Мұнайлы ауданы
Мұнайлының қарымды қадамдары
Биыл ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен республика қаржы жүйесінің құрылғанына 95 жылдық торқалы тойлары түспа тұс келіп жатыр.
1991 жылғы 17 желтоқсанда, яғни тәуелсіз ел атанған күннің ертеңіне мемлекетіміздің маңызды заң актілерінің бірі – «Қазақстан Республикасының бюджеттік жүйесі туралы» заң қолданысқа енгізілді. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексі іске кірісті. Бұл нағыз тарихи оқиғалар еді, себебі ірі мемлекет тұрмақ, кішкентай отбасының бюджетінде тәртіп болмаса, болашақты жоспарлау мүмкін емес. Өткен ширек ғасырда Қазақстан небір қиындықтардан өтіп, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен бірталай жетістіктерге жетті: елімізді әлем танып, мойындады, әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен жағдайы жақсарды, жаңа технологияларды пайдалану арқылы экономикамыз қарқынды даму үстінде.
Елбасының көрегендігімен Мұнайлы ауданы Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы «Маңғыстау облысының әкімшілік-аумақтық құрамына өзгертулер енгізу туралы» №338 санды Жарлығына сәйкес, еліміздің тәуелсіздік алған жылдары ішінде ең алғаш құрылған аудан.
Дағдарыс жағдайында инженерлік инфрақұрылымды және индустриялық жобаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік саланы, кадрларды қайта даярлау ісіне, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп, оларды қаржыландыруға қомақты қаржы бөлінді. Мұнайлы ауданы қиындықтарға мойымай, алға қойған міндеттерді орындай отырып, зор жетістіктерге қол жеткізді.
Жалпы көлемі 492 189 гектарды құрайтын ауданымыздың бүгінгі орталығы – Маңғыстау селосы, ол облыс орталығынан небәрі 20 шақырым қашықтықта орналасқан, басқа аудандармен теміржол, автожол қатынастарымен байланысқан. Аудан алғашында Маңғыстау, Баянды ауылдарынан және Қызылтөбе селолық округінен құралған-ды. Кейін, яғни 2008 жылдың қаңтарынан халық санын ескере отырып және сол ауылдардағы әлеуметтік мәселелерді жедел шешуді ұйымдастыру мақсатында Дәулет, Атамекен, Басқұдық селолық округтері және 2011 жылы Мұнайлы ауданының болашақ орталығы – Батыр селолық округі құрылды.
Статистикалық көрсеткіштерге жүгінсек, 2016 жылғы 1 шілдеде аудан халқының саны 140 мың адамды құрап, 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге өскен.
2009 жылдан бастап аудан бюджетінің қарқынды дамуының, әлеуметтік салаға, инвестициялық жобаларға бөлініп отырған қаржы үлесінің көбеюінің нәтижесінде аудандық бюджет кірістері есебінен біршама маңызды жобалар іске асырылып, халық игілігіне ұсынылды.
Бұл көрсеткіштер 2009 жыл мен 2016 жылдың 1 қыркүйегімен салыстырғанда салық кірістері 2,3 есеге өскендігін көрсетеді.
2016 жылғы аудан бюджетінің көлемі 15 499 864,7 мың теңгені құрады, ал аудан құрылған кезде, яғни 2007 жылы 901 681,0 мың теңге болған: бұл дегеніміз ауданымыз ашылғаннан бері аудан бюджеті 17,1 есе өсті деген сөз.
Аудан ашылған жылы бүкіл Мұнайлы аумағында тұрғындарға бір ғана балабақша қызмет көрсетіп келсе, Елбасының бастамасымен қабылданған «Балапан» мемлекеттік бағдарламсына сәйкес осы жылдар ішінде 12 мемлекеттік балабақша, 4 шағын орталық, 17 жеке меншік балабақша ашылып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге ауданда 4 орта мектепте оқу үрдісін 3 ауысыммен оқытып келген болатын. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 8080 оқушыға арналған 8 мектеп салынып пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ауданымызда 12 орта мектеп бар.
Денсаулық сақтау саласында да денсаулық сақтау нысандары жоқ селоларға 3 бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы, аудандық аурухана құрамында жедел жәрдем бөлімі, 6 дәрігерлік амбулатория, орталық емхана, тубдиспансер пайдалануға берілді.
Мәдениет, спорт және ақпарат саласы бойынша Маңғыстау селосында кітапхана және Баянды селосында ауыл клубы, Қызылтөбе мәдениет үйі, 3 балалар мен жасөспірімдер спорт клубтары ашылды.
Ауданның инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында 2009 жылдан бастап күні бүгінге дейін 28,1 млрд. теңге құрайтын жобалар іске асырылды. Газбен қамту бағытында – Маңғыстау селосында 35 км газ құбыры, Қызылтөбе селосында 60 км газ құбыры, Дәулет селосында 30км газ құбыры және Баянды селосында 19 км газ құбыры салынды (барлығы 144 км). Бүгінгі таңда ауданға қарасты село, селолық округтер 100 % толықтай газдандырылды.
Электрмен қамту турасында: 2007 жылы Маңғыстау, Қызылтөбе, Дәулет және Баянды селоларында электрмен қамту 50% құрады. Ал қазіргі уақытта қалған елді мекендер мен көше жарықтандыру – 100% толықтай электр желісімен қамтылды.
Аудан тұрғындарын құбыр арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілді. 2010 жылы «Ауыз су» өңірлік бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаржы есебінен Баянды селосында резервуар паркі бар тұщы су қондырғысы және ауылішілік сумен жабдықтау желілері іске қосылды. Соның нәтижесінде Баянды ауылының тұрғындарына ауыз суды құбыр арқылы пайдалануға мүмкіндік туды. 2007 жылы құбыр арқылы пайданаланушылардың үлесі 7% құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 18% жетіп отыр. Маңғыстау-1, Маңғыстау-2, Жаңа Дәулет селоларына су құбыры тартылып, қолданысқа берілді.
Ауданымыздың қаржыгерлері жоғары кәсіби шеберлігімен, сауаттылығымен және жауапкершілікті сезіне білуімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда қаржыгерлер алдында ақша қорларын сауатты жоспарлау, бөлу және жұмсауды тиімді басқару сияқты елеулі міндеттер тұр.
Тарихымызға үңілсек, қаржыгерлердің ауданның даму ісіне қомақты үлес қосқанын аңғару қиын емес. Мереке қарсаңында қызмет еткен кезеңдерінде зор құрметке бөленген сол кездегі Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Т.Асауов пен экономика және қаржы бөлімінің бастығы А.Толыбаеваның есімдерін атап өтудің артығы болмас. Қазіргі таңда экономика және қаржы жүйесіне үлес қосып отырған Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ш.Сұңғат және бөлім басшысының орынбасары А.Көшекбаева, Мұнайлы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы М.Нұрымұлы және Мұнайлы аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы К.Қуандықовалардың есімдерін атап өтуге болады.
Қорыта келе айтқанда, аудан экономикасын нығайтуға, ортақ табысты молайтуға және ауданымыздың жоғары белестерден көрінуіне ауданымыздың қаржы саласы мамандарының қосқан үлесі орасан зор.
Ш.Сұңғат,
Мұнайлы аудандық экономика және
қаржы бөлімінің басшысы