
Маңғыстау ауданы
Қаржы жүйесінің қара шаңырағы
Түбегіміздің ең байырғы қаржы қызметінің қара шаңырағы – Маңғыстау аудандық қаржы бөлімі болып есептеледі. Маңғыстау аудандық қаржы бөлімі Қазақ ССР Орталық атқару Комитетінің және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1939 жылдың 1 қарашасында құрылған болатын.
Алғашқы қаржы бөлімінің басшысы Қарабасов Құспан деген азамат болды. Ол екі жылдан соң аудандық Кеңес атқару Комитетінің төрағасына дейін көтерілді. Бұдан соң аудандық қаржы бөлімін Адайбеков Нығмет, К.Сарғожаев, С.Нұрбатыров, Ж.Айдаров, Б.Жұмалиев, С.Жұбаев, С.Ерғалиев, А. Сарбалаев басқарып келді, қазіргі таңда Р.Шабикова басқарып отыр.
Қандай қоғамда болмасын, дамыған елдердің тарихына көз жүгіртер болсақ, мемлекеттің барлық саласы бойынша бәрінде де куш-қуаты мен әл-қуаты жиған-терген қазынасына қарай бағаланғанын аңғарамыз. Ол мемлекеттің мәртебесін айқындап, айбынын асыратын бірден-бір тұтқа ретінде қашанда айрықша бағаланған. Елдің ырысы мен байлығы болып есептелетін қазынаның кілті сенімді, арлы да таза қолға тапсыру ежелден жалғасып келе жатқан игілікті дәстүр. Бүгінгі біздің егеменді еліміздің еңсесін көтеріп, өзге елдермен шығын теңестіретін де сол қазынамыз, соның рәмізі – төл теңгеміз екені даусыз. Өзге де елдік белгілерімен қатар өз ақшасы болу – бұл тәуелсіздіктің басты нышандарының бірі.
Бар байлығымызды жинақтайтын тайқазан, әр жылдың бас қаржылық құжаты – мемлекеттік бюджетті жасаудан бастап, бүкіл еліміздің күнделікті тыныс-тіршілігін, оның сырт дүниемен сан қырлы байланысын қамтамасыз ететін, қажеттілігінің бәрін есепшотқа қағып, кіріс-шығысын түгендеп, тап- тұйнақтай ұстап отыру – оңай шаруа емес. Осынау артар жүгі ауыр, күрделі іспен ауданымыздың қаржы саласының қызметкерлері айналысады. Олар өздерінің көлденең көзге байқала бермейтін тынымсыз да тиянақты еңбегімен аудан экономикасының ырғақты тынысын, қаржы жүйесі қан тамырларының толассыз соғысын қамтамасыз етіп отыр десек, бұл олардың қажырлы қызметіне берілген лайықты бағасы болатыны анық.
Біздің ауданымыздың тарихында да қаржылық есеп жұмысының өз жолы, өз сүрлеуі бар. Өмір бойы есеп қызметімен көз майын тауысқан, есеп шотын сартылдатып өткен тарландарымыз да аз болған жоқ. Ұлы Отан соғысы жылдарында аудандық қаржы бөлімі саласында еңбек етіп жүрген 46 адам Отан қорғауға аттанған екен. Олардың 20-сы ерлікпен қаза тапқан. Аман қалғандары елге келіп бұрынғы қызметтеріне қайта кірісіп, халық шаруашылығын қалпына келтіруге өзіндік үлесін қосқан. Олар – Б.Ахметов, А.Сәркенов, Е.Қазиев, Қ.Шабиков, Б.Махмутов, М.Иманов, олардың абыройлы қызметтер атқарғанын айта кетпесек болмас. Солардың біразынан тәлім-тәрбие алған К.Әбуов, О.Сүгірәлиев, М.Сәрсенғалиев, Ә.Қиынов, Ж.Күйкішов,Т.Қабылова қаржы, есеп жүйесі саласында жауапты қызметтер атқарды. Қазіргі таңда қаржы саласы жаңа экономикалық реформаларға байланысты күрделене түсті. Бұл салада Елбасының жарлықтары шықты, алдағы міндеттер нақтыланды. Талап пен жауапкершілігі күшейіп отыр. Сала бойынша бақылау басшылық жүйесі қалыптаса түсуде. Жаңа талаптар деңгейінде қызмет жасап отырған ауданымыздың экономика және қаржы бөлімі ұжымы да, алдынғы буын қаржыгерлер Б.Жұмалиева, Г.Беккалиева, Ә. Ұзакбай, А.Ізғалиева, жас буын қызметкерлер М.Аюпова, К.Есқазина, А.Қызылғұлов, Р.Сарқұловалар барлық уақыттарда абыройлы қызметтер атқарып келеді. Басты мақсат – қаржы заңдылықтарын мінсіз жүзеге асыру.
Қаржы саласының 95 жылдық мерекесі қарсаңында аудан бюджетінін соңғы он жылдағы өсімін айтпай кетпеуге болмас. 2006 жылы Маңғыстау ауданының бюджеті 945 599 мың теңге болса, 2016 жылы 8 424 157 мың теңгеге жетіп, он есеге өскен. Аудан бюджетінің 80 пайызы жергілікті бюджет есебінен, яғни өз кірістеріміз.
Құрметті әріптестер!
Баршаңызды қаржы жүйесінің 95 жылдығымен құттықтаймын!
Қазақстан егемендігі жолында кәсіби қызметтеріңізге келешекті табыстар мен жоғары жетістіктерге жетуге тілектеспін!
Р.ШАБИКОВА,
Маңғыстау аудандық экономика
және қаржы бөлімі басшысы