Мемлекеттің егеменді ел екенін айқындайтын бірден-бір белгі, ол − ақша айналымында өзіндік төл валютасының болуы. Кез келген мемлекеттің ұлттық валютасы – экономика тәуелсіздігі мен халық егемендігінің кепілі.
1993 жыл еліміздің Тәуелсіздік тарихына ерекше жыл болып енді. Өйткені осы жылы 15 қарашада өз тізгінін қолға алып, ұлттық теңгені айналымға енді. Ал, 1997 жылы 13 қарашада Елбасы алғаш теңгенің айналымға түскен күнін «Ұлттық валюта күні» деп жариялады. Алғашқыда қазақтың ақын-жазушылары мен тарихи тұлғалары бейнеленген теңге шықса, кейіннен жаңа Қазақстанның айрықша көрікті жерлері бейнеленген теңгеге ауысты.
Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» еңбегінде теңге операциясы жөнінде былай деп еске алады: «Мен күн сайын кешке қарай біздің топ жұмыс істеп жатқан қала сыртындағы саяжайға келемін. Ақшаның қалай аталуы жөнінде бізде үлкен айтыс болды. Оларды «сом», «ақша» немесе «теңге» деп атау ұсынылды. Менің өзіме «алтын» атауы ұнады. Ақыр аяғында, орта ғасырлық тарихтан, Қыпшақ даласының жерлерінде айналымда болған «тәңгә» деген құйма, ақшадан шығарып «теңгеге» тоқтадық. Шынында да «деньги», «теңге»» сөздерінің түп-төркіндері бір еді».
Маңғыстау облысының қаржы жүйесінің қалыптасуы мен дамуы
Тарих
Маңғыстау облысында қаржы органы – 1920 жылдың 12 маусымында Адай уездік қаржы бөлімі болып құрылды.
Қазақ АССР Қаржы Халық Комиссариатының құрамына енген Адай уездік қаржы бөлмінің негізгі міндеті – өңірде қаржы саясатын жүргізу, қаржы-экономикалық қатынастарды реттеу және басқару болды. Қаржы бөліміне мемлекеттік мұқтаждар үшін салық жинау, уездік бюджеттің орындалысын қамтамасыз ету жүктелді.
Адай уезінің жабылуына байланысты 1927 жылдың 27 маусымында Адай уездік қаржы бөлімі өз жұмысын тоқтатты.
Кейіннен 1928 жылы 17 қаңтарда Қазақ АССР-нің Адай округі құрылған соң, Адай округтік жұмысшы, шаруа және қызыләскер депуттарының Атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылды.
Ол кездерде аумақтық қайта құруларға байланысты облыстың қаржы органдары да қайта құрылып, құрылымдық өзгерістерге ұшырап отырған. Көп жылдары өңірдің қаржы органдары сол кездегі Гурьев облысына қарасты болып, аумақтық бөлімшелер міндетін атқарған.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен Маңғышлақ облысы құрылғаннан кейін, Маңғышлақ облыстық еңбекші депутаттар Кеңесінің атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылды. Бөлім – мемлекеттік кірістер, бюджет және бақылау ревизиялық бөлімі сияқты 3 құрылымнан жасақталды.
Облыстық қаржы басқармасының алғашқы басшысы болып Андрей Пан-Дюнович Пак тағайындалған. Сол кісі өз естелігінде «Жаңадан құрылған облыста барлығын жаңадан құру керек болды. Облыстық қаржы басқармасы мен Мұнайлы және Ералиев аудандық қаржы бөлімдері құрылды. Мамандар жетіспеушілігін шешу мақсатында Алматы, Орынбор, Семей, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Гурьев облыстарынан қызметкерлер шақыртылды. Сол қызметкерлер кейіннен облыстағы түрлі қаржы органдарының басшылары болды. Олар – А. Құдайбергенов, М. Жаңбырбаев, А. Қашақов, Ж. Албытов, В. Киселева және т.б.
1977 жылы Маңғышлақ облыстық еңбекші депутаттар Кеңесінің қаржы бөлімі Маңғышлақ облыстық халық депутаттары Кеңесінің қаржы бөлімі, ал 1990 жылы Маңғыстау облыстық халық депутаттары Кеңесінің қаржы басқармасы болып қайта құрылды.
Облысымыздың қаржы саласының қалыптасуы мен дамуы жолында басында өз ісінің нағыз кәсіпқойлары Пак.А.П, Құдайбергенов А.А, Киселева В.Н, Шаметова С.Б, Нұрғалиева Х.Х, Альбекова М.Б сияқты білікті де жігерлі мамандар тұрды.
Сонымен қатар, жергілікті деңгейде елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан, аудандық және қалалық қаржы бөлімдерінің қызметкерлерінің де еңбектері зор. Олардың қатарында жас мамандардың кәсіби маман болып қалыптасып шыңдалуына зор ықпал етіп, тәлім-тәрбие берген Губашев Х.Б., Дәуленов Қ. Д., Қарабалаев К.К., Жұбаев С.Ж., Арзығұлов А., Ерғалиев Ж.Ж., Ким А.Н., Қани С.Қ сияқты ардақты ардагерлер бар.
Тәуелсіздік жылдары
Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен жаңа мемлекет құру, ел экономикасын нарықтық экономикаға көшіру, тәуелсіз еліміздің төл валютасы – теңгенің енгізілуі сияқты қоғамдағы түбегейлі реформалар қаржы жүйесін де қайта құруға негіз болды.
Бүгінгі таңда еліміздің қаржы жүйесі тәуелсіз мемлекетіміз үшін табысты және қарқында дамудың негізгі тірегі болып саналады.
Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасының қалыптасуы мен қарқынды дамуына қаржы жүйесі қызметкерлерінің қосқан үлесі орасан зор.
Қаржы жүйесінің табысты жұмыс істеуінде ерекше рөл аймақтарға беріледі.
Өңіріміздің қаржы жүйесін Мемлекеттік кірістер, Қазынашылық, Қаржылық аудит, мемлекеттік Мүлік және жекешелендіру комитеттері, сондай-ақ барлық деңгейдегі банктер мен жергілікті қаржы органдары құрайды. Бұл үлкен өзара байланысты механизм. Онда әрбір құрамдас бөлік өзінше маңызды. Бұл сауатты бюджеттік жоспарлау, түсімді қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, сондай-ақ қаржылық бақылау.
Еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекет болып қалыптасуы және дамуы жылдарында өңірдің қаржы органдары да қайта құрылу, қалыптасу, жан-жақты даму сатыларынан өтті. 1998 жылға дейін облыстық қаржы басқрмасына қарасты болып келген аудандық және қалалық қаржы бөлімдері қайта құрулар нәтижесінде жергілікті әкімдіктерге берілді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының Бес институционалдық реформасы аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде ауылдық округтер деңгейінде өзін - өзі басқарудың дербес бюджет енгізілді. Бұл өз кезегінде жергілікті өзін өзі басқару органдарының бюджеттік процесс және коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Тәуелсіздік жылдары өңір экономикасының қарқынды өсуіне байланысты жергілікті бюджет көлемі де жыл сайын артуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары облыс бюджетінің көлемі 3,5 млрд. теңгені құраған болса, биылғы мерейтой жылында оның көлемі 320 млрд.теңгеге дейін артты, оның 200 млрд.теңгесі меншікті кірістерден құралса, 107 млрд.теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер болып табылады. Бюджет шығыстарының 50%-дан астамы әлеуметтік салаға, 25%-дан астамы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы сияқты басым бағыттағы салаларға жоспарланды.
Теңге туралы қызықты деректер