
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс механизмін жетілдіруге бағытталған заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы онлайн форматта өтті.
Жиынға үкіметтік емес ұйым өкілдері мен азаматтық қоғам саласындағы 20-дан астам сарапшы қатысты.
Атап өтейік, бұл жұмыс тобы Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасын іске асыру аясында құрылған. Оның қызметі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүйесінің ашықтығын, тиімділігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін заңнамалық өзгерістерді әзірлеуге бағытталған.
Спикерлер мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс берушілерді іріктеу критерийлерін жаңарту тәсілдерін ұсынып, іске асырылатын жобалардың сапасын арттыру мен ҮЕҰ тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңызына тоқталды.
Ашық пікірталас барысында қатысушылар өңірлердегі құқық қолдану тәжірибесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді. Атап айтқанда, тапсырыс берушілерді іріктеу критерийлерін қайта қарау және мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру салаларын қайта пысықтау қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, тапсырыс берушілерді іріктеуде сараланған тәсіл мен аумақтық шектеулерді енгізу ұсынысы қолдау тапты. Бұл шара үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесі мен жергілікті бастамаларын ескере отырып, неғұрлым икемді және әділ бөлуге мүмкіндік береді.
Заңнамалық түзетулерді дайындау жұмыс тобының тұрақты отырыстары шеңберінде жалғасады. Барлық өзгерістер азаматтық қоғам өкілдерінің тәжірибесі мен сараптамалық бағалары ескеріліп, тығыз ынтымақтастықта әзірленетін болады.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі