
Маңғыстау облыстық қаржы басқармасының қала мен аудандардағы бөлімдері.
Жаңаөзен қаласы
Болашаққа – нық сенімммен
Ширек ғасырлық ғұмырлы Ел Тәуелсіздігінің орнықты болуына ғасырға жуық уақыт - 95 жылдығын атап өткелі отырған қаржы жүйесінің өзіндік орны бар.
Тарих сахнасында сонау ілгері заманның өзінде әр елдің өзіндік қаржысы-валютасы болғаны белгілі. Соның ішінде, Қазақ халқының төл теңгесінің жасалу тарихы мен ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық валюта жасаудағы тарихи шешімі мен көрегенділігі. 1993 жылдың 15 қарашасында ұлттық валюта – ТЕҢГЕНІ енгізу Қазақстан Республикасы экономикалық тәуелсіздігінің айқын көрінісі болып табылады.
Қазақстан өзінің төл валютасын қиын да күрделі жағдайда дайындап, қабылдаған болатын. 90-шы жылдардың басы біздің еліміз үшін болашақты айқындау жолындағы шешімдерді қабылдауда барынша қиын кезең болды: өндірістің кең ауқымды құлдырауы, экономикалық байланыстардың үзілуі, бұрынғы одақтас республикалар арасындағы ақша-кредиттік қатынастар коллапсы.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан теңгесі әрдайым халық игілігіне қызмет етіп, еліміздің баюына және гүлденуіне ықпал етсін» - деген нақыл сөзі теңгенің – тәуелсіздік нышаны екенін айқындай түседі. Тәуелсіздік алған елдің ең бір айрықша белгісі-ұлттық валюта. Әрине, теңге бірден төрт аяғын тең басып, жолға түсіп кеткен жоқ. 1994-1996 жылдар оның құнсызданған кезеңі болды. Дегенмен, теңгеміз тұралағанымен тіршілігін тоқтатқан жоқ. Ұлттық валютаның ел экономикасын тұрақтандыруда ықпалы зор болды. Соңғы жылдары орын алған әлемдік қаржы дағдарысына да төл теңгеміз төтеп бере алды. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ұлттық валютаның тұрақтылығы мен орнықтылығын сақтауы мемлекеттің қаржы саясатындағы қарымды істерінің нәтижесі.
Ұлттық валютаның болуы ұлт тәуелсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі Тәуелсіздік алған елдің ең бірінші айрықша белгісі - ұлттық валюта. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланылатын заңды төлем құралы.
Жаңаөзен қаласы Маңғыстау түбегінің континенталды бөлігі – Үстіртте орналасқан. Халық саны бойынша облыс орталығы Ақтау қаласынан кейінгі екінші қала болып есептеледі. Тәуелсіздігімізді алған жылы, нақты дерек бойынша халық саны 54300 адамды құрап, қазіргі таңда 87 700 адамға өскен, яғни 2016 жылдың 1 қазанына 142,0 мың адамды құрады. Халық санының негізгі өсімі ТМД елдерінен келген оралмандардың санынан болған. Соңғы жылдары халық саны табиғи өсім негізінде қарқындап өсуде.
Халық санының ықшамдауын есепке алумен, мемлекеттік бағдарламалар аясында салынып жатырған құрылыс саласындағы өзгерістерді іске асыру мақсатында Жаңаөзен қаласын салудың 2025 жылға дейінгі Бас жоспары қайта жасақталып, Жаңаөзен қалалық мәслихаттың 26.09.2012 жылғы №9/78 шешімімен мақұлданып, облыстық мәслихаттың шешімімен 07.12.2012 жылғы №7/91 шешімімен бекітілді. Бас жоспар бойынша халық саны 2035 жылға дейін – 200,0 мың адамға, 2025 жылға дейін – 150,0 мың адамға дейін өсім көрсетілген.
Жалпы қаланың аумағы 51469 шаршы км. Жер қабатының және өсімдік сипаты бойынша барлық аумақ шөлейтті-дала аймағына жатады. Тұщы судың су үсті көздері және суасты қойнаулары қала аумағында жоқ. Тұщы су үш көзден келеді – ұзындығы 1050 шақырым. Қиғаш-Маңғыстау су құбыры бойынша Волга суы және Түйесу мен Сауысқан кен орындары. Облыс орталығынан Жаңаөзен қаласына дейінгі ара қашықтық – 150 шақырым. Теңіз жағасынан 60 шақырым қашықтықта. Жері тастақ, төңірегі кеңістік, жазық дала.
Транспорттық орналасуы бойынша Жаңаөзен қаласын темір жол желісі бойында, халықаралық, республикалық, жергілікті маңызы бар жолдардың бойында орналасқан қалалар тобына қосуға болады.
Қаланың тыныс-тіршілігі, өсіп – өркендеуі бағытында атқарылып жатырған білім, денсаулық, мәдениет, спорт, коммуналдық шаруашылық-жалпы дамуы бағытындағы іс шаралар аталған бөлім қызметімен тілекелей байланыста жүзеге асады, яғни қала дамуының күретамыры іспеттес.
1989 жылы ашылған экономика бөлімінің бастығы болып Самат Мұқашев, 1990-92 жылдары Ғабидулла Дәулетов, 1992-2001 жылдар аралығында бөлім басшысы Тамара Баскаева, 2001 жылдан бастап Нұржұма Гумарова қызмет етті. 2006 жылы бөлім екіге бөлініп, бірі - қаржы және бюджетті жоспарлау бөлімі боп /басшысы Мая Әбдиқұлова/, екіншісі – экономика бөлімі / басшысы Нұржұма Гумарова/ аталды. 2015 жылдан бері қаржы бөлімі мен экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы қызметінде Раушан Джантлеуова атқарып келеді. Аталған бөлімде 27 маман қызмет жасайды. Қазіргі таңда қалалық бюджет есебінен 47 мемлекеттік мекеме және 37 кәсіпорын қаржыландырылады. Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелер мен кәсіпорындарда және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органда барлығы 200 жуық қаржы маманы қызмет етеді.Былтырғы жылғы қала әкімінің жоғарғы марапаты «Жылдың үздік қаржыгері» атағын бөлім басшысы Раушан Қалдықұлқызы иеленді.
Қаламыздың қаржыгерлері жоғарғы кәсіби шеберлігімен, сауаттылығымен және жауапкершілікті сезіне білуімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда қаржыгерлер алдында ақша қорларын сауатты жоспарлау және бөлу, оларды жұмсауды тиімді басқару сияқты елеулі міндеттер тұр.
Қала экономикасын нығайтуға, ортақ табысты молайтуға және қаланың жоғары белестерден көрінуіне қаржы саласы мамандарының қосқан үлесі орасан зор.
Р.Джантлеуова,
Жаңаөзен қалалық экономика және
қаржы бөлімінің басшысы