы «Қайта жаңғырған өрнек», «Маңғыстау аңызы» спектакльдерін сахналауда.

2020 жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында 70700,0 мың теңгеге екі театр ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Алдағы жылдары Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрына арнайы типтік ғимарат салу үшін ЖСҚ дайындалуда.

 

 

Концерттік ұйым.

 

Облыста бірден-бір концерттік ұйым – М.Өскінбаев атындаңы облыстық филармониясы жұмыс жасайды. Онда 5 кәсіби ұжым бар:

Абыл Тарақұлы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі;

Кіші симфониялық оркестр;

«Ақжарма» фольклорлық ансамблі;

Камералық ансамбль;

Би тобы.

2020 жыл ішінде концерттік ұжымдармен 97 концерт қойылып 13884 көрермен қамтылды.

Пандемия жағдайына байланысты филармония концерттерін онлайн форматта ұйымдастырып, әлеуметтік желілер арқылы көрермендерге ұсынып келді.

М.Өскінбаев атындағы облыстық филармонияның 45 жылдығына орай «Өрнекті өнер ордасы» атты кітаптың тұсаукесері мен мерекелік кеш ұйымдастырылып, өткізілді.

 2020 жылы «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында 10000,0 мың теңгеге облыстық филармония ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы мәдениет және өнер саласындағы талантты және келешегі бар қайраткерлерді ынталандыру, мадақтау механизмі іске асырылып келеді. Осы жылы Мәдениет және өнер қызметкерлері күні және Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында ҚР Мемлекеттік наградаларымен 7 адам, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек ардагері» төс белгісімен, «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен» 24 адам және облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», «Алғыс хатымен», әкім орынбасарының «Алғыс хатымен» 21 адам марапатталды.

 

Архив ісі

 

Ұлттық архив қорының және жеке құрам құжаттарының сақталуын, мемлекеттік есепке алуын қамтамасыз ету, мәдени маңызы бар құжаттарымен толықтыру, архивтік құжаттарды пайдалану және жариялау қызметін Маңғыстау облысының мемлекеттік архиві мен қалалық, аудандық филиалдары жүзеге асырады.

Жыл ішінде құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында қағаз негіздегі 752 с.б. 4811 құжаттың 5356 бетінің жай-күйі жақсартылды, мәтіндері көмескіленген 376 с.б. тұратын 2586 құжаттың 2801 беті компьютер арқылы қалпына келтірілді.

84613 сақтау бірлігіндегі архив құжаттарының жай-күйіне тексеру жүргізіліп, қорытындысы бойынша актілер жасақталды.

Мұнайлы аудандық филиалының «Мұнайлы ауданы әкімінің аппараты» ММ қорының 2007-2010 жылдар аралығындағы 309 сақтау бірлігі қаралып, 61 с.б. 330 құжат аса құнды құжаттар құрамына енгізілді.

Жыл ішінде архив қоймаларынан архив қызметкерлері мен оқу залына келген зерттеушілерге жалпы саны 24640 с.б. істер берілді.     

Облыстық мемлекеттік архив және қалалық, аудандық филиал архивтері жалпы 5769 с.б. тұрақты құжаттарды сақтауға қабылдады.

Жыл ішінде архив қорындағы 1008 сақтау бірлігінің 50319 құжаттан тұратын 146666 беті цифрланып өңделді және деректер базасына енгізілді.

Архивтерге барлығы 4154 өтініш түсіп, түгелдей орындалды.

Ұлы жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай «Тағзым-5» кітабы жарық көріп, тұсаукесер рәсімі 9 мамыр мерекесі қарсаңында онлайн форматта ұйымдастырылды.

Қарақия аудандық филиалының қоймалары толуына байланысты Қарақия аудандық әкімдігінен 2020 жылдың желтоқсан айынан бастап, Құрық ауданындағы, Сәтбаев көшесіндегі № 209 ғимараттың 2 қабатынан 148,2 шаршы метр алаңы Қарақия аудандық архив филиалына пайдалануға берілді.

