

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жылдық мерекесімен қатар егемен еліміздің қаржыгерлері Қазақстанның қаржы жүйесінің 95 жылдық мерекесін де атап өткелі отыр.
Тарих. Маңғыстау өңірінде қаржы органдарының қалыптасуы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастау алады. 1920 жылдың 12 маусымында сол кездегі Түркістан АССР-нің (кейін Қырғыз, ал 1925 жылдан – Қазақ АССР) құрамында Адай уезі құрылып, уездік ұйымдардың қатарында Адай уездік қаржы бөлімі құрылған.
Кез-келген аумақтық бірлікті (қала, село, уезд т.б.) ұстау үшін қаржы қажет екендігі түсінікті, яғни қоғамдық қажеттіліктер үшін қаражат жинау және оны тиімді жұмсау керек. ҚАССР Қаржы Халық Комиссариатының құрамына енген Адай уездік қаржы бөлімінің негізгі міндеті – өңірде Кеңес Өкіметінің қаржы саясатын жүргізу, уезде қаржы-экономикалық қатынастарды реттеу және басқару болды. Қаржы бөліміне мемлекеттік мұқтаждар үшін қажетті қаражатты жинау, уездік бюджеттің орындалысын қамтамасыз ету және уезд аумағында жүргізілетін шараларды қаржылай қамту жүктелді.
Архивтік материалдарға жүгінсек, 1923-24 жылдардағы уезд бюджетінің кірістер бөлігі 159,9 мың сомды, шығыстары – 285,4 мың сомды құраған, оның шамамен 30% білім беру саласына жұмсалған. Ол кездерде Адай УҚБ Қилыбаев, Ақджанов, Малых, Бермұхамедов жолдастар басқарған.
1927 жылдың 27 маусымында Адай уезі жабылуына байланысты Адай уездік қаржы бөлімі де өз жұмысын тоқтатты.
1928 жылдың 17 қаңтарында Қазақ АССР-нің Адай округі болып қайта құрылғаннан кейін, Адай округтік жұмысшы, шаруа және қызыләскерлер депутаттарының атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылды. Сол кездегі қаржы бөлімінің құрылымында 5 бөлімше болған екен, олар:
1928 жылы Қазақ КСР қаржы органдарының қызметін оңтайландыру мақсатында құрылымдық өзгерістер жасалып, бөлімшелер орнына топтар құрылды, яғни қаржы бөлімінің құрамында енді бюджеттік топ, салықтық топ, салықтық емес топ, ақша-валюта тобы және хатшылық топтар болды. Сол кезеңдегі Адай ОҚБ-нің штаттық саны 21 адам болған, бөлімге Бондаренко, Қалменов, Оңғалбаев жолдастар басшылық еткен. Округтік қаржы бөлімдері халық шаруашылығын қаржыландыруды, мекемелердің жергілікті бюджет кірістері мен шығыстарын орындауын бақылауды жүзеге асырды. 1929 жылдың 10 сәуірінде Адай уезі жабылуына байланысты уездік қаржы бөлімі де өз жұмысын тоқтатты. Ол кездерде аумақтық қайта құруларға сәйкес облыстың қаржы органдары да қайта құрылып, құрылымдық өзгерістерге ұшырап отырған. Көп жылдар жергілікті қаржы мекемелері сол кездегі Гурьев облысына қарасты болып, аумақтық бөлімшелер міндетін атқарып келді.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылғы 20 наурыздағы Жарлығымен Маңғышлақ облысы құрылғаннан кейін, Маңғышлақ облыстық еңбекші депутаттар Кеңесінің атқару комитетінің қаржы бөлімі құрылды. Бөлім өз құрылымында 3 негізгі бөліктен тұрды:
Облыстық қаржы басқармасының алғашқы басшысы болған А.П.Пак сол кездерді былай деп еске алады: «Жаңадан құрылған облыста барлығын жаңадан құру керек болды, басқару құрылымы, оның ішінде облыстық қаржы басқармасы мен екі жаңа аудандық (Мұнайлы және Ералиев)қаржы бөлімдері қалыптасты. Мамандар жетіспеді, сондықтан басқа өңірлерден, яғни Алматы, Орынбор, Семей, Павлодар, Қостанай, Ақтөбе, Гурьев облыстарынан қызметкерлер шақырылды. Сол қызметкерлер кейін түрлі қаржы органдарының басшылары болды.Олар – А.Құдайбергенов, М.Жаңбырбаев, А.Качаков, Ж.Албытов, В.Киселева және т.б.».
1977 жылы Маңғышлақ облыстық еңбекші депутаттар кеңесінің қаржы бөлімі Маңғышлақ облыстық халық депутаттары Кеңесінің қаржы бөлімі, ал 1990 жылы Маңғыстау облыстық халық депутаттары Кеңесінің қаржы басқармасы болып қайта құрылды.
Облысымыздың қаржы органдарының қалыптасуы мен дамуы жылдарында тізгін басында өз ісінің нағыз кәсіпқойлары, білікті де жігерлі басшылар тұрды, олар:
Пак Андрей Пон-Дюнович – 1973-1988 жж. басқарған;
Құдайбергенов Амангелді Ахабайұлы – 1988-1991жж.;
Киселева Валентина Николаевна – 1991-1997жж.;
Шаметова Светлана Борисовна – 1997-2001жж.;
Сәрсенқұлов Жансейіт Сәрсенқұлұлы – 2001-2003жж.;
Нұрғалиева Халила Хабижанқызы – 2003-2004жж.;
Сейітмағанбетова Гүлнар Сүлейменқызы – 01.2005ж.-02.2005ж.;
Альбекова Марина Борисқызы – 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін.
Осы басшылармен бірге иық тіресіп қажымай еңбек еткен көптеген мамандар бар, олардың ішінде бүкіл саналы өмірін қаржы қызметіне арнаған ардагерлер Семенько Надежда Акимовнаны, Итешов Құдайберген Битасовичты, Слизова Людмила Григорьевнаны, Жанна Жұмағұловна Тұрғамбаеваны, Батырбаева Айжамалды, Ким Ада Николаевнаны т.б. атап өтуге болады.
Сонымен қатар, жергілікті деңгейде елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан, өз міндеттерін абыроймен атқарып келген аудандық және қалалық қаржы бөлімдері қызметкерлерінің еңбектері елеулі. Олардың қатарында аяулы ардагерлер Х.Б.Губашевты, З.С.Садықовты, Қ.Д.Дәуленовты, А.М.Захаровты, Қ.Қарабасовты, С.Жұбаевты, А.Арызғұловты, Қ.Қарабалаевты, С.Қаниды, Ж.Ж.Ерғалиевты және басқаларын еске аламыз.
Тәуелсіздік жылдары. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жаңа мемлекет құру, ел экономикасын басыбайлы өзгертіп, нарықтық экономикаға көшіру, тәуелсіз еліміздің төл валютасы – теңгенің енгізілуі сияқты қоғамдағы түбегейлі реформалар қаржы жүйесін де қайта құруға негіз болды. Осы жылдары қаржы саласы қызметкерлеріне жаңаша жұмыс істеу, іздену, өз біліктіліктерін шыңдай түсу арқылы тәуелсіз еліміздің жаңа қаржы жүйесін қалыптастыру міндеті жүктелді және олар өз міндеттерін абыроймен атқарып шықты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай төмен деңгейде болғаны белгілі. Қаржы-шаруашылық байланыстар үзілген, көптеген кәсіпорындар қызметін тоқтатып, бюджетке салықтар түспей, еңбекақылар мен жәрдемақылар төлеуге қаржы жетпейтін қиын кезеңдерде өңір қаржыгерлері бар мүмкіншілікті пайдаланып, тығырықтан шығатын жолдар таба білді.
Еліміз тәуелсіздік алып, өз алдына бөлек мемлекет болып қалыптасуы және дамуы жылдарында өңірдің қаржы органдары да қайта құрылу, қалыптасу, жан-жақты даму сатыларынан өтті. 1992 жылы Маңғыстау облыстық әкімшілігінің қаржы басқармасы, 2005 жылы Маңғыстау облысының қаржы департаменті және соңғы рет 2008 жылы Маңғыстау облысының қаржы басқармасы ретінде қайта құрылды. 1998 жылға дейін басқарманың штат саны 93 адамды құрайтын, ол кезде 2 қала және 4 аудандыққаржы бөлімдері басқармаға қарайтын еді. Қайта құрулар нәтижесінде қалалық және аудандық қаржы бөлімдері жергілікті әкімдіктерге беріліп, қаржы басқармасы облыс көлемінде қаржы-бюджет жүйесін үйлестіруші және қадағалаушы орган ретінде қалыптасты. Қазіргі таңда облыстық қаржы басқармасында 37 адам, ал 2 қалалық және 5 аудандық қаржы бөлімдерінде 127 адам, облыс бойынша барлығы 164 адам қызмет етеді.
Қаржы басқармасының негізгі міндеттері - жергілікті бюджеттердің орындалысын қамтамасыз ету және коммуналдық меншікті басқару болып табылады. Яғни, облыс аумағындағы кез-келген мемлекеттік маңызы бар мәселе қаржы қызметкерлерінің қатысуынсыз шешілмейді, себебі барлық шаралар бюджет қаражаты мен қажетті активтермен қамтамасыз етілуі тиіс. Сондықтан қаржыгерлер жан-жақты білімді және білікті болуы шарт, себебі олар тиімді және заңды қаржыландыру үшін білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, коммуналдық шаруашылық т.б. салалар заңдылықтарын біліп, мәселелерге талдау жасай алуы керек.
Бюджет жүйесі.
Облыс бюджеті жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдаулары, мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар негізінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың қажеттіліктерін өтеуге бағытталып жасақталады.
Өткен ширек ғасыр ішінде облыстық бюджет еліміздегі салық-бюджет саясаты мен қаржы-несие жүйесінің өзгеріп отыруына, өңірдегі экономикалық жағдайға сәйкес дамудың түрлі сатыларынан, яғни қалыптасу, тұрақтану және өсу деңгейлерінен өтті. Облыс бюджеті 1995 жылы тек қана 3,5 млрд.теңгені құраса, 2005 жылы 36 млрд.теңге, ал 2015 жылы 161,3 млрд.теңге болды, яғни 10 жылда 4,5 есе, ал 20 жылда 46 есе өскен. Мемлекеттік бюджетке 1995 жылы 3,3 млрд.теңге салықтар мен басқадай міндетті төлемдер түссе, 2015 жылы ел қазынасына 348,7 млрд.теңге түсімдер түсті, оның ішінде РБ-ке – 200 млрд.теңге, жергілікті бюджеттерге – 148,7 млрд.теңге.
2016 жылы облыс бюджеті 176,8 млрд.теңге көлемінде қалыптасқан, оның 131,8 млрд.теңгесі жергілікті кірістерден құралса, 45 млрд.теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферттер мен кредиттер болып табылады. Бюджет қаржысының 53,4 млрд.теңгесі немесе 30,2% әлеуметтік салаға бағытталса, 37,3 млрд.теңге, яғни бюджеттің 21,0% даму бағдарламаларына жұмсалып отыр. Ағымдағы жылы бюджет қаржысынан облыс көлемінде 315 жаңа объект пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Облысымыз республикадағы «донор» өңірлердің бірі екені белгілі, республикалық бюджетке өз табыстарынан аударатын аударым көлемі жыл санап өсіп келеді, ағымдағы жылы 25,7 млрд.теңге аударым қарастырылған. Бюджет процесін оңтайландыру бағытында ҚР Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығына сәйкес жүзеге асырылып отырған мемлекеттік органдардың қызметінің тиімділігін бағалау маңызды роль атқарады. Оған сәйкес бюджеттік бағдарлама әкімшілері бюджет қаражатын басқару тиімділігі бағытыбойынша, яғни түпкілікті нәтижеге жету, жеткен нәтиже мен оған жұмсалған бюджет қаражатының сәйкестілігі, кредиторлық және дебиторлық бережақтардың өсуі, бөлінген бюджет қаражатының игерілу және т.б. көрсеткіштер мен өлшемдер бойынша бағаланады. Бағалау қорытындылары жыл сайын бюджет процесін одан әрі жетілдіру және қаржы тәртібін нығайту шараларын жүргізуде қолданылады.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет қаржысын екінші деңгейдегі банктер депозиттерінде негізсіз орналастыру мәселесі де оң шешімін тапты, ендігі жерде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджеттік инвестицияларға және жарғылық капиталды ұлғайтуға (қалыптастыруға) бағыттайтын қаражаттарының есебі жүргізілетін есепшоттар Қазынашылық органдарында ашылған.
Коммуналдық меншікті басқару.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Ел Президентінің «Қазақстан-2030, Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауын жүзеге асыру бағытындағы шаралары мемлекеттік меншікті басқару жүйесін оңтайландыруға және тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, ел экономикасының қарқынды дамуы мемлекеттік активтерді басқару саясатындағы басымдықтарды қайта қарауды талап етті.
2003 жылдан бастап мемлекеттік меншікті басқару тиімділігін арттыру мен жекешелендірудің салалық бағдарламалары жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарламаларда мемлекет активтерін басқарудың негізгі бағыттары мен міндеттері айқындалды, оның ішінде мемлекет мүдделері мен міндеттеріне сәйкес мемлекеттік меншіктің сапалық құрамын анықтау, оны басқарудың тиімділігін бағалау критерийлерін белгілеу және есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізу мәселелері бірінші кезекке шықты.
Мемлекеттік активтерді тиімді басқарудың алғышарттарының бірі – бұл мемлекет меншігінің саны мен сапасы жөнінде толық мәлімет жинақтау. Маңғыстау облысының әкімдігі бүгінгі күнге 265 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мен жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 408 мемлекеттік мекеменің қатысушысы болып табылады, олардың меншігіндегі негізгі активтердің құны 700 млрд.теңгеден асып жығылады.
Коммуналдық мемлекеттік меншікте ұлттық компаниялар мен даму институттарының акциялар қорын қоса алғанда 21 акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің акциялар қоры мен үлестері бар.
Заңды тұлғалардың жарғылық капиталында акционер немесе қатысушы ретінде мемлекеттің қатысуы оның осы заңды тұлғаларға қатысты мақсаттары мен мүдделеріне байланысты болады. Сондықтан жыл сайын мемлекеттік кәсіпорындар, акционерлік қоғамдар мен серіктестіктердің қызметтеріне талдау жүргізіліп, тиісті емес қызмет түрлері анықтау және оларды бәсекелестік салаға беру жұмыстары жүргізіліп келеді.
Талдау көрсетіп отырғандай, мемлекеттік заңды тұлғалардың Жарғысында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерге, белгіленген қызмет түрлеріне жатпайтын көптеген қосалқы қызмет түрлері бар.
Тәуелсіздік алған жылдары нарықтық экономикаға көшіру және жеке меншікті қалыптастыру мақсатында жекешелендірудің алғашқы қадамдары жасалды. Алайда мемлекет меншігінде әлі де бірқатар кәсіпорындар қалды, сонымен қатар жекешелендірудің бірінші толқынынан кейін де көптеген даму институттары құрылды.
Елбасының 2014 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес қазір жүргізіліп отырған жекешелендірудің екінші толқыны шағын және орта бизнесті одан әрі ынталандыру арқылы ел экономикасын қарқынды дамыту үшін жүзеге асырылуда. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы – желтоқсандағы № қаулысымен 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспары бекітілді.
2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес облыс көлемінде коммуналдық меншіктегі 15 ұйымды (11 облыстық және 4 аудандық) жекешелендіру қарастырылған, оның ішінде бүгінгі күнге 2 ұйым жекеге сатылып, 1 сенімгерлікпен басқаруға берілді, тағы да 3 ұйым саудаға шығарылды.
Жалпы алғанда, облыстық қаржы басқармасымен соңғы 10 жылда құны 1,2 млрд.теңге болатын коммуналдық меншік объектісі (қозғалмайтын және басқа да мүліктер, мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдар үлестері т.б.) бәсекелестік салаға сатылып, қаржы бюджетке құйылды.
Мемлекеттік активтерді тиімді басқарудың тағы бір бағыты бұл мемлекеттік-жекеменшік серіктестік моделін енгізу болып табылады. Қазіргі таңға Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің бірнеше механизмдері қолданылады, оның ішінде кең тарағандары: лизинг, мемлекеттік сатып алулар, заңды тұлғалардың жарғылық капиталында жеке тұлғалармен қатар мемлекеттің де қатысуы, мемлекеттік меншік объектілерін жеке түлғаларға жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру. Бұл механизмдердің жүзеге асырылуы заңмен нақтыланған.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тағы бір маңызды механизмі болып концессия табылады. 2006 жылдың шілдесінде ҚР «Концессия туралы» Заңы қабылданғаннан кейін, облыстық қаржы басқармасы қызметкерлерінің тарапынан осы механизмді қолдана отырып Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терминалын салу жобасы ұсынылды.
2007 жылы Маңғыстау облысында республикада алғашқы рет концессия негізінде аталған жоба жүзеге асырылып, түрік компаниясымен 30 жылға шарт жасалды. Бұл шарт негізінде «АТМ Grup» компаниясы әуежайға жаңа жолаушылар терминалын салып қана қоймай, ұшу-қону алаңын қайта құрылымдап, оны халықаралық сапа деңгейіне жеткізу жұмыстарын атқарды. Қазіргі таңға Ақтау әуежайы тасымалдау көлемі жөнінен республика бойынша Астана және Алматы әуежайларынан кейінгі 3 орынды алады және ТМД елдері ішіндегі даму әлеуеті жоғары әуежайлардың бірі болып табылады.
2014 жылдың 30 маусымындағы мемлекет басшысымен қол қойылған «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы 2014 жылдың 1 қыркүйегінде күшіне енгені белгілі. Отандық экономиканың дамуына зор серпін беретін бұл науқан 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Облыс бойынша 01.10.2016ж. жағдайына мүлікті жария етуге құны 16,5 млрд.теңгені құрайтын 775 өтініш түсіп, құны 10,9 млрд.теңге болатын 550 өтініш қанағаттандырылды.
Маңғыстау облысы бойынша қаржы басқармасы ұжымы Қазақстан Республикасының қаржы жүйесінің барлық қызметкерлері мен ардагерлерін Ұлттық валюта күні мерекесімен, еліміздің қаржы жүйесіне 95 жылдық және Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, Сіздерге мықты денсаулық, амандық, бақыт және ұзақ өмір тілейді!