Ақпараттық хабарлама

Ақпараттық хабарлама

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі медиация саласындағы уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес медиаторлар ұйымдары қызметінің тәртібі туралы хабарлайды.

«Медиация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 13-бабы 1-тармағына сәйкес медиаторлар медиацияны жүргізу жөнінде қызметтер көрсетуінің материалдық, ұйымдық-құқықтық және өзге де шарттарын қамтамасыз ету мақсатында медиаторлар ерікті негізде құрған өзін-өзі реттейтін ұйым медиаторлар ұйымы болып танылады.

Медиаторлар ұйымы мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) кәсіпқой медиаторлар - медиаторлар ұйымының мүшелері тізілімін жүргізеді;
2) қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын медиаторлар мүшелігінің шарттарын әзірлейді және бекітеді;
3) медиаторлар қызметін жүзеге асыру саласында медиаторлар ұйымы мүшелерін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
4) мемлекеттік органдармен, сондай-ақ халықаралық медиаторлар ұйымдарымен қарым-қатынастарында медиаторлар ұйымы мүшелерінің мүдделерін білдіреді;
5) медиаторлар ұйымы мүшелерінің осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауын қамтамасыз етеді;
6) медиаторлар ұйымының мүшелеріне қатысты ықпал ету шараларын белгілейді және қолданады;
7) медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжат (сертификат) бере отырып, медиаторларды кәсіптік даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады.

Бұдан басқа, Заңның 9-бабының 4-тармағына сәйкес жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, медиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен бекітілетін медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар медиатор бола алады.

Сондай-ақ, Заңның 14-бабының 6-тармағына сәйкес кәсіпқой медиаторлар тізілімі (бұдан әрі - тізілім) медиаторлар ұйымының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға және оған медиаторларды енгізу шамасына қарай жаңартылуы тиіс. Медиаторлар ұйымдары мерзімді баспасөз басылымдарында кәсіпқой медиаторлар тізілімін жариялауға құқылы.

Бүгінгі таңда тізілімге медиаторлардың өзін-өзі реттейтін 19 ұйымы енгізілген, олардың әрқайсысы кәсіпқой медиаторлардың өз тізілімін жүргізеді және ресми интернет-ресурстары бар.

Медиативтік қызметтердің заңдылығы мен сапасын қамтамасыз ету үшін азаматтар уәкілетті орган жүргізетін медиаторлар ұйымдарының тізіліміне енгізілген ұйымдарға ғана жүгінуге тиіс.

Медиаторлар ұйымдарының өзекті тізілімі уәкілетті органның сайтында орналастырылған.

Азаматтарды қырағылық танытуға және медиация шеңберінде дауларды шешу үшін ресми тіркелген ұйымдарды ғана таңдауға шақырамыз.