Маңғыстау облысының 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы
Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жұмыс 2015 жылы Мемлекет басшысының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2014 жылғы 11 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған тапсырмаларға, сондай-ақ стратегиялық және басым мемлекеттік, салалық бағдарламаларға сәйкес құралды. Маңғыстау облысын, қалалар мен аудандарды дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жалғасуда.
Облыстың ЖӨӨ 2015 жылдың 3 тоқсанында 1570 млрд. теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ көлемі бойынша облыс республикада төртінші орынды алады (ҚР бойынша орташа 2555,4 мың теңге болғанда – 1588,5 мың теңге).
Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2015 жылы қолданыстағы бағада 1552,5 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 96% құрады.
Қарқынның төмендеуі облыстағы өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінде үлесі 88,6% құрайтын кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игерудегі төмен НКИ-мен (96,3%) байланысты болды (1375 млрд. теңге). Техникалық қызметтердің (немесе сервистік қызметтер – бұрғылаудың, ұңғымаларды күрделі жөндеудің) 29%-ға төмендеуі байқалады.
Есепті кезеңде мұнайға арналған әлемдік бағалардың күрт құлдырауы өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының өндірістік қызметіне теріс әсер етіп, нәтижесінде облыстың мұнай-га өндіруші кәсіпорындары сервистік қызметтер бойынша көлемді төмендетуге мәжбүр болды.
Мұнай өндіру 18,5 млн. тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру 23,6%-ға өсті (2535,6 млн. текше метр).
Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінде (саланың үлесі – 5,4%) 84,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі (НКИ) 84,5% құрады.
Машина жасауда («Каскор-Машзавод» АҚ, «Каспий маңы машина жасау кешені» ЖШС) НКИ-нің 24%-ға төмендеу байқалады, бұл да өңірдің машина жасау саласы кәсіпорындарының өндіру және мұнай кәсіпшілігінің жабдығын жөндеу және орнату бойынша қызметтер көлемін төмендетуіне байланысты болды.
Өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 11,5%-ға, азық-түлік өнімдерінің өндірісінде – 9,3%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде – 7,5%-ға өсу байқалады.
«Сумен жабдықтау, канализациялық жүйе, қалдықтарды жинақтауды және бөлуді бақылау» саласында 18,4 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді немесе 2014 жылдың тиісті деңгейіне 93,1%.
Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда НКИ – 107,1%, өндіру көлемі – 73,69 млрд. теңгені құрады.
Ұлттық компаниялар мен жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуындағы жергілікті қамтымды арттыру жөніндегі форумдардың аясында 2015 жылы облыс бойынша 311,6 млрд. теңгеге 120 меморандумға қол қойылды. Осы Меморандумдардың негізінде 302,6 млрд. теңге сомасына 484 шарт жасасылды (меморандумдар 98,5%-дан аса орындалды).
2015 жылғы желтоқсанда жер қойнауын пайдаланушылармен, сервистік компаниялармен кеңес өткізіліп, оның барысында Маңғыстау облысының әкімдігі, жұмыс беруші және кәсіподақ арасында өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын және оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету және жергілікті қамтым мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 2015 жылда 454,4 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне 81,5%.
Төмендеу, бірінші кезекте кен өндіру өнеркәсібіне салынатын инвестициялардың (дәлірек айтқанда, машиналар мен жабдыққа, барлауға және өндіруге арналған шығындардың) төмендеуімен байланысты болды.
Индустрияландырудың екінші бесжылдығының аясында 162,9 млрд. теңге сомасына 6,2 мыңнан аса жұмыс орны құрылатын 21-ден астам инвестициялық жобаны іске асыру көзделді.
2015 жылы 50,4 млрд. теңге жалпы сомасына және шамамен 655 жұмыс орны құрылған 11 жоба пайдалануға берілді:
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында ұлттық компаниялардың, даму институттарының қаржыландыруы және бюджеттік қаржыландыру арқылы өңірде 14 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жүргізілуде. Барлық жобалар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 162,8 млрд. теңгені құрайды. Оның ішінде, Ұлттық қордан 2015 жылға 28 млн. теңге бөлінді. Оларды салу кезеңінде 3615 жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде 654 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бүгінге құрылысын салу кезеңінде бүгінге осы жобаларда 3228 жұмыс орны құрылып қойды.
Жалпы ауданы 644,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2014 жылдың осындай деңгейінен 10%-ға артық. Негізгі көлем қарыз алушылардың меншікті қаражатына келеді.
Коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысына салынған жеке инвестициялардың өскені байқалады.
«Қолжетімді тұрғын үй 2020» бағдарламасының аясында жас отбасылар үшін тұрғын үй салуға 2015 жылы 364,4 млн. теңге бөлінді. Ақтау қаласының 32а шағын ауданында 60 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Халықтың барлық санаттары үшін кредиттік тұрғын үй салуға Ұлттық қордан («Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында) 5,3 млрд. теңге бөлінді. Ақтау қаласының 32 «А» және 33 шағын аудандарында жалпы ауданы 97 мың шаршы метр кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталды, олар – 867 пәтерлік үш тұрғын үй кешені.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға республикалық бюджеттен – 1161,7 млн. теңге, Ұлттық қордан – 1315,6 млн. теңге бөлінді.
Облыстың бәсекелестік артықшылықтарын есепке ала отырып облыс экономикасының мынадай өсу резервтері анықталды: мұнай-газ өндіру секторын одан әрі дамыту (мұнай-газ өндіру, мұнай-газ сервисі), транзиттік әлеуетті дамыту (көлік пен логистика), құрылыс индустриясын, туризмді дамыту («Кендірлі» курортты демалыс аймағы).
«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2015 жылы 3 жоба пайдалануға берілді: «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС (Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту), «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС (Азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру), «ҮСК-Қараойқұрылыс» ЖШС (Темір-бетон бұйымдар зауытын салу және пайдалану).
АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында, аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінге №3 және №1 кіші аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. № 1 (қосымша учаске), № 2 және №4 кіші аймақтардың инженерлік инфрақұрылымын салуға ЖСҚ әзірлеу аяқталды. Жобалар 2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды.
Көліктік-инфрақұрылымдық даму саласында, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Боржақты-Ерсай» темір жол желісінің құрылысы аяқталуда. Жоба құны – 9,6 млрд. теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 6,7 млрд. теңге бөлінді. Жұмыстар 100%-ға орындалды. Объект мемлекеттік комиссияның қабылдауына дайындалуда.
Құрылысын салу кезеңінде 150 жұмыс орны құрылды, пайдалану кезеңінде 42 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Аяқтау мерзімі – 2015 жылғы желтоқсан. Осы желі бойынша жылына 8,0 млн. тоннаға дейін жүк тасымалданады деп күтілуде.
2015 жылғы сәуірде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құны 16,4 млрд. теңге болатын (оның ішінде, Ұлттық қордан – 4,8 млрд. теңге, 2,7 млрд. теңге игерілді) Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы басталды. Жүк ағындарының жылдық көлемі – 4,1 млн. тонна, құрылыс салу ауданы – 21 га.
Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүргізілуде, «Мемлекеттік сараптама» РМК-на 1-іске қосу кешенінің жобалық-сметалық құжаттамасы берілді. Жолдардың сыртқы құрылысына материалдар дайындау, топырақ төсемін үю жүргізілуде. Құрылысын салу кезеңінде – 500 жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде – 249 жұмыс орнын құру көздестірілген. Объектіні аяқтау мерзімі – 2016 жылғы желтоқсан.
Азия даму банкінің қарыз қаражатын тарту арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен «Ақтау-Бейнеу-Атырау» автожолын реконструкциялау жобасы іске асырылуда. «Шетпе-Бейнеу» автомобиль жолының (құны – 46,4 млрд. теңге) 6 учаскесінің 4 учаскесінде (200 км.) реконструкциялау бойынша жұмыстар аяқталып, тағы 2 учаскені (100 км.) 2016 жылдың 1-жартыжылдығында аяқтау жоспарлануда.
Құны 36,5 млрд. теңге болатын «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолын реконструкциялау бойынша жұмыстар басталып, оның ішінде 2014 жылы 752,4 млн. теңге игерілді, 2015 жылға 9,0 млрд. теңге бөлінді, оның 6,0 млрд. теңгесі игерілді. Жабынның төменгі қабатының 46 километрі асфальтталды. Іске асыру мерзімі: 2015-2017 жылдар. Екі жоба бойынша құрылатын жұмыс орындарының саны: құрылысын салу кезеңінде – 425 адам, пайдалану кезеңінде – 17 адам.
Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жобаның аясында (құны – 39,7 млрд. теңге) қазіргі кезде 1-кезектегі және 2 кезектегі ішінара теңіз түбін тереңдету жұмыстары орындалды, 2 кезектегі теңіз түбін тереңдету бойынша жұмыстарды ағымдағы жылдың желтоқсанында аяқтау жоспарлануда. Терминалды салу бойынша құрылыстың негізгі объектілерінің жұмыстары орындалды: астық терминалының сүрлемдері орнатылды, контейнер алаңы мен айлақтың қабырғасы салынды. Қызметтік және өндірістік ғимараттарды салу жалғасуда. Объектіде іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде жобаның қуаттылығы жылына 2,5 мың тонна құрғақ жүкке дейін өседі. Құрылатын жұмыс орындары: құрылысын салу кезеңінде – 1120 адам, пайдалану кезеңінде – 173 адам.
Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ ЖСҚ-ын әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттердің қаражатынан 2015 жылы 7,0 млрд. теңге бөлінді.
«Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автожолының және Ақтау-Қаламқас автомобиль жолының «Ақтау-Ақшұқыр» және «Ақтау-С. Шапағатов» облысішілік бағыты бойынша автопавильондардың (13 бірлік аялдама, 14-26 километр учаскесінде) құрылысы, «Шетпе-Қызан» автожолын реконструкциялау (21-49 км учаскесі) жүргізілуде.
«Ақтау-Қаламқас» автожолының 101 және 104 километрін күрделі жөндеу (жолдарды су шайып кетуіне байланысты) және «Ақтау-Қаламқас» автожолын орташа жөндеу (10-43 км және 43-89 км) аяқталды.
«Ақтау-Құйылыс» (7-19 км), «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (43-75 км) автожолдарын күрделі жөндеу, «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (75-122 км) автожолын орташа жөндеу жалғасуда.
Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы Батыс Қазақстанды жағажай туризімінің орталығы ретінде, оның ішінде Кендірлі курортты демалыс аймағын дамытуды көздейді. Кендірлі туристік аймағын дамытудың жүйелі жоспары әзірленіп, бекітілді. Курортты аймақты дамытуға инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Соымен бірге ішкі туризмді дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Сыртқы сауда айналымы 2015 жылда 4,5 млрд. АҚШ долларын, немесе 2014 жылдың деңгейіне қарағанда 44,7%, оның ішінде тауарларды экспорттау – 4,0 млрд. АҚШ долларын (57,8%-ға төмендеді), импорт – 478,7 млн. АҚШ долларын (6,7%-ға төмендеді) құрады. Сыртқы сауда айналымының сальдосы 3,6 млрд. АҚШ доллары болып қалыптасты.
Бөлшек тауар айналымының көлемі 2015 жылы 131,8 млрд. теңгені құрады немесе 2014 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 94,7%.
Тұтыну бағалары мен тарифтердің индексі 2015 жылдың желтоқсанында 2014 жылдың желтоқсанына 117,2% (ҚР бойынша – 113,6%), оның ішінде азық-түлік тауарларына – 108,8% (ҚР бойынша – 110,9%), азық-түлік емес тауарларға – 125,1% (ҚР бойынша – 122,6%), ақылы қызметтерге – 119,2% (ҚР бойынша – 108,1%) құрады. Инфляция өсуінің негізгі себебі – ақылы қызметтердің (тұрғын үйді жалға алуға арналған жалдау ақысының, көрсетілетін қызметтер саласындағы бағалардың) өсуі. Азық-түлік тауарлары бойынша бағалар тұрақты.
Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2015 жылда 11,7 млрд. теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 2014 жылдың тиісті кезеңіне 105,1%. Ірі қара мал басының – 6,1%-ға (16,0 мың бас), түйе басының – 1,9%-ға (48,1 мың бас) өскені байқалады.
«Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында асыл тұқымды мал шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын және балық аулауды дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жергілікті бюджеттен 2015 жылы 84,2 млн. теңге, өсімдік шаруашылығы өнімінің сапасы мен өнімділігін көтеруге 141,4 млн. теңге сомасында субсидиялар бөлінді.
Бүгінгі күнге ылғал қорларын сақтау технологиясын (тамшылатып суаруды) қолданумен 1087 га жер қамтылған, бұл – 2014 жылға қарағанда 30%-ға көп. Облыс бойынша жалпы ауданы 9,0 га 11 жылыжай жұмыс істейді. Жыл басынан бері жабық топырақта 988,62 мың тонна көкөніс дақылдары, оның ішінде 978,6 тонна қияр, 6,8 тонна томат, 3,2 тонна болгар бұрышы өндіріліп, облыс халқына сатылды.
Әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларына арналған бағаларды тежеу мақсатында «Каспий» ӘКК» ҰК» АҚ шарттар жасасу және елдің ауыл шаруашылығы дамыған өңірлерінен әлеуметтік маңызды тамақ өнімдерін тікелей жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізуде.
Шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 01.01.2016 жылға 47111 мың бірлікті құрады (01.01.2015 жылға – 47501 бірлік).
Барлық меншік нысанындағы микрокредит ұйымдары 2015 жылда 528,4 млн. теңге сомасына 184 микрокредит беріп, 318 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, «Каспий» МҚҰ» ЖШС 116,56 млн. теңге жалпы сомасына 37 микрокредит берді және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ 411,8 млн. теңге сомасына 147 микрокредит берді.
Екінші деңгейдегі банктер 2015 жылда шағын бизнес субъектілеріне 13068 млн. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берді, бұл – теңгелік өтімділік азаюына байланысты 2014 жылдың деңгейімен салыстырғанда 21,4%-ға аз.
«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру аясында 2015 жылы ӨҮК-нің 24 отырысында 5 257,5 млн. теңге жалпы сомасына 124 жоба, оның ішінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бойынша 5 145,5 млн. теңге жалпы сомасына 72 жоба; кредиттерді кепілдеріндіру бойынша 1 729,5 млн. теңге жалпы сомасына 43 жоба (оның ішінде, кепілдік және мемлекеттік қолдау сомасы тиісінше 365,7 млн. теңгені және 73,1 млн. теңгені құрайды); жетіспейтін ифнрақұрылымды жеткізу бойынша 994,6 млн. теңге жалпы сомасына 2 жоба (инфрақұрылым құны – 17,887 млн. теңге), гранттық қаржыландыру бойынша 21,0 млн. теңге жалпы сомасына 7 жоба мақұлданды.
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуын есепке алғанда 2015 жылда облыс бойынша 27012 жұмыс орны құрылды (2014 жылда – 26406 жұмыс орны). Оның ішінде, қалалар мен аудандардың әкімдіктері халықтың нысаналы топтары үшін 1361 әлеуметтік жұмыс орнын құрып, жоғары оқу орындарының 1332 түлегін жастар практикасына тартты.
Есепті кезеңде жұмыспен қамту органдарының еңбек делдалдығына 15348 адам жүгінді. Әлеуметтік қорғау шараларымен 10202 адам қамтылып, оның ішінде 7002 адам жұмысқа орналастырылды, 2832 адам қоғамдық жұмыстарға жолданды.
Жалпы жұмыссыздық деңгейі 2015 жылдың 3 тоқсанында (ашық еңбек нарығында) 5,1%-ды құрап (2014 жылдың 3 тоқсанында – 5,3%), оның ішінде жастар жұмыссыздығының деңгейі 7,4%-дан 4,7%-ға дейін төмендеді.
Халықтың әлеуметтік әлсіз жігін әлеуметтік қолдау мақсатында 3903 аз қамтылған тұрғынға 118,7 млн. теңге сомасында атаулы әлеуметтік көмек, 18 жасқа толмаған 4373 балаға 54,8 млн. теңге сомасында балалар жәрдемақысы төленді. Әлеуметтік-әлсіз жік санатындағы 1278 азаматқа 54,8 млн. теңге сомасында тұрғын үй көмегі төленді.
Өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек кепілдіктері мен құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында, бүгінге әр түрлі деңгейдегі әкімдіктер 104 мыңнан астам адамды қамтитын 620 меморандум жасасты. Жұмысты күшейту үшін әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жолға қойылып, сондай-ақ осы жұмысқа барлық деңгейдегі әкімдіктер, өңірлік кәсіпкерлер палатасы тартылды.
Халықтың жан басына шаққандағы атаулы орташа ақшалай табысы 2015 жылдың 3-тоқсанында 108326 теңгені құрады. 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы табыс – 0,3%-ға, нақты ақшалай табыс – 4,8%-ға азайды.
Облыстағы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің шамасы 2015 жылғы желтоқсанда 24023 теңгені құрады. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 2015 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыс бойынша орташа 225 267 теңгені құрады, бұл 2014 жылдың осындай кезеңінен 6,2%-ға көп және 10,6 ең төменгі күнкөріс мөлшерін құрайды.
Мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) 313,3 млрд. теңге (2014 жылдың осындай кезеңіне – 88,8%), оның ішінде республикалық бюджетке – 200,1 млрд. теңге (80,7%), жергілікті бюджетке – 113,2 млрд. теңге (107,9%) сомасында салықтар мен өзге де міндетті төлемдер түсті.
Облыстың 2015 жылға арналған нақтыланған бюджеті 161,3 млрд. теңгені құрайды. Бюджеттің кірістер бойынша атқарылуы жоспарға – 98,8%, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша – 99,1% құрады.
Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымды дамыту тұрғысында, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында ҚР Ұлттық қорынан Ақтау қаласының инженерлік желілерін (жоғары аймақтың жылу желілерін, 2-кезек) салуға және реконструкциялауға, Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарының (16, 17, 19, 19а, 30, 31, 32, 32 а, 33, 34а, 35) канализациялық тарату желілерін салуға 1661,6 млн. теңге бөлінді. Ұзақтығы 10,5 км жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау және ұзақтығы 23,2 км канализация желілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде 0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы мен Ақтау қаласы 33 "Аққу" шағын ауданының жол бойындағы аумақтарын абаттандыру (шағын ауданішілік автомобиль жолдары, жаяу жүргіншілер аймағы және тротуарлар) жүргізілуде. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 872,3 млн. теңге бөлінді. Объектілер 2016 жылға өтеді.
Облыстың елді мекендерін сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында, 2014 жылдан өтетін 11 объектіні 2015 жылы одан әрі іске асыруға – 6,7 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,97 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 1,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде, 4 объект бойынша жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілді. 7 объект 2016 жылға өтеді.
Облыстың ауылдарында мына жобаларды іске асыру: Мұнайлы ауданының Дәулет ауылдық округінде сумен жабдықтау желілерін, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында, Жетібай станциясында және Жетібай ауылында су құбырларының жетіспейтін желілерін салу, Ақтау қаласының сумен жабдықтау және су бұру желілерін (№ 1, 3А, 4, 5, 6, 7, 8, 14, 15, 22, 23 шағын аудандардағы су құбырлары желілерін) жаңғырту, №3, 3А, 3Б, 4, 5, 7, 8, 9, 11, 12 шағын аудандағы өздігінен ағатын канализациялық желілерді, №12 жолдың бойындағы өздігінен ағатын коллекторды және №1А, 2, 5, 10 КСС-ның арынды коллекторларын жаңғырту аяқталды.
Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында су тазарту құрылысын және поселкеішілік су құбырын (1-3 учаскелер), «Жұлдыз» және «Мерей» шағын аудандарындағы сумен жабдықтаудың тарату желілерін, Жаңаөзен қаласында еділ суын тәулігіне 30 мың текше метрге дейін ауыз су сапасына дейін жеткізіп дайындау үшін су тазарту құрылыстарын салу жалғасуда.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын қайта жаңғырту бөлігінде облыстың көп пәтерлік тұрғын үйлерін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 2015 жылы 204,5 млн. теңге бөлінді. Осы сомаға Ақтау қаласының көп пәтерлік 6 тұрғын үйінде күрделі жөндеу аяқталуда.
Бұдан басқа, жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау бөлігінде жергілікті бюджеттен облыстың ауылық елді мекендерін жайластыру бойынша 2015 жылы 249,7 млн. теңге сомасына 55 жобан іске асырылды.
Білім беру. Білім беруге арналған шығыстар 2015 жылы 45,5 млрд. теңгені құрады (1.01.2016 жылға 45,3 млрд. теңгесі игерілді), бұл 2014 жылға қарағанда 8,3%-ға артық.
Білім беру объектілерін дамытуға 2015 жылы – 7,6 млрд. теңге (100% игерілді), оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд. теңге көздестірілді.
2015 жылы 4080 орындық 18 балабақшаның, оның ішінде Мұнайлы ауданында – Дәулет, Маңғыстау-5 және Атамекен ауылдарындағы әрқайсысы 280 орындық 3 балабақшаның; Бейнеу ауданында – Бейнеу ауылындағы әрқайсысысы 175 орындық 2 балабақшаның; Түпқараған ауданында – Форт-Шевченко қаласындағы 140 орындық және Қызылөзен ауылындағы 50 орындық 2 балабақшаның; Ақтау қаласында – 29 шағын аудандағы 280 орындық 1 балабақшаның және 33 шағын аудандағы 840 орындық 3 балабақшаның (NCPOC); Жаңаөзен қаласында 1280 орындық 4 балабақшаның, Қарақия ауданында – Мұнайлы ауылындағы 140 орындық 1 балабақшаның құрылысы аяқталды.
2016 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 233 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оларда 31,5 мың бала немесе 77,4% қамтылған (1.01.2015 жылға қарағанда 9,3%-ға жоғары).
«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Қарақия ауданының Жетібай ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде, аяқталу мерзімі – 2016 жылғы сәуір.
Авариялық мектептерді жою мақсатында, Қарақия ауданының Құланды ауылы мен Жетібай станциясында әрқайсысы 624 орындық 2 орта мектептің құрылысы республикалық бюджет қаражаты есебінен аяқталып, пайдалануға берілді. Проблема шешілді.
Үш ауысыммен оқытатын мектептерді жою мақсатында, Мұнайлы ауданының Атамекен ауылында 1200 орындық орта мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Бейнеу ауданында 900 орындық орта мектептің («Нұрлы жол» бағдарламасының аясында), Форт-Шевченко қаласында 550 орындық мектеп-интернаттың (инвесторлар қаражатының есебінен) құрылысы жүргізілуде.
Компьютерлік техникамен қамтамасыз ету орташа алғанда 1 компьютерге – 14 оқушыны, ауылда – 16 оқушыны құрайды. Кең жолақты интернетке 130 мектеп қосылған немесе 98%. 7 білім беру объектісін күрделі жөндеуге жергілікті бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау. Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 2015 жылы 17,9 млрд. теңгені құрады (1.01.2016 жылға 17,9 млрд. теңгесі игерілді), бұл 2014 жылға қарағанда 9,1%-ға артық.
Денсаулық сақтау объектілерін дамытуға 2015 жылы – 1,7 млрд. теңге (100% игерілді), оның ішінде республикалық бюджеттен – 0,6 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 1,1 млрд. теңге көздестірілді. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға жергілікті бюджеттен 377 млн. теңге бөлінді.
Жергілікті бюджет қаражатының есебінен 7 дәрігерлік амбулатория, оның ішінде Маңғыстау ауданының Үштаған, Қызан және Жыңғылды ауылдарында, Қарақия ауданының Мұнайшы ауылында және Мұнайлы ауданының Батыр ауылында ауысымына 40 келушіге арналған 5 дәрігерлік амбулатория, Қарақия ауданының Құланды ауылында және Өмірзақ ауылында (Ақтау қаласы) ауысымына 25 келушіге арналған 2 дәрігерлік амбулатория, сондай-ақ Бейнеу ауданының Есет ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді.
Республикалық бюджет қаражатының есебінен Ақтау қаласында 150 орындық Өңірлік ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жалғасуда.
Нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі 2014 жылғы 1000 тірі туылғандарға шаққандағы 10,5-тен 2015 жылы 9,5-ге дейін төмендеді. Аналар өлім-жітімінің 1 жағдайы тіркелді (2014 жылда – 4 жағдай). Туберкулезбен ауыру тиісінше 100 мың халыққа шаққандағы 71,2-ден 64,3-ке дейін төмендеді.
Спорт және дене шынықтыру саласында облыс бойынша балалар мен жасөспірімдердің 16 спорт мектебі жұмыс істейді. Оларда айналысатындардың жалпы саны 11,2 мың баланы, оқушыны құрайды. Облыс бойынша дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың барлық саны 144,4 мың облыс тұрғынын құрайды.
2015 жылы облыс бойынша 21,1 мың адамды жалпы қамтумен салауатты өмір салты бойынша 289 спорттық-бұқаралық және дене шынықтыру-сауықтыру іс-шарасы өткізілді.
Бүгінге облыста 555 спорт құрылысы, оның ішінде 5 стадион, 16 спорт кешені, 10 бассейн, 196 спорт залы, 279 спорт алаңы және басқа да объектілер жұмыс істейді.
Спорт құрылыстарының санын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ақтау қаласында Теннис орталығының құрылысы аяқталды. Жер қойнауын пайдаланушылар қаражатының есебінен Түпқараған ауданының Таушық ауылында спорт кешені салынып, пайдалануға берілді.
Мәдениет саласында 2015 жылы Астана қаласындағы Маңғыстау облысының мәдениет күндері, Павлодар қаласындағы Маңғыстау облысының мәдениет күндері, облыстық қуыршақтар театрының Ақтөбе қаласына гастрольдері, Б. Рзаханов атындағы «Сиқырлы таяқша» атты республикалық дирижерлар конкурсы, күй орындаушылардың 1-республикалық конкурсы, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы» атты облыстық айтыс, «Жеңіс жаңғырығы» облыстық ән конкурсы, Б. Керелбаевты еске алуға арналған «Айт десеңіз жарандар» облыстық жыршы-термешілер конкурсы, «Маңғыстау жұлдыздары» атты облыстық конкурс өткізілді.
«Қазақ хандығының 550 жылдығын» мерекелеу аясында облыстың 200 өнер шебері Астана қаласындағы мерекелік іс-шараларға қатысты.
Демеушілік қаражат есебінен Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылында ауылдық клуб салынып, пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ақтау қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жапсарламасының құрылысы аяқталды.
114 объект мен 6 тарихи-мәдени ескерткіш реставрацияланды (Маңғыстау, Түпқараған және Қарақия ауданынжағы қорымдарда).
Ақтау қалалық орталық кітапханасының ғимаратын күрделі жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағытының аясында Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылындағы ауылдық клубты және Бейнеу ауданының Ақжігіт ауылындағы Мәдениет үйін ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Мемлекеттік тілді дамыту тұрғысында облыстың кешкі мектептерінде өзге ұлттардың 120 өкілі үшін қазақ тіліне оқытатын тегін курстар ұйымдастырылды. Социологиялық зерттеулер нәтижесінде 2015 жылда мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 93,2% құрады. Облыстың жергілікті атқарушы органдарындағы шығыс құжаттарда мемлекеттік тілді қолдану көрсеткіші 99,8% құрады.
Табиғат қорғау іс-шараларына жергілікті бюджеттен 2015 жылға 1,5 млрд. теңге бағытталды. «Қошқар ата» жасанды көлінің сұйық фаза деңгейін тұрақтандыру жұмысы жалғасуда. «Маңғыстау облысының теңіз порттары мен мұнай кәсіпшіліктерінің Каспий теңiзiнiң жағалық аймағына техногендік әсерін кешенді бағалау» жүргізілуде.
Атмосфералық ауаның ластану деңгейін бағалау үшін «Мұнайлы ауданының экологиялық паспорты» МАЖ-ін әзірлеу» ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілуде.
«Атмосфералық ауаны қорғау республикалық ғылыми-зерттеу орталығы» ЖШС Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр, Қарақия ауданының Жетібай станциясы, Болашақ, Бейнеу ауданының Боранқұл және Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылдарында қатты-тұрмыстық қалдықтардың пайда болу және жиналу нормаларын айқындауға бағытталған бірқатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Құм тоқтату мақсатында Бостанқұм, Түйесу және Қызылқұм құмды алаптарындағы өсімдік жабындысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ақтау қаласындағы өнімділігі 30 мың метр/тәулік №2 канализациялық тазарту құрылысын (КТҚ) салуды жалғастыруға жергілікті бюджеттен 2015 жыл 480,8 млн. теңге бөлініп, игерілді. Объектіні 2016 жылы аяқтау жоспарлануда.
Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік саласында облыс бойынша 2015 жылда тіркелген қылмыстардың жалпы санының 2014 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға өскені байқалады (6334-тен 6678-ге дейін).
Бұрын сотталғандар жасаған қылмыстардың – 142%-ға (86-дан 208-ге дейін), мас күйінде жасалған қылмыстардың – 80%-ға (156-дан 281-ге дейін), оқ ататын қаруды қолданумен жасалған қылмыстардың – 64,7%-ға (17-ден 28-ге дейін) өскені байқалады.
Сонымен бірге, жалпы көлемде 60% алатын ауырлығы орташа қылмыстардың 16,5%-ға (4734-тен 3951-ге дейін) төмендегені байқалады. Көшеде жасалған қылмыстар 1,5%-ға (757-ден 746-ға дейін) төмендеді. Қоғамдық орындарда 2,5%-ға (1537-ден 1498-ге дейін), кәмелетке толмағандар 21,9%-ға (96-дан 75-ке дейін) аз қылмыс жасады.
2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда ЖКО саны 14,5%-ға (358-ден 410-ға дейін) және оларда жараланған азаматтар саны 14,9%-ға (451-ден 518-ге дейін) артты. Сонымен бірге, қаза тапқандар саны 23,3%-ға (103-тен 79-ға дейін) төмендеді.
Мұнайлы ауданында 8 учаскелік полиця пунктінің құрылысы жүргізілуде, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 156,6 млн. теңге бөлінді. Объект 2016 жылға өтеді.
Ақтау қаласы үшін 2015 жылы 119,6 млн. теңге сомасына 20 бұрылмалы цифрлық көше бейнекамерасы, сервер лік жабдық, бейнебақылау операторларының 2 автоматтандырылған жұмыс орны сатып алынды.
Жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар объектілерін дамыту мақсатында, әскерге шақырылғандарға арналған облыстық шақыру пунктінің құрылысы аяқталуда, осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында Жаңаөзен қаласы үшін 2015 жылы 1148,9 млн. теңге, оның ішінде экономиканы әртараптандыруға және шағын және орта бизнесті дамытуға – 357,3 млн. теңге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға – 791,6 млн. теңге бөлінді.
Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлеріне жаңа өндірістер құруға 21 млн. теңге сомасында 7 грант бөлініп, 659,3 млн. теңге жалпы сомасына 17 жоба субсидияланды және 11,2 млн. теңге жалпы сомасына 7 жоба кепілдендірілді. Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлеріне 40,5 млн. теңге жалпы сомасына 13 микрокредит берілді.
Жаңаөзен қаласындағы өндірістік алаңға дейінгі кіреберіс автожолдың, қалашілік автомобиль жолдарының құрылысы және «Шаңырақ» шағын ауданының аулаішілік көшелерін абаттандыру аяқталды.
Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға ағымдағы жылы – 6,0 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 3,1 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 2,3 млрд. теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражатының есебінен – 500,0 млн. теңге бөлінді.
«Астана», «Мерей», «Арай» шағын аудандарында және Қызылсай ауылында әрқайсысы 320 орындық төрт балабақшаның, қорғаныс істері жөніндегі ғимараттың, «Мамыр» және «Мерей» шағын аудандары автомобиль жолдарының құрылысы, 5 спорт құрылысын, 5 аулалық алаңқай, Жаңаөзен қаласындағы сауда және ойын-сауық орталығын салу, Маңғыстау көшесі бойынша жарықтандыру желілерін реконструкциялау аяқталып; 50 төсек-орындық стационары бар медициналық емдеу орталығының (емхананың) құрылысы, шағын ЖЭО-ға ауыстыру арқылы орталық қазандықты (4-кезең), қаланың бұрыннан бар электрмен жабдықтау желілерін реконструкциялау және кеңейту жалғасуда.
«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағытының аясында 2015 жылы облыстың ауылдық елді мекендерінде коммуналдық-инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін абаттандыру, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 45 жоба іске асырылып, 274 жұмыс орны құрылды. Осы мақсатқа 401,1 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 354,4 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 46,7 млн. теңге сомасында қаражат бөлінді.
Тірек ауылдық елді мекендердің (Түпқараған ауданының Ақшұқыр, Бейнеу ауданының Ақжігіт және Боранқұл, Маңғыстау ауданының Сайөтес және Жыңғылды, Қарақия ауданының Жетібай ауылдарының) және аудан орталықтарының (Бейнеу, Құрық, Маңғыстау, Шетпе ауылдарының) 2014-2018 жылдарға арналған кешенді даму жоспарларын, Маңғыстау облысының шекара маңындағы аудандарын (Бейнеу ауданының Сам және Ақжігіт, Қарақия ауданының Болашақ ауылдарын) дамыту жөніндегі 2014-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруды жалғасуда.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына сәйкес, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 431 шешімімен «Түпқараған ауданының Форт-Шевченко шағын қаласының 2020 жылға дейінгі кешенді даму жоспары» бекітілді.
«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы № 827 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, Маңғыстау облысын, қалалар мен аудандардың дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламалары әзірленіп бекітілді.
Өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсететін облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының 2015 жылдағы негізгі қорытындылары осындай.