"Өзенмұнайгаз" АҚ-ның демеушілік көмегінің арқасында Жаңаөзен қалалық архив филиалының жаңа ғимаратының құрылысы басталып, жыл соңында пайдалануға берілді.

 

 

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының

іске асырылуы туралы ақпарат

 

         Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыстар тиісті іс-шаралар жоспарларына сәйкес, 3 бағыт бойынша  жүргізілуде.

1-бағыт. Латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғырту

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 13.03.2018 жылғы №27-р «Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» Өкімін орындау мақсатында 2020 жылғы 14 ақпан күні  облыстағы жоғары, арнаулы орта және орта білім беру ұйымдарының қазақ тілі пәні оқытушылары, филолог ғалымдар, сала мамандарының қатысуымен Ұлттық комиссия тарапынан ұсынылған, жаңа қазақ әліпбиінің 3 нұсқасын талқылау - Республикалық ашық талқылаудың І-ші кезеңі және 05 наурыз күні Республикалық ашық талқылаудың ІІ-ші кезеңі өткізілді.

Аталған шараларға 133 адам - облыстағы филологтар, ғалымдар және қазақ тілі пәнінің мұғалімдері қатысып, талқылау барысында өз пікірлерін білдірді. Талқылау қорытындысы бойынша хаттама ресімделіп, Тіл саясаты комитетіне жолданды.

2020 жылы мемлекеттік тілдің беделін, сұранысын арттыруға, қазақ тілінде сөйлеуге ынталандыруға, насихаттауға және  оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған 135 шара өткізілді: 11 дәріс, 4 еңбек ұжымдарымен кездесу, 3 «дөңгелек үстел», 11 онлайн-семинар, 2  «тікелей эфир», 2 «брифинг», облыстық фестиваль аясында 100-ге жуық іс-шара, 2 акция.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру шеңберінде «Латын әліпбиі және ресми жазылым: мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу» тақырыбында семинарлар мен оқыту дәрістері өткізіліп, 2020 жыл қорытындысы бойынша 611 мемлекеттік қызметшіге сертификаттар табысталды.

Халыққа қызмет көрсетудің барлық салаларында (денсаулық сақтау, білім беру және сот ісі ұйымдары, мәдениет және өнер саласында қызмет көрсету ұйымдары, спорт саласы, туризм саласы, банк ісі, сауда саласы, қоғамдық көлік, әуе және темір жол қызметі, қонақүй бизнесі, тамақтану және демалыс орындары және т.б.) тіл саласы заңнамасының талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдау мақсатында арнайы жоспарға сәйкес халыққа қызмет көрсетудің барлық салаларында іс жүргізу, сонымен қатар деректемелер, сыртқы жарнама және көрнекі ақпараттар бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету  мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер берілуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 18 қарашадағы №19-4105 тапсырмасын орындау және деректемелер, сыртқы жарнама және көрнекі ақпараттар саласында Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз ету  мақсатында 2020 жылы облыстағы 890 нысан иелері мен жарнама беруші тұлғаларға заң талаптары жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, әдістемелік көмектер берілді. Көрнекі ақпараттарда 81 қате анықталып, түзетілді.

2-бағыт. Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту

Жыл сайынғы үкіметтік емес ұйым тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижелері тұрғындардың мемлекеттік тілді меңгеруінде оң динамиканы көрсетті.

2020 жылдың қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі – 98,7% құрады.

Анықтама: Бұл көрсеткіш 2015 жылы – 92,02%, 2016 жылы – 93,4%, 2017 жылы - 94,1%, 2018 жылы–97,7%, 2019 жылы – 98,3%-ды құраған.

Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 2020 жылы – 94,3% құрады (2015 жылы – 81,71%; 2016 жылы – 81,4%, 2017 жылы -82,87%, 2018 жылы -82,42%, 2019 жылы – 93,4% ).

2019 жылы басқарма тапсырысымен көпшілікке мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін үйретуге бағытталған «Үш тілді онлайн оқыту» мобильдік қосымша (бұдан әрі - Қосымша)жасақталып, іске қосылды. Бұл Қосымша арқылы тілдерді онлайн режимде смартфон немесе планшет арқылы үйренуге мүмкіндік береді. Қосымша Android және  iOS нұсқаларында жұмыс жасайды.

2020 жылы аталған қосымшаны 7781 адам пайдаланып, тіл білу деңгейін анықтаушы тестілеуден өтті.

Анықтама: 2015 жылы – 180 адам, 2016 жылы – 250 адам, 2017 жылы -  300 адам, 2018 жылы – 355 адам мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарымен қамтылды. 2019 жылы 3300 адам «Үш тілді онлайн оқыту» мобильдік қосымшасын пайдаланып, тіл үйренген.

Қазақ және ана тілдерін үйрету бойынша облыстағы 20 этно-мәдени бірлестіктің барлығына мемлекеттік қолдау көрсету, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін арттыру мақсатында «Балапан әлемі» журналдары №1– 4; «Атамекен» ақпараттық-танымдық жинағы, «Әліпби» энциклопедиялық анықтамалық;  «Ана тілі «Қазақстандағы этнос тілдерін оқытуға арналған мәтіндер жинағы А1, А2 деңгей»; З. Күзекова «Қазақ тілі. Жаттығулар жинағы»;  З. Күзекова «Қазақ тілі. Жоғары деңгей (С1)» +CD диск; «Латын әліпбиі: талқы, халықаралық тәжірибе және нәтиже» жинағы, т.б.                    744 оқу-әдістемелік құралдар таратылды.                                                             

Этно-мәдени бірлестіктер  жексенбілік мектептер арқылы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған. 2020 жылы дағыстан, кәріс, лак және лезгин этно-мәдени  бірлестіктерінің  жексенбілік мектептерінде мемлекеттік  тілді және ана тілдерін меңгеру онлайн-курстарында 110 тыңдаушы (2017 жылы – 69; 2018 жылы – 81; 2019 жылы - 140) оқып, дәріс алды.

Облыстағы мемлекеттік органдардардың құжат айналымындағы мемлекеттік тілде іс жүргізу үлесіне тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Мемлекеттік тілдегі құжат айналымына жүргізілген мониторинг нәтижесі 2020 жылдың қорытындысы бойынша – 99,7%-ды құрады.

Анықтама:  Бұл көрсеткіш 2015 жылы - 97,9%, 2016 жылы - 98,5%, 2017 жылы - 99,1%, 2018 жылы - 99,3%, 2019 жылы – 99,8%-ды құрады.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 99,5%-ды құрап отыр.

         Анықтама: Облыстық «MAŃǴYSTAÝ» телеарнасы, «Маңғыстау» радиосы, сонымен қатар, «Маңғыстау-Медиа» ЖШС құрамындағы облыстық «Маңғыстау», Жаңаөзен қаласының «Жаңаөзен», аудандық «Жаңа өмір», «Мұнайлы», «Қарақия», «Ақкетік арайы», «Рауан» газеттері қазақ тілінде жарық көреді. «Огни Мангистау» облыстық газеті  орыс тілінде шығады.

3-бағыт. Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту

2020 жылы облыстық ономастика комиссиясының  2 отырысы онлайн режимде өткізіліп, жергілікті атқарушы органдардан келіп түскен 2 ұсыныстың құжаттары қаралып, қорытынды берілді (2019 жылы облыстық ономастика комиссиясы отырыстарының қорытындысымен 31 ұсыныс мақұлданып, 3 объект пен 28 көшеге тарихи-дәстүрлі атаулар берілді).

 «Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында, киелі Маңғыстау өңірінің тарихын, көне мағлұматтарын, жер – су атауларын цифрлы технологияларды қолдана отырып ғаламтор арқылы барша жұртқа паш ету мақсатында ашылған «Маңғыстау облысының топонимиясы» -mangystau.atay.kz сайттың қызметі жалғасуда.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 17.11.2020ж. №768 Қаулысымен: 

 1) Маңғыстау аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің "Маңғыстау аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Шоқыр Бөлтекұлының;

2) Мұнайлы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің "Мұнайлы аудандық орталық мәдениет үйі" коммуналдық қазыналық кәсіпорнына Фариза Оңғарсынованың есімдері берілді.

Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тілге құрмет – елге құрмет» облыстық фестивалі ұйымдастырылып, облыстағы барлық мекеме, білім ошақтарында тіл мерекесіне арналған мерекелік шаралар, ақпараттық және тәрбиелік сағаттар, тіл байқаулары, семинарлар, әдеби-сазды және танымдық-тарихи кештер, көрмелер – барлығы 100-ге жуық шаралар "онлайн" түрде (пандемияға байланысты), қашықтықтан өткізілді. Соның ішінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгергендер арасында «Тіл шебері» республикалық байқауының облыстық кезеңі, Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы, «Мен қазақша сөйлеймін!», «Тіл тазалығын сақтайық!», «Көрнекі ақпарат және мемлекеттік тіл» акциялары, «Тіл тарихы тереңде!» тақырыбында жас ақындар арасында ақындар мүшайрасы,  «Тілдің мерейі  - елдің  мерейі», «Ана тілім - асыл мұрам» тақырыптық - панорамалық  көрмелер, "Тіл-өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем" викторинасы, А. Байтұрсынұлының туған күніне орай ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған - «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ұлы ұстазы»,  «Ахмет Байтұрсынұлы - қазақ халқының рухани көсемі», «Тіл білімінің атасы» тәрбие сағаттары, «А.Байтұрсынұлы тағлымы»,                                                    «А. Байтурсынов – гордость казахского народа» атты әдеби-сазды және танымдық-тарихи кештер, «Өзге тілдің бәрін біл», «Тіл – ел байлығы» атты  тікелей эфирдегі телехабарлар ұйымдастырылды. Барлық шаралар, «Тіл – ұлттың жан дүниесі», «Тілім менің-тірлігімнің айғағы» бейнероликтері БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды.

Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бағытындағы мақсаттарда республикалық байқаулардың облыстық кезеңдерін өткізуге облыстық бюджеттен 002 бюджеттік бағдарламасы бойынша 926,0 мың теңге бөлініп, игерілді.

        Мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тілге сұранысты арттыру мақсатында, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Маңғыстау облысы аумағындағы тілахуалына әлеуметтік зерттеу жүргізу»; «Деректемелер мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнама нормаларының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізу» тақырыптарындағы жобалар үкіметтік емес ұйымдар тарапынан іске асырылды.

        Әлеуметтік зерттеу нәтижесінде Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен көзделген облыстағы тіл саясатына қатысты көрсеткіштер анықталса, екінші жоба бойынша облыстағы 400-ден аса объектілергі деректемелер мен көрнекі ақпараттарда Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңнама нормаларының сақталуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жазбаша ақпараттарды заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша тиісті әдістемелік көмектер берілді. Аталған жобаларға 001 бюджеттік бағдарламасы бойынша 1990,0 мың теңге бөлініп, игерілді.

2020 жыл қорытындысы бойынша үкіметтік емес ұйым тарапынан жүргізілген зерттеу нәтижелері облыс тұрғындарының тілдерді меңгеруі бойынша оң динамиканы көрсетті:

  • орыс тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 67,2%-ды құрады;

Анықтама: 2015 жылы – 45,67%; 2016 жылы – 47,4%; 2017 жылы - 54,9%,2018 жылы - 61,5%, 2019 жылы - 65%.

  • ағылшын тілін меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 17,8%-ды құрады;

Анықтама: 2015 жылы 5,69%; 2016 жылы – 8,2%; 2017 жылы - 10,2%, 2018 жылы – 15,6%, 2019 жылы – 15,8%.

  • үш тілді (мемлекеттік, орыс және ағылшын) меңгерген облыс тұрғындарының үлесі 14,2%-ды құрады.

Анықтама: 2015 жылы – 5,69%; 2016 жылы – 7%; 2017 жылы – 9,8%, 2018 жылы - 13,2%, 2019 жылы - 13,6%.

 

 

Дата публикации
01 февраля 2021