GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Қызметі
Комитеттер
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Қызметі
Все материалы
Мәдениет
20 октября 2026
Түркістанда «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» көрмесі ашылды

Түркістанда қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы әрі мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Сәкен Сейфуллин: тағдыр мен тағылым» көрмесі ашылды. Экспозиция қаламгердің әдеби мұрасы, мемлекеттік және қоғамдық қызметі, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесін дәріптеуге бағытталған.

Іс-шараның ашылу салтанатына жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәдениет қайраткерлері, музей қызметкерлері, оқытушылар және оқушылар қатысты. Көпшілікке концерт бағдарламасы ұсынылды.

Көрме үш бөлімнен тұрады. Олар Сәкен Сейфуллиннің балалық және жастық шағын, мемлекеттік әрі қоғамдық қызметін және әдеби мұрасын қамтиды.

Көрмеге ақынның жеке заттары, сирек фотосуреттері, қолжазбалары, тарихи құжаттары мен шығармаларының алғашқы басылымдары қойылған. Көпшілік «Ундервуд» жазу машинкасын, қойын дәптерін, алтын қалта сағатын және отбасында қолданылған тұрмыстық бұйымдарды тамашалай алады.

Экспозиция Сәкен Сейфуллиннің қазақ тілі мен әдебиетін дамыту және ұлттық мәдениетті сақтауға сіңірген еңбегінің маңызын айшықтайды. Мұнда қаламгердің публицистикалық мақалалары, 1927 жылы жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы басылымы, «Асау тұлпар», «Жер қазғандар», «Өткен күндер» және басқа да шығармаларының сирек басылымдары қойылған.

Көрме 9 қарашаға дейін Түркістандағы Ясауи музейінде жалғасады. Іс-шараны Сәкен Сейфуллин музейі мен «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
20 октября 2026
Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздегі екі мемлекеттік архивке «Ұлттық» мәртебе берілді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды. Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Жаңа мәртебе архивтердің еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы айрықша маңызын көрсетеді. Сондай-ақ архив құжаттарының сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, қорларды цифрландыру және құнды тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу ісіндегі рөлін айқындайды.
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві 1921 жылы құрылған. Архив қорында еліміздің әр кезеңдегі тарихынан, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуынан, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуынан сыр шертетін бірегей құжаттар сақталған. Бұдан бөлек, көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметіне қатысты құнды деректер жинақталған. Бүгінде архивтің 2 309 қорында 1,3 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.

Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві 2006 жылы құрылған. Мекеме еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихына қатысты құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдаланумен айналысады. Мұнда мемлекеттік органдардың, зерттеушілердің және азаматтардың архив құжаттарымен танысуға болады. Қазір Ұлттық архивтің 311 қорында 405 589 сақтау бірлігі сақталған. Мекеме 278 мемлекеттік органмен және ұйыммен байланыс орнатып, олардың архив құжаттарын қабылдау және сақтау жұмысын жүргізеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мәдениет
20 октября 2026
Қызылордада Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалі ашылды

Қызылордада Қазақстан драма театрларының XXXI республикалық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Биылғы фестиваль қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. 

Фестивальдің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда Бағыбек Құндақбаевтың ұлттық сахна өнерінің тарихын зерттеуге, театртану ғылымын дамытуға және отандық театр сынының қалыптасуына қосқан елеулі үлесі атап көрсетілді.

Іс-шараға еліміздің әр өңірінен он театр ұжымы қатысып жатыр. Көпшілікке «Міржақып», «Жәмилә», «Макбет», «Қаралы сұлу», «Қылмыс пен жаза», «Қарағай», «Қараш асуындағы баллада», «Іс № 20/25», «Қарагөз» және «Пейіш» спектакльдері ұсынылады.

Фестиваль отандық театр өнерін дамытуға, кәсіби шығармашылық байланысты нығайтуға және көрерменнің танымын кеңейтуге бағытталды.

Қойылымдар 24 қазанға дейін Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының сахнасында көрсетіледі.

Фестиваль Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылар – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры және Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
20 октября 2026
Қарағанды облысында волонтерлер балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға атсалысып келеді

Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту мақсатында QOFA футбол қауымдастығы бірқатар әлеуметтік бастаманы жүргізіп келеді. Қауымдастық жобаларына негізінен жас волонтерлер жұмылдырылған. Бүгінде жастар бұл бағытта тәжірибе жинап, ұйымдастырушылық қабілетін жетілдіреді және өңірдегі спорттың дамуына үлес қосып келеді. 

QOFA әлеуметтік және инклюзивті бастамаларға айрықша мән береді. Мұндай жобаларды балалар үйлері мен арнайы интернаттардың тәрбиеленушілері тұрақты түрде футбол жаттығуларына қатысып, «Шахтер» футбол клубы мен ұлттық құраманың ойындарын тамашалайды.

Қауымдастықтың тағы бір бастамасы – спорттық ойындарды, киберспорт жарыстарын және шығармашылық байқауларды қамтыған фиджитал-фестиваль. Оған 100 бала қатысты. Олардың 64-і – арнайы интернаттар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілері.

Волонтерлер қауымдастықтың іс-шараларын ұйымдастыруға көмектеседі. Олар жарысқа қатысушыларға бағыт-бағдар беріп, футбол алаңдарындағы жұмыстарға және ұйымдастыру мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Бұл жұмыс жастарды ұжыммен бірлесе әрекет етуге, жауапкершілік алуға, болашақ кәсібіне қажетті тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

«Біз үшін жастардың жобаларға қатыса жүріп, тәжірибе жинағаны, қабілетін дамытып, біртіндеп жауапты міндеттерді атқара бастағаны маңызды. Волонтерлердің іс-шараларға қатысумен қатар, өз идеяларын ұсынғанына қуанамыз. Кейін олардың ұйымдастырушы әрі тәлімгер ретінде де жұмыс істей алатынын көздейміз», – дейді QOFA өкілдері.

Қауымдастық волонтерлік қозғалыс пен әлеуметтік жобаларды дамытуды жалғастырып келеді. Бұл өз кезегінде жастардың өңірдің қоғамдық өміріне араласуына және футболдың кеңінен танылуына ықпал етеді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Этносаралық қатынастар
20 октября 2026
Жетісу облысында этносаяси сауаттылық мәселесіне арналған семинар өтті

Жетісу облысында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Этносаяси сауаттылық негіздері» атты семинар-тренинг өтті. Іс-шараға өңірлік мекемелердің 50-ден астам қызметкері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Спикерлер этносаяси үдерістердің ерекшеліктері, этносаралық қатынастарды дамыту және қоғамда сындарлы диалог орнатудың маңызы туралы баяндады.

Қатысушылар жанжалдардың алдын алу, оларды реттеу және этносаралық байланысты нығайту жолдарын қарастырды.

Семинар мамандардың этносаяси сауатын жетілдіруге, қоғамдағы диалог мәдениетін қалыптастыруға және өңірдегі бірлік пен келісімді нығайтуға бағытталды.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
20 октября 2026
Қазақстанда 60 мыңнан астам адам экологиялық волонтерлікке жұмылдырылған

Қазақстанда экологиялық волонтерлік қарқынды дамып келеді. 2024 жылы бұл бағыттағы жұмыстарға 40 мыңнан астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны 60 мыңнан асты.

2025 жылдан бері Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында «Green Steppe: Әр қадамыңда экосаналылық» гранттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба шеңберінде еліміздің барлық өңірінен 300-ден астам адамның қатысуымен сараптамалық вебинарлар өтті. Сондай-ақ арнайы оқу бағдарламасы әзірленіп, оны мыңға жуық экобелсенді оқып шықты.

