Дархан Кәлетаев ҮЕҰ өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді

Дархан Кәлетаев ҮЕҰ өзара іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді

Бүгін Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен Уәкілетті орган жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібі шеңберінде қатысушылар Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің іске асырылуына ҮЕҰ қатысуы және балалар мен жастар арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жұмысты белсендірудегі ҮЕҰ рөлі мәселелерін талқылады.

Отырыс жұмысын ашу кезінде министр Дархан Кәлетаев жақында Елбасы қол қойған «Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының маңыздылығын атап өтті. Ол Кеңес мүшелерін қолданысқа енетін жаңа Заңды түсіндіру жұмыстарына белсенді қосылуға шақырды.

Отырыс барысында Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов және «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы республикалық штабының басшысы Тоқтар Болысов Үйлестіру кеңесінің құрамының «жаңа мүшелері болып сайланды.

Үйлестіру кеңесінің мүшелері министрдің «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті А.Қожахметовті үкіметтік емес ұйымдармен іс-қимыл жөніндегі Үйлестіру кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне сайлау жөніндегі ұсынысын қолдады.

Сондай-ақ, Дархан Кәлетаев  Кеңес құрамына ҮЕҰ өкілдерін көбірек тартуды және құзыреті бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының есебін тыңдау туралы ұсыныс жасады.

Үйлестіру кеңесінің отырысында белгіленген тақырыптар бойынша Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» ҚҚ президенті Зәуреш Батталова, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мурсалимова және «Жұлдыз» балалар қоғамдық бірлестігінің республикалық одағының президенті Елена Дмитриенко сөз сөйледі.

Отырыс нәтижесі бойынша жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталған бірқатар нақты ұсынымдар пысықталды.

Айта кетсек, Үйлестіру кеңесі мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы дәстүрлі, тұрақты түрде қызмет істейтін диалог алаңы болып табылады. Үйлестіру кеңесінің негізгі мақсаты ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі саясатты қалыптастыру және тиімді қызметтің басымдықтарын анықтау болып табылады.