
Бүгін Талдықорғанда «Өңірлердің тұрақты дамуына жергілікті қоғамдастықтардың қосқан үлесі» тақырыбына ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық II республикалық форумы өз жұмысын бастады.
Форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған.
Форумның алғашқы күні мастер-класстар, case-study оқыту семинарлары және «Smart Жетысу» дебаттары өткізілуде. Іс-шараның барысында ауыл аймақтарының дамуы, жергілікті өзін-өзі басқаруды инклюзивті жоспарлау, ҮЕҰ заманауи менеджменті аймақтардың тұрақты дамуындағы тиімді факторы ретінде мәселелері түрлі диалогтік алаңдарда талқыланады.
Іс-шараны өткізу үшін танымал сарапшылар – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Ельчибаева, «Береке» ҚҚ директоры Алина Джунузбекова, «Жастар жетістіктері» ҚҚ директоры Жақсыгүл Махамбетова, «ЗУБР» ӘКҚ директоры Кулик Виталий, «Азаматтық қоғамды дамытудың ассоциациясы» ЗТБ өкілі, сонымен қоса шетелдік мамандар шақырылды.
Сонымен қатар, asarprojects.kz әлеуметтік идеялар платформасында ҮЕҰ-ның әлеуметтік жобалары таныстырылды. Барлығы 216 өтінім келіп түсіп, оның ішінен 141 жоба таңдап алынды.
Форум жұмысына 300-ге жуық отандық және халықаралық ҮЕҰ, ірі бизнес құралымдар, сарапшылар қауымдастығы, орталық және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысуда.
Форум ертең «Жергілікті бірлестіктерді дамыту: мемлекет, ҮЕҰ және бизнес синергиясы» тақырыбындағы пленарлық сессиямен жұмысын жалғастырады. Сессия жұмысына дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, 300-ге жуық ҮЕҰ және бизнес өкілдері қатысады.
Сонымен қоса, «Спикер № 7» интелектуалды конференциясында әлеуметтік кәсіпкер Алеся Нугаева, «Асар» оңалту орталығының басшысы Елдос Баялышбаев, «EcoFermer білім беру орталығы» ЖШС басшысы Денис Тен, «Coca-Cola Белестері» Қазақстанда әйелдерге экономикалық қолдау көрсету жөніндегі бағдарламаның қатысушысы Майра Джалимбетова, «Сәлем» әлеуметтік қалашығы» жобасы, бас директор Арман Кушкимбаев және Қазақстан қолөнершілері одағының төрайымы Айжан Беккулова сөз сөйлейді.
Іс-шара барысында Атырау облысында өткен «ASAR» үшжақты ынтымақтастық I республикалық форумының қорытындылары шығарылып, «ASAR» II республикалық форумының нәтижелері бойынша ұсынымдар кешенін қабылдау жоспарлануда.
Форумның ұйымдастырушылары Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, «Атамекен» ҰКП және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ҰАҚ болып табылады.
Серіктестер - «Филип Моррис Казахстан» ЖШС, «Coca Cola Almaty Bottlers» ЖШС, Raimbek Bottlers, Қазақстанның Азаматтық Альянсы, «Social Development Center» ҚҚ, «Береке» ҚБ және Азаматтық қоғамды дамыту ассоциациясы.