Қазақстанда ҮЕҰ, бизнес және мемлекет ынтымақтастығының озық кейстері таныстырылды

Қазақстанда ҮЕҰ, бизнес және мемлекет ынтымақтастығының озық кейстері таныстырылды

Алғашқы «ASAR» форумының ең маңызды нәтижелерінің бірі ҮЕҰ мен бизнес арасындағы ынтымақтастық орнату болып табылады. Бүгінгі күні үкіметтік емес ұйымдардың кәсіпкерлермен серіктестігінің озық кейстері жинақталған.

«ASAR» ІІ республикалық форумында алғаш рет әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша үшжақты ынтымақтастықтың жалпыланған 37 табысты тәжірибесі таныстырылды.

Олардың ішінде қауіпсіздікті нығайтуға, балалар мен аналардың өмір сапасын жақсартуға, көріктендіруге, балаларға арналған инфрақұрылымдар жасауға бағытталған.

Мысалы, Қызылорда облысында «Арал және Чернобыль балалары» қоғамдық қоры жобасының шеңберінде «Әлеуметтік қонақ үй» ашылды. Онда қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға тұру мүмкіндігі бар.

Сонымен қоса, көптеген жобалар ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау, оңалту және көмек көрсетуге бағытталған. Олардың бірі Өскемен қаласында іске асырылып жатқан иппотерапия (ат спорты) арқылы балаларды бейімдеу және әлеуметтендіру жобасы. Оның нәтижесі бойынша қазіргі уақытта оңалтудан 130 «ерекше» бала өтуде.

Сондай-ақ, шалғайдағы ауылдарды дамытудың озық тәжірибелері де бар. Мысалға, Қостанай облысы Амангелді ауданы Үрпек ауылында тұрғындардың, бизнес қауымдастықтың, «Амангелді аудандық жастар кеңесі» ҚҚ көмегімен заманауи балаларға арналған алаң құрылысы ұйымдастырылды.

Осы жобалардың барлығы ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің үшжақты ынтымақтастығы аясында іске асырылып жатқандығын атап өткен жөн. Бұл алғашқы «ASAR» республикалық форумы тиімділігінің айқын дәлелі.

Тұрғындарды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мотивациялау, ынталандыру және мадақтау мақсатында министрлікпен «Жомарт жүрек» сыйлықақысын тағайындау бастамасы көтерілді. Ағымдағы жылдан бастап барлық аймақтарда меценаттарға, белсенді азаматтарға, озық ҮЕҰ-ға құрмет көрсету және мадақтау салтанаты өткізіледі. Бұл туралы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев Талдықорған қаласында өтіп жатқан  ҮЕҰ-бизнес-мемлекеттің «ASAR» үшжақты ынтымақтастық форумында хабарлады.

Форум жұмысына 300-ге жуық отандық және халықаралық ҮЕҰ, «Атамекен» ҰКП, Филип Моррис Қазақстан, Coca Cola Almaty Bottlers, Raimbek Bottlers сияқты ірі бизнес құралымдары,  «Social Development Center» ҚҚ, «Береке» ҚБ сарапшылар қауымдастығы, орталық және мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысуда.