
Бейнеу ауданы
Берекелі Бейнеуде игілікті істер көп
Бейнеу ауданы – Маңғыстау облысындағы ең ірі, әрі облыс орталығынан шалғай жатқан бірден бір аудан болып саналады. Аудан тарихы туралы сөз қозғасақ, ол облыспен бірге 1973 жылы құрылғанын тілге тиек етеміз.
Айта кетсек, аудан аумағының жалпы көлемі 4051,9 мың гектар, облыс орталығынан қашықтығы 503 шақырым. Облыс орталығымен және басқа да елді мекендермен темір жол және автомобиль жолы қатынастарымен байланыстар орнатылған. Тәуелсіздік алған жылдарда аудан халқының саны 24,4 мың болса, ол еселеп өсіп, қазір 65,7 мыңға жетті. Табиғи өсімге қоса басқа республикалардан көшіп келушілердің қатары толастамады. Осылайша Бейнеуге жыл сайын жаңадан бір ауылдың халқы қосылып отырды. Осыншама тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуде, атап айтқанда аурухана, емхана, мектеп, балабақша, тағы басқа қажетті қызмет көрсету ғимараттарын салу үшін қаржы саласының қызметкерлеріне де үлкен міндеттер жүктеліп, біраз шаруа атқарылғаны рас. Бұл орайда іс нәтижелі, игіліктер баянды болды деп әбден айта аламыз. Шындығында Бейнеу ауданы тәуелсіздік таңымен бірге ажарын ашты, іргесі кеңейіп, халқы көбейді, құт берекесі арта түсті. Ширек ғасыр ішінде тек аудан орталығы емес, шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы ерекше жақсарды.
Қазіргі таңда аудандық бюджет есебінен 56 мемлекеттік мекеме және 17 кәсіпорын қаржыландырылады. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелер мен кәсіпорындарда және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органда барлығы 113 қаржы маманы қызмет етеді. Бұл аудандағы жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын ұйымдардағы қызметшілердің 2,2 пайызы. Тәуелсіздік алып, ұлттық валютамыз айналымға енген уақыттан кейін шығындар бөлігі 43,6 млн. теңге көлемінде қалыптасқан бюджет, жаңа мыңжылдық басында 605,4 млн.теңгеге жетті. Ал 2004 жылы аудандық бюджеттің шығындар бөлігі тұңғыш рет миллиардтық межеге жетіп, жылды 1023,7 млн.теңге көлемінде аяқтады. Тәуелсіздігіміздің соңғы 18 жылында аудандық бюджеттің тек қана өсу динамикасымен қалыптасып отырғанын байқауға болады. Соңғы он жыл ішінде аудандық бюджеттің шығындар бөлігі 7,8 есеге немесе 8062,1 млн.теңгеге өсті. Ауданымыздың қаржы саласында Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Ерғалиев Жәумітбай, 1998-2000 жылдар аралығында Ерғалиев Сәбит Жәумітбайұлы және 2000 жылдан 2014 жылға дейін Нысанбаев Мақсат Өтепбергенұлы сынды азаматтар басшылық жасап, жемісті еңбек етті.
Тәуелсіздік жылдарында атқарылған ең ауқымды жұмыстардың бір парасы ауданның білім саласында жүзеге асты.
Бүгінгі таңда ауданның білім беру саласындағы 26 мектептің 11-і тәуелсіздік жылдарында салынған. Әр мектептің жаныныда спорт залдар салынып, пайдалануға берілді. Кейінгі жылдарда осы мектептердің жанынан қосымша құрылыстар мен бөбекжайлар ашылып, базалық қажеттіліктері толықтай қамтылған. Оларда бүгінгі таңда бүлдіршіндер тәрбиеленуде. Жыл сайын оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру да назардан тыс қалған жоқ. Әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың оқушы балаларын ыстық тамақпен қамту, 1-сынып оқушыларына мектеп формасын сатып алуға бюджеттен қаржы бөлініп келеді. Сондай-ақ тұрғындардың денсаулығын нығайту бағытында Боранқұл ауруханасы мен емханасы, Есет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункті, Атамекен ауылдық амбулаториясы салынып пайдалануға берілді. Аудандық орталық ауруханада диагностикалық орталық, жансақтау бөлімі ашылып, эндоскопиялық қондырғы орнатылды. Бұл аудан тұрғындарының обылыс орталығына бармай-ақ сырқаттарын осында анықтап, ем алуына мүмкіндік туғызды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарға қол жетімділігін қамтамасыз ету мақсатында аудандық спорт мектебіне, теміржол вокзалына, кіріс басқармасының ғимаратына, Бейнеу, Ақжігіт ауыл әкімдіктерінің, Боранқұл, Сарға, Ақжігіт мәдениет үйлерінің, Боранқұл аудандық ауруханасының ғимараттарына қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілді.
Ата Заңымыздың зайырын, Елбасының саясатын берік ұстанған берекелі Бейнеуде тізе берсек тілге тиек етер игі істер көп.
Биыл еліміз үшін ерекше мерекелі жыл. Атажұртында армансыз күн кешкен халқымыз ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеді. Осы айтулы тарихи мерекені Қазақстанның бір түкпіріндегі Бейнеу ауданы жақсы тұрмыс тіршілігімен, айшықты ажарымен қарсы алуда.
Бұл игі істердің барлығы облысымызда қала берді ауданымызда қаржы саясатының дұрыс жүргізілуінен әрі қаржы саласының оң жолға қойылуынан деп білеміз.
Б.Әзірханов
Бейнеу аудандық экономика және
қаржы бөлімінің басшысы