2026 жылдың басынан бері жоба аясындағы іс-шараларға 2 мыңнан астам волонтер қатысты. Биыл экологиялық волонтерліктің даму деңгейін талдауға бағытталған «Қазақстандағы эковолонтерлік – 2026» зерттеуін жүргізу жоспарланған.

Елімізде волонтерлердің қатысуымен бірқатар ауқымды экологиялық бастама жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – 10 экологиялық тапсырманы орындауға негізделген «10 жасыл күн» эко-челленджі. Челленджге 2 мыңнан астам адам қатысты.

«Жас ағаш» акциясы аясында 10 мыңнан астам волонтер мен бизнес өкілі бес ұлттық парк пен қорық аумағына 300 мыңнан астам ағаш отырғызды.

«Эко бақылау» жобасы бойынша 50-ден астам бақылау жұмысы жүргізілді. World Cleanup Day халықаралық акциясы кезінде 4 мыңнан астам адам 22 аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді.

«Caspian Sea Action Week 2026» экологиялық бастамасына Қазақстан мен Әзербайжанның 2 мыңнан астам волонтері қатысты. Қатысушылар жағалаудағы үш аумақты тазартып, 3 тоннадан астам қоқыс жинады.

Қазір Қызылорда облысында Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген 100 волонтердің қатысуымен «GREEN ARAL» халықаралық волонтерлер апталығы өтіп жатыр. Бастама Арал өңірінің экожүйесін қорғауға бағытталған.

Экологиялық бастамаларға қатысушылар санының артуы қоғамның қоршаған ортаны қорғауға және табиғат алдындағы жауапкершілікке айрықша мән бере бастағанын көрсетеді.

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған 2026 жылы экологиялық волонтерліктің маңызы арта түспек.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Архив, құжаттама және кітап
19 октября 2026
Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр

Астанада Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының барысына арналған кеңес өтті. Жиында марафонның аралық нәтижелері мен кітап оқуды кеңінен насихаттау бойынша алдағы шаралар талқыланды.

Марафон Қазақстан Республикасы Президентінің «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын орындау мақсатында өткізіліп келеді.

Бүгінде жобаға 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Олардың қатарында мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылар, еңбек ұжымдарының өкілдері, мемлекеттік қызметшілер мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері бар. Барлық өңірде жобалық кеңселер құрылып, қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Сонымен қатар reading-nation.kz цифрлық платформасы жұмыс істейді.

Қатысушылар платформада оқыған кітаптары туралы пікірлерін жариялайды. Жарияланған пікір саны бойынша Ақтөбе облысы – 25 557, Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249 және Қызылорда облысы 14 037 пікірмен алда келеді. Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы платформаға пікір жазған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75%-ын құрайды.

Әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Бұл көрсеткіш бойынша Астана қаласы мен Жамбыл облысы көш бастап тұр – елордада 3 мыңға жуық, Жамбыл облысында 1 699 жарияланым бар.

Кеңесте өңір өкілдері оқырмандардың белсенділігін арттыру тәжірибесін бөлісті. Ауылдық жерлерде кітап оқу мәдениетін дамытуға, кітаптардың көпшілікке қолжетімді болуына, сондай-ақ марафонға қоғам қайраткерлерін, бизнес өкілдері мен шығармашылық зиялы қауымды тартуға айрықша назар аударылды.

Ұсыныстардың қатарында дүкендерде арнайы кітап сөрелерін орналастыру, жазушылармен кездесулер өткізу, әдеби шығармалар желісімен комикстер, кітаптарды таныстыратын трейлерлер мен қысқа бейнероликтер әзірлеу бар. Сондай-ақ «Kitap Talks» өңірлік медиажобасын іске қосып, «Kitap Quiz» зияткерлік ойындарын ұйымдастыру ұсынылды.

«Билет с книгой» бастамасы аясында мәдениет мекемелерінің электронды билеттері мен ақпараттық материалдарына марафон туралы мәлімет пен QR-кодтар орналастыру жоспарланып отыр. Кітап оқуды насихаттау үшін кітапханалардың, жоғары оқу орындарының, өңірлік креативті хабтар мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктерін пайдалану ұсынылды. Бұл жұмыс ауылдар мен шалғай елді мекендерді де қамтуға тиіс.

Кеңес қорытындысында өңірлік жобалық кеңселердің жұмысын үйлестіруді жетілдіру, халықты марафонға кеңінен тарту және оның нәтижелерін жүйелі қадағалау жөніндегі алдағы міндеттер белгіленді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Дін саласы
19 октября 2026
Алматыда «Нұр-Мүбарак» университетінің 25 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті

Алматыда «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің 25 жылдығына арналған «Қазақстандағы ислам өркениетінің дәстүрі: өткені мен бүгіні» атты XXXII халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынға мемлекеттік органдардың, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, ғылыми қауымдастықтың және Қазақстан, Египет, Өзбекстан, Қырғызстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Конференцияда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда университеттің діни білім беруді дамытуға, исламтану, дінтану және теология салалары бойынша мамандар даярлауға, Қазақстан мен Египет арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі аталып өтті.

Іс-шарада «Қазақстандағы дәстүрлі ислам: ғылыми-практикалық негіздері мен даму жолдары» ғылыми жобасының нәтижелері таныстырылды.

Конференция соңында жоба аясында әзірленген ғылыми басылымдардың таныстырылымы өтті.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Жастар саясаты
19 октября 2026
Қазақстан ТҮРКСОЙ халықаралық жастар кездесуіне қатысып жатыр

Қазақстандық делегация 2026 жылғы 17-21 қазанда Түркияның Трабзон қаласында өтіп жатқан халықаралық жастар кездесуіне қатысып жатыр. Іс-шара Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) аясында ұйымдастырылған.

Кездесу қатысушы елдер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, жастар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға және пікір алмасуға бағытталған.

Іскерлік бағдарлама аясында цифрлық технологияларды дамыту, бүгінгі сын-қатерлер және мәдени құндылықтарды сақтау мәселелері бойынша сессиялар өтті.

Мәдени бағдарлама барысында қатысушылар Түркияның тарихи және рухани мұрасымен танысады.

Кездесу жастардың бір-бірінің мәдениетін жақын танып, достық қарым-қатынас орнатуына да жол ашады. Сондай-ақ ортақ тарих пен мәдени құндылықтар негізінде халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Азаматтық қоғам
Жастар саясаты
19 октября 2026
Қызылорда облысында GREEN ARAL халықаралық волонтерлер апталығы басталды

Қызылордада Арал өңірінің табиғатын сақтауға және экожүйесін қорғауға бағытталған «GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық волонтерлер апталығының ашылу рәсімі өтті. Бастама Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен БҰҰ жариялаған Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылды.

Жиынның ашылу рәсіміне Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның 10 өңірінен келген 100 волонтер қатысты.

Апталық жастар арасында волонтерлік қозғалысты дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бағдарлама барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, экологиялық бастамаларын таныстырады. Бұдан бөлек, олар қоршаған ортаға қатысты өзекті мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын қарастырады. Негізгі іс-шаралар Қызылорда облысының Арал ауданында өтеді.

Апталық аясында белсенді жастардың тәжірибе алмасу және бір-бірімен байланысын нығайту мақсатында «KZO CAMP: ONE COMMUNITY» республикалық волонтерлер слеті де өтті.

«GREEN ARAL: VOLUNTEERS FOR LIFE 2026» халықаралық апталығы жастардың, қоғамдық ұйымдар мен халықаралық серіктестердің басын қосып, экологиялық волонтерлікті дамытуға және Арал өңірінің табиғатын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға жол ашады.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Социальные сети
Facebook
Instagram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы