Ағымдағы жылдың 7 желтоқсан күні Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен «Алтын Сапа» сыйлығының және «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
«Бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi жөнiндегi «Парыз» конкурсы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 жарлығымен бекітілді.
Конкурс жыл сайын жеке кәсіпкерлер субъектілерін әлеуметтік мәселелерді шешу, бұл саладағы өз тәжірибесін кеңінен таратуға ынталандыру мақсатында жыл сайын Президенттің қолдауымен өткізіліп отырады.
Конкурсты өткізудің басты мақсаты жеке кәсіпкерлік субъектілерін өз қызметкерлеріне де, тұтастай алғанда қоғамға да әлеуметтік проблемаларды шешуге ынталандыру, отандық бизнестің дамуын жоғарғы шегіне шығару, бізде өндірілетін тауарлардың сапасын арттыру және Қазақстанның бәсекелестігін өсіру болып табылады.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» байқауы, ірі, орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері арасында «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбек қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін», «Ең үздік жыл жобасы» номинациялары аясында жүргізілуде. Конкурс, екі этапта өткізіледі: өңірлік және республикалық деңгейде.
Аталған конкурсқа биыл өңірімізде 11 кәсіпорын қатысқан болатын.
Сол 11 кәсіпорынның ішінде «Парыз» конкурсының республикалық комиссияның шешімімен «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша «СASPI BITUM» БК» ЖШС жеңімпаз болып танылды.
«СASPI BITUM» БК» ЖШС-н жеңістерімен шын жүректен құттықтаймыз! Кәсіпорын ұжымына толағай табыс тілейміз, еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